50274
Данияр МҰҚИТАНОВ: Белсенді жастар – еліміздің қоғамдық-саяси өмірін қалыптастырушылар
Данияр МҰҚИТАНОВ: Белсенді жастар – еліміздің қоғамдық-саяси өмірін қалыптастырушылар
«AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясында Жас саясаткер мектебі ашылған болатын. Басты мақсат – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі жастардың рөлін күшейту. Осыған орай Жас саясаткер мектебі арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеген. Оның алғашқы легіне еліміздің әр өңірінен келген 50 қатысушы қабылданып, білімін жетілдірді. Осы орайда «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитановтан жаңа бастаманың жай-жапсары туралы сұраған едік.
– Жақында Саяси менеджмент академиясы «Жас саясаткерлер мектебі» бір апталық оқыту бағдарламасын аяқтады. Алдымен академияның жастарды оқытудағы негізгі мақсатына тоқталсаңыз.
– Партия басшыларының кәсібилігін, сондай-ақ саяси активтің біліктілігін арттыру мақсатында құрылған «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы оқу бағдарламаларын қайта қарап, жастармен жұмыс істеу бойынша жаңа модульдер мен бағыттар ұсынған болатын.
Жаңа жас саясаткерлерді табу және олардың біліктілігін арттыру мақсатында Астана қаласында қарқынды 5 күндік оқыту бағдарламасынан өту үшін Қазақстанның әр өңірінен 50 қатысушы іріктеліп алынды. Олар көпшілік алдында сөйлеу, саяси коммуникация, жобаларды басқару, көшбасшылық бойынша тренингтерге, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі саяси құрылымы туралы дәрістерге қатысты. Оқыту блогынан бөлек, бағдарламада белгілі саяси және қоғам қайраткерлерімен, ғалымдармен, Парламент депутаттарымен кездесулер қарастырылған. Қатысушылар ел дамуына ерекше үлес қосуға ұмтылады. Іріктелген 50 адам мансабын жоғарылатуға және Әділетті Қазақстанды құруға жол ашатын өз дағдысын, білімі мен құзыретін дамытуға мүмкіндігі бар.
– Жас саясаткер мектебінің оқыту бағдарламасына қатысатын жастар қалай іріктелді?
– «Жас саясаткер мектебі» семинар-тренингіне қатысуға үміткерлерді іріктеу Саяси менеджмент академиясының және «AMANAT» партиясының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде хабарландыру орналастыру арқылы ашық түрде өтті. Оқуға қатысуға барлығы 154 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 20 адам «Жастар Рухы» жастар қанаты ұсынған «Жастар Рухы» филиалдарының төрағасы.
Тәуелсіз сарапшылардан құралған конкурстық комиссия үміткерлердің мансап жолындағы жетістігі, көшбасшылық әлеуеті, оқуға деген ынта-жігері сияқты бекітілген талаптар бойынша онлайн әңгімелесу барысында ең көп балл жинаған 30 жас белсенді мен партия қызметкерлерін іріктеп алды. Жас белсенділердің арасында білім беру, медицина, мәдениет, бизнес және кәсіпкерлік, құрылыс салаларының, қоғамдық және қайырымдылық қорлардың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері болды.
– Қатысушылар негізінен қай бағытта білім алады? Оқыту бағдарламасы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Оқыту бағдарламасы жас саясаткерлердің мансабын дамытуға және Әділетті Қазақстанды құруға көмектесетін дағдыларды, білім мен құзыреттерді жетілдіруге бағытталған. Жас белсенділерді оқыту бағдарламасы аясында келесідей 4 модуль қарастырылды.
«Саяси процестер» деп аталатын бірінші модульде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары айтылып, Қазақстанның саяси жүйесі және онда болып жатқан реформалар, жаңа партиялық жобалар, партияның саяси платформасы, Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланды. Екінші «Көшбасшылық» модулі барысында қазіргі көшбасшының болмысы ашылып, көшбасшылық мәселесі феномен ретінде зерттелді, сондай-ақ көшбасшылықтың үш ішкі себебі ашылып жеткізілді.
Осы аталған модуль аясында тыңдаушылар көшбасшылық, көшбасшылық құзыреттілігінің қасиеттері бойынша өзін-өзі диагностикалаудан өтті. Тренер топтық жұмыс ұйымдастырып, онда әр команда көшбасшының портретін жасады.
«Саяси коммуникациялар» атты үшінші модуль барысында тыңдаушыларға көпшілік алдында сөз сөйлеу, ішкі тыныштықты сақтау, күрделі, келеңсіз сұрақтарға жауап бере білу және басқа да мәселелер бойынша негізгі ұғымдар мен бағыттарға қатысты білім берілді. Тренинг барысында дикцияны жақсарту, ұстамды болу, сөйлеу мәтінін есте сақтау, паразиттік сөздерді қолданбау бойынша практикалық жұмыстарға көп көңіл бөлінді.
Осы модульді оқу аясында тыңдаушыларға селфбрендинг ұғымы таныстырылып, оның өзектілігі жеткізілді. Әлеуметтік желілердегі негативпен күресу мақсатында оның қалай жіктелетіні айтылып, негативке жауап беру нұсқалары талқыланды. Сондай-ақ бұл мәселенің құқықтық аспектілері де қарастырылды.
Соңғы «Жобаларды басқару» модулі шеңберінде әлеуметтік сипаттағы мәселелерді шешу саласындағы үздік тәжірибелер мен мысалдарға шолу жүргізілді. Волонтерлік, әлеуметтік жобалар және әлеуметтік кәсіпкерлік туралы ақпарат берілді. Қатысушылар әлеуметтік жобаларды құру бойынша нақты құралдар, қаражат тарту бойынша ақпараттар алды.
Оқыту соңында қатысушылар еліміздегі әлеуметтік мәселелердің шешімдерін әзірледі. Жалпы, тренингте практикалық бөлімге үлкен көңіл бөлінді. Әр тренер қатысушыларға белгілі бір бағыттағы дағдыларды жетілдіру және жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар берді. Сондай-ақ жастардың дайындық деңгейінің жоғары екені, олардың белсенді ұстанымы, жаңа дүниелерді білуге деген ұмтылысы, әртүрлі саладағы тәжірибесімен бөлісуге деген ниеті ерекше аталып өтті.
– Саяси менеджмент академиясы саяси кадрларды даярлау ісінде қандай жаңа тәсілдерді қолданып жатыр?
– Оқыту бағдарламасына қатысушылар үшін Қазақстанның жетекші саяси қайраткерлерімен, өз саласындағы көшбасшылармен кездесулер ұйымдастырылды. Олардың қатарында «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің бас директоры М. Мадиев бар. Сонымен қатар білім алушылар Парламент Мәжілісіне барып, депутаттармен кездесті.
Кездесу барысында шақырылған әрбір қонақ өзінің көшбасшы ретінде қалыптасу тәжірибесімен бөлісіп, оқытуға қатысушылардың көптеген сұрағына жауап берді. Кездесуге қатысушылар осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз өңірлерінің проблемалық мәселелерін көтерді.
Академия «Жас саясаткер мектебі» тренинг-воркшопынан бөлек көшбасшы әйелдерді, ауыл әкімдерін, партия қызметкерлерін оқытуға бағытталған жаңа жобаларды іске асырып жатыр. Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу шеңберінде бақылаушыларға арналған ауқымды оқыту жұмыстары жүргізілді.
Трансформация аясында академия штаттан тыс тренерлерді тарту процесін жүйелендіріп, регламенттеді, оларды іріктеу талаптары мен рәсімдері әзірленіп, бекітілді.
Бұдан бөлек, жеке тақырыптар бойынша бірреттік шашыраңқы тренингтерден кешенді, модульдік оқыту бағдарламаларына көшу процесі жүргізіліп жатыр. Тыңдаушыларды қызықтыру үшін офлайн және онлайн оқытуды біріктіретін аралас оқыту бағдарламалары енгізілді.
Академия «Жас саясаткер мектебі» аясында жаңа жас саясаткерлердің біліктілігін арттыру бойынша осы басталған жұмысты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені дәл осы белсенді жастар еліміздің қоғамдық-саяси өмірін қалыптастырудың негізі. Сондай-ақ «Томирис» бағдарламасы бойынша әйелдерді оқыту, партия активі мен депутаттарды оқыту және басқа да жобалар жалғасын табады.
– Әңгімеңізге рақмет!