Мейірғат Амангелдин: Мағжан Жұмабаевтың рөлінен кейін Алаш арыстарын зерттей бастадым

Мейірғат Амангелдин: Мағжан Жұмабаевтың рөлінен кейін Алаш арыстарын зерттей бастадым

Мейірғат Амангелдин: Мағжан Жұмабаевтың рөлінен кейін Алаш арыстарын зерттей бастадым
ашық дереккөзі
51728
Өткен жылы қазақ кинематографиясы Алаш қайраткерлері туралы тарихи туын­дылармен толықты. Соның бірі – «Мағ­жан. Мен жастарға сенемін». Төрт бөлімнен тұра­тын телехикаяда Алаш арысы Мағжан Жұ­мабаевтың өмірі мен шығармашылығы, ұлт үшін жанын құрбан еткен қайраткерлігі, ақын­дығы және ұстаздық жолы суреттелген. Тари­хи драмадан ақынның замандастары Мір­жақып Дулатов пен Сәбит Мұқановтың бей­нелерін де көруге болады. Осы орайда бас­ты кейіпкер Мағжан Жұмабаевтың рөлін сом­даған актер Мейірғат Амангелдинмен сұх­бат­тасып, телехикаяның түсірілу барысы жайлы сұра­ған едік. – Өткен жылы Алаш арыстары ту­ралы бірнеше тарихи туынды жа­рыққа шыққанын көрермен жақ­сы біледі. Соның бірінде бас­ты рөлді сомдау сізге бұйырған екен. Қазақтың лирик ақыны Мағ­жан Жұмабаевтың рөліне қа­лай бекітілдіңіз? – Ақын ғана емес, Алаштың азат­­­­тығы үшін күрескен тұлға Мағ­жан Жұ­мабаевтың рөлі маған үлкен тә­жірибе болды. Осы рөлден кейін өзім­ді бір саты жоғарыладым деп есеп­теймін. Мұнымен қоса, бұрын ой­науға width= жүрексініп жүрген рөлдерді енді еш қиналмай мойныма алуға сенімділік пайда болды. Семейде түсірілімде жүрген ке­зім­де Мағжан Жұмабаев ту­ралы туынды түсірілейін деп жат­қанын естідім. Актерлерді іріктеу жұ­мысы Алматыда өтті. Басты рөлге үміт­кер көп болды. Ол кезде шашым қысқа әрі арық едім. Осы түріме қа­рап, «Бұл рөлге өте алмаймын-ау. Сыртқы бейнем сай келмей тұр ғой» деп ойладым. Дегенмен жарты сағат­та сөзін жаттап, уақыт тауып видео­сы­нама түсіріп, жібердім. Фильмнің қа­шан түсірілетінін сұрап едім, «Бір ай­дан кейін» деді. Алғашында аса мән бермегенмен, бірінші видео­сы­наманы жібергеннен кейін қы­зы­ғу­шылығым оянды. Кейін гастрольмен Қырғыз Республикасында жүргенім­де шақырды. Сөйтіп, тағы видеосы­на­ма жасады. Содан кейін грим жа­сап, видеобайқау ұйымдастырылды. Сол жерде рөлге бекітті. Бас-аяғы жиыр­ма күннің ішінде анықталды ғой. Одан кейін тағы жиырма күндей дайындыққа уақыт берілді. Әскери фильмге түсіп, қатты арықтап кеткен бо­ла­тынмын ол кезде. Осыны байқа­ған режиссер бірден «Салмақ қосуың керек» деп талап қойды. «Маған толу оңай, керісінше арықтау қиын» деп күл­ген едім. Айтқанымдай, бір апта­ның ішінде 7-8 келі салмақ қостым. Одан кейіп суреттерін қарап, режис­сер­мен ақылдасып, кеңес сұрадым. Сце­нарист Қанат Рамазаннан ақын туралы біраз мағлұмат алдым. Алаш арыстарының тарихын, еңбектерін зерт­теп жүрген Елдос Тоқтарбай аға­мыздың да көмегі тиді. – Қателеспесем, кино сала­сын­дағы тәжірибеңізде мұндай рөл бұрын кездеспеген. Демек, бұл – жаңа белесіңіз. Осы тұр­ғы­дан алғанда, қазақ поэзиясының жарық жұлдызының бірі, ұлт көсемі Мағжан Жұмабаевтың рөлі сізге не берді? – Бұл рөл ең алдымен алаштық­тар­ға деген махаббатымды, құрме­тім­ді арттырды. «Мағжан. Мен жас­тар­ға сенемін» тарихи драмасынан кейін Алаш қайраткерлері туралы көп оқып, ізденетін болдым. