51964
Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер
Қазақы тымақпен шетелдіктерді таңғалдырған кәсіпкер
Жұлдызай Сайдағали – бала кезінен мата қиып, тігін тігуді жанына серік еткен жан. Бүгінде ол халқымыздың ұлттық киім үлгілерінің ішінде көзтартар әсемдігімен, сәнді ою-өрнегімен ерекшеленіп, бағаланатын әрі мал терісінен, қымбат матадан тігілетін қысқы баскиім тігіп, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма үш жастағы кәсіпкердің қолынан шыққан тымақтарды елімізбен қоса, Оңтүстік Корея, Германия, Франция, Канада, Ресей, Англия, Түркия, Украина, Швейцариядан тапсырыс беріп алдыратындар бар. «Өзім бармаған жерге тымақтарым барып жатыр», – дейді ол.
Жұлдызайдың былғарыдан, түрлі мата мен теріден тымақ тігіп жүргеніне алты жылдай болыпты. Осы уақыт аралығында өзінің тұрақты тұтынушылары да пайда болған. Кәсібінің нәсібін көріп отырған кейіпкеріміз қазір сұлуы мен жылуы үйлескен қысқы баскиімдерге жылдан-жылға сұраныс артып келе жатқанын айтады.
«Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде үйірмелерге баратынмын. Қуыршақтарға киім тігіп беретінмін. 5-сыныптан бастап қазірге дейін өзіме де киім тігіп жүрмін. Әжем он саусағынан өнер тамған ісмер кісі болған. Бұл өнер әжемнен дарыған деп ойлаймын. Бұл – қосымша жұмысым. Негізі, университетте мұғаліммін. Үйдің жанында кішігірім цех бар. Көбіне өзім тігемін, арасында әкем мен анам көмектесіп тұрады. Басында киім тігетін едім, алты жылдан бері тері, былғары, сапалы матадан тымақ тігуді қолға алдым», – дейді тігінші.Жалпы, стандарт модельге келсек, бір баскиімді тігуге кемі 4-5 сағаттай уақыт кетеді екен. Күрделілігіне байланысты кейбірін бір күн, енді бірін бір аптада бітіруге болады. Бұл тұрғыда тұтынушының талғамы мен сұранысы да ескеріледі. Әрине, тұтынушының көңілінен шығу үшін жасаған дүниеңнің сапалы болуы маңызды.
«Материалына келетін болсақ, көбіне түлкінің терісін қолданамын. Терілерді еліміздегі цехтардан және Ресейден алдыртамын. Негізі, маған алдын ала айтады, цехта арнайы химикаттармен өңделген дайын теріні аламын. Баскиімді тұтынушыға бергеннен кейін жыртылып, исі шығып кетпесі үшін жақсы сападағы терілерді, баскиімге келетін таза былғарыны таңдаймын», – дейді жас кәсіпкер.Жұлдызай осыдан бес жыл бұрын «Жасаған бұйымдарымды неге жұртқа көрсетпеске?» деп, әлеуметтік желіден жұмыс парақшасын ашқан. Айтуынша, бұл да бизнесінің жүруіне септігін тигізіпті. Жасаған дүниелерін көргеннен кейін сұраныс артқан. Тіпті, он шақты мемлекеттен де тапсырыс түсіпті. Бүгінде қолөнерші елімізде өтетін шеберлер фестиваліне қатысып, бағын сынап жүр.
«Мақсатым – ұлттық қолөнерімізді дәріптеу, бағалау. Сонымен қатар отандық өндірісті дамытуға үлесімді қоссам деймін. Ата-бабамыздан мұра болып қалған ұлттық дүниелерімізді көзіміздің қарашығындай қорғап, сақтап қалуымыз керек. Бізден кейін де өсіп келе жатқан жастар бар. Солар да өзіміздің ұлттық өнерімізді бойына сіңірсе деймін. Қазір тымақтың бәрін өзім тігіп жатырмын. Бұл – тиянақтылықты, икемділікті, шыдамдылықты қажет ететін өнер. Тұтынушылармен пікір алмасқан кезде түрлі қызықтар болады. Әр қаладан, әр мемлекеттен тапсырыс берген адамдар түрлі диалектімен сөйлеп, өзіне қандай қысқы баскиім ұнайтынын айтады. Олардың тапсырысын орындау барысында біраз ізденемін. Пікір алмасу барысында түрлі ырымдарды да естіп жатамыз. Әрине, әр істің қиындығы болады. Жұмысқа берілген кезде, күн-түн демей, ойыңдағы дүниені жасауға тырысасың. Ал тұтынушы жұмысыма көңілі толып, ризашылығын білдірген кезде еңбегімнің ақталғанына қуанып, ары қарай жұмыс істеуге шабыт аламын. Қандай жағдай болмасын, ұлттық болмысымызды, киімдерімізді дәріптеп, осы салада еңбек ете беру – мақсатым. Енді үлкен цех ашып, кәсібімді кеңейтуді ойлап жүрмін», – дейді кейіпкеріміз.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