51282
«Әкімді де, депутатты да халық сайлауы керек» – Орман Анарбек
«Әкімді де, депутатты да халық сайлауы керек» – Орман Анарбек
Қазақстанда 19 наурызда Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттың кезектен тыс сайлауы өтеді. Түркістан облыстық депутаты Орман Анарбек алдағы сайлауға қатысты пікір білдірді.
«Бұған дейін мәжіліс пен мәслихаттағы депутаттар партиялық тізіммен сайланып келді. Олар халыққа қарағанда билікке біртабан жақын болды. Ал биылдан бастап мәжілістің 70%-ы партиялық тізім, 30%-ы ашық сайлау бойынша сайланады. Жалпы, әкімді де, депутатты да халық сайлауы керек деп ойлаймын. Сонда сайлаудың дұрыс ұйымдастырылғаны, биліктің халықтың қамын ойлайтыны көрінеді. Сонымен қатар халықтың «Әділетті Қазақстан» құрудағы жақсы ұсыныстарын депутаттар енгізер еді», - деді ол.Депутаттың айтуынша, алдағы уақытта депутаттардың бәрі партиялық тізіммен емес, ашық сайлау нәтижесінде сайланғаны дұрыс.
«Сондай-ақ мәжілістің депутаттарына заң қабылдау құқығын беретін уақыт келген секілді. Өйткені заңның жобасын Үкімет дайындайды. Ал Үкімет дайындаған заң мәжіліске түседі. Сол үшін депутаттарға заңды конституция бойынша өзгертуге құқық берсе деген тілегіміз бар. Қазіргі уақытта депутаттардың түскен заң жобаларына қатысты ұсыныс айтуға ғана мүмкіндігі бар. Сайлаудан күтер үміт көп», - деді Орман Анарбек.