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтың өмірі қы­зық­тыра түсті. «Олар қалай жүрген?», «Қа­лай киінген?», «Қалай оқыған?», «Не істеген?» деген сұрақтарға жауап із­дей бердім. Мектепте оқып жүрген­де үстіртін ғана оқыдық қой. Енді ақын­дығын ғана емес, ұлтының тағ­дыры үшін күрескен қайраткерлік жо­лын да тереңірек зерттей баста­дым. Ел үшін еткен еңбегі біз ойла­ған­нан әлдеқайда көп  width=екенін түсін­дім. Бұл тақырыпқа қызығушылығым артты. Тіпті, «Неге Алаш арыстары тура­лы фильм түсірмеске?» деген ой ке­ліп жүр. Тарихты білуіміз керек. Мек­теп бағдарламасына Алаш қай­рат­керлері туралы оқытатын сабақ ен­гізілсе деймін. Алаш қайраткерлерінің қайсысы бол­сын, рөлін сомдауға дайынмын. Бі­рақ алдымен Мағжан атамызды же­тер жеріне жеткізіп ойнағым келе­ді. Тереңірек зерттеліп, толықметраж­ды фильм түсірілсе, бәрін қойып, тек со­нымен дайындалатындай мүмкін­дік болса деймін. Мүмкіндік болса, бо­лашақта өзім де осы тақырыпта туын­ды түсіргім келеді. Өйткені бұл – біздің тарихымыз. Олар жай адамдар емес. Әрқайсысының жүрген жолы бар. Бәрі бір мақсат, бір мүдде жолында ең­бек етті. – Алаш арысы өмірінің 1915-1921 жылдардағы кезеңі қам­тыл­ған телехикаяны көрермен кө­зіне жас алып отырып көрді. Ал тү­сірілім барысында сізге қай сах­наны ойнау қиын болды? – Негізі, барлық сахнаны ойнау қиын­ға түсті. Өйткені уақыт аз бол­ды. Оның үстіне, «Алаштанушы ға­лым­дар, мамандар не дейді екен?», «Кө­рерменге ұнамай қаламын ба?» де­ген ой көп мазалады. Тарихта бол­ған тұлғаның рөлін сомдаудың жүгі ауырлау ғой. Бәрінен бұрын бастап кету қиын болды. Түсірілімге үш күн қалған кезде Мағжан атамызды тап­қан­дай күй кештім. Сөйтіп, режис­сер­мен, сценаристпен ақылдасып, не істей­тінімізді талқыладық. Ең қызығы, түсірілімнің бірін­ші күні «Түркістан» өлеңімен бас­­талды. Көрерменнің алдына шы­ғып өлең оқығаннан кейін сенім пай­­д­а болып, көңілім орнына түсті. Мағ­­жан атамыздың ішкі жан дүние­сі­мен үйлесім тапқандай болдым. Жалпы, үлкен фильмдерге қа­ра­ғанда сериал тез тү­сірі­ле­ді. Сондықтан ұзақ мәтіндерді тез жаттауың керек әрі ритмге үл­геру­ге тиіссің. Қолымыздан келгенше тырысып, сериал жиырма күнде тү­сірілді. Бір қуанғаным, Қызылжарға, Пет­ропавлға, Мағжан атамыздың жұ­­мыс істеген жеріне бардық. Алма­ты немесе басқа жерде де түсіруге бо­­­лар еді. Алайда тұлғалар туған то­­­­­пы­раққа, олар жүрген жерге бар­ған­да кейіп­керіңді жан дүниеңмен се­зінесің. Бұл актер ретінде маған ру­­хани тұрғыда үлкен көмегін ти­гізді. Осы үшін Наз­гүл Қарабалина ха­нымға алғыс айт­қым келеді. Мы­са­лы, «Қазақ хан­ды­ғын» түсіргенде Түр­кістанға барып, Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесінде жат­тық қой. Сол кез­де кәдімгідей тұлға­лар­дың рухын се­зініп, болмысын елестетесің. Олар осы жермен жүрді ғой, осы жерге табаны тиді ғой деп бәрін жүрегіңнен өткізесің. Мағжан атамыз туралы туын­ды­да елуден астам жаңа ло­кация болды. Сәтті шықты деп ой­­­лаймын. Әрине, қателіктер де бар. Үлкен туынды түсіргенде мұның бәрі дұрысталады деп ойлаймын. Ал өз басыма бұл тарихи туынды үлкен са­бақ, тәжірибе болды. Жаңа айтқанымдай, басында «Көрерменнен, ғалымдар­дан, журналистерден жағымсыз пікір естіп қаламын ба? Ақындығын, қай­рат­керлігін көрермен сезіне ала ма?» деп алаңдадым. Алайда лауазымды қыз­метте жүрген мамандар, алаш­тану­шылар оң бағасын берді. Теле­хикаяның қаралымы аз болды. Бірақ жақсы пікір көп естідім. Көрермен ретінде тамашалағанда өзіңе