50804
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі – Ермек ОМАРҰЛЫ
Мемлекет меншігіне қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі – Ермек ОМАРҰЛЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы түйінді мәселені шешу мақсатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы еліміздің біраз өңірін аралап, пайдаланылмай бос жатқан жерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып келеді. Комиссия мүшелері Жетісу облысына барып, жаңа аймаққа қарасты Кербұлақ ауданы Бостан ауылы, Ескелді ауданы Шымыр ауылы, Көксу ауданының Лабасы ауылы тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін жан-жақты талқылаған болатын. Нәтижесінде, 106,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Осы орайда Жетісу облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Омарұлымен сұхбаттасып, облыстағы жер мәселесіне қатысты мән-жайды сұраған едік.
– Биыл «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен Жетісу облысында 106,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жалғасып жатыр?
– Иә, өзіңіз айтып өткендей, жыл басынан бері жалпы аумағы 106,6 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 103,2 мың гектар – жайылымдық, 3,2 мың гектар – егістік, 222,5 гектар – шабындық жер.
Сонымен қатар облыс бойынша пайдаланылмай жатқан, 34 инвестициялық жоба арқылы берілген 39,8 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан аудан және қала әкімдіктерімен бірлесіп, космомониторинг деректерімен салыстыру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде, нақты пайдаланылмай жатқан жер анықталып, иелеріне шара қолдану үшін облыстық Жер ресурстарын басқару департаментіне мәлімет жолданды.
– Ауыл шаруашылығына арналған жердің игерілмеуіне не себеп болып отыр?
– Жетісу облысында жерді тиімді пайдалану, жер ресурстарын қорғау, жер телімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пайдалануға беру жөнінде жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, облыстың жер қоры – 11,8 млн гектар. Бұл республика аумағының 4,3 пайызына тең. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланып жатқан жер көлемі – 4,6 млн гектар.
Өздеріңізге белгілі, облыстың табиғи орналасу ерекшеліктеріне және жер байлығына сәйкес аграрлы-индустриялық аймақ болып саналады. Облыс аумағының 77 пайызы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осыған орай ауыл шаруашылығына арналған жерді қорғау және тиімді пайдалану өзекті мәселе.
Негізі, ауыл шаруашылығына арналған жердің тиімділігін арттыруға кері әсерін тигізіп отырған негізгі фактор – жер пайдаланушы субъектілердің ұсақтығы. Ұсақ шаруа қожалықтары материалдық, техникалық және қаржылық жағынан әлсіз. Осының салдарынан егістік жерлердің біраз бөлігі игерілмей қалып жатады.
Жалпы, жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жерді тү-гендеу және тексеру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады.
– Жер иеленушілер негізінен қандай заңсыздықтарға барған?
– Жер иеленушілер жер учаскелерін негізгі мақсатына пайдаланбаған. Егістік пен жайылымды мүлдем қолданбаудың кесірінен жоғарыда аталған мәселе туындап отыр.
– Жер басқармасы ұйымдастырған тексеру жұмыстарының нәтижесіне тоқталсаңыз.
– Биыл Жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесіп тексеріс жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде жалпы аумағы 107,2 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жайылымдық жер учаскесіне байланысты 35 жер пайдаланушыға жер заңнамасына сәйкес заңбұзушылықтарды жою үшін 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілді.
Нұсқамалардың орындалуын тексеру 2023 жылдың шілде айынан басталады. Заңбұзушылық жойылмаған жағдайда сотқа талап арыз беріледі.
– Облыс халқына неше гектар жайылым жетіспейді? Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы «Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының 1 басына шөлді, таулы аймақты қосқанда орташа есеппен ірі қараға 5 гектар, қой мен ешкіге 1 гектар, жылқыға 6,3 гектар, түйеге 7,3 гектар жайылымнан айналады.
Облыстың өзіндік қосалқы шаруашылықтарында 1,5 млн мал басы бар. Ауыл тұрғындарының малын жаю үшін барлығы 719,4 мың гектар жайылымдық алқап бекітілген. Қазіргі есеп бойынша, елді мекен халқының жайылымға деген қажеттілігі 688 мың гектар болып отыр.
