«Ақшамшық», «Монданақ»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар

«Ақшамшық», «Монданақ»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар

«Ақшамшық», «Монданақ»: ұмыт бола бастаған ұлттық ойындар
ашық дереккөзі
51595
Әрбір ұлттың өзіндік тарихы, тілі мен діні, салт-дәстүрі, өнерімен қатар ұлттық ойындары да бар. Ертеден келе жатқан 150-ге жуық дәстүрлі ойындарымыздың бүгінде бірқатары ұмыт бола бастады. Turkystan.kz тілшісі олардың бір парасын назарларыңызға ұсынады. «Монданақ» Монданақты жазық, көгалды алаңда ойнайды. Қатысушылардың жасына шектеу жоқ. Бірақ ойыншылардың саны 15-20 адамнан көп болмауы керек. Ойынға қос қабаттап есілген орамал пайдаланылады. Ойынға қатысушылар аяқтарын ілгері созып, тізесін сәл көтеріп, шеңбер түзіп отырады. Бүгілген тізелерінің астынан ары-бері жүгірткен кезде орамал еркін өтетін болуы керек. Аяқтарының бастары шеңбердің ортасына жақын түйіседі. Тап сол жерде ойынды жүргізетін адам отырады. Ойын басталған кезде қолында орамалы бар ойыншының бірі ортадағы жүргізушіні орамалмен жонынан тартып қалып, оны лезде тізесінің астынан өткізіп жіберіп, «Әне кетті монданақ, міне кетті монданақ!» деп әндете жөнеледі. Бұл әнді барлығы қосыла шырқайды. Ойын жүргізушісі орамалды жұрттың аяқтарының астынан іздей бастайды. Әрине, орамалды тауып алу оңай емес. Өйткені, ойыншылардың бәрі қолдарын тізелерінің астында ұстап, ары-бері «жүгірген» орамалды бір-біріне өткізіп отырғанға ұқсайды. Егер жүргізуші орамалды ұстап алса, онда оны алып қойған ойыншымен орын ауыстырады. Сөйтіп, ойын қайта жалғасады. Бұл ойынның екінші бір түрінде орамалмен ұсталған ойыншы ортаға шықпас бұрын көпшіліктің ұйғаруымен өнер көрсетеді. Содан кейін ғана орындарын ауыстырады.  width= «Ақшамшық» Ойыншылар ойын кезінде арасынан бір кісі өтетіндей етіп дөңгелене отырады. Ал жүргізуші ортаға шығып, екі алақанын беттестіре ұстайды. Қалғандарына да солай істеуді тапсырады. Кейін алақандарының арасындағы сақинаны ойыншылардың біріне тастау үшін айнала жүгіріп, бәріне сақина тастаудың белгісін жасайды. Алайда, ол сақинаны білдірмей біреуіне ғана тастайды. Сақина жасырылған адам да оны басқаларға байқатпауға тырысады. Жүргізуші түгел айналып шыққан соң ортаға келіп, «Ақшамшығымды бер!» деп дауыстайды. Сонда сақинаны алған ойыншы орнынан атып тұруы керек. Әрбір ойыншы оң жағында отырған көршісін аңдиды. Сондықтан сақинаның онда барын білсе орнынан тұрғызбауға тырысады. Ал сақинаны алған ойыншы білдірмей тұрып кетсе, өзі жаза тартады, ол тұра алмай қалса, айыпкер көпшіліктің ұйғаруымен не өлең айтады, не би билейді, не домбыра тартады. Өнерін көрсетіп, жазасын өтеуі тиіс. Содан кейін ойын қайта жалғасады.  width=  «Әуе таяқ» Бұл ойын көгалда немесе жай алаңда 12 адамның қатысуымен өтеді. Ойынға ұзындығы 80 сантиметрден аспайтын, жуандығы 4-5 сантиметр жұмыр таяқ пайдаланылады. Ойыншылар бірнеше жұпқа бөлінеді. Жүргізуші екі адамның әрқайсысына бір-бір таяқтан береді. Олардың біреyi таяғын әуелете лақтырған кезде, екіншісі ұшқан таяқты өз таяғымен ұруы тиіс. Таяқты кімнің лақтыратынын, кімнің оны кездеп ұратынын жеребе бойынша анықтайды. Егер ойыншылар екі топқа бөлінсе, ұшқан таяққа көбірек тигізген топ жеңген болып есептеледі. Сосын келесі кезекте лақтырушылар мен тигізушілер орын алмасады.  width= «Жаяу аударыспақ» Мұны балалар «батырлар жекпе-жегі» деп те атайды. Қатысушылар екі топқа бөлінеді. Әркім бір-бір баланы ат қылып мінеді де, «ат» үстінде отырғандар өзара тартысады. Астындағы ат-балалар қозғалмай тұруға тиіс. Аударысқандардың қайсысы құлап қалса немесе аяғы жерге тиіп кетсе, сол жеңіледі. Жаяу аударыспақ «Атбақыл» Ойынға екі ойыншы қатысады. Әрқайсысында сиырдың асығы болады. Олар өзара келісіммен біреуі сақасын алысырақ иіреді де, екіншісі сақа иірілген жерден әлгі сақаны атады. Егер қарсыласының сақасына дәл тигізсе, онда қарсыласы оны сол атқан жерден сақасы жатқан жерге дейін арқалап апарады. Кейін сол жерден сақасын қайта иіреді. Ал егер сақаға тигізе алмаса, сол  жерден оның сақасын атады. Сөйтіп ойын қайталана береді.

Дереккөз: Базарбек Төтенай «Қазақ ұлттық ойындары» кітабы

 

Серіктес жаңалықтары