51164
Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті
Сауық ЖАҚАНОВА: Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті
Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» әдеби-сазды хабарлардың көбі Сауық Жақанованың даусымен жазылған. Ол әсем үнімен тыңдарманға жарты ғасырдың тарихын жеткізіп, зор сүйіспеншілігіне бөленді. Радиоға қаршадайынан келген қыздың мақсаты да осы болатын. Өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып, «эфирдің Ақбаяны» атанған диктор радиода қызмет еткен жылдарын өмірінің жарқын сәттері деп біледі. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, даңқты диктор Сауық Жақановамен әңгімелесіп, өткен шаққа саяхат жасаған едік.
– Жарты ғасырға жуық диктор болып қызмет атқардыңыз. Бұл мамандықтың қадір-қасиетін қалай бағалар едіңіз? Сіздің ойыңызша, бұл Жаратушы сыйлаған қабілет пе әлде еңбекпен жетуге болатын дүние ме?
– Мені таныстырғанда «радионың сандуғашы», «бұлбұл үнді» деген теңеу айтып жатады. Негізі, мәселе онда емес деп ойлаймын. Әрине, дауыс та белгілі бір деңгейде рөл ойнайды ғой. Өзім мәтінді дұрыс жеткізуге қатты мән беремін. Ол жерде не айтылып тұр? Соны жүрегіңнен өткізіп, тыңдаушыға шынайы жеткізе білу қажет. Мәтіннің ішіне кіріп кету керек. Қазақтың сөздерінің жөні, реті бар. Соны диктор сезіне білуге тиіс. Менің ойымша, сөзді жеткізе білу, сөйлеу өнері тұқымда болуы керек. Қазақ «Тақыр жерге шөп шықпайды» дейді.
Анам әнді күшті салатын адам еді. Радиода «Бесігіңді түзе» деген хабар болды. Сол жерде марқұм анамның айтқан сөздері бар. Көп бала туып, тәрбиелеген бекзат адам болатын. Әке-шешем мал баққан кісілер ғой. Кешке малды жайғастырып болып, өзіміз отырамыз. Анам бізге қазақтың ертегі, аңыз-әңгімелерін, жаңылтпаш айтып беретін. Аузымыз ашылып отырып, қыбыр етпей тыңдаймыз. Қазір ойлап отырсам, алғашқы ұстазымдай болған екен ғой.
Әкемнің жалғыз қарындасы бар еді. Ол кісінің баласы болмады, күйеуі үлкен қызметте істейтін. Үйдің үлкені болғандықтан шығар, мені сол кісілердің қолына берді. Үйге жаздыгүні, демалыста ғана келетінмін. Мектепті де, университетті де Алматыда оқыдым. Мектепте жүргенде хорға қатысамын, концерт жүргіземін. Біздің уақытта журналистика факультеті болмады, филология мамандығы бойынша оқуға түстім. Университетте де мәдени іс-шараларға қатысып жүрдім. 1966 жылы университет бітірген кезде радиода конкурс жарияланып жатқанын естіп, бағымды сынап көргім келді. Өнерге жақын екенімді білетін жездем де «Осы конкурсқа қатысып көрсейші», – деді. Сөйтіп, тәуекелге бел буып қатысып, бағыма орай өтіп кеттім. Ол кезде бір-ақ радио бар, соны тыңдап жүретінбіз. Зәмзәгүл Шәріпованың оқығаны ұнайтын. Даусы сондай әдемі, талантты жан еді. Радиодағы қызметінен бөлек, бірнеше рөлді сомдаған белгілі актриса. Оның даусын ұнатқаным соншалық, конкурста берілген шығарманы сол кісіге ұқсатып оқыппын. Оны кейін байқап, ұялғаным-ай. Әркімнің өзіне тән интонациясы, жолы болуы керек қой, не нәрсе де болса да. Қуанышыма орай, жақсы ортаға тап болдым. Радиода мықты дикторлар жұмыс істейді екен. Әсіресе, Әнуарбек Байжанбаев.