Еліміздің «Жайылымдар туралы» заңына сәйкес, қазір облыстың 6 ауданында жалпы көлемі 30,9 мың гектар жайылым учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмысы жүріп жатыр. Мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан жерлер елді мекен халқының жайылымға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында бекітіліп, беріледі.
Қазақстан Президентінің 2022 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Жетісу облысының құрылуына байланысты облыста жалға берілетін ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғарғы) мөлшері әзірленіп, мәслихаттың кезекті сессиясында мақұлданды.
– Жергілікті тұрғындарды жерге байланысты тағы қандай мәселе мазалайды?
– Қазір жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу мәселесі көтеріліп жатыр. Облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 108 684 өтініш тіркелген. Оның басым бөлігі Талдықорған қаласы және Панфилов ауданынан. Жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтардың 500 өтінішін қанағаттандыруға мүмкіндік беретін Талдықорған қаласындағы «Жастар 3» тұрғын алабын игеру жобасы іске асырылып жатыр. Учаскелер 2023 жылдың басында беріледі деп жоспарланып отыр.
Қазір Ақсу, Алакөл, Панфилов аудандарында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілетін жер учаскелеріне қажетті инженерлік желілер жүргізілу үстінде. Аталған жұмыстар аяқталған соң, ретімен берілетін болады.
Коммерциялық мақсат үшін жер учаскелері Қазақстан Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы беріледі. Сондай-ақ конкурстан тыс Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес инвестициялық жобаларды іске асыру үшін беріледі.
Биыл 15 қарашада Талдықорған қаласы бойынша электронды сауда арқылы екі коммерциялық учаске аукцион арқылы табысталды. Облыс бойынша келесі жылы аукцион арқылы жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізілетін болады.
– Осы орайда ауыл шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізу мақсатында қанша конкурс өткенін айта кетсеңіз.
– Облыста бос жатқан жер көлемі – 4,6 млн гектар. Биыл облыста ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесіне құқық беру бойынша 11 конкурс өткізілді. Конкурста 44 905,5 гектар болатын 276 жер учаскесі шығарылды.
Сонымен қатар Ақсу, Қаратал, Кербұлақ аудандарында конкурс өткізу жоспарланған. Барлығы 129 учаске, яғни 64 457,5 гектар жер.
– Жер қатынастары басқармасы қызмет сапасын арттыруда қандай бастамаларды қолға алып жатыр?
– Ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында Жер комиссиясы құрамына қоғамдық кеңес, мәслихат депутаттары, мемлекеттік емес бірлестік өкілдері тартылған. Олардың үлес салмағы 50 пайыздан кем емес. Қазір өңірлік геоақпараттық жүйе құрылды. Онда барлық қолданыстағы салалық дерекқор мен кадастрлар біріктірілген.
Геопортал – көрсетілетін қызметті алушымен де, көрсетілетін қызметті берушімен де электрондық үкімет порталының өзара іс-қимылын жүзеге асыратын бірыңғай платформа.
Жер қатынастары басқармасы Құрылыс, сәулет және қала құрылысы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары, Ақпараттық технологиялар орталығымен бірлесіп кешенді картаны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізді. Осының нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету процесін өтініштерді қабылдаудан бастап, жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын беруге дейін электронды форматқа толық көшіріп, жер учаскелерін беру процестерінің ашықтығы мен бақылануы қамтамасыз етілетін болады.
Пилоттық жоба ретінде облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі қалаларында жер қатынастары саласындағы 10 мемлекеттік қызмет және сәулет және қала құрылысы саласындағы 6 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, табиғи монополиялар субъектілерін инженерлік желілерге қосуға техникалық шарттар беру және ведомствоаралық келісу процестері қосымша автоматтандырылды.
Жоба құрылыс мақсаттары үшін жер учаскелерін беру, топотүсірілім, техникалық шарттар, аумақтарды дамыту жоспарлары және тағы басқа мақсат бойынша онлайн қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күнге дейін, сәулет және құрылыс саласында 100 күннен 10 күнге дейін қысқарады.
– Әңгімеңізге рақмет!