50932
Арадан он сегіз түрлі бал алатын омарташы
Арадан он сегіз түрлі бал алатын омарташы
Темірлан Ахмеджанов – он алты жасында жеке кәсібін ашқан омарташы. Кішкентайынан ара өсіретін ағасына көмектесіп, еңбекке ерте араласқан ол бал ара шаруашылығының қыр-сырын бір кісідей меңгерген. Сөйтіп, алты жыл бойы тәжірибе жинаған соң «Темірлан омартасы» шаруашылығының иесі атанды. Бүгінде жас кәсіпкер он сегіз түрлі бал шығарып, өзі туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданына ғана емес, еліміздің әр өңіріне табиғи бал мен ара шаруашылығы өнімдерін жеткізіп отыр.
«Он жасымнан бастап ара шаруашылығымен айналыса бастадым. Ағам ара ұстайтын. Балаларды шаруашылығына көмекке шақырғанда бәрі «ара шағады» деп, қорқып келмей қалады. Кейбіреуінің аллергиясы бар, енді бірі ыстыққа төзе алмайтынын айтады. Ал мен бауырым болғандықтан көмек беруден бас тарта алмадым. Әрине, достарым оқу жылын аяқтап, демалып жатқанда омартаға барғым келмеген кездер де болды. Өйткені 40 градус ыстықта арадан қорғану үшін қалың киініп алатынмын. Бірақ қалай киінсем де, аралар амалын тауып шағып алады. Алайда ағама менен басқа кім көмектеседі? Осыны ойлап, ара шақса да, ыстық күнде жұмыс істеу оңай болмаса да шыдауға тура келді. Сөйтіп, бал қораптарын алып жүруді, балауыз рамаларын жасап, бал шайқауды және басқа да жұмыстарды істеп үйрендім», – дейді Темірлан.Кейіпкеріміз алғашында бұл іске аса қызықпағанын айтады. Тек ағасының айтқанын орындап жүрген. Уақыт өте келе, омартада жұмыс істеген ұнай бастайды. Сөйтіп, қанатты жәндіктердің өмірі туралы тереңірек білу үшін түрлі кітаптар оқып, зерттеуге кірісіпті. Осыдан кейін бұл тиімді кәсіп екенін және ара шаруашылығының адамдарға ғана емес, қоршаған ортаға да пайдасы зор екенін түсінген.
«Алты жыл ішінде, яғни 16 жасыма дейін біраз нәрсе үйрендім. Іштей ойланып, ақша жинап жүрген едім. Он алты жасқа толғанда жинаған қаражатыма Қалбатау ауылында бұрыннан бері омарташылықпен айналысатын кісілерден 12 рамалы дадан ұяларын сатып алып, өз кәсібімді ашуға бел будым. Жұмысымды үш омарта ұясынан бастадым. Қазір жиырма екі жастамын. Жеке кәсіппен айналысып жатқаныма алты жыл болып қалыпты», – дейді «Темірлан омартасы» шаруашылығының иесі.Кәсібін үш омарта ұясынан бастаған Темірлан жыл сайын ара ұяларын көбейтіп, бүгінде олардың санын 500-ден асырған. Оны ары қарай көбейту үшін канадалық технологияны қолдану қажет екенін айтады. Қазір шаруашылықтың жұмысын әкесіне де үйреткен. Ал жаздыгүні қасына жұмысшы алады. Аралар қыстыгүні қолайлы өмір сүруі үшін жағдайын жасау керек. Темірлан бұл мәселені де естен шығарған емес.
«Қыста ара ұяларын Қалбатауға апарамыз. Қар еріп, көктем шыққанға дейін ұстаймыз. Өйткені қанаты қатайып, біраз күш жинауы керек. Содан кейін түрлі бал сорттарын алу үшін Шығыс Қазақстанның әр өңірін аралап, жақсы егістік іздейміз. Мысалы, Божұғырда бал аралары күнбағыс, қарақұмық, экспарцет сияқты шөптерден бал жинайды. Ал Риддерге рапс балын алу үшін барамыз. Негізі, жаз мезгілінде Божығұрдағы омартада жұмыс істеп, өзге өңірдегі ара ұяларына электр бағылағышын орнатып қоямыз. Бұл – қорғаныс үшін жасалған дүние. Осы уақытқа дейін омартамызда келеңсіз жағдай болған емес. Жергілікті диқандар да бізге қолдау білдіріп, қуанбаса, қарсы болмайды. Себебі бал аралары егіс алқаптарын тозаңдандырып, мол өнім алуға ықпал етеді», – дейді жас кәсіпкер.Омарташы жаз бітіп, күн суыта бастағанда ара ұяларын Қалбатаудағы негізгі орнына апарып, қыстайтын қораға жинайды. Мұндағы бал арасына қолайлы 0-ден +4 градусқа дейінгі температура сақталады. 370 ұя қорада болса, сыймай қалған 100-ден астам ұя қар астында қыстайды. Кейіпкеріміздің айтуынша, аралар қар астында да жақсы қыстап шығады екен. Жалпы, түсім ауа райына байланысты. Құрғақшылық болған уақытта өнім көрсеткіші азайса, жауын-шашынды ауа райында мол өнім алуға болады. Омарташы орташа есеппен бір ұядан 50 келі бал алатынын айтады. Алайда оның жартысын қыстан аман шығуы үшін аралардың өзіне қалдырады.
«Өнімдерімізді біразын Қалбатау ауылындағы дүкенге апарсақ, қалғанын интернет-дүкен арқылы сатып, еліміздің барлық өңіріне тапсырыспен жеткіземіз. Негізі, сексен пайызын интернет-дүкен арқылы өткіземіз. Қазір карпат және карника тұқымдарын өсіріп, қайсысы біздің ауа райына шыдамды екенін бақылап жатырмыз. Сонымен қатар асылдандыру ісін де қолға алдық. Австрия мен Германиядан ара тұқымдарын алып, үш жыл сайын жаңартып отырамыз», – дейді Темірлан Ахмеджанов.Омарташы балдан бөлек, гүл тозаңы, балауыз, аналық ара сүті, балауыз күйесінің тұнбасы, прополис жақпа майы мен тұнбасы және басқа да бал өнімдерін шығарумен айналысып келеді. Ерінбей еңбек етіп, кәсібінің нәсібін көріп отырған жас кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдау көргенін, яғни асылтұқымды аналық ара сатып алуға субсидия алып отырғанын айтады. Омарташы болуға алдымен тәжірибе, практика қажет. Дегенмен биыл инженер-механик мамандығы бойынша диплом алатын Темірлан енді омарташылық бойынша магистратурада білім алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бал арасын өсіретін кәсіпкер қазір Ресейден омарта шаруашылығына қажетті заманауи құрал-жабдықтар алып жатқанын айтты. Осы арқылы уақытты үнемдеп, жұмыс күшін азайтуға болады. Енді ол араның мың ұясы қыстап шығатын үлкен қора салмақ.
«Өнімдерімді шетелге шығарамын деген ой жоқ. Елімізді табиғи балмен толық қамтамасыз еткім келеді. Әр отбасының дастарқанында отандық өнім тұрса деп армандаймын», – дейді ол.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