50245
Президенттің биыл атқарған жұмысының қорытындысы жарияланды
Президенттің биыл атқарған жұмысының қорытындысы жарияланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы атқарған жұмысының қорытындысы жарияланды деп хабарлады turkystan.kz Ақордаға сілтеме жасап.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, Президент өтіп бара жатқан жылда 68 Заңға, 422 Жарлыққа, 137 өкімге, 4 508 қызметтік хат-хабарға, 594 жеке және заңды тұлғалардың жолданымына қатысты тиісті шешімдерге қол қойды. Сонымен қатар 60 жеделхат жолдады. 30 мемлекеттің Төтенше және Өкілетті елшісінен сенім грамоталарын қабылдады. 59 рет телефон арқылы сөйлесті. 4 рет үндеу мен мәлімдеме жасады. 1 рет жария түрде конституциялық заңдарға қол қойды. 59 жиналыс пен кеңеске, 31 халықаралық деңгейдегі шараға қатысты. 298 рет қабылдау мен кездесу өткізді.
Президент 2022 жылы ел ішіне және шетелдерге бірқатар сапар жасады. 147 390 шақырым қашықтыққа ұшты. 238 сағат 55 минут ұшақта болды. Мемлекет басшысы 16 рет жұмыс сапарымен еліміздің аймақтарына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев 14 елге 25 рет сапар шекті. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қатар, Түркия, Иран, Сауд Арабиясы, АҚШ, Франция, Әзербайжан және басқа да елдер бар. Президент 19 елдің мемлекет басшысымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Олар: РФ Президенті Владимир Путин, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Рим Папасы Франциск, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, Франция Президенті Эмманюэль Макрон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Сауд Арабиясының королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Зайд әл Нахаян, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев және басқалары.