Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді

Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді

Бақыт ҚАЖЫБАЕВ, актер: Алаш арыстарының өмір жолы, жанкештілігі санамды сілкіді
ашық дереккөзі
61423
Жақында «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясы көрерменге жол тартты. Алты бөлімнен тұратын тарихи туындыда Алаш қайраткері өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі, «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылу барысы таспаланған. Сонымен қатар Міржақып Дулатұлының революциядан кейінгі, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің «Бутырка» абақтысында өткізген жылдары және жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы баяндалған. Осы орайда көрермен қызу талқылап жатқан туындыда басты кейіпкер Міржақып Дулатұлының рөлін сомдаған актер Бақыт Қажыбаевпен сұхбаттасқан едік. – «Міржақып. Оян, қазақ!» те­­­лехикаясы – «Ахмет. Ұлт ұс­та­зы» сериалының жалғасы. Он то­ғыз жасында азаматтық, саяси та­нымымен Ахмет Байтұр­сын­ұлын таңғалдырған Алаш ары­сы, қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ро­манның авторы Міржақып Дулатұлының рөліне қалай таң­далғаныңыз туралы айтып беріңізші. – Туындыға түсетін актерлерді ірік­теу жұмысы Алматы қаласында өтті. Соған қатысып, ұйым­дас­тыру­шы­лар сұраған сахнаны ойнадым. Ол жайбарақат ойнайтын дүние емес, Жангелдинмен кездескен кезде екеуі­нің арасында болған қақтығыс еді. Сол сахнаны ойнап болғанда ре­жиссер келіп қалды. Жаныма ке­ліп, қайда істейтінімді, жасымды сұ­рады. Негізі, өзім он бес жылдан бері Астана қаласындағы «Жастар теат­рында» жұмыс істеймін. Ірік­теу­ге қатысқаннан кейін Астанаға кет­кен болатынмын. Бір аптадан асқан уақытта хабарласып, «Бақыт аға, сіз Міржақып атамыздың рөліне бе­кітілдіңіз» деді. Телехикаяның режиссері Мұрат Есжан, продюсер Айсәуле Әбілдаева жә­не сценарий авторлары Ұларбек Нұр­ғалымұлы мен Ұшқын Сәй­дірах­ман­мен сәті түсіп, Астанада жинал­ған болатынбыз. Сол кезде актриса Зари­на Кармен де спек­так­льмен бас қалаға келіп қалды. Бәрі­міз театрда жолығып, шай ішуге ба­рып, іріктеу барысында болған жайт­тарды айт­тық. Сөйлесе келе, ба­сында бір-бірі­мізді қабылдай ал­ма­ғанымызды сол кезде ғана білдік. Бізге режиссер­дің жүріс-тұрысы, сөй­­легені, жалпы бол­мысы басқаша көрінетін. Мұрат бауырымыз қара­пайым әрі жас бала сияқты көрінген соң ба, басында қабылдай алмадым. Алып отырған та­қырыбы ауыр, іш­тей «Қалай болар екен?» деп ойла­дым. «Ұлт ұстазын кім ой­найды екен?» де­ген сұрақ та маза­лады.  width=Сөйтіп, Алматыға келгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлының оқу­лық­тарды бөлетін сахнасы түсірілді. Ол жерде Сәкен Сейфуллин, Міржа­қып Дулатұлы да бар. Сол кезде бірін­ші рет Байғали ағамызды көр­дім. Әрине, «Кім болады екен?» деп қасың­дағы серіктесіңді де ойлайсың ғой. «Ахмет Байтұрсынұлының рө­лін­де осы кісі» деді. Бұрын көрмеген екен­мін. Сол сахнада ойнағанын кө­ріп, бірден қабылдадым. Сөз сап­тауы, үні, сөй­леген кездегі жұмсақ­ты­ғы бәрі көңі­ліме қонды. Мұрат Есжан­ның да жұ­мысын сол кезде ал­ғаш көрдім, ұна­ды. «Байғали аға, мы­на жерде бы­лай болады» деп жай­мен келіп түсін­діріп жатты. Сөйтсем, біреу ұмытып кеткен болуы керек, м­әтіннің бір бө­лігі жіберілмей қал­ған екен. Айта­тын сөзін сахнада бе­ріп тұрса, кез кел­ген актер ашу­ла­на­ды ғой. Мұрат бауырымыз соған қара­май, бәрін ақы­рын түсіндіріп, көңі­лін тапты. Өзі­нің мінезі де жұм­сақ екен, алайда мақ­сатына жетпей қоймайды. – Міржақып Дулатұлының өмір сүрген уақыты қилы кезең­дер­­ге тап келгендіктен, телехи­кая­­ны көзге жас алмай көру мүм­­кін емес. Ал Алаш қайратке­рі­­нің рөліне ену сізге екі есе ауыр болғаны анық. Ағартушы­ның бейнесін ашу үшін қалай дайындалдыңыз? – Алаш арысының рөлін сомдау – үлкен жауапкершілік. Бір жағынан, ер­тең бір жерін дұрыс істемесең, бү­­кіл түсірілім тобын әуреге сала­сың. Соны ойлап, ұят болмасын деп жаз бойы Міржақып Дулатұлы тура­лы ізденіп, қолдан келгенше дайын­далдық. Алаш арысының қызы Гүл­нәр Дулатованың «Шындық шы­рағы» кітабын оқып шықтым. Қан­дай ауыр тағдыр десеңізші!.. Адам осының бәріне қалай төзіп, өмір сүре алады?! Алаш қайрат­кер­лері­нің өмір жолы, елі үшін жанын берген жанкештілігі мені қатты тол­ғандырып, санамды сілкіді. Ол кі­сілерге деген сүйіспеншілігім, құр­метім еселене берді. Ешқайсысын бө­ліп-жара алмаймыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бө­кей­ханов, Міржақып Дулатұлы. Олардың ойы бір жерден шықты, мақ­саты бір болды. «Қайтсек дербес­тік, тәуелсіздік аламыз?» деп күресті. «Ұрпағымыздың көзі ашық, білімді бол­са екен» деген арманмен өтті ғой... Өз заманының ойшылдары, ба­тырлары, ортасынан оза шапқан білімділері... Менде түсірілім арасында бір ап­та үзіліс болған еді. Сол кезде «Мұ­рат­тың басқа қандай жұмыстары бар екен?» деп іздедім. Абайды түсір­ген екен, соны қарап шықтым. Өзім түс­кен телехикаяның сценарийін оқып отырып, соңына келгенде өк­сік қысып, жарты сағаттай есімді жи­най алмай отырдым. Сол кезде жа­нымда ешкім болмағаны дұрыс бол­ды. Расында, біз Алаш қайрат­кер­ле­рін танымайды екенбіз ғой дедім. Қа­­лай өлімге барғаны, бір тиын ақы ал­май халқына тегін қызмет еткені... На­ғыз елі үшін туған ерлердің ісі. Кө­зіме жас алып отырып, «Мен өзім­нің еліме не істедім?», «Тіліме, Ота­ны­ма қандай пайдамды тигіздім?» де­ген сұрақ қойдым... Кейінгі сахнамыз Шонжыда бол­­ды. Ол жерге рөлге тереңірек еніп, мүлде басқа көзқараспен, күш-жі­гермен бардым. Осындай дүниені қол­­ға алып жатқан режиссердің, сце­наристің еңбегін бағаладым. Ма­ған осылай ауыр тисе, оларға, тіпті оңай болмағаны анық. Алаш қай­рат­керлерінің өмірін жақсы білетін аза­маттар ғой. Бірінші серияда Гүлнар Дулато­ва­ның рөлін сомдаған Гүлжан апа­мыз­ды көргенде жылап алдым. Жаз бойы оқығаным бар, кейіпкеріңнің тағдыр жолын, көрген қиындығын еріксіз өне бойыңнан өткізіп, сезіне­сің ғой. Соның бәрі көз алдыма кел­ді.  width=– Осындай ауыр рөлді сомда­ған­­нан кейін актер өз-өзіне тез келу үшін не істеу керек деп ой­лай­­сыз? – Ондай кезде адамдармен кө­бі­рек сөйлесіп, шеріңді тарқатқан жақ­сы. Шығармашылық тұрғыда қан­дай ләззат алғаныңды, не болға­нын режиссермен отырып талқы­ла­ған жөн. – Негізі, көрерменнің басым бө­лігі телехикаяның сәтті шық­қа­нын айтып жатыр. Ал өзіңізге ке­ліп, рөліңіз туралы сын айт­қан адам болды ма? – Телехикая эфирге шыққан сәт­тен бері телефоным дамыл таппай жа­тыр. Сериалды көріп, әсерін жет­кі­зіп жатқандар көп. Шынымды айт­сам, әлі ешкім сын айтпады. Бірақ рөлді сомдап болғаннан кейін «Қап, әттеген-ай, мына жерін бас­қа­ша ойнауым керек еді» деген сәттер бол­ды. Қарабай деген кісі Мір­жа­қып­ты өлтіруге келетін еді ғой. Оны­мен төбелесіп, арпалысып, Ала­гөздің қасына байлап қойып, Қара­бай есін жинаған кезде сөйлейтін сөзі бар еді Міржақып Дулатұлының. «Сен де қазақтың басын жауға сатып күн көрсем деген қазақсың ғой» дей­ді. Бірақ сол жерлер монтаж ба­рысында қысқартылған екен. Сонда маң­дайынан сипап тұрып, ешбір аг­рес­сиясыз, ашусыз, жеккөру­ші­лік­ке жол бермей, бәріне жоғарыдан, биік­тен әрі кешірім көзімен қарап ой­най білу керек еді деген ой болды. Жасаған дүниең көрермен көңі­лінен шықса, одан артық бақыт жоқ қой. Бұл – қаншама маманның күн-түн демей, төккен терінің ақталғаны. Әр заманның өз қиындығы бар. Қа­зіргі дамыған заманда уақыт тап­шы. Өзім көп нәрсеге үлгермей жа­тырмын. Бір жағы, интернеттің пай­да болғаны уақытыңды үнемдей­тін сияқты болады. Екінші жағынан, уақытыңның көп бөлігі соған кетіп жатыр ма деп ойлаймын кейде. Алаш арысы Міржақып Дула­т­ұлы­ның рөлін сомдағаннан кейін жас­тарымыздан көп хат алып жа­тыр­мын. Мектеп, колледж, универ­си­тетте оқитын жастар белсенді түр­де пікір білдіріп жатыр. Мені осын­дай жастардың өсіп келе жат­қаны қуантты. «Міржақып атамыз­дың өмірбаянымен тереңірек та­ны­сып жатырмыз. Алаш қайраткер­лерін­е деген құрметім артты, көзім ашыл­ды» деп жазады. Күн сайын осын­дай хат аламын. «Міржақып ата­мыздың рөлін жақсы ойнадыңыз, тірілт­тіңіз» деп мақтап, әсерлі пікір біл­діріп жатқандар бар. Біреулер жы­лап отырып хабарласып, эмоция­сын білдіретін сәттер де болады. Телехикаяның басты мақсаты оя­нып, өзімізді тереңірек танып-білу болса, бұл мақсаттың орындал­ға­ны деуге болатын шығар. Сонымен қатар режиссер, сценарист, актер­лер­дің үміті ақталғаны. Әрине, бұл аз. Алаш қайраткерлері туралы то­лық­метражды фильм, сериал да тү­сірілуі керек. Әлде де насихат қажет. – Театрда да талай рөлді сом­дап жүрсіз. Негізі, театр мен ки­но әлемінің қандай айырма­шы­лығы бар? – Айырмашылығы жер мен көк­тей. Салыстыруға келмейді. Өйткені театрда бастаған рөліңді бір деммен тоқ­тамай ойнап шығасың. Сосын күнделікті дайындық жұмыстары жүреді. Тұрақты жұмысымыз болған соң таңертеңнен кешке дейін театр­да жүреміз. Сол жерде жаттайсың, уа­қы­тың болады. Ал киноға келген кез­де уақытымыз келіңкіремей қа­лып жатады. Киноға дайындалу көп уақытты талап етеді. Оның үстіне, бас­ты рөл болса. Мысалы, жан-тә­нің­м­ен, жүрегіңмен, эмоцияңмен рөл­ге берілгенде