50644
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА: Айтыскерлер елдің өзекті мәселесін жырлады
Қалыйма ЖАНТӨРЕЕВА: Айтыскерлер елдің өзекті мәселесін жырлады
Жақында «AMANAT» партиясының қолдауымен «Алтын домбыра» ақындар айтысы Түркістан топырағында өтті. Екі күнге созылған дүбірлі дода ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылған. Ақындардың таланты шыңдалып, тапқырлығы сыналатын өнер сайысының қазақ халқы үшін орны бөлек. Саяси ұйым қаймағы бұзылмаған төл өнерімізді сақтап, дәстүрімізді дәріптеуге үлес қосып, осы уақытқа дейін жүзге жуық республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды.
Бұл жолғы аламанға еліміздің әр түкпірінен он сегіз ақын қатысып, бақ сынады. Олардың арасында талай жарыста топ жарып жүрген ақындар Рүстем Қайыртай, Төлеген Жаманов, Біржан Байтуов бар. Қазылар алқасының шешімімен Еркебұлан Қайназаров бәрінен оза шауып, «Алтын домбыра» иегері атанды. Осы орайда «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева түркі әлемінің рухани астанасында өткен аламанның мән-маңызы туралы айтып берген еді.
– Жылдың қорытынды айтысы «Алтын домбыра» мәресіне жетті. Киелі Түркістанды екі күн жырмен тербеген ақындардың өнерін жұртшылық қалай қабылдады?
– Біріншіден, «Алтын домбыра» айтысының Түркістан жерінде, рухани елордада өтуі орынды шешім болды. Осы рухани кешті ұйымдастырған партияға алғыс білдіреміз. Бұл Президент сайлауынан кейін ұлтты ұйыстырып, елді біріктірген мағыналы кеш деп білемін. Жыр бәйгесін Ясауидің хикметтері жазылған, бабаларымыздың ізі қалған ұлы мекенде өткені жұртшылыққа қуаныш сыйлап, рухын көтерді. Айтыс тамашалауға келген жұрт талантты ақындардың өнерін бағалап, ұлттық өнерімізбен сусындап қайтты. Айтыстың өз тыңдарманы бар ғой. Сөздің парқын білетін азаматтар осындай мәдени кештерге қуана келеді.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар емес пе Мұхтар Әуезовтің! Бұл өнер жастарды мейірімділікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейді. Ұлттық аспабымыз домбыраның үні жүректен қыл суырып алғандай адам жанын тербетіп, жан дүниеңді қозғайтын қасиеті бар. Жалпы, өзім айтысқа жететін өнер жоқ деп есептеймін. Сондықтан осындай іс-шаралар жалғасын таба берсе дейміз.
Айтулы аламан айтыс ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай өткізіліп отыр. Алаштың тәуелсіздікті көксеген рухты, ұлтжанды азаматының өмірін, кейінгі ұрпаққа қалдырған ерен еңбегін еске алдық. Айтыс, күй өнері тек қазақ халқында бар екенін білесіз. Біздің өзге халықтан ерекшелігіміз де осында деп ойлаймын. Екі күн бойы өткен дүбірлі додада сол ерекшелігімізді көрсете алғанымызға қуандым.
– Осы орайда ақындардың қандай өзекті мәселелерді жырға қосқанын айта кетсеңіз.
– Халыққа ащы да болса шындық ұнайды. Айтыстың негізгі мақсаты – елге мәселені ашық жеткізу. Осы жыр бәйгесінде осы мақсат орындалды деп айта аламын. Ақындар түрлі өзекті тақырыпты, мысалы, сыбайлас жемқорлық, әділеттілік мәселесін көтерді. Әрине, бір-бірін қолпаштаған сәттер де болды. Негізі, еліміздің түкпір-түкпірінен келген он сегіз ақынның бәрі шетінен «Сен тұр, мен айтайын» деген кіл мықтылар. Эстрадаға қызықпай, ұлттық өнерімізді дәріптеп жүрген талантты жастар өсіп келе жатқанына қуандық.
– Мықтылар жиналған аламанда қазылар алқасына нағыз жүйрікті анықтау оңай болмаған шығар?
– Әрине. Айтысты аяғына дейін тамашаладым. Ақтық сында Еркебұлан да, Біржан да бір-бірінен қалыспады. Халық та «Кім жеңеді екен?» тағатсыздана күтіп отырды. Енді бұл жерде алдымен тапқырлық басым болуы тиіс. Дауыс ырғағы да рөл ойнайды. Еркебұлан өзінің суырыпсалмалығымен ерекшеленіп, өзгелерден бір қадам болса да алда болды деп ойлаймын.
Еркебұлан жас болғанымен, ішінде сондай терең ой жатқанына сүйсініп, таңғалдым. Бәлкім, туған жеріне келіп, шабыты еселенген шығар. Ең бастысы, халықтың ойында жүрген мәселелерді айтты. Сондықтан жүлде лайықты иесіне берілді деп ойлаймын.
Жалпы, айтыс әркезде әртүрлі өтіп жататынын білеміз. Бұл жолғы дүбірлі дода жүйелі, мағыналы, ең бастысы техникасы дұрыс болды. Халықтың шамына тиген жоқ, әдепсіз сөздер, жөнсіз әзілдер айтылмады. Тағы бір айта кететін нәрсе, алтын домбыра Түркістанда қалды. Бұл да айтыссүйер қауымға патриоттық сезім сыйлады. Жақында өткен «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонына қатысқан шабандоздар Астанадан шығып, ең соңында киелі Түркістанға табан тіреген болатын. Бұл да жұртшылықты рухтандырған іс-шара болды.
– «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы алда қандай мәдени іс-шаралар өткізеді?
– Мемлекет қолдауымен кейінгі 3-4 жылдың ішінде киелі Түркістан қайта түлеп, көркейіп келеді. Партия филиалының жанынан «Мирас» қоғамдық кеңесі осы бағыттағы іс-шараларды өткізуді қолға алған. Келесі жылы жас ақындар айтысын өткізсек деген жоспар бар. Осылайша, әлі танылмаған, ел ішінде жүрген жастардың талантын танытып, өнердегі жолын ашсақ дейміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