Жоспардан аса алмаған жеңіл өнеркәсіп
Жоспардан аса алмаған жеңіл өнеркәсіп
2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі жеңіл өнеркәсіп нарығындағы отандық өнім үлесі азайып, 8 пайыз болған. Яғни, бізге қажет жеңіл өнеркәсіп өнімдері, киім-кешек, мақта-матаның 92 пайызы шетелден келеді. Ал заттай өнім өндіру көлемі бір жылда небәрі 6 пайызға артқан. Сұраныстың өсімімен салыстырғанда, бұл – мардымсыз көрсеткіш. Осылайша, жеңіл өнеркәсіптің отандық нарықтағы онсыз да әлсіз позициясы одан сайын шатқаяқтады. Сәйкесінше, бағалар да біршама өскен.
Ал Үкімет болса саланы дамытуға кезекті талпыныс жасалатынын мәлімдеді. Былтыр жыл соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, бекіткен. Бұл жобада қандай шаралар қарастырылып отыр? Жалпы жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті мен ахуалы қандай? Саладағы отандық өнімнің өсуіне қандай факторлар кедергі болып отыр? Кәсіпкерлерді не алаңдатады? Жеңіл өнеркәсіпті қайтсек дамытамыз?
Өсім бар, өсу жоқ
Ең алдымен, таяуда жарияланған ресми деректерді талдап өтейік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы еліміздің жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 178 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл – былтырғыдан 27,1 пайызға артық. Дегенмен бұл өсім нарықтағы қымбатшылыққа байланысты байқалып отыр деуге болады. Пандемияның алғашқы жылымен салыстырғанда барлық киім мен аяқкиімнің жалпы құны 44,4 пайызға өскен. Ал өндірілген заттың көлемі (саны) жағынан қарағанда, жағдай нақтылана түседі: өндірілген өнім бір жылда небәрі 6 пайызға өскен. Тұтыну нарығындағы сұраныстың өсуімен салыстырсақ, бұл айтарлықтай көрсеткіш емес. Kazindustry-дің бағалауы бойынша 2022 жылғы қазанның соңына қарай еліміздегі жеңіл өнеркәсіп өнімі нарығының көлемі 2,6 миллиард долларға жеткен. Оған қоса, өндіріс көлемінің жартысынан көбі – текстиль. Ол – дайын өнім емес, шикізатқа жатады. 61,3 миллиард теңгенің киім-кешегі, 15,5 миллиард теңгенің былғары бұйымдары тігілген. Отандық кәсіпорындар есеп беретін жеңіл өнеркәсіп тауарларының 16 санатының бесеуі – мақта, мақта маталар, киіз және фетр, киіз етіктер және баскиімдер өндіріс көлемі бойынша төмендеген. Қалған өнімдер бойынша өсім байқалған, оның ішінде сырт киім, сәбилердің киім-кешегі көптеп шығарылыпты. Яғни, жыл қорытындысы бойынша жеңіл өнеркәсіпте өсім байқалған, бірақ өсім көрсеткіштері саланы алға ілгерілететіндей дәрежеде емес.
Шетелдікін шекеміз қызғаннан кимейміз
Отандық статистиктердің мәліметінше, былтырғы қаңтар-қараша аралығында елімізге 1,5 миллиард доллардың (691 миллиард теңге) киім-кешегі әкелінген. Бұл – 2021 жылғы сол кезеңмен салыстырғанда 89,8 пайызға көп. Ал отандық өндірушілер болса 61,3 миллиард теңгеге киім-кешек шығарған. Осылайша, 2022 жылғы қазанда жалпы жеңіл өнеркәсіп нарығындағы импорт үлесі 92 пайызға жетіпті. Былтыр бұл көрсеткіш 90 пайыз болған еді. Яғни, халыққа қажет киім-кешектің, сұраныстың тек 8 пайызын ғана отандық өнім жапқан. Ал экономикалық қауіпсіздік шегі – 30 пайыз. Жалпы, шетелден киім жеткізу жылдан-жылға қарқын алып келеді. Тек барлық логистикалық тізбектер бұзылған 2020 жылғы локдаунда ғана өсім бар болғаны 0,9% болған. Дегенмен ол жылы нарықтағы импорт көлемі 96 пайызға жеткен. Бұл мәліметтерге қарап, шетелден ғана «киінетін» елміз деген қорытындыға келуге болады. Дегенмен кигеніміз қандай киім? Қазіргі кезде Қытай Ресейді артта қалдырып, Қазақстан нарығындағы үлесін 49,8 пайызға дейін көтерген. Бір айта кетерлік мәселе, Қытайдан келетін импорт көлемі заттай түрде (яғни, тонналап) небәрі 6,9 пайызға өскен, ал ақшалай өсім екі еседен асқан. Бұл қытай тауарлары қымбаттаған немесе қазақстандықтар басқа санаттағы тауарларды алуды көбейткенін білдіреді. Жасыратыны жоқ, өндірілетін отандық киім және аяқкиім нарығы негізінен реттелетін сатып алулар мен мемлекеттік қорғаныс тапсырысының қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған. Жