50554
Түркияда «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды
Түркияда «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші ашылды
26 қарашада Түркияның Ыстамбұл қаласында, Бағжылар ауданында «Қазақ-түрік бауырластығы» ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Алтайдан Анадолыға қоныс аударған қазақтардың Түркия мемлекетін мекендеуіне 70 жыл толған мерейтой қарсаңында бой көтерген бұл ескерткіш екі ел арасындағы туыстық, достық қарым-қатынастың айрықша белгісі екені анық.
Іс-шараны Қазақстанның Республикасының Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев салтанатты түрде ашып берді. Бағжылар ауданының мэрі Абдулла Оздемир мырза Түркияда тұрып жатқан қазақ ұлтына өз ризашылығын білдіріп, құттықтауын жеткізді. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйлеп, қазақ ұлтының қилы тарихына тоқталып, түрік халқының бауырластығын тілге тиек етті. «Бірлік» қазақ жастары ұйымының төрағасы Аслан Серік қазақтың қара домбырасымен «Қазақ осы» әнін орындап, жиналған қауымның ықыласына бөленді.
Өз кезегінде «Отандастар қоры» КеАҚ Президенті Абзал Сапарбекұлы Қазақстан мен Түркияның арақатынасына тоқталып, бірлігі бекем мемлекеттер екенін айтып өтті. Сонымен қатар Бағжылар ауданының әкіміне шапан жауып арнайы сыйлық табыстады.
Ескерткіш авторы «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», ҚР Көркемсурет Академиясының бірінші-вице президенті, белгілі суретші, режиссер, тележурналист - Жанұзақ Мүсәпір мырза ескерткіштің жасалуы мен тарихын таныстырды.
Ескерткіш ашылу рәсімінен кейін Қазақ көшінің 70–жылдығына орай ұйымдастырылған «ҰЛЫ КӨШ» тақырыбында фотосуреттер мен ҚР Жоғары оқу орындарының білім көрмесімен танысу ұйымдастырылып, жиынға жиналған қауым естелікке суретке түсті.