50318
Е.Қошанов: Халықтық коалицияның басты міндеті – Президент реформаларын орындау
Е.Қошанов: Халықтық коалицияның басты міндеті – Президент реформаларын орындау
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының қорытынды отырысы өтті. Жиын барысында үгіт-насихат кезеңінде атқарылған жұмыстар талқыланды.
Штаб басшысы Ерлан Қошанов президенттік сайлау заңға және халықаралық нормаларға толық сәйкес өткенін жеткізді.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы айқын жеңісі – қоғамның Президентке және оның реформалар бағытына деген зор сенімінің көрсеткіші екенін баса айтты. Сайлау Халықтық коалицияға кірген барлық партия мен қоғамдық ұйымдарды бір командаға біріктірді. Олар барлық аймақты аралап, ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
«Жалпы, бұл сайлау қоғам мен биліктің елдің ертеңгі дамуына қатысты түсінігі ортақ екенін көрсетті. Халық Президенттің реформалары белгіленген мерзімде және толық орындалатынына сенімді болуы керек. Бұл – Халықтық коалицияның басты міндеті», - деді Штаб басшысы.Ерлан Қошанов Халықтық коалицияның, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелеріне, сенімді өкілдерге, жастар белсенділері мен бақылаушыларға атқарылған жұмыстар үшін алғысын білдірді. Үгіт-насихат науқаны кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары 42 қала мен 5000-нан астам ауылды аралады. Олар өткізген 24 мың үгіт-насихат іс-шарасына 3 миллион сайлаушы қатысты. Кездесулер барысында азаматтардан 40 мыңнан астам ұсыныс пен тілек жиналды.
«Халықтық коалицияның жұмысы мұнымен аяқталмайды. Біз бәріміз Мемлекет басшысы жақтастарының командасында қаламыз. Коалицияға кірген барлық қоғамдық-саяси күш Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын және барлық саяси реформаны жүзеге асыруға белсенді атсалысады деп ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов.Жиын барысында тұңғыш ғарышкер, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясының басшысы Ермұхамет Ертісбаев, қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеев, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, белгілі заңгер Бақытжан Базарбек, Павлодар облыстық қоғамдық штабының басшысы Илья Теренченко және «Qazaqstan Team» жастар бірлестігінің басшысы Олжас Сүлейменов және коалицияның басқа да мүшелері сөз сөйледі.