51074
Америкаға тіл үйренемін деп барып миллионер атанған қазақ
Америкаға тіл үйренемін деп барып миллионер атанған қазақ
АҚШ-та кәсібі жылдам өскен, табысы артқан компаниялардың рейтингін жариялайтын Inc. 5000 тізімін әлем біледі. Дәл осы тізімде 637-орында тұрған, жылдық айналымы 13 000 000 АҚШ долларын құрайтын Seka Moving деген компания бар. Міне, сол компанияның иесі – қазақ.
...Астана. Кешкі сағат алтының кезі. Шағын кофеханаға кіріп, Серікті іздей бастадым. Миллионерлерге деген біздің түсінікке салсақ, қымбат киінген, қымбат заттар ұстаған біреу отыруы тиіс. Алайда бір қара жейде, ескі ноутбук пен қымбат сағатсыз отырған оны көрген кезде таңғалдым. Қарапайымдылық та осындай сүйкімді болады екен-ау...
Ағылшын тілін үйренемін деп АҚШ-қа барып, миллионер болған Серік Баймолдаевпен жақын танысып, сұхбаттастық.
- «Арман ел» деп атайтын Америка шынымен де армандауға тұратын ел ме? Біз білмейтін басқа көлеңкелі жақтары бар ма?
- «Біз білмейтін» дейтін тұстары жоқ секілді. Себебі қазір адамзат жаһандануға бет бұрған. Кез келген жерде ақпаратты, деректі көруге, естуге, оқуға болады. Мысал ретінде, күнделікті пайдаланып жүрген Youtube, Instagram деген әлеуметтік желілерді атауға болады.
- Міне, дәл сол өзіңіз айтып отырған әлеуметтік желілерде, негізінен, «Армандайтын Америка» туралы ақпарат көп. Көлеңкелі тұстарын айтатын контент аз.
- Жоқ. Американың да көлеңкелі тұсы бар. Оны іздесеңіз, табасыз. Әркімнің өзі көзқарасына қарай қалыптасады. Америка туралы біз білмейтіндей нәрсе жоқ деп ойлаймын. Әсіресе, әлеуметтік желіде белсенді отыратын қазақстандықтар үшін...
- «Мәдени шок» дейміз ғой, соны басыңыздан өткіздіңіз бе?
- Алғаш барған кезде болды. Дегенмен, бұл - 2012 жылдары. Ол кезде біз айтып отырған Youtube, жалпы, интернет кеңістік әлі дамымаған кез. Мәдениеті, адамдардың өмірге деген көзқарасы басқаша. Қаржыға деген ойлары да өзгеше.
- Сол өмірге деген көзқарастарын Қазақстанмен салыстырып отырып, тарқатып айтсаңыз?
- Өмірге, сөйлескенге, қарым-қатынасқа деген көзқарастары тым жеңіл. Яғни, ашық-жарқын болады. Мұның жақсы да, жаман да жағы бар. Ол жақта да адамдар несиеге байланған. Бір қызығы, ол жақта несиені дұрыс пайдаланса, жақсы жақтары көп. Меніңше, несиені дұрыс пайдалану – жылжымайтын мүлікке жарату. Ал ұсақ-түйекке: көлік, қымбат телефондар болса, ол дұрыс емес. Тіпті, бұл әрекетті ақымақтық деп айтар едім. Қазақстанда несиенің пайызы өте жоғары. Сондықтан оны өтеу де қымбатқа түседі. Америкада пайыз өте төмен.
Бұдан бөлек, ол жақта адамдардың бәрі дерлік бірдей деңгейде өмір сүреді. Мұны айтып тұрғаным, Қазақстанда бай мен кедейдің айырмашылығы өте үлкен. Бәлкім, қазір өзгеріс бар шығар. Себебі, бұл статистиканы мен алғаш АҚШ-қа барған кезіммен салыстырып айтып отырмын.
- Қай жақтың тумасы боласыз?
- Туған жерімді «жолда» деп атайын. Меркі мен Ақкөлдің ортасындағы шағын ауылда дүниеге келдім. Бала күнімде Меркіде тұрдым, кейін отбасымызбен Астанаға көштік. Елордада 10 жыл тұрдым, кейін 9-сыныптан кейін колледжде оқыдым. Одан кейін бірден Америкаға кеттім. Өзге құрлықта тұрып жатқаныма 10 жыл болды.
Мамандығым – мұнай-газ саласын қайта өңдеу жұмыстары.
- Америкаға мамандық бойынша бармаған боларсыз?
- Иә. Мен онда 4 айға барып, ағылшын тілін үйренемін деп мақсат қойдым.
- Ағылшын тілін құрлық асып оқуға не түрткі болды?
- Ағылшын – болашақ тілі. Одан бөлек, мамандығым бойынша өсу үшін, жақсы өмір сүру үшін ағылшын тілі керек екенін білдім. Сондықтан әлі жас кезде, бойдақ күнде тіл үйренуге, шетел көруге асықтым.
- Тіл үйренемін деп барып, бизнесмен атандым дейсіз ғой...
- Расында, ол кездерді еске алу – өзінше бір тарих.
- Сол тарихты қайта бір еске алсақ. Қысқа ғана шолу жасап берсеңіз.
- 2012 жылы оқуды бітірмей тұрып алдымда екі түрлі таңдау болды: не зауытқа барып жұмыс істеймін, не ағылшын тілін үйрену үшін Америкаға барамын.
Оқуымды бітіргенше құжаттарды реттеп, визаға тапсырып қойдым. Виза беріп жатса, кеттім. Бермесе, Атырауға жұмысқа барамын деп ойладым. Құдай оңдап, виза беріп қалды.
Колледжді бітіре салып, екі аптадан кейін АҚШ-қа аттандым. Тіпті, ол жаққа баратынымды үйдегілерге тек соңғы бір апта қалған кезде айттым. Анам «қой, мен сені Атырауға жіберемін деп жүрмін» деп, сөзімді елемегендей болды. Тек баратыным туралы құжаттарды көрсеткен кезде сенді.
Үйде алты баламыз және анамыз. Мен солардың ең кішісімін.
Қазақстанда жүрген кезде 3-4 ай курстарға бардым, бірақ еш нәтиже болмады. Өзімді жегідей жей бердім. Сондықтан Америкада ағылшын тілін әліппеден бастап үйрендім.
Бірінші рет ұшаққа отырдым, бірінші рет шетелге бардым. Ол кезде жасым 19-да еді.
Ең бірінші Нью-Йоркке бардым. Үлкен қаланың көшесін аралап жүріп, қазақ жігітпен танысып, ол маған жол көрсетіп, ары қарай Калифорнияға салып жіберді. Себебі, ағылшын тілін мүлде білмеймін.
Калифорнияға жеткен соң ол жақтан орысша сөйлейтін бір жігітпен кездесіп қалдым. Екеуміз бірге пәтер іздедік. Сөйтіп жүріп жалпы орысша сөйлейтін жан-жақтан келген жігіттердің ортасына түстім. Кейін оқу үшін мектепке тіркеу жұмыстарын жасадым.
АҚШ-та алғаш Moving-те мен де жұмыс істедім, бірақ ағылшын тілін үйренемін деп барған соң, бар назарды соған салдым. Жұмыстағы табысым тек жүріп-тұрғанға және пәтерақымды төлеуге жетсе болды деп шештім. Одан бөлек, сол кездің өзінде маған бизнес қызық еді.
Ағылшын курсына жазылып, оқуды бастадым. 3 ай ағылшын отбасында тұрып, тілді практикалық жақтан дамыттым.
Кейін Нью-Йоркке бардым. Онда жұмыс істедім. Тілді дамыттым. Сол кездегі ең бірінші жоспарым – Toyoto Camry алу (Қазақстанға оралып). Шамамен сол кезде 20 мың доллар тұратын еді көлік. Ақшаны жинадым да, енді Лексус алсам деген ой келді. Оған үстіне тағы 10 мың доллар керек болды. Оны да таптым (жұмыс істеп).
Визам бітуге таяды. Кетіп қалайын десем, «бәрі осылай далада қала ма» деген ой мазалады. Сонымен қалдым, бірақ статусымды өте жақсы сақтадым. Яғни, заңсыз әрекеттер жасамай, өзімді шамам келсе, заңға аса бағынатын адам ретінде көрсеттім.