– Қазақ радиосынан, теледидардан берілген республиканың тыныс-тіршілігі жайлы жаңалықтар, түрлі хабарлар тыңдарман қауымға, көрерменге Әнуарбек Байжанбаевтың ашық та әуезді үнімен жеткеніне тарих куә. Сізді «эфирдің Ақбаяны» деп атаған сол кісі екен. Жұртшылықты ерекше даусымен баурап алған, талай хабарды бірге жүргізген әріптесіңіз туралы айтып беріңізші.
– Әр адамның дауыс бояуында өзгешелік болады. Әнуарбек Байжанбаевтың дауысы – күмбірлеп тұрған, құлаққа жағымды естілетін керемет дауыс. Анасы әнші болған екен. Ол кезде жазушылар, журналистер кітапты машинкамен теретін. Ол кісі кітап басатын корректор болып қызмет еткен. Кітап басар алдында оны оқып отыру керек екен. Әнекең ол уақытта жап-жас жігіт, кітапты кең тынысты үнімен оқығанда, қазір атын ұмытып тұрмын, қасында отырған белгілі жазушы таңғалыпты. Тыңдап болған соң «Сенің дауысың керемет қой! Мына шығарманы қалай ретімен оқып отырсың?! Сен радиоға барсайшы» дейді. Айтқандай-ақ, ол кісі радиоға келіп, жұмысқа қабылданады. Ол кезде Мина Сейітова деген алғашқы диктор болған. Соғыс уақытында майданнан келген хаттың бәрін сол кісі оқыған екен. Еңбек жолын пионер диктор болып бастаған оның екі баласы болыпты. Біреуін пианиноның астына, біреуін үстіне жатқызып, күні-түні жұмыста жүреді екен. Күйеуі соғыста. Әнуарбек Байжанбаевты сол кісі жұмысқа алады. Айтпақшы, Әнекең соғыстан оралғаннан кейін Қазақ радиосына жұмысқа орналасқан. Майданнан аяғы жараланып келген.
Мінезі қандай десеңші?! Адамның даусынан да мінезін білуге болады дейді. Әнекең бала мінезді, ақкөңіл адам еді. Үлкен болсын, кіші болсын алдынан кесе-көлденең өтпейтін. Өзіне ұнайтын болуы керек, хабарды бір ер, бір әйел оқуы керек болғанда «Мен Сауықпен оқимын» дейтін. Көңілі толған кезде «Ой, Сәке, қатырдық иә, бір әрпін де қисайтпай оқыдық қой» дейді риза болып. Ол кісінің қасында жүріп, біраз дүние үйрендім. Дара дауысымен, шеберлігімен, жайдары мінезімен есте қалды. Келесі жылы Әнуарбек Байжанбаевтың жүз жылдығы болады. Біз туралы кітап жазылып жатыр. Жақында жарыққа шығып қалар.
– Ол уақытта хабардың барлығын дерлік сіздер оқыдыңыздар. Дикторларға қандай талап қойылатын еді?
– Иә, бұрын қандай хабар болсын, бәрін біз, дикторлар оқитынбыз. Қазір журналистер шығады ғой. Ол кездегі талап басқа болды, көрермен, тыңдаушы қауымға тек жақсы жаңалықтарды жеткізетінбіз. Күніне алты сағат емес, өмірімнің бәрі радиода өтті. Қандай хабар оқымадым десейші?! Жанры әртүрлі шығарма оқыдық: сатира, өлең, ертегі, жаңалық. Өз ісімді жақсы көргеннен ғой, жұмыста жүргенде бәрін ұмытамын. Мәтіннің ішіне қалай кіріп кеткенімді білмейтін едім. Сөздің төркінін түсініп, жеткізе білу – Жаратушының сыйлаған қабілеті. Мысалы, ақын, жазушыларды біреу сүйреп отырғандай болады. Оны өздері білмей жатады. Мысалы, кейбір ақындар сөз іздеуі мүмкін. Ал енді бірі сөз іздемейді. Өзімен-өзі құйылып келе береді. Бұл да сондай өнер дер едім. Мәтін оқығанда құлағыма сыбырлап отырғандай болады.
