202
Алматы вокзалында жолаушылар вагоны өртке оранды
Алматы вокзалында жолаушылар вагоны өртке оранды
Алматы-2 теміржол вокзалында жолаушылар вагоны өртенді. Бұл туралы қалалық ТЖД өкіліне сілтеме жасап, ҚазАқпарат хабарлады.
«19 қаңтарда сағат 08:40-та 101 пультіне Алматы қаласы Жетісу ауданы «Абылай хан көшесі, 1» мекенжайында орналасқан «Алматы-2» теміржол вокзалы стансасында запастағы жолда реттеу үшін қойылған жолаушылар вагонынан өрт шыққаны туралы хабар түсті.
Алғашқы өрт сөндіру қызметі оқиға орнына сағат 08-51-де жетті. Өзге вагондардан ағытылып, жеке тұрған вагонның қатты түтіндеп жатқаны байқалды. Өрт сөндірушілер вагонда адам қалып қоймағанын анықтап шықты. Өрт 08:56-да ауыздықталып, 9:10-да толығымен сөндірілді. Өрт аумағы 20 шаршы метр», - деді ТЖД-ның ресми өкілі.
Төтенше жағдайға байланысты қызметтік тексеру жүргізілетін болады.. «2017 жылдың 19 қаңтарында Алматы стансасының техникалық паркі аумағында есептен шығарылған вагоннан түтін шықты. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. 1979 жылы 9 қарашада жасалған вагон техникалық жағдайына байланысты пайдаланылудан шығарылып, кәдеге жаратуға дайындалып жатқан», - деп мәлімдеді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері. Оқиғаның орын алу себебі анықталған соң тиісті шаралар қабылданбақ.