Уақыт өте келе жоспар көліктен үйге ауысты. Одан анамды АҚШ-қа әкелу болды. Шыны керек, осы айтып отырған арман-мақсаттың бәрі орындалды. Анама Американың бәрін көрсеттім.
Ағылшынды профессионал деңгейде дамыту деген жоспар туды. Эссе жазатын, ойымды ашық жеткізетін курсқа жазылдым.
- Арасында елге келіп жүрдіңіз бе?
- Жоқ. Тек сол жақта ағылшын тілін дамытумен болдым.
70 мың доллардай жинап, Астанадан үй алдым. Ол үй екі айдан кейін теңгенің әлсіреуіне байланысты 35 мың долларға дейін түсіп кетті. Сол сәтте өзіме көңілім толмады. Себебі, сонша қара терге түсіп тапқан ақшамның құны болмай қалды. Ары-бері ойланып, ақыры қара жұмыспен тапқан ақшаның шеті көрінбейтінін мойындадым. Бизнеске кеттім.
Moving туралы көп естідім. Миллиондап ақша табуға болатынын да оқып, зерттедім. Сөйтіп, алғаш рет 8 мың долларға трак* алдым.
2017 жылдары жарнаманы игеру, маркетингті оқу деген білімдерді жетілдірдім.
- Қандай қиындықтар болды?
- Өте қиын болды.
Сату өнерін білмеймін. Команда жинау да оңай болмады. Тіпті, сонша оқыдым деген ағылшын тілімнің де шамасы жетпеді. Себебі, бизнестегі тілдің жай бөлек екенін сол кезде ұқтым...
Осы салада жүрген, тәжірибесі мол адамдарды іздеп тауып, солардың ашық кездесулеріне барып жүрдім. Былайша айтқанда, осы саланы толық білу үшін қандай жолы бар, бәрін пайдаландым. Ең ақыры осы саланың мықтылары жиналатын ортаға топ ете түстім.
Әр тапқан ақшамды бизнеске салдым. Өзіме ең минималды табыс қалдырып, соны ғана жаратып отырдым.
Қазір 50 трак бар. Бизнес өсті, кеңіді. Масштаб жасадық. Команда, жұмысшылары өте көп. COVID кезінде бизнес шарықтап ұшты. Одан сайын өсу үшін, даму үшін үлкен команда, үлкен офис керек болды. Миллиондаған доллар сол бизнеске кетті.
COVID-тен кейін табыс тұрақты болады деп ойладым, бірақ олай болмады. Шығын үлкен, табыс аз. Ақыры команданың тең жартысын қысқарттық.
Қазір жұмыс барысын өзгерттік. Мәселен, телефонда отыратын менеджерлер Қазақстан мен Грузияда отырып істесе, Moving жұмыстардың бәрін АҚШ-та отырып атқарамыз.
2017-2018 жылдары жұмыстың операциялық бөлімінің бәрін өзім жасадым. Трактар көбейген соң команда жинадым.
2019-2020 жылдары табыс артты. Сол кезде жұмыс істейтін адам табу қиын болды. Ал клиент ағылып жатты.
- Moving саласында бәсекелес көп шығар?
- Өте көп, бірақ сол бизнесті ұстап тұру оңай емес. Бәсеке бар ортада бизнес жақсы дамиды. Істей алғандар қалады, қолынан келмегендер нарықтан өздері-ақ кетеді.
- Көп бәсекелес ішінде сіздің бизнес сақталып қалды. Не күш ұстап қалған?
- Ол – команда. Репутациямыз. Стратегиямыз.
- Жалпы жылдық табыс және айналым қандай?
- Былтыр жалпы жылдық айналым 13 000 000 АҚШ долларын құрады. Соның 15-20%-ы - менің таза табысым.
- Жастарға қарата айтарыңыз бар ма?
- Сенім мен тәуекел керек. Бітті.
- Рақмет!
Сұхбаттасқан: Марғұлан АҚАН.
*трак – жүк көліктерінің бірнеше түрі.