Қазақстандық спортшылар шетелдік танымал дзюдошыға шапан жапты

Қазақстандық спортшылар шетелдік танымал дзюдошыға шапан жапты

Қазақстандық спортшылар шетелдік танымал дзюдошыға шапан жапты
ашық дереккөзі
50794

Әйгілі франциялық дзюдошы, Олимпиаданың 3 дүркін чемпионы Тедди Ринер Қазақстан құрамасының ауыр салмақтағы спортшыларымен жаттығу жасады деп хабарлады turkystan.kz. Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Алматы қаласындағы Дзюдо академиясындағы оқу-жаттығу жиынының алғашқы кезеңі мəресіне жетті. Бұл жиын Франция дзюдо федерациясымен бірлесіп өткізіліп жатыр.

«Бұл жиын - біздің ауыр салмақтағы дзюдошыларымыз үшін жақсы тəжірибе жинайтын мүмкіндік. Осындай жиындардың алдағы уақытта нəтижесін көретінімізге сенімдіміз. Мəдениет және спорт министрлігі мұнымен тоқтап қалмайды. Париж Олимпиадасы қарсаңында дзюдодан Франция құрамасының барлық спортшысын шақырып, оқу-жаттығу жиынын өткізсек дейміз. Бұл тəжірибені дзюдо ғана емес, біз басымдық беретін барлық Олимпиада бағдарламасындағы спорт түрінде қолданбақпыз», - деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Франциядан келген мәртебелі қонақ – Тедди Ринер мен оның жеке бапкері Фрэнк Чамбилиге шапан мен қамшы тарту етті.

«Мəдениет жəне спорт министрлігі қолдауының арқасында Тедди Ринер сынды танымал дзюдошыны шақырдық. Мақсат – ауыр салмақты жандандырып, бəсеке қалыптастыру. Ұлттық құрамада 100 жəне 100 кг жоғары салмақта жеңіс дәстүрі болғанын жанкүйерлер біледі. Токио Олимпиадасында осы салмақтарда бізден ешкім күреспеді. Сондықтан осы қадамға барып отырмыз. Жалпы, мұнда 25 дзюдошы бар. Бəрі Ринермен күресіп, психологиялық тұрғыдан жақсы дайындала алады», - деп айтты Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев.

Айта кетейік, 2022 жылғы ел чемпионатының нәтижесі бойынша жасақталған Қазақстан құрамасының дзюдошылары 2 топқа бөлінді. Алматы қаласында Дзюдо академиясында ауыр салмақтағы татами шеберлері жаттығу өткізіп жатыр. Ал Алматы облысындағы «Жаңашар» Олимпиадалық даярлау орталығында Қазақстан құрамасының 100-ге жуық спортшысы шеберлігін шыңдап жатыр. Аталған жаттығу жиыны Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов, әйелдер құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев, франциялық жаттықтырушы-кеңесшілер Ксавье Монденкс және Стефан Трайно жетекшілігімен өтеді. Жалпы жиыны 22 қаңтарға дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары