Ақтөбе облысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының филиалы ашылады
Ақтөбе облысында Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының филиалы ашылады
Тиісті шешім дене шынықтыру және спортты дамыту жөніндегі кеңесте қабылданды. Алқалы жиынға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Қазақстан ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, спортшылар қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облысымызда бұқаралық спортты, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту бойынша бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымызға ұлттық спорт түрлерін дәріптеу міндетін қойып отыр. Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз.
Ақтөбеде алғаш рет Тоғызқұмалақтан VІ әлем чемионаты өтуде. Додада 20 дан астам елден келген спортшылар бақ сынасты. Бұл кейбір спорт түрлерінің елімізден тыс жерлерге танылып жатқанын көрсетеді. Біз Ұлы дала дәстүрлерін насихаттау, дамыту, имиджін арттыру және олардың халықаралық спорттық деңгейге шығуы үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз», — деп атап өтті облыс әкімі.
Исламбек Салжанов тоғызқұмалақтан әлем чемпионатын өткізгені және жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
«Ұлттық спорт түрлерін дамытуға өңірлеріңізде зор көңіл бөлінетінін ескере отырып, Ақтөбе облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығын құруды ұсынамын. Бұл облыстық қауымдастық осы аймақтағы барлық федерацияларды басын біріктіріп, ұлттық спортты жүйелі түрде дамытуға, оны насихаттауға жағдай жасайды.
2024 жылы Қазақстанда 5-ші Дүниежүзі көшпенділер ойыны өтеді. Біз осы халықаралық спорттық шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, осы жарыста үздік шығатын спортшыларды дайындауымыз керек», — деді Исламбек Салжанов қауымдастықтың облыстық филиаланың төрағасы лауазымына Ералы Тоғжановтың кандидатурасын ұсына отырып.
Өз кезегінде өңір басшысы қауымдастық қызметі ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге көтеріп, бәсекеге қабілетті спортшылардың өсіп-өнуіне барлық жағдай жасайтынына сенім білдірді.
Алқалы жиын барысында өңірдегі дене шынықтыру мен спорттың ағымдағы дамуы, 2024 жылғы Олимпиада ойындарына дайындық мәселелері қаралды, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытудың жаңа бағдарламасы таныстырылды.
Бүгінде облыс халқының 39,08%-ы немесе 370 мыңдай ақтөбелік дене шынықтыру және спортпен шұғылданады. Ералы Тоғжанов бұл көрсеткішті 2025 жылға қарай ұлғайту міндетін салалық басқармаға жүктеді.
Жыл басынан бері 3100 спорттық-бұқаралық іс-шара, оның ішінде 20 елдің өкілдері қатысқан тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты, 5 халықаралық және 30-дан астам республикалық деңгейдегі турнирлер, Ақтөбе-марафон, KAZAKHMAN триатлоннан жарыстар сияқты ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Ақтөбе облысындағы қолжетімді спорт нысандарының саны – 1954. Биыл аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және Ақтөбе қаласында заманауи үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін облыстың 5 ауданында 8 спорт нысанының құрылысы аяқталады, 2023 жылы тағы 23 нысан, соның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мамандандырылған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері халық игілігіне беріледі. Мүгедектігі бар 1463 азамат спортпен кәсіби түрде айналысады.
Ақтөбеліктер Сурдлимпиада ойындарына алғашқы 4 лицензияны қанжыға байлады, сондай-ақ 23 жылда тұңғыш рет дзюдодан облыс құрамасы командалық есепте ҚР чемпионатының жеңімпазы атанса, «Ақтөбе»футбол клубы 7 жылда алғаш рет ҚР чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алды.
Биыл олипиадалық спорт түрлерінен 18 ақтөбелік Қазақстан чемпионы атанды, 19-ы күміс, 36-сы қола медаль иеленді. Түрлі жетістіктер бойынша барлығы 187 медаль – облыс қоржынында. Ал спорттың олипиадалық емес түрлері бойынша ақтөбеліктер жеңіп алған 739 медальдің 20-сы – әлем чемпионаттарында иеленген медальдар.
Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі аталған саланың өзекті проблемаларын шешуге, нысандар салуға, сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту үшін өңірде жұмыс істейтін ірі компанияларды тартуды тапсырды.
«60 нысанға қажеттілік бар. Осыған байланысты саладағы өзекті мәселелерді шешу бойынша Жол картасын әзірлеу қажет. Барлығын инфрақұрылымдық мәселелерге байланыстырудың керегі жоқ. Спортты сол нысандарсыз-ақ дамытуға болады.
2024 жылы өтетін Олимпиадаға дайындықты күшейту қажет. Мен спортшыларды қолдауға әрқашан дайынмын. Бірақ, сіздерден де нәтиже болуы тиіс», — деп тиісті басқарманың алдына саланы одан әрі дамытуға және Ақтөбе спортшыларын қолдауға бағытталған бірқатар міндеттер қойып, өңір басшысы сөзін қорытындылады.