Катардың сегіз кереметі (ВИДЕО)

Катардың сегіз кереметі (ВИДЕО)

Катардың сегіз кереметі (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
50558
Әлем жұртшылығының назары ауған футболдан 2022 жылғы әлем чемпионатының ойындары Катардың бес қаласындағы таңдаулы деген сегіз стадионда өтіп жатыр. Жарыс қожайындары төрт жылда бір келетін мундиаль үшін жеті жаңа арена салып, біреуін қайта қалпына келтірген болатын. Осы ретте Turkystan.kz тілшісі әр стадионның ерекшеліктеріне тоқталып, қалай салынғанына зерттеу жүргізді. Бұл ел ауқымды турнирді ұйымдастыруға 229 миллиард доллар жұмсады. Ол бұған дейінгі әлем чемпионатының қаржысынан 17 есе көп сома.

«Лусаил»

Парсы шығанағы жағасындағы әлем чемпионатының басты спорттық нысаны ресми түрде қолданысқа 2021 жылдың 22 қарашасында берілді. Сыйымдылығы – 88 966 адам. Қала атауымен аттас арена 767 млн долларға салынды. Сәулетшісі – Норман Фостер. Онда доп додасының 10 ойыны (жартылай финал мен финал да бар) өтеді. Жарыс аяқталғаннан кейін стадион бұзылып, орнына мектеп, дүкен, емханалар орналасқан көпфункционалды орталық бой көтереді. Лусаил

«Аль-Бейт»

«Аль-Бейт» – Доха орталығынан 35 шақырым жердегі Аль-Хаур қаласында орналасқан чемпионаттағы екінші маңызды нысан. Стадионға бір уақытта 68 895 адам еркін сыяды. Айтпақшы, турнирдің ашылуы осы аренада өтті. Әлем чемпионатынан кейін стадионның сыйымдылығы 32 мың адамға дейін азайтылады. Спорт кешенінің сыртқы дизайны Парсы шығанағының жағасында тұратын көшпелілердің үйі болған бедуин шатырына ұқсас етіп жасалған.  Арена Катардың өткені мен болашағын байланыстыратын символы іспеттес. Аль-Бейт

«Халифа Интернейшнл»

Катардағы ең көне стадиондардың бірі 1976 жылы салынып, 2017 жылы қайта жөндеуден өтті. Доха қаласындағы арена 45 857 адамға арналған. Стадионның атауы Катардағы қазіргі мемлекет басшысының әкесінің әкесі Халифа бин Хамада аль Танидің құрметіне қойылған. Айта кетейік, Халифа стадионында футболдан бөлек, жеңіл атлетикадан жарыстар өтеді. Халифа Интернейшнл

«Аль-Тумама»

Катар сәулетшісі Ибрахим Джайданың идеясымен салынған «Аль-Тумама» стадионының сыйымдылығы – 44 400 адам. Ол дәстүрлі катарлық гафия шілтерлі қалпақшасына қатты қызыққан. Дизайны осы бас киімнің пішініне ұқсас етіп жасалды. Нысан жергілікті аймақта өсетін ағаштың атымен аталады. 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін спорт кешенінің сыйымдылығы екі есеге қысқарып, орнына спорттық медицина орталығы мен қонақүй салынады.  Аль-Тумама

«974»

«974» – жүк контейнерлерімен жабдықталған әлемдегі алғашқы стадион. Бір уақытта 44 089 адамды еркін сыйдыра алатын аренаның құрылысына 974 контейнер, 30 мың тонна металл конструктор  пайдаланылған. Бұл сан, сондай-ақ, Катардың халықаралық телефон коды екенін айта кеткен жөн. Дохадағы стадионның «Рас-Абу-Абуд» деген балама атауы да бар. Катар билігі әлем біріншілігінен кейін стадионның бөлшектерін кедей елдерге жіберуді жоспарлап отыр.  974

«Эдьюкейшн Сити»

Стадион Аль-Райян қаласындағы Катардың Білім және ғылым қорының штаб-пәтері мен негізгі университеттері орналасқан білім қалашығының жанынан орын тепкен. Бұл кешеннен футболды бір уақытта 44 667 көрермен тамашалай алады. Аль-Раяндағы стадион – әлемдегі ең экологиялық таза аренаның бірі. 2019 жылдың мамырында «Эдьюкейшн Сити» GSAS рейтингінде бес жұлдызға ие болды. Мундиалдан кейін оның жоғарғы қабаты бұзылып, металлоконструкциялары спорт саласы дамымаған елдерге жіберіледі. Сыйымдылығы 25 мың орынға дейін азаяды. Кейін студенттер мен жергілікті тұрғындар жаттығатын үлкен орталыққа айналады. Эдьюкейшн Сити

«Аль-Джануб»

2020 жылы Дохадан 20 шақырым жердегі Аль-Вакра қаласында салынды. Стадионның дизайнын британиялық сәулетші Заха Хадид жасаған. Төбесі Парсы шығанағындағы дәстүрлі дхау қайықтарының желкендеріне ұқсас.  width=

«Ахмед Бин Али Стэдиум»

Аль-Райян қаласындағы негізгі екінші арена. 2003 жылы ашылғанымен, жақында мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сыйымдылығы 20 мыңнан 40 мың орынға дейін кеңейтілген. «Ахмед Бин Али Стэдиум» аренасында 2011 жылы футболдан Азия чемпионатының ойындары өтті. Ахмед Бин Али Стэдиум

Серіктес жаңалықтары