сыни көз­бен қарап, баға бересің ғой. Теле­хи­каяны көріп отырып, «Мағжанды кө­ріп тұрсың ба?» деп сұрақ қойдым. Сезіне алған сияқтымын. Қазір дос­тарыммен жиналғанда міндетті түр­де Алаш тақырыбын қозғайтын бол­­дым. Жастардың тілімен түсін­дір­сең, олар қызығады. «Өткенде сен ай­тып едің ғой. Міне, кітабын оқы­дым, сериалды көрдім» дейді. Алаш қайраткерлерінің біз білмейтін қыры әлі де көп. Насихат көбейе беруі ке­рек. «Алаш арыстарының ерлігіне лайық­ты ұрпақпыз ба?», «Бізден кейін­гі ұрпақ қандай болар екен?» де­ген сұрақ мазалайды.  width=– Аты аңызға айналған «Дос-Мұ­қасан» ансамблі туралы фильм де өткен жылдың жаңалығы бол­ды. Өзіңіз басты рөлдің бірін сом­даған туынды жайлы айта отыр­саңыз. – Досым Сүлеев ағамызды ғалым, му­зыка, өнер саласында орны бар тұл­ға деп білемін. Бұл рөлге де үміт­кер көп болды. Ол кісінің рөлін сом­дау – маған бұйырған бақыт. Іріктеу жұ­мысы Астанада, кейін Алматыда өтті. Ән де айттық, рөлді де ойнадық. То­лықметражды фильм болған­дық­тан дайындыққа уақыт жеткілікті бол­ды. Екі ай бұрын іріктеуден өтіп, рөл­ге бекітіп қойды. Сосын бір апта­дай қысқы сахналарды түсірдік. Одан кейін сәуір айына дейін күту ке­рек болды. Қаңтар айынан сәуірге дейін күнделікті дайындық жұмыс­та­ры жүрді. Аспапта ойнауды үйре­ніп, салмағымызды түсіріп, шашы­мыз­ды өсіру керек болды осы үш ай­дың ішінде. Маған бәрінен бұрын баянда ойнау қиын болды. – Көрермен фильмге қатысты жы­лы пікір білдіріп жатты. Ал өне­ріңіз кейіпкеріңіз Досым Сү­леев­тің көңілінен шықты ма? – Досым аға фильм басталмай тұ­рып, батасын беріп кітабын сый­ла­ды. Кейін де қатты сын айтпады. Бірақ «Фильмде өте тұйық болып көр­сетілген. Мен кішкене пысық­тау­мын» деді. Қалай дегенмен бұл жерде режиссердің шешімі рөл ойнайды. Кейіпкерлер бір-біріне ұқсамасын дейді ғой. Бірақ менің көзіме Досым аға фильмдегідей көрінді. Көп сөй­лемейді, білімді, үнемі ой үстінде жүре­ді. Жүрісі де салмақты, жылдам қи­мылдамайды, ойланып сөйлейді. Бір сөзбен айтқанда, интеллигент. Образдарымызды айтқан кез­де ескі видеоларын, сұхбат­та­рын қарадық. Ол Мейірғат сияқты емес. Мысалы, Мейірғат айғайлап, ішін ұстап тұрып қатты күлуі мүмкін. Ал Досым ағамыз бәрі күліп жатқан кез­де жай ғана жымияды. Бәрі ішінде. Көш­басшы болғандықтан оған қа­сын­дағы жігіттер сенім артуы ке­рек. Ал ол сондай жауапкершілікті мой­ны­на алғаннан кейін соны орындауға күш салады. Бәрін ұйымдастырып жүре­ді, артық шешім қабылдамауға ты­рысады. Жігіттерді соңынан ерте ала­ды. Сондай мінез болуы керек деп ой­ладық. Режиссер Айдын Сахаман бұ­рын актер болған. Біраз сериал тү­сір­ді. Музыкалық сауаты да бар. Ак­термен қалай жұмыс істеуді біле­тін маман. Кейбір режиссерлер ак­тер­ден не талап ететін білмей жата­ды. Ал Айдын ағамыз сенен нақты не к­е­рек екенін бірден түсіндіреді. Кей­де түсірілім барысында кейіп­кер­ге байланысты сұрақтар болып қа­ла­ды. Соған нақты жауап ала аласың. Фи­льм жақсы шығуы үшін үлкен жұ­мыс атқарды. Ал кейіпкерім Досым ағаға ке­ле­тін болсақ, туынды ұнаған сияқты. Фи­льмнен кейін рақметін айтып, қол алысып тарқастық.  width=– «Театр актерлері кинода жа­сан­ды ойнайды» деген сыни пі­кірді естіп қаламыз. Қос саланы қа­тар алып жүрген актер ретінде бұған не айтар едіңіз? – Театр мен киноның айырма­шы­лығы бар. Бірақ екеуінде де рөлді актерлер сомдайды. Екеуінің арасын ажырата білу керек. Тура өмірдегідей қы­лып көрсетемін деп қатты кетіп қа­латын жағдайлар кездеседі. Бұл бәрі­бір өнер ғой, оның үстіне көркем фильм. Сондықтан кейбір жерін көр­кемдеу керек болады. Камераға жұ­мыс істеудің өзі бір өнер. Бәрін мең­­­­геруің керек. Киноның жанрын тү­сінбей, «пафосқа» салынатындар болуы мүмкін. Алдымен туындының жанрын біліп алуымыз керек. Мы­са­лы, Мағжан Жұмабаев туралы теле­хи­каяның жанры, сөйлеу мәнері бө­лек. Ал «Қазақ хандығы» туралы фи­льм мүлде басқа. Мұнда қатты сөй­леп, театр элементтерін қосуға бо­лады. Комедия жанры жеңілдеу. Қа­зір өмірімізде болып жатқан көрі­ністер. Образды түсіну үшін далаға шы­ғып, жан-жағыңа қарайсың. Ал та­рихи фильмдерде мәлімет аз. Негізі, театр – үлкен мектеп, ол жер­де көп жұмыс істедім. Қазір де еңбек етіп келеміз. Қарап тұрсам, бәрібір өзімді театрда еркін сезінеді екенмін. Ол жерде түрлі тәжірибе жасап көресің. Театрдан шықсаң, формадан шығып кетесің. Жаттығу жасамай жүрген спортшыдай болып қаласың. Театрда рөліңді қалай бастадың, аяғына дейін солай ойнап шығасың. Киноның қиын жері сол, «Стоп» деген жері бар. Сосын сөйлеу мәнері басқа. Театрда артқы қатарға жетуі үшін дауысыңды қаттырақ шы­ғарасың. Ал кинода сыбырлап сөй­лесең де естіліп тұрады. – Қазір қандай рөлге дайын­далып жүрсіз? – Жақында «Каникулы off-line» фи­льмінің түсірілімі аяқталды. Коме­дия жанрындағы фильм Алматы қа­ла­сында түсірілді. Енді наурыз айын­да тамашалай аласыздар. Ақпан айының тоғызында «Родной» атты тағы бір комедиялық фильм шығады. Ол жерде басты рөлдегі өзіммен құрдас Айдос деген жігіттің рөлін ойнаймын. Бұл фильмде тосынсый көп. Көрерменге керек, өзекті тақы­рып қозғалады. Танымал актерлер өнер көрсетеді. Оның ішінде Еламан Есентаев, Ақерке Арыс бар. Басты рөл­де төрт актер ойнайды. Содан кейін «Әке тағдыры» деген фильм бар. Ол туралы көп айтуға болмайды. Көк­темде шығып қалатын шығар. Енді ән өнерін де актерлікпен қатар алып жүруді жоспарлап жатырмын. Өзімді композиторлық қырымнан байқап көрейін деп жақында екі ән шығардым. – Тарихи туындыларда сал­мақ­ты көрінсеңіз, комедиядағы рөл­деріңіз бұған қарама-қайшы. Соған қарап табиғи болмы­сыңыз­ды білу қиын екен. – Менің мақсатым да сол ғой (күліп). Негізі, өмірде көңілді адам­мын. Театрдағы әріптестерім жақсы біледі. Ол жерде аға-әпкелерім, іні-қарындастарым бар, бәріне еркелеп жүремін. Әзілдесіп, көтеріңкі көңіл күйде жүргенді жақсы көремін. Олар ойы­нымды көтереді. Енді, әрине мінезсіз адам бола ма? Ол жағы да бар ғой. Қазір Астана қаласындағы «Жа­с­тар театрында» жұмыс істеймін. Кейбір көрермен Мағжан Жұма­баевтың рөлін сомдағаннан кейін комедиядан, жеңіл фильмдерден көргісі келмейтінін айтып жатыр. Ал енді бірі «Мейірғат, сенің образдарың бір-біріне ұқсамайды екен» дейді. Өзім ойнаған рөлдерім бір-біріне ұқсамағанын қалаймын. Мүмкін, болашақта ұқсап кететін шығар. Ал қазір оған жол бергім келмейді. Сце­нарийді оқығанда да бірінші осыған мән беремін. «Родной» фильміндегі образым да басқа рөлдеріме ұқса­май­ды деп ойлаймын. Өзіңді жан-жақты сынап көру керек. Мінез-құлқыма мүлде сай келмейтін рөлдерді ойна­ғым келеді. Енді антагонист дейді ғой, адамның аздап жүйкесіне тиетін рөл­дерді күтіп жүрмін (күліп). – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары