Мақсат Тәж-Мұрат: Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!

Мақсат Тәж-Мұрат: Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!

Мақсат Тәж-Мұрат: Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!
ашық дереккөзі
50920
Жуырда «Хабар» телеарнасынан көрсетілген «Мәншүк» телесериалы жөнінде айтпағым... Осыны жазсам ба, әлде... деп екіойлы болып жүр едім, көзапара әлсіз шыққан фильмді Ютубта жерден жеті қоян тапқандай мақтаған біреулердің өресіздігі, одан да бұрын көзіқарақты деп жүргендердің (ішінде Фейсбук желісінде отырғандар да бар) тілін тістеген үнсіздікте қалуы еріксіз жаздырып отыр. Мәншүк Мәметова туралы алғашқы киноөнім – 1969 жылғы «Песнь о Маншук», кезінде бірталай кемшілігі үшін сынға қалған еді (орыс жігіттердің оны «баба» дейтіні, бас кейіпкер де олардан қалыспай, қарсы бажылдайтыны, т.б.). Бұл әсіресе Мәншүктің ол кезде көзі тірі майдандастарының орынды ашу-ызасын туғызған. Әлгіндей кемшіліктерді жіті байқаған Әмина Мәметова фильм талқыланған оңаша бас қосуда «Бәлкім алда жаңадан фильм түсірілер, сонда мында кеткен кемшіліктер жөнделер» деген тілек айтқан-ды. Сол екінші нұсқаға себі тисін деді ме екен, Батыр апамыздың қаруластары Әкентай Халимулдин мен Александра Прокопенко-Халимулдина шынайы деректерге құрылған кітап та жазған. Екінші картинаны ұзақ – елу жылдай күттік. Алғаш түсіріледі деген хабары шыққанда қуандық. Десек те, айналдырған төрт-бес айда түсірілгеніне қарап, ішіміз қылп ете қалған. Бекер қауіптенбеген екенбіз. Украинның «Скоро робят – слепых родят» дейтін мәтелінің кері келіпті де қойыпты. Асығыс қимылдан ақаулы бала туыпты. Біріншіден. Телесериалдық Мәншүк бейнесі сондай дөрекі. Айналасына ылғи зіпірлі, қабағы ашылмайды. Тіпті алғы шепке кинохроника түсіруге келген киногерді жаққа шапалақпен бір тартады. Бірақ майдандастары, құрбы-құрдастары, үй-іші, ағайын-тума қалдырған естелік-деректердің бірінде Мәншүктің біреуге қол көтеру былай тұрсын, орынсыз ашу шақырып, дөрекі сөйлегені айтылмайды. Бұл естеліктерден қазақтың ана көрген, зипа мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ретті жерде ақжарқын, әзілге де жүйрік қызын көреміз. Оның мінезінің ерекшелігі өжеттігінде, өзінің көзі жетіп тұрған, ақиқатшыл жүрегі сенген мәселеге келгенде табандап тұратын қайсарлығында еді. Осыны қате түсінген кейінгі киногерлер мен сахнагерлер – ілкі Кончаловский, соңыра Сәбит Досанов пьесасын сахналаушылар Мәншүкті тұрпайы, еркекшора, шапалағын ала жүгіретін көргенсіз етіп көрсеткен, енді, міне, сол қаспақ телесериалда да алдымыздан шығып отыр.  width= Екінші. Сценарист көптеген оқиғаларды өз еркінше, ойдан құрастырған. Мысалы, Мәншүктің майдан өміріне қатысты дерек-мәліметтің бірде-біреуінде алғы шепке Авдотьев бастаған кинохроникерлер келгені, солар Мәншүкті кинотаспаға тартып алғаны айтылмайды. Ондай болса әлгі таспа неге бүгінге дейін жарыққа шығарылмаған?! Себебі, жоқ ондай кадрлар, бірақ сценаристің шалық басқан миында бар. Сондай-ақ, алғашқы сериядан бастап Мәжит Бегалинның Мәншүктің қасынан шықпауы да тарихи шындыққа қиғаш – Мәжит Сапарғалиұлы кезінде Мәншүкпен майданда таныс болғанын еш жерде айтпаған, себебі, екеуі екі бөлек бөлімшеде қызмет еткен (Мәнсия басында штабта, сосын пулбатта, ал Мәжит воентехник еді). Ал жан саны бес мың бригададағы қазақтар өзара түгел таныс болған деу – шындыққа жуыспайтын формальды логика. Үшінші. Шапалақ жеген Авдотьев Мәншүкпен ұстасып, Мәншүкті «халық жауының қызы» деп жоғары жаққа көрсетпек боп өзеурейді, командирлер онысын қойдырмақшы боп өзеурейді. Шылғи өтірік. Бірінші серияның жартысын алып жатқан мұндай оқиғаның болуы мүмкін емес, себебі, жоғарыға кететін әлгіндей мазмұндағы көрсетім жазбаларман айрықша бөлім айналысқан. Ал әлгі оқиға болды делінетін 1943 жылы, алғы шепке келгеннен кейін Мәншүк өзінің жазықсыз әкесін түрмеден босату үшін майданға келгенін, әкесін босатуды сұрап Сталинге бірнеше хат жазған. Бір жыл бұрын өзі Мәншүктің молния-жеделхатына рұқсат бұрыштама қойып, әскерге алынуына көмектескен Жоғарғы Бас қолбасшы бұл жолы да әлгі хаттардың біреуін Алматыға, тиісті орындардың тексеріп қарауына жіберткізеді. Әлбетте, мұның барлығы да «особистердің» араласуынсыз өтпеген, енді келіп солар қайдағы бір киношникті жұлқындырып қоя ма!? Өтіріктің де қисыны болады ғой, жарқындарым-ау! Бірінші серияда бұдан басқа да кинолық «ляптар» толып жатыр. 1943-тің күзге салымында Мәншүк аға сержант болып жүр, ал бұл әскери атақ оған кейінірек, ақырғы шайқасына кірер алдында берілген; Мәншүк болып ойнаған актриса – тұлымшағы желкілдеген сәкілдек қыз, ал шынтуайтында Мәншүк қос құшақ шашын «Әскери бас киімнен қобырап шығып тұрады» деп, содан бір жыл бұрын, Бабушкин қаласында жүргенде кескізіп тастаған. Жалпы, бұдан кейінгі сериялардан телесериалдың сюжет желісі негізінен төрт кейіпкердің төңірегіне құрылғанын байқаймыз. Яғни, Мәншүк – Комбат – Авдотьев – Мәжит дейтін төрттаған. Тұжырып айтқанда, Мәншүкті жаралы болып қалған Авдотьевті тылға алып бару үшін жанына медбике ретінде қосып беріп, осылайша оны алғы шептен алшақ ұстап, өлім қатерінен аман сақтау туралы аңсарлы ой. Алғы шепте аусарланып жүріп жау снайперінің оғынан жараланған Авдотьев мотивін (жанындағы Ягодкин дейтін көмекшісі мергеннің оғынан тіл тартпай кетеді) комбат пен оның көмекшісі – капитан Нұркен Мәншүкті алғы шептен аластамаққа пайдаланбақ болып барын салады. Бұған қосанжар тағы бір желі жүріп жатады: ол – Мәжиттің кино түсіру арманы. Сол асқаралы арман госпитальда балдаққа сүйеніп жүрген Авдотьев пен еліккенге желігіп, онымен бірге кино түсіремін деп қолынан айрылып (білезік тұсынан ампутациямен кесіп тастаған), еңіреп жататын Мәжиттің бейнесін сомдау арқылы өріліп отырады. Жоғарыдағы «төрттіктің» сондағы жоспары – жаралы Мәжитті алғы шепте, «хроника түсірмей кетпеймін» деп қиғылық салып әрі окопта солдаттарға кино жайлы лекция оқып жүретін Авдотьевке көмекші етіп қалдыру. Мәншүк сол шаруаның қақ ортасында жүреді және әлгі топ бас қаһарманның көпке мәлім қайсарлығының арқасында да мақсаттарына жетіп, Мәжитті жалғыз қолымен алғы шептегі құраманы хроникалайтын топтың құрамында алып қалады.  width= Авдотьевтің өмірде болмағанын, сценарийшінің қиялынан туғанын жоғарыда айттық. Ал Мәжиттің түпбейнесі – белгілі қазақ режиссері, «Мәншүк туралы жыр» кинолентасының авторы Мәжит Бегалин, мұны түсірушілер фильм соңындағы титрде көрсеткен де. Бірақ, ілгеріде айтқанымыздай, майданда воентехник ретінде қызмет еткен Бегалин телесериалда әлденеге өнебойы пулеметшілер батальонында жүреді, алайда, пулеметші ме, атқыш па, әлде басқа бір қызметте жүр ме, ол жағы мәлімсіз, әйтеуір үнемі Авдотьевтің жанынан табылып, соның кинокамерасын аударып-төңкеріп әуре. Оқиға Невель шабуыл операциясының қарсаңында, яғни 1943 жылдың күзінде өтіп жатады, ал тарихи Бегалин одан көп бұрын – сол жылғы көктемде ауыр жарақатына байланысты әскер қатарынан босап, елге келген. Яғни, сериалда нақты аты-жөнімен алынып отырған кейіпкердің 1944 жылғы қарашадағы Невель операциясына, соның ішінде Мәншүк қаза табатын Изоча түбіндегі шайқасқа қатыспағаны, кинохроника түсіріп жүрмегені – тарихи факт. Ол аз болғандай, фильмдік Мәжит Мәншүкке Алматыда қалған сүйіктісі – «мұғалімдікке оқып жүрген» Людасына (Людмилаға) орысша хат жазуға көмектес деп жалынады. Айтуынша, бұрын Мәншүктің расчеттағы «екінші нөмірі» Аркадий көмектескен екен, ол қапияда қаза болды, енді Мәншүк көмектессе деп пұшайман күйге түседі. Мәжит Сапарғалиұлының зайыбы Людмила (Олеся) Иванова Алматыда тұрмаған, Харьковта туып-өскен, Мәжитпен Мәскеуде ВГИК-те оқып жүргенде танысып, оған 1948 жылы тұрмыстанған. Бұл – бір. Екіншіден, тоғыз жасынан қалада – орысы жын атқан Алматыда тұрған, мектеп бітіретін 1938 жылы-ақ жоғары класқа қосанжар Алматы Тау-кен институтының нөлдік курсын маркшейдер мамандығы бойынша тәмамдаған Мәжитті орысша екі сөйлемнің басын құрай алмайтын сауатсыз бейшара біреу етіп көрсету еш сабаға сыймайды. Сірә, ұлты орыс сценарийшінің формальды логикасы бойынша, Қазақстанда түйе бар, демек, ол заман Алматының көшелерінде де түйе өріп жүрген екен. Ілгергі төрттағандағы үшінші ұстын – гүжбан сары комбат бейнесі де тарихи шындықтан аулақ жатыр. Әскери шені – подполковник, аты-жөні – Андрей Егорьевич, фамилиясы айтылмайды. Бүгінде Мәншүк 1943 жылдың жазында 100-інші дербес бригаданың №3 пулемет батальонының аға лейтенант Иван Шачнев басқаратын 3-ротасы құрамындағы лейтенант Темненковтың взводында 3-інші бөлімшеге кіретін 1-інші пулемет есебінің (расчётының) бірінші нөмірі (көздеушісі) ретінде қызмет атқарғаны дәлелденген (күзде – бөлімше командирі). Ал пулбаттың командирі кім болғаны жөнінде анық мәлімет жоқ – бір деректерде гвардия капитаны Соколовтың, енді бір мәліметтерде капитан Сергей Кучиннің аты-жөні аталады. Мейлі кім болса да, Мәншүк өмірін ізерлеп зерттеп жүрген біз анығын шығара алмаған деректі Қазақстанды картадан ғана білуі бек мүмкін сценарий авторы Антон Федоров қайдан тапсын, осымен тынса болар еді дейсің ғой. Жоқ, одан әрі сценарийшінің қиял дүниесіне дендеп енетіні сонша, одан әрі сабазыңның аталған кейіпкердің иығына артқан жүгінің жанында небір фантастикаң жіп есе алмай қалады екен. 1943 жылы майданда подполковниктер кемі полк басқарғанын, батальондардың тізгінін капитан, кейде аға лейтенант шеніндегілер қолға алғанын айтпағанда сөз етіп отырған сериалда Андрей Егорьевич бір өзі Невель қаласын алудың жоспарын жасап, Айды аспанға бір-ақ шығарады. Бір тал батальонның командирі – сериал кадрларына қарағанда, пулбаттан гөрі атқыштар батальонына ұқсайтын және «массовкасы» иығына шошайтып бесатар ілген 15-20 солдаттан тұратын сайқымазақ құраманың әмірі Андрей Егорыч – Калинин майданының қолбасшысы генерал Еременконы, 3-інші Екпінді армияның қолбасшысы генерал Галицкийді 100-інші бригада командирі полковник Морецкиймен, штаб бастығы Мостовоймен, комбригтің саптағы әскер бойынша орынбасары, Мәскеу саяси-әскери академиясының түлегі подполковник Әбілқайыр Баймолдинмен және кадрлық офицер, батальондық комиссар (подполковник шені) Сақтаған Бәйішевпен қоса былай ысырып тастап, немістің таңдаулы бес атқыштар дивизиясынан, 3-інші танк және 16-ыншы дала армиясынан тұратын, «Пантера» деген ат алған сол кездің ең озық инженерлік, фортификациялық жүйесімен нықталған «темір жұдырық» қамал-қорғанысын бұзып-жарып өту ісінің – кеңес жағынан бес жаяу әскер дивизиясы, үш атқыштар дивизиясы, екі танк бригадасы қатысқан атақты Невель шабуыл операциясының жобасын жалғыз өзі сызады. Күлесің бе, жылайсың ба!?  width= Сол сияқты, комбаттың Мәншүкті алғы шепке жібермеу жолындағы іс-әрекеті де шындыққа еш сәйкеспейді. Пулбат командирінің бұл іске тіпті қатысы болмаған, себебі, Мәншүктің алдыңғы шептегі жауынгерлік бөлімшеге қабылдануы жоғары жақта – бригада штабында шешілген. Дәлірек айтқанда, Мәншүктің тоқтаусыз өтінім-рапорттарынан кейін бұл мәселе комбриг Морецкий, штаб бастығы Мостовой, комбригтің саптағы әскер бойынша орынбасары Баймолдин және комбригтің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары Бәйішевтің қатысуымен бірнеше қайтара талқыланғаннан кейін барып, Бәйішевтің үзілді-кесілді қарсылығына қарамастан, Мәншүкті алғы шептегі пулемет батальонының штабына писарь етіп жіберу жөнінде ұйғарым жасалған. Мәншүк осылайша алғы шепке келгесін штабтағы жұмысына қоса қысқа мерзімдік пулеметшілер курсын үздік бітіріп, бір айдың ішінде өзін нағыз пулеметші ретінде дәлелдеп, ақыры капитан Соколовтың жоғарыға берген жеке ұсынысының негізінде Темненков взводына «бірінші нөмір» ретінде қабылданады. Яғни, шындық өмірде комбат, кинода көрсетілетіндей, Мәншүктің саптағы әскер қатарына қабылдануына тіпті де қарсы болмаған, қайта оның кәнігі пулеметшілер қатарына қосылуына көмектескен. Енді сюжетті ұстап тұрған «төрттіктегі» келесі бейне – Нұркен Құсайыновқа келейік. Нұркен есімі алғаш мәншүктануда ерлі-зайыпты Халимулдиндердің «Мәншүктің жұлдызды сәті» кітабы арқылы мәлім болды. Нұркеннің анық-қанық өмірбаян дерегі әлі күнге табылмай отыр, бірақ деректі кітап жазған майдандастарын өмірде болмаған адамды ойдан шығаратындай  жын қағып па және Батыр апамыздың өмірінде ондай адамның нақты болғанын кейінгі кезде өлкетанушы Ахмедияр Батырханов бір естелік дерек негізінде көрсетті де. Халимулдиндердің жазуынша, Нұркен – Шығыс Қазақстан облысының тумасы, жан-жақты жетілген жауынгер, Темненков взводында пулемет бөлімшесінің командирі, әскери шені – аға сержант (кейбір деректе старшина). Телесериалда Мәншүк онымен медсанбөлімшеде, мейірбике болып жүргенінде танысады (негізінде Мәншүк мейірбике ретінде еш қызмет етпеген), ал Александра Прокопенко-Халимулдинаның жазуынша, екеуі алғаш бірін-бірі Великие Луки түбіндегі майдан даласында көреді. Санитариялық нұсқаушы Мәншүк жарадар Нұркенді медпунктке жеткізіп, одан әрі екеуінің таныстығы махаббат мүптәласына ұласады. Мәншүк пулбатқа қабылданғасын Нұркен жүрген Темненков взводына баруға тілек білдірген. Таңқаларлығы, сценарийші осы қолмен қойғандай шындық деректерді әлденеге тағы да белінен бір-ақ басып, Нұркен Құсайыновты капитан шенінде пулбат басшылығының қатарынан бір-ақ шығарады. Ондағы қызметі анық айтылмайды, әйтеуір, ұғатынымыз – гүжбан комбаттың оң қолы. Мәншүкті тылға аттандыру һәм «Невельді алу» операциясын талдап жасау ісінің бел ортасынан табылады, барлау тобын басқарады. Сериалдың орта тұсында пайда бола кететін Васька дейтін «полк баласының» көрсетуімен жау шебінің осал тұсын анықтап, операцияның жеңіспен аяқталуын қамтамасыз етеді. Арасында бір үлкендеу дәрежелі орыс офицер (сірә, бригада штабының бастығы) Нұркенді майдан даласына сұранып қоймай қойған Мәншүкті алдыңғы шептегі подполковник Потаповқа (сірә, комбриг Морецкий) апарып, штаб қағаздарына қол қойдырып келуге жұмсайды. Жолда екеуі неміс әтіретіне тап болып, Нұркен жалғыз пышақпен бірнеше жаудың көзін жояды. Бұл эпизодтың төркіні Халимулдиндердің кітабында бар, бірақ онда Мәншүкті алғы шепке алып келетін Нұркен емес, атақты мерген Ибрайым Сүлейменов, ал ормандағы қақтығыс – сценарийші оқиғаны қызықты ету үшін ойдан қосқан экшн. Тарихи Нұркен Изоча стансасы түбіндегі жойқын шайқаста жаудың үш танкісін қиратып барып ерлікпен өлген. Ал мына сериалда окопта жаралы болып, еңбектеп қашып бара жатқан оны неміс офицері ту сыртынан келіп, иттей қып атып тастамақшы болғанда гранатаны жарып жібереді. Изоча стансасын алу операциясы үлкен дайындықпен жүріп, бес-алты сағатқа созылған, осы аралықта Новосокольникиден «Фердинанд», «Тигр» сияқты ауыр техника келтіріліп, стратегиялық маңызы бар станса бірнеше рет қолдан қолға өткен, ең соңында кеңес әскері кері шегінуге мәжбүр болғанда ішінде Мәншүк пен Ибрайым Сүлейменов бар топ оларды қорғап, шабуылдап келе жатқан жаудың жолын бөгейді, кейбір деректерге қарағанда, Ибрайымның жангештілер тобы жау сапына жалаңаш сүңгімен атойлап ұмтылған шақта Мәншүк пулеметімен окоптан алға қарай жетпіс метрдей ілгері жылжып барып, ашық позициядан оқ жаудырып, Ибрайым тобының алдын аршыған. Басынан алған жарақатына, оң аяғының қара саннан бөлініп қалғанына қарамастан ұрысты жалғастыра береді де, үшіншіде, басынан тиген мина жарықшағынан кейін, қан көп кетіп қаза болады. Трушково деревнясы маңындағы әлгі төбеде сол күні Мәншүкпен бірге 100-інші Қазақ бригадасының 800-дей жауынгері мен офицері жан тәсілім еткен. Мәншүк жайлы телесериалда бұл қанқасап баталияның исі де жоқ, шайқас алты-жеті минутта тынады, жуырда Президент Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген Ибрайым Сүлейменовтің аты да аталмайды. Сериалда қазақ ұлтынан бар болғаны төрт кейіпкер жүр, қалғаны ыңғай славян ұлтының өкілдері. Тіпті Мәншүкті ағасындай қамқорлаған рота аспазы Жолдас Алпысбаевтың орнында Мәншүкке темекі беріп «қамқорлайтын» Степан есімді егде кекілді ұлттың өкілі жүр. Бұл – тарихи шындықты көпе-көрінеу бұрмалау: Алматыдан майданға 96 пайызы қазақ болып аттанған бригаданың құрамында «Ажал аңғары» мен Великие Лукидегі қырғыннан кейін де қазақ жауынгерлері аз болмаған (3410 адамның 1753-і қазақ, 1108-і орыс, 132-сі украин және т.б.). Пулбаттадағы қазақ пулеметшілері де аз емес-ті: пулеметтен атуды Алматыдағы әскери дайындық барысында-ақ жетік игеріп алған сержанттар – Өтепберген Есімбеков, Төлепберген Байбаев, Жаманбай Исабеков, Жүніс Бегалиев, Сайман Жәңгіров, Қабылдай Есекеев, Болатбек Асылов, Оразкен Мусин, Тыныштық Жаманқұлов, Садыр Бейсенов және Шаяхмет Тойбаевтар (біздің толық емес есебіміз бойынша жиырмадан асады) басқарған пулемет бөлімшелері мен есептері майдан даласында арыстанша алысқан. Мәншүк расчётінің өзінде екі қазақ болған: Мәншүктің өзі, онымен Алматыдан таныс Тілеубек Мұқашев және екі орыс, екі украин. Сондай-ақ пулбат басшылығындағы бірқатар маңызды орынды қазақ офицерлер иеленгенін де айта кетуге тиіспіз, мысалы, батальонның штаб бастығы Қақабай Сүлейменов, батальон командирінің орынбасары Қалиасқар Қабделенов, батальон партия ұйымының жетекшісі Абдуллаев. Сценарийші шамалы құнт қылса, бұл деректердің қай-қайсысын да ашық дереккөздерден қиналмай тауып алар еді. Көрермендер тарапынан көп сын айтылған тұс – сериалда майдан даласындағы ұрыс көріністерінің мейлінше аздығы, болса да пейнтбол сияқты арзанқолдығы. Шынында да Мәншүк пулеметпен ең соңғы серияда, өзі қаза табатын новеллада ғана майдан салады. Оған дейін бір-ақ жерде – киношыларды жау мергені қалпақтай ұшырған кезде оқ атады, бірақ осының өзі өте нанымсыз: есі дұрыс пулеметші көзге көрінбейтін мергенді ашық позициядан беталды атқылап, өзін жауға көзапара көрсетіп бермейді. Ол күндері бүткіл 3-Екпінді армия Мәншүкті бірінші пулеметші қыз дегеннен бұрын кәнігі пулеметші деп таныған. Майданда «Мәншүк Мәметованың дара ату стилі» деген тіркес қолданылған. Мәншүк пулеметтен алғаш «Ажал аңғарында» – Молодой Туд түбіндегі майдан даласында атып көреді де, одан әрі Великие Луки операциясына қатысып, өзін тағы бір байқап, ақыры Невель операциясы қарсаңында кәнігі пулеметші болып толық жетіледі. Сериалда Батыр апамыздың осы жауынгерлік өсу жолы, шыңдалу эволюциясы мүлдем жоқ. Көрермендер орынды ескерткендей, Мәншүк рөлінде ойнаған қыз алты серия бойына ұйықтай береді, каша жеп яки көл жағасында аяғын суға малып ойланып отырады, одан қалса Мәжитті алып қалу сияқты арзан интриганың ортасында жүреді. Ер-азаматты ұршыққа иіруді ғана білетін, бырысып-тырысқан еркекшора біреу. Жаралы Авдотьевке келіп, «Сен – қорқақсың! Қабілетсіз, қу, өтірікші корреспондентсің!» деп бажылдайды. Нұркенді де оңдырмай қауып тастайды (аға сержанттың капитанның бетінен алғанын кім көрген!?). «Нұркенді жақсы көресің бе?» деп сұраған құрбысы Шураға: «Әуелі мені жақсы көретінін айтсын, сосын көрейік...» деп кергиді (Александра Прокопенконың жазуынша, сол 1943 жылдың жазында ол екеуі уәде байласқан қыз бен жігітше жүрген). Ол да ештеңе емес, фильмде Мәншүк тіпті комбатыңды бет бақтырмайтын көкайылдың өзі. Невельді алу жоспарын жасау мен Мәншүкті өзіне шақыра беруден басқа жұмысы жоқ комбат кезекті бір шақыруында оған «Менің бұйрығымды неге орындамадың, неге жауынгерлік орныңнан кетіп қаласың?» деп кідіңдесе, бұл: «Расчетымда қалдым!» деп көгереңдейді. Анау: «Трибуналға тартылғың келіп жүр ме?» деп қаһарланса, бұл: «Беріңіз трибуналға!» деп қақшаң-қақшаң етеді. Гүжбан сарының әмір-шатырына «Вызывали?» деп, іңірде шайтан көшкендей екпіндеп кіріп келеді. Оу, бағынышты жауынгер командиріне әсте олай деп қайрыла алмайтынын, «Старший сержант Мансия Маметова прибыла по Вашему приказанию!» деп, әскери уставқа сәйкес мәлімдеуі тиіс екенін әскерде қызмет етпеген мен екеш мен де білем ғой. Бұл да ештеңе емес, ол кезде кеңес әскерінде тапанша сол жаққа емес, оң жаққа ілінетінін, сол жақта планшет тұратынын, Нұркен капитанның шекесіне сол қолын апарып, құрмет көрсете салатынын айтпай-ақ қояйық. Ютубта көрермендерді күлкіге қарқ қылған нәсте – фильмдік Мәжит Бегалиннің қай қолынан айрылғандығы болды. Мәжит Сапарғалиұлы атақты Ржев-Сычев әскери операциясы өрістеген 1942 жылдың аяқ шенінде Молодой Туд шайқасында оң қолының ұштығын жерге беріп келген, ал мына фильмде өзін ВГИК-ке оқуға шақырған Авдотьевке еріп, алғы шепте кино түсірмек боп арсалаңдап жүріп жараланады. Медсанбатта оң қолын білезік тұсынан төмен кесіп тастайды, бірақ кейінгі эпизодтарда сол қолы таңулы жүреді, одан әрі кино түсіріп жатқанда қайтадан оң қолынан жарадар болып шығады. Доңғалақты көлік, шынжыртабан техника тұрғай ат-көлік малтығып жүре алмаған Невельдің қалың қорыс, ұйма батпағында кеңес әскері жүк машинамен ызғытып жүр, оқ-дәріні де сонымен тасып жатады. Невель операциясы өтетін 1943-тің қарашасында жерге қар түсіп қалған, ал сериалдағы әскер көкпеңбек орманда мұнтаздай су жаңа желең гимнастеркамен ұрып жүр. Жаға – жайлау, етек – қыстау. Алтыншы серияға дейін тіпті майдан көрмейсің. Осы және өзге де келеңсіздіктерді байқаған көрермендер пікірінің ортақ түйіні – «Бұл фильм емес, бұл – цирк! Кинолық «ляптарға» толы мұндай дүние бұрын болмаған!». Бұған өз тарапымыздан бір сөз қосайық: өмірде болған тарихи тұлға жөнінде тарихи шындықты белінен басып бұрмалаған мұндай фильм де бұрын-соңды түсірілмеген шығар, сірә!? Қайран қаласың: Александра Прокопенконың кітабынан эпизодтар еншілеп отырған сценарий авторы аяқ астынан «Америка ашып», Шура Прокопенконы Мәншүкпен 1938 жылы, Алматыда мединститут жатақханасында ұшырастырып қояды. Ал негізінде Александра Игнатьевна 100-інші бригадаға Ташкенттен, сондағы әскери училищені түгесіп, Ирандағы белгілі «Шағбан» әскери операциясына байланысшы ретінде қатысып барып келген-ді. Мәншүк екеуі майданға бара жатқанда, вагонда танысқан. Мәншүктің ұзаққа дейін майдандағы әскер қатарына шақырылмау себебінің мотивировкасы да жойдасыз бұрмаланған: бір дәрігер әйел «Салмағың да, бойың да артпаған сияқты, өзіме жауапкершілік ала алмаймын» деп бас тарта салады. Ал шындығында бұл жерде салмақ пен бойдың еш қатысы жоқ – Мәншүк бала кезде безгек (малярия) ауруын жұқтырғандықтан, зооноздық сырқаттар мамандарынан құралған арнаулы комиссия қорытындысына орай майдандағы әскерге алынбаған. Мәншүктің ерлік көрсетіп, қаһармандықпен қаза табуының түпқазығы майданға дейінгі өмірімен көбірек байлаулы – фильмде қайта-қайта айтыла беретін әкесін ақтап алу себебі соның біреуі ғана, оның сыртында анасымен келіспей үйінен кетіп қалуы, тұратын жер таба алмай қиналуы, жоқшылық азабын тартуы, жақсы көрген адамының сатқындығы, т.б. бірнеше сай-себептер жамала келіп, ақыры әкесін босатам деген тілегі орындалмай, әрі сүйіктісі Нұркен көз алдында оққа ұшқаннан кейін ендігі жерде оның өмір сүру тілегі таусылған. Бірақ осынау экзистенциалдық жағдайларды ұзақ аңдап, терең барлап көрсетіп, фильм-тарих – фильм-баталия – фильм- трагедия түсіруге біздің түсірілім тобының ебі қайда!? Ол үшін Мариям Хакімжанованың «Мәншүк Мәметова», Шүкіржан Сыздықовтың «Мәншүктің өшпес ерлігі», Исатай Нәсекенұлының «Батыр Мәншөк», А.Халимулдина-Прокопенко мен Ә.Халимулдиннің «Звёздный час Маншук», Айман Мәметова пен Тихон Әліпқалидың «Мәңгілікке маздаған қыршын ғұмыр» кітаптарына бастатып, қордаланған қыруар материалды қопарып шығулары, жай қопарып қана қоймай, ішінен дерек-фактілерді іріктеп, сұрыптап алып, негізгі идеяға бағындыра отырып, сынық айнадай жамап-жасқап бір бүтін нәрсе құрастырмаққа керек. Фильм авторлары құрастырған, бірақ ойдан құрастырған. Оның себебі, жоғарыдағы тау тұрғызарлық еңбектен – қиыннан табатын қымбаттан қашып, оңайдан табатын оңғақты таңдаған. Осы орайда өздері соңыра сын садағына оңбай ілігетінін сезіп, түсіру тобының қоюшы-режиссер мен продюсерлерінен өңгесін, сценарий авторынан бастап түгелге жуық алыста жатқан ресейліктер қатарынан жұптаған (сценарий авторы – Антон Федоров, екінші режиссер – Агата Моцко, қоюшы-оператор – Юрий Щербинин, қоюшы-суретші – Виталий Григорович, костюмдер жөніндегі суретші – Людмила Соколова... осылай кете береді. Ютубтағы көрсетілімдер соңында әдейі жылдамдатып берілетін ұзақ-cонар тізімнен байқап қалғанымыз – түсіру тобы мен қызмет көрсетуші компаниялардың дені қазақстандық емес, әскери техника мен киім-кешек, өзге әскери реквизиттер де ресейлік киностудиялар қорынан алынған болса өзі білсін). Осылайша екі тізгін, бір шылбыр қолдарына еркін тиген бөтен жұрттың киногерлері, әрине, білгенін істейді. Ұяттан үш күн бұрын туған сценарийші бармағын сорып отырып ойдан құрастырған ертегісін сағызша созып, алты серияға апару үшін неше түрлі әдіске салған: қиялдан туған Авдотьев пен Егорыч комбатты шала тарихи Мәжит, Нұркендермен шалаптап, киноның соңына дейін мелодрамалық сюжетпен алып келеді, ара-арасында оларды кезектестіріп кинокамера алдында сөйлетіп, сюжет арқылы берілуі тиіс оқиға өрісін құрғақ баяндатып, спектакльдік монолог тәсілін қолданады. Арасына Марк Григорьевич деген әскери хирург бейнесін сыналайды, ол қартың өзіне медбике болып жүрген Мәншүкке Одессада қалған отбасының тауарихын баяндап, малтасын езіп отырып алады. Комбат та қызық кісі өзі, ішіп алып, еркек таппағандай, Мәншүкті шақырып алады, жауға екі қолын көтеріп пенде болып өлген ұлының жағдайын айтып жылайды. «Баламның қорқақтығын енді мен қанмен жуып жүрмін... Шіркін-ай, өзіңдей қызым болғанда ғой!» деп еңкілдейді, Невельді жау тырнағынан азаттаушы «ұлы стратег». Сатқынның әкесіне анадай зор әскери операцияның бұйдасын ұстатып қойып, осы біздің «особистер» Ай қарап жүрген бе дейсің, тұп-тура 18 минутқа созылатын әлгі мыжыманы амалсыз тыңдап отырғаныңда. Қысқасы, әрқайсысы 40 мүйнеттік алты новелладан тұратын сериалдың аяғына шыққанша ішің пысып, өліп кете жаздайсың. «Сериал напоминает российские сериалы о войне: нереалистичные и наивные, война намного страшнее в жизни» – Ютубтағы «А» нимді фолловердің осы сөзі – сөз. Мен Асқар Ұзабаевты кинорежиссер ретінде мүлдем білмейді екем, «Келинка» дейтін атышулы сериалды түсіргенінен ғана сырттай хабардармын, бірақ тарихи драмалық, соның ішінде әскери фильм түсіру бұл жігіттің қолы емес-ау деп қалдым. Тым құрыса, режиссер ретінде актерлер құрамын рөлдеріне кіріктіре алмаған, қай-қайсысының да бетінде эмоция, қимыл-әрекетінде пластика жоқ, әрекетсіз жасанды сөз, қаражусан жасанды пішін. Мәншүк рөліндегі Зухра Сайпи бір реттен қарағанда, бидай өңді, жаудыр көз, сопақша сұлу бет-әлібімен бас кейіпкерге лайықты да көрінеді, бірақ әлде тәжірибенің жетіспеуінен, әлде бағыт берудің болмауынан, қайткенде де бір себеппен өзінің қалған актерлік ғұмырының айтулы белесі бола алатын бұл рөліне ішкерілеп ене алмаған, Батыр апамыздың екі режим қақтығысқандағы прокси-қырғынның арасында – даңқ пен дақпырттың арасында тамсандырып қана қысқа үзілген ән секілді трагедиялы тағдырының психологиялық иірімдеріне бойлап, әйел жанының құпия қалтарыстарын аша алмаған. Өкінішті. Мәншүк туралы екінші кинотуындының да айтарлықтай кемшіліктермен орындалғаны өте өкінішті. Қалай десе де, бұған ақтаушы жоқ. Бұл жерде мәселе, үлкен есеппен келгенде, кинода Мәншүктің тағдырлы ғұмыр жолын жасауда яки оның жұртты түгел толғандырған – толғандырып келе жатқан – қайғылы да қаһармандық қазасының полисемантикалық мотивтерін, фронтирлік поэтикасын ашуда ғана емес. Ол енді көбінесе тасқа басылатын сөздің еншісі. Ал кино тәрізді көзапара (визуалды) өнер тілінде жоғарыдағы мақсаттың үдесінен шығу біз үшін дәл қазір қай кездегіден де маңызды еді: ия, дәл бүгінгідей жау жағадан да жақын алмағайып тұста, осы замандық ықтимал соғысқа дайын болу міндеті алдымызға қай кездегіден де өткір қойылып отырған кезеңде күрделі қару-жарақты меңгеріп кете алатын, тар жерде өз бетінше шешім қабылдауға және соған сай әскери тактикалық амалдар жасауға қауметті Қазақ жауынгерінің бейнесін сомдау, қырдан қиқу төгілген жағдайда әйел баласына дейін ат арқасына қонатын халықтың бар екендігін танытып, ықтимал дұшпанға айыл жиылту, ұлттық мінез, ұлттық темпераментті қыздарымыздың образы арқылы беру, ең соңында, кешегі тарихты білуге немкеттілеу болып өсіп келе жатқан кейінгі жастардың назарын ел, Отан тарихына аудару – Мәншүк жайлы кинотуындының сапалық қасиеттерін айқындауы керек міндеттер осылар-тын. Оның орнына көркемдік сапасы мүлдем төмен, идеологиядан жұрдай, одан да сорақысы – Батыр апамыздың бейнесін «сабын көпіршігі» сериал деңгейіне түсірген, сөйтіп рухына қамшы басқан күлдібадам бірдеңе көрдік. Бұл мәселе Мәдениет министрлігінің де назарына ілігуі керек.

Серіктес жаңалықтары