дыбыс жазатын жі­гіт­тер «Стоп, стоп! Дыбысты жөн­деуіміз керек» дейді. Бұл жайт сені бірден 180 градусқа рөлден шығарып жібереді, ашуыңды келтіреді. Бірақ ештеңе істей алмайсың. Әрекетсіз, амалсыз тұрып қаласың, болды. Ішкі сезіміңді қосып, рөлге ену оңай емес қой. Көптеген сахналарда осындай кедергілер болды. Қазір бір ғана нәр­сені айтып тұрмын. Бұдан бөлек қан­шама дүние бар. «Мынау кадрдан шы­ғып кетті, стоп!», «Мынау былай болып қалды, стоп!» деп тоқтатады. Біре­се оператордан, бірде актерден қа­те кетеді. Мәтінді дұрыс айта ал­май қалады деген сияқты. Мұндай кез­де ештеңе істей алмай, шарасыз күй­де тұрасың. Ал театрда бір бас­таған рөліңді аяғына дейін апара­сың. Ешкім саған «Стоп!» деп айтпай­ды. Ішкі күйіңе байланысты әркезде әрқалай ойнайсың. Ал бұл жерде кино­дағы мақсатыңды біліп тұра­сың. «Мына сахнада былай болуы ке­рек. Мына жерде ашуыңды қос­па­саң, экраннан жасанды болып көрі­ніп тұрады» дегендей. Дегенмен қай-қайсысы да оңай емес. Театрдың да өзіне тән қиындықтары бар.   width=– Міржақып Дулатұлының рө­лінен кейін киноға түсуге ұсы­ныс түсті ме? – Иә, қатарынан екі жобаға ұсы­ныс түсті. Қазір соның біреуіне түсіп жа­тырмын. Бірақ бір ұнамағаны, «мұр­тыңызды қалдырсақ» деп қатты өтінді. Ал мен «алып тастайықшы, өтініш» деген едім. Бұл енді заманы басқа, 90-жылдары тарихта болған дүние. – Актердің бағы – оң жамба­сы­на келетін рөлмен дер кезінде жо­лығуы. Енді қандай кейіп­кер­ді сомдағыңыз келеді? – Сақ, ғұндардың заманындағы оқ­и­­­ғаны көрсететін киноларда ой­на­ғым келеді. Бұл туралы сценарист­к­е де айтқанмын. Үнемі ойымда жүр­­ген нәрсе ғой. Әрбір көріністі, сах­наны елестетіп, әрбір тізбегін көріп тұрамын. Мықты жазатын адам болса, түсіре алсақ шіркін! Жақ­сы сценарий болса, заманауи фильмдерде де ойнасақ дейміз. Бірақ кейде актердің бағы режиссер, сце­нарий де болып жатады. Бәрі бір жерден ұштасып, бір үдеден шығып, бір арнада тоғысуы керек. Бұл – өте қиын нәрсе. Жақсы шығармашылық топ құрылса, кез келген сценарий­мен жақсы дүние жасауға болады. Кейде жақсы жазылған сценарийді оқып, ұнатқан соң актерлер түскісі ке­леді. Бірақ түсірілім барысы сен күт­­кендей емес, мүлде басқаша бо­лып, көңілден шықпай, сәтсіздікке ұшырап жатады. Бұған түрлі фактор әсер етеді. Ал өзімнің ойымдағыны дөп басып, көңілімнен шыққан Мұрат Есжан, Ұшқын бауырымыздың жұмысы болды. – Қандай кино көресіз? Сіз­діңше, бүгінгі қазақ киносына не жетіспейді? – Түрлі бағыттағы киноларды кө­ре­мін. Мәселен, Ресейдің ескі ки­нолары, еуропалық фильмдер ұнай­ды. Олар экшн жанрында емес, шы­найы оқиға негізінде арнайы эф­фектісіз кинолар түсіреді. Бүгінгі қазақ киносына көп нәр­се жетіспейді. Бірақ ақырындап алға жыл­жып, дамып келе жатыр. Биыл­дың өзінде 64 серия түсірілген екен. Бұл да жақсы көрсеткіш. Киноин­дуст­рия ақсап тұрғандай көрінетін. Енді қарап тұрсақ, көңіл де, қаражат та бөлініп жатыр екен. Арасынан мық­тылары суырылып шығып, кино саласы дами береді деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары