51371
Аудан атауының түп төркіні: Аягөз бе, Аякөз бе?
Аудан атауының түп төркіні: Аягөз бе, Аякөз бе?
Аягөз өңірі - қазақ тарихында үлкен маңызға ие оқиғалармен жатталып, қазақ-жоңғар арасындағы қақтығыстар өткен киелі топырақ. Ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы әлеуметтік желідегі парақшасында Аягөздің атауы туралы жазба жариялады turkystan.kz.
«Менің туған ауданым Аягөздің атауы туралы қазір ел ішінде екіұдай пікір бар көрінеді. Бірі дұрысы Аягөз десе, екінші жақ Аякөз болуы керек деп дау шығарады екен. Осыған орай, ғылыми деректерге сүйене отырып, өз пікірімді ортаға салғанды жөн көріп отырмын. Біздің бала күнімізде осы жер-су атауының шығуына байланысты бірталай аңыздарды естуші едік. Аягөз өзенінің жағасында орналасқан қазіргі аттас аудан орталығының орнына бір заманда Ресей патшалығының әскері Сергиополь бекінісін құрған болатын. Кейін Кеңес үкіметінің кезінде қаланың іргесіндегі қазіргі Мамырсу ауылын Сергиополь совхозы деп атады. Аспанкөз көршіміз бұл біздің жер дегенді елдің санасына сіңіргісі келді ме, ел арасында ойдан шығарылған «бір заманда Сергей деген орыстың өгізі өзен тасынғанда ағып кетіп, «әй, өгізім-ай!» өкінген екен. Бұл атау содан қалған» деген бір қисынсыз аңыз кезіп жүретін. Ол аңызсымақ сол кезеңдегі біраз кітаптарға да шығып үлгерді. Осындай аңыздардың тағы бір нұсқасы «Өкпеті тауынан басталатын өзен қайнар көзін мөлдір бұлақтардан алады. Сол бұлақтардың көзін аялау үшін Аякөз деп атаған» деген сыңайда болатын. Тағы бір аңыз «Жайсаң деген жігітке ғашық болған Аяу деген сұлу қыздың көз жасы өзенге айналыпты» деп келеді. 1967 жылы біздің елге келген ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аягөз деген аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді?» деп жазғанынан-ақ халық аузындағы осы аңыздарды естігенін аңғаруға болады. Енді ол уақытта көп шындық айтылмады. Түп тарихымыз түркі заманындағы еңбектер там-тұмдап зерттелгенімен, жалпақ елге жариялауға болмайтын еді. Халық сондықтан көп атаудың түптөркінін білмеді», - деді Серікзат Дүйсенғазы.Оның айтуынша, еліміз тәуелсіздік алған соң көзіқарақты азаматтардың қолдауымен аудан мен өзеннің Аягөз деген дұрыс атауы орнықты.
«Бірақ соған әлі дау айтатындардың бар екенін білген соң осыны жазып отырмыз. Осы фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Тарихқа толы Тарбағатай» деген танымдық парақшада Алдаберген Рахметоллаұлы деген автордың « «Аягөз» атауы мен Ай тайпасын не байланыстырады?» деген жазбасы шықты. («Ай тайпасы» көне дәуірлерде сол өлкені мекендеген тайпа) Шамасы, үлкен зерттеу мақала болса керек. Бірақ «Тарихқа толы Тарбағатай» сериясымен жарық көретін ғылыми жинақтың сол нөмірі қолыма түспегендіктен анығын біле алмадым. Сондағы үзіндіде былай дейді: «Жалпы, «Аягөз» гидронимі жөнінде ғылымның бұл саласында да болжамдар көп, соның бірі: а) Ай тайпаларының ықпалымен «Аягөз» атауы Ай+үгүз, яғни «Ай суы» деген мағынаны беруі мүмкін. ә) «Ай» ханты тілінде «кішкентай, таяз өзен» деген мағынаны білдірсе, «оқуз», «огуз», «угуз» көне түркі тілінде «су» деген мағынада екенін білеміз. Сонда, Ай + угуз (өзен + өзен) «кішкентай, таяз өзен» деген мағынаны береді. б) Мұндағы Аягөз – көне түркі сөзі Айа – «шағын, кіші» + үгүз – «өзен» сөздерінің бірігуі арқылы жасалған гидроним. Сонда Айаүгүз > Айагүз > Аягөз «шағын өзен» болып шығады. Осы орайда, Ертісті әрең кешіп өтетін түркілер салыстырмалы түрде келесі өзеннің «аядай ғана» екенін байқаған болса керек деген тұжырымға келеміз.» Ал қазақтың жер-су атауларының түп тарихын зертттеген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Телғожа Жанұзақов өзінің «Тарихи жер-су атауларының түптөркіні» (Алматы: «Сөздік-словарь ЖШС, 2010. – 356 бет) деген кітабының елуінші бетінде «Атаудың екінші құрамындағы гөз сөзінің < көне түркі тіліндегі үгүз < гүз < гөз – «өзен» деген сөз екендігін қолдаймыз. Ал оның бірінші құрамындағы ай – «тайпа» (ай тайпасы) дегеннен гөрі тіліміздегі ая – «жақсы», «әсем», «әдемі» сөзіне етене жақын деп білеміз. Аягөз «жақсы», «әдемі», «ерекше өзен» деген мәнде қойылса керек»,– дейді. Мұндай зерттеулер көп. Барлығының шығаратын қорытындысы – «Аягөз» сөзінің түптөркіні Махмұт Қашқаридың еңбегінде кездесетін көне түркінің «үгүз» сөзіне байланысты екенін айтады. Ендеше, бұл жерге «көз» сөзінің ешқандай қатысы жоқ. Кеңес үкіметінен қалған ескі түсініктен арылуымыз керек. Өзеннің, аудан мен қаланың атауы Аякөз емес, Аягөз болып жазылғаны дұрыс», - деді ақын.