«Лимон олигархы» Сарыағашта тұрады

«Лимон олигархы» Сарыағашта тұрады

«Лимон олигархы» Сарыағашта тұрады
ашық дереккөзі
51098
Жақында әлеуметтік желіде лимон теріп жүрген адамдардың бейнежазбасы тарап, көптің қызығушылығын тудырды. Көбі «Бұл Қазақстан емес. Біздің топыраққа лимон өспейді» деп сенбеген еді. Расында, бұл «Лимон олигархы» атанған Манатәлі Таңсықбаевтың жылыжайы болатын. Цитрусты жемісті Сарыағаш топырағына жерсіндірген диқан бүгінде отандық өндірісті дамытуға үлесін қосып отыр.

Отыз алты жасыма дейін қолыма күрек ұстамадым

Көлік жүргізушісі болып жұмыс істеп, отыз алты жасына дейін қолына кү­рек ұстап көрмеген кейіпкеріміз жылыжай са­лу ісін 2008 жылы қолға алған. Басында түр­лі жағдай болып, тығырыққа тірелген ол от­басымды асыраудың жолы осы деп біледі. Сөй­тіп, тәуекелге бел байлап, үйінің жанынан жы­лыжай салады. Бастапқыда қияр, қызанақ егіп, кәсібін дөңгелетсе, кейін бұл өнімдерге бә­секелестік артқан. Оның үстіне, зиянкес­тер­мен күрес қиындап кеткен соң ойлана ке­ле, 60 сотық жерге лимонның «Мейр» деп ата­латын сортын егеді.  width=«Ташкентке жақын тұрамыз ғой. Ол жақ­қа барсам, жайқалып лимон өсіп тұр екен. Соны көріп, «Неге өз елімізде екпеске?» деп ой­­­ладым. Басында қиын болды. Біздің елде көп өсірілмейтін жеміс болғандықтан, көр­ші­лес елдерге барып, мамандардан біраз кеңес алып, қыр-сырын зерттедім. Мұнымен қоса, лимон ағашын еккен соң бірінші, екін­ші жылы өнім ала алмайсың. Алдымен ағаш­ты өсіріп алу керек. Шаруашылықты жүр­гізу­ге аз шығын кетпеді. Тек үшінші жылы күзде өнім берді. Бұл жұмысқа асқан шыдамдылық керек. Алғашқы жылдары өнім бермеген соң бей­нетіне шыдай алмай тастап кететіндер бар. Жаңа айтқанымдай, үшінші жылы ғана өнім беріп, шығынның орны толады. Ал төр­тінші жылы пайда түсе бастайды. Он жыл бұрын Ташкенттен лимонның «Мейр» деп ата­латын тұқымын әкеліп еккен болатынмын. Бір қызығы, лимонды бір рет қана ексең болд­ы, сол елу жылға дейін өнім береді әрі жақ­сылап қарасаң, жыл сайын өнім көлемі кө­бейіп отырады. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ғой», – дейді диқан.

Бір лимон ағашы 200 келіге дейін өнім берді

Еңбекқор шаруа 60 сотық жерге 640 ли­мон ағашын еккен. Алғашында бір түптен 20 келі өнім алса, бүгінде  width=лимонның суға қаныққан үлкен ағаштары 200 келіге дейін, ал орташа ағаштар 100 келіден өнім бе­ріп отыр. Жалпы, жылыжайдан 60-70 тон­на лимон жиналады екен. «Үлкен ағаш­тарым­ның өнімін 300-400 келіге жеткізсем деп отыр­мын», – дейді ол. Әрине, ол үшін жылы­жай­дың күтіміне мән беру керек. Мәселен, қазір далада қақаған қыс болса, жылыжайдың іші +5 градус жылы. Лимон өсіп тұр. Иісі қан­дай керемет десеңізші! Бағбанның ай­туын­ша, лимон ағашы төрт рет гүлдейді. Әсіре­се, бірінші және екінші гүлдеген кездегі жұ­пар иісі мұрынды жарады. Сол кезде ли­мон ағашының қасына келіп, екі-үш сағат оты­ратындар бар. Бұл әдіс қан қысымының тұрақ­талуына әсер етеді екен. Бұдан бөлек, қан қысымы жоғары адамдар лимон жа­пыра­ғын шай ретінде демдеп ішіп жатады. Диқан лимон ағашы жылыжайда өсетін басқа да көкөніс дақылдары сияқ­ты жылуды аса қажет етпейтінін айтады. Бес градус жылы болса жеткілікті. Тек бұ­тақ­тарын уақытында кесіп, суарып отыру қажет. Топырағын жылына екі рет қопсытып отыра­ды. Тағы бір маңызды дүние бар: лимон аға­шы гүлдегенде гүлін сақтап қалу керек. Оның аппақ гүлдерін төгіп алсаң, біржылдық еңбе­гім еш кетті дей бер. Сол үшін әрбір ағаштың күтіміне көңіл бөлу маңызды. Жылыжай қазір агрономдардың бақылауында. Өнімнің сапасына келер болсақ, тұтынушыларға отан­дық өнім мен импорттық өнімді ажы­ра­ту қиын емес. Дәмін көрген жұрт мұны бірден бай­қайды екен.

Отандық ғалым ойлап тапқан тыңайтқыштың игілігін көріп отырмыз

«Тұтынушылар сіздер өсіретін лимонның дәмі басқа деп айтып жатады. Қазір мүлде хи­микат қоспаймыз.  width=Жамбылдық жас ғалым Дәу­лет Егембердиев ойлап тапқан биоло­гия­лық тыңайтқышты қолданып, оң нәтиже көріп жатқан жайымыз бар. Қазақстандық ға­лымның бұл инновациялық жобасы ғы­лыми байқауларда үздік деп танылып, Фин­лян­­дияда 1-орын алғанын ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы мамандар жақсы біледі. Осы органикалық, биологиялық тыңайт­қыш­ты қолданып, жетістікке жетіп жат­қа­ны­мыз­ды мақтанышпен айтқым келеді», – дейді Ма­натәлі Таңсықбаев. Осы тұста айта кетейік, қазақстандық жас ғалым Дәулет Егембердиев ойлап тап­қан тыңайтқыш топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қал­пы­на келтіреді әрі өнім көлемін арттыруға сеп­­тігін тигізеді. Ғалым ауыл шаруашылы­ғын­­да қолданылатын түрлі тыңайтқыш пен хи­миялық препараттарды дұрыс пайдаланбау эко­жүйеге кері әсер етіп, жерасты суының ми­нерализациялануына, өнім сапасына, бә­рінен бұрын адам денсаулығына зиян тигізіп жат­қанын айтқан болатын. Сонымен қатар Biomeliorant Гумат Z 7 жане Z Lux табиғи таза бол­ғандықтан, қоршаған ортаға, адам ден­саулығына тек пайдасын тигiзіп, жарамсыз жерді құнарландыратынын жеткізді. Міне, бүгінде отандық ғалым ойлап тап­қан биологиялық тыңайтқыш­тың игілігін көріп отырған диқанның бірі – Манатәлі Таңсықбаев. Бағбан бүгінде кәсібін жаңадан бастаған диқандарға қолынан кел­­генше көмектесіп, лимон көшетін беріп, тә­жірибесін бөлісіп жүр. Ол тропикалық же­міс өсіру технологиясын width= меңгергісі келетін ди­­­­қандар көбейіп жатқанын айтады. «Қазір мені лимоншылардың бәрі та­ниды. Шамам келгенше үйретемін. Әр өңір­ден шақырып тұрады. Барып көмектесемін, ли­мон өсірудің қыр-сырын, бұтағын қалай кесу керек екенін үйретемін. Алдымен 5-10 сотық жерден бастауға бо­­­лады. Әркімнің үйінің алдынан осындай жер табылатыны анық. Бірінші жылы өнім бол­майтыны белгілі. Сондықтан қарап отыр­май, арасына құлпынай егуге болады. Ең бас­тысы, бойы лимоннан қатты өсіп кетпей­тін көкөніс егу қажет. Мысалы, 5 сотық жерге 50 ағаш егіледі. Алғашқы жылдары өнім бер­­мегенмен, кейін әр ағаштан кемінде 100 келі өнім жинауға болады. Сонда осы жердің өзінен жақсы өнім ала аласыз. Өзім лимоннан бөлек, 25 сотық жылы­жайыма пияз, бұрыш егемін. Енді ли­мон піскенше қарап отырмаймын ғой. Бала-шағаны асырауымыз керек. Қазір бұл от­­басылық кәсіпке айналды. Інімнің бала­лары көмектесіп тұрады, өзімнің балаларым бар. Күзде терім басталғанда үлгермей қа­ла­мыз. Сол кезде ауылдан 10-15 жұмысшы ала­мын», – дейді шаруа.

Сарыағаш пен Шымкентте көмір тапшылығы болып жатыр

Өнім жинау науқанын жақында ғана аяқтаған шаруа биыл лимон бағасы ар­зандағанын айтады. Өйткені импорттық өнім көбейген. Дәлірек айтсақ, ішкі нарықты Өз­бекстан, Тәжікстаннан әкелінген өнім тол­тырып жатыр. Ал қаржыдан қысылған жұрт көбіне сапасынан гөрі бағасына қы­зығып, арзанына қарай жүгіреді. «Қазір базарда жан-жақтан келген им­порт­тық өнім қаптады. Бұл бізге тиімсіз бо­лып тұр. Аргентина, Түркия, Қытай, Тәжік­стан мен Өзбекстаннан елімізге жыл сайын шамамен 150 мың тоннадан астам цитрустық өнім әкелінеді. Енді олар қаншама қаражатты алып кетіп жатқанын есептей беріңіз. Өзі­міз­дің диқандарға қолдау көрсетіп, сол қара­жат­ты өзімізге қалдырсақ, отандық өндіріс да­мып, шетелдік өнімге тәуелділік азаятын еді. Өкінішке қарай, қазір бірқатар мәсе­ле­мен бетпе-бет келіп отырмыз. Са­рыа­ғаш, Шымкентте көмір тапшылығы бо­лып жатыр. Үкіметтен көмек болса дейміз. Ал­дағы 18-20 градус суықта не істейтінімді біл­меймін. Он жылдық еңбегім зая кетейін деп тұр», – дейді Манатәлі Таңсықбаев.  width=Диқан биыл баға тиімсіз болғандықтан, лимоннан тосап жасап, еліміздің әр өңі­ріне жеткізуді қолға алыпты. Ол үшін ар­найы аппарат та алған. Отандық өнімнен жа­салған тосапқа сұраныс та жаман емес. Әсіре­се, бұл суық тиіп, тұмау өршитін қыс ай­ларында таптырмас дүние. Шаруа Үкіметтен көмек болса, алдағы уақытта кәсібін кеңейткісі келеді. Сөйтіп, лимоннан бөлек, апельсин, мандарин, лайм сияқты цитрусты жемістер егуді жос­пар­лап отыр. «Елімізде лайм жоқ. Ал оның келісі 2,5 мың теңге тұрады. Енді соны ексем деп отырмын», – дейді бағбан. Елімізде жылыжай шаруашылығы да­мып келеді. Алайда лимон өсіретін ди­қандарға мемлекет тарапынан субсидия беріл­мейді. Еліміздегі жылыжайлардың ша­ма­мен 71 пайызы Түркістан облысына тие­сі­лі екенін ескерсек, диқандардың уәжі орын­­­­ды екенін түсіну қиын емес. Осы орайда отан­дық өндірістің дамуына үлес қосып отыр­ған шаруалардың жанына батқан мәселе дер кезінде шешілсе дейміз.

Серіктес жаңалықтары