50439
Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін білуге тиіс – Николай ПУТИЛИН
Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін білуге тиіс – Николай ПУТИЛИН
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті. Елімізде Үкімет қаулысымен тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген болатын. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында қазақ тілі білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізу тіліне айналып жатқанын айтты. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі артып келеді. Осы орайда қазақ тілін еркін меңгерген Ұлттық экономика министрінің коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Николай Путилинмен сұхбаттасып, мемлекеттік тілді білудің артықшылығы жайында сұраған едік.
– Мемлекеттік тілді меңгеруге ортаңыз әсер еткен болар. Жалпы, қазақ тілін неше жасыңыздан бастап үйрендіңіз?
– Қазақ тілін мектепте оқып жүрген кезімде үйрендім. Өзіңіз білесіз, Шымкентте үлкен болсын, кіші болсын, халықтың басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Өзге тілде сөйлейтін адамды аз кездестіресің. Мен сол ортада өсіп, білімімді жетілдірдім. Осы орайда қазақ тілі пәнінен сабақ берген ұстаздарымның еңбегі зор екенін айта кетейін. Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалімдер менің қабілетімді байқап, қалалық, облыстық олимпиадаларға дайындап, қатыстырды. Осылайша, ауызекі тілден бөлек, грамматиканы меңгеріп, тіл байлығымды дамыттым. Қазір «орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің білімі төмен» деген сияқты сын айтылып жатады. Мұндай пікірмен келіспес едім. Өйткені өзім осы жолдан өттім. Қазақ тілін меңгеруде мұғалімдерімнің көп көмегі тиді.
– Қазақ тілі күрделі екенін айтып, үйрену барысында қиналатындар бар. Бұған не айтар едіңіз?
– Негізі, бәрі отбасынан, ата-ана тәрбиесінен басталады ғой. Ал ата-ана қазақша білмесе, ол түсінікті нәрсе. Кейбір ата-аналар баласын неге қазақ сыныбына бермейді? Менің ойымша, сабағын оқыта алмаған соң солай істейді. Баланы қазақ мектебіне беру керек. Жалпы, тіл үйрену тыңдаудан басталады. Қазақша сөз, әңгіме күн сайын құлағыңда жүрсе, тілді үйрену оңай. Үлкен, орта жастағы кісілердің «қазақ тілі қиын» деген сөзін естіп жатамыз. Олар тыңдау кезеңінен өтпей, бірден грамматиканы, кітапты оқуға тырысады. Бұлай, әрине қиналады. Қазақша үйрену үшін ең бірінші қазақша сөйлейтіндердің әңгімесін тыңдау қажет.
Ата-анам – орыс, қазақша сөйлемейді. Өзім орыс мектебінде аралас сыныпта оқыдым. Осы орайда «Николай, сенің қазақ тіліндегі біліміңді жетілдіріп, сауатыңды ашайық. Олимпиадаға апарайық», – деп, алға жетелеген ұстаздарыма рақмет. Өзіме қызық болды. Бір жағы қажеттілік болған шығар, айналаңмен араласайын, сөйлесейін десең, қиналасың. Мектепте, көшеде, сауда орындарында, жалпы айналаңның бәрі қазақша сөйлейді. Қазақ тілін жақсы білсем, болашағым да жақсы болады деп ойладым. Еліміздің бүкіл өңірінде осындай қажеттілік туғызу керек деп есептеймін.
– Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүрсіз. Сіздіңше, жауапты қызметте жүріп, мемлекеттік тілді меңгерудің қандай артықшылығы бар?
– Мемлекеттік тілді білмесем, қазіргі деңгейге, дәрежеге жетпес едім. Арманым тілші болып, ел ішіндегі мәселені жеткізу еді. Жергілікті «Отырар» телеарнасына жұмысқа орналастым. Тілшінің қызметі халықпен тікелей байланысты. Мемлекеттік тілді білмесең, бұл жұмысыңа кедергі келтіреді, тіпті жұмыс істей алмайсың. Өйткені халық сені түсінбейді. Сұхбатта, сюжетте ойыңды дұрыс жеткізе алмайсың. Телеарнада екі жыл қызмет еткен соң әкімшіліктен ұсыныс түсіп, сол жақта жұмыс істедім. Одан кейін 2018 жылы «Хабар 24» арнасына қызметке шақырылып, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші болдым.
Кейін Түркістан облысына, сосын директордың шақыруымен Астана қаласына келдім. Бас қалаға келген соң ортаның әсерімен қазақ тілім сәл нашарлады. Өйткені мұнда қазақша сөйлейтін адам аз болды. Тілді қанша білсең де, практика болмаса қиын. Қазақтілді редакцияның қыз-жігіттерімен көп араластым. Әйтпесе, тілді ұмытып қалар ма едім. Бір жылдай телеарнада жұмыс істеген соң, KAZAKH INVEST ұлттық компаниясынан шақырту алдым. Оларға екітілді маман керек болды. Сөйтіп, компанияның баспасөз хатшысы болып еңбек еттім. Қазақ тілін білуімнің артықшылығы осы кезде анық байқалды. Мектеп кезінде ұстаздарым үйреткен жалғау, жұрнақтың бәрін еске түсірдім ғой. Ол жерде үш жылдай жұмыс істедім. Баспасөз мәслихаттарын, басқа да іс-шараларды жүргіздім. Биыл сәуір айынан бастап Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істеймін. Мұнда да баспасөз қызметінің жұмысын екі тілде жүргізіп жатырмын. Бізде екі тілді білетін маман аз. Қазір ағылшын тілінде қысқа мәтіндер жазып жүрмін. Енді түрік тілін үйренсем деймін. Қазақ тіліне жақын болғаннан кейін түрік бауырларымыздың сөзін түсінемін.
Қызметте ғана емес, күнделікті өмірде де мемлекеттік тілді меңгерудің артықшылығы көп. Кез келген жерде: көшеде, таксиде, біреуден бірнәрсе сұрағанда, жалпы бүкіл аспектіде көмектеседі.
Қазақ тілінің мәртебесі жоғары. Өзінің, ұрпағының болашағын Қазақстанмен байланыстыратын адам міндетті түрде қазақ тілін білуге тиіс. Мемлекеттік қызметте істейтін адамдардың бәрі мемлекеттік тілді толық меңгеруі қажет. Онсыз болмайды. Мемлекеттік тілді білмеген қызметкер халықтың мұң-мұқтажын, ішкі сырын, жанайқайын түсіне алмайды.
– Тілді меңгеруде отбасы тәрбиесінің рөлі зор екенін айттыңыз. Өзіңіз балаңызды қандай мектепке берер едіңіз?
– Балам қазір екі жарым жаста. Үйде онымен қазақша сөйлесемін. Баламның болашағын Қазақстанмен байланыстырамын. Сондықтан әрине, қазақ мектебіне беремін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