Ол уақытта тамақ табу да оңай болмады. Отбасым, екі балам бар, үлкен кісілермен тұрдым. Әнуарбек Байжанбаев «халық «Сауық оқысын» деп, үнемі сені сұрайды» деп айтатын. Арасында үйге жүгіріп барып келемін. Қарбалас тірлікпен жүріп қалай оқығанымды асықпай тыңдауға, қарауға қатты көңіл бөлмеппін. Сөйтсем, жаман оқымаған екенмін. Құдайға шүкір, азды-көпті еңбегіміз еленіп, 1995 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», радионың 100 жылдығында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді. Қазір бұл атақ бүкіл сала қызметкерлеріне беріліп жатыр. Жалпы, өзім ештеңе сұраған емеспін, орден, медаль беріп жатады. Кеңес заманында алған «Құрмет белгісі» орденім де бар. Жақында 78-ге келемін. «Жасым ұлғайған шақта оның пайдасы бар ма?» деп ойлаймын. Тікелей өзіме айтпаса да, сезесің ғой, қызғанышпен қарап, «Біз де солай еңбек еттік қой» дейтін адам табылады. Атақ алғанның ауруханаға тіркелуге, қаралуға көмегі бола ма деп ойлаған едім. Өкінішке қарай, көмектеспейді екен. Бұрын даусымызды тыңдаған адамдар көрген жерде сыйлап, құрмет көрсетіп, көтермелеп жатады. Соған риза боламын. Диктор үшін бұл – үлкен бақыт.
– Бір сұхбатыңызда «Әйел ретінде аса бақытты болдым деп айта алмаймын» деген екенсіз.
– Енді күні-түні радиода жүрдім. Денсаулықты күтпеппіз, бүйрегім ауырады екен, қан қысымым жоғары. Өзім нәзік, кішкентай едім. Күйеуге шыққаннан кейін екі жылдан кейін, жиырма жеті жасымда босандым. Тұңғыш баламмен бірге тоғыз ай бойы ауруханадан шықпадым ғой. Ол кездің жастарын сіздермен салыстыруға болмайды. Сіздер бәрін білесіздер. Ал біз аңғалдау болыппыз (күліп). Абысыным гинеколог-дәрігер болатын. Ол ауруханаға келгенде босанып жатқан әйелдерді көрсетеді. Өзім эмоцияға жақын адаммын, анадан кейін ұйықтай алмай қалатын едім. Сосын ауру болып туған балалар болады. Ұлымның аяғы сынып, өмірімнің бәрі сол баланы емдетумен өтті. Жұмыс, сосын баланы емдету. Алматыда бірнеше рет операция жасады. Ресейге де апардық. Жолдасым екеуіміз кезекпен барып, тамақ тасимыз. Ол уақытта қазіргідей дөңгелегі бар шабадан да жоқ. Баланың ауырғаны қиын екен. Соның бәрі оңай болмады. Қазір ойласам, жастықпен білінбеген екен.
Отбасында он бір бала болдық, қазір бәріміз бармыз, Құдайға шүкір. Жездем Жоғарғы сот төрағасының орынбасары, Алаш қайраткерлерін ақтаған кісі еді. Сол үйде өскенімді жаңа айттым. Апам марқұм – әкемнің жалғыз қарындасы, әкем екеуі жетім өскен. Қанша дегенмен қыз бала бауырмал болады екен. Сосын ғой, жалғыз ағасының қызын оқытуға көмектескені. Ол кісі бәрімізді оқытты. Менен басқа бауырларым интернатта тұрды.
Жолдасым Мәрлен Қамбаровтың өмірден өткеніне біраз уақыт болды. Политехникалық институтты бітірген. Әкесі министр, ал енем үй шаруасындағы әйел еді. Бір үйде бес бала өскен: үш бала, екі қыз. Жолдасым ұлдың кішісі болатын.
– Қалай танысқандарыңыз есіңізде ме?
– Көрші тұрдық. Жалпы, орысша сөйлейтін отбасы болатын. Үйінде үлкен шешесі мен енем, үлкендер ғана қазақша сөйлейді. Ағалары үйленіп, жолдасымның бойдақ жүрген кезі болатын. Екі үй жақын тұрамыз. Оның апасы сөмке асынып келе жатады. Сондайда мен кездесіп қалып, «Апа, мен апарып берейін» деп, екінші қабаттағы үйіне жеткізіп саламын. Көріп қалғанда көмектесіп жүремін, оған қазақша сөйлейтінім ұнайды екен. Содан апа үйіне барып, мені мақтап, «Осы Биғайшаның сіңлісі, Сауық деген қандай тамаша қыз. Қазақша сөйлейді. Үнемі көмектеседі, тәрбиелі» деп айтады екен. Бірақ «Жастар өздері білер» деп, ұлдарына «Осыны ал, көр» деп айтуға ыңғайсызданған ғой. Бірақ үлкен кісілердің сөзін құлағы шалып жүрген жолдасым кейін киноға шақырды. Мен орыс тілін білмеймін, ал ол орысша оқыған. Осыған қарамастан екеуіміз жақсы тіл табысып кеттік. Жолдасым кейін қазақша жақсы үйреніп, мақалдатып сөйлейтін болды. Сөйтіп, «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» деп, үй болған жайымыз бар.
Жолдасым әзілге жақын адам еді. Бір нәрсені тарс еткізіп айта салатын. Әкесі комсомолдан бастап партия жұмыстарын істеген. Туған жері Көкшетауға зейнетке шыққаннан кейін ғана барды. Еліміздің әр өңірінде қызмет атқарған. Мысалы, жолдасым Ақтөбеде туса, тағы бір баласы Атырауда, енді бірі Талдықорғанда дүниеге келген.
Отбасымыз туралы айтар болсам, екі ұлымыз өмірге келді. Үлкен ұлым әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің физика факультетін ағылшын тілінде бітіріп, кейін Лондонда білім алды. Қазір университетте ағылшын тілінен сабақ беріп жүр. Ағылшын тілінде кітап жазған, Forbes журналына үнемі шығып тұрады. Ал қолымдағы ұлым – заңгер.
– Үлкен жиындарда аракідік бой көрсетіп қаласыз. Жалпы, қазір теледидар көресіз бе, дикторларға көңіліңіз тола ма?
– Жақында «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау салтанатты іс-шарасына қатысып, бәрімен кездесіп, арқа-жарқа болып қалдым. Ардагер деп шақырып тұрады, рақмет. Ондай іс-шараларға қуана барып тұрамын. Дулат Исабеков «Еңбек Ері» атағын алды ғой. Ол кісімен университетте бірге оқығанмын. Кеше бір жігіт хабарласып, «Хабар түсіреміз, студент кезінде қандай болғанын айтып беріңізші» дейді. Енді соған дайындалып жатырмын.
Ал дикторларға келетін болсақ, оқыған дүниені түсіну бір бөлек, оған сену керек. Өзің не айтып, не қойғаныңа өзің сенбесең, көңілің басқа жақта болса, мәтінде айтылған ойды жеткізе алмайсың. Сосын мінез керек. Жалпы, маған жаттап айтқан ұнамайды. Оны да дұрыс жаттамайтындар бар ғой. Соны көріп, қынжыласың. Қазақтың сөздері күрделі, соны бұзбай айту керек. Айтатын басты сөз болады, соған мән берген жөн. Сосын, әрине диктор үшін сезімталдық, шынайылық маңызды. Эфирге шығып жүргендердің қатесін көріп қоямын. Әдемі адам, әдемі қыз. Мағынасы керемет нәрсе айтып жатыр. Бірақ оны жаттап алып, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей жай айтып тұр. Айтып тұрған нәрсең жан дүниеңнен шығуы керек, әйтпесе, бәрі бекер.
– Арманыңыз бар ма?
– Адамда арман таусылған ба? Жан-жағыма ауыртпалығымды түсірмей, өз аяғыммен жүріп, өз қолыммен тамағымды ішіп, бес уақыт намазымды оқып, ешкімге қиындық артпай өткен адамдардың ізімен кетсем деймін. Екі ұл ғой менде, қыз жоқ. Екі балама адал сүт емген, қазақы тәрбие көрген, ақылы бар, ерін сыйлай алатын, жақын-жуығын түсіне алатын қыз кездессе екен деп армандаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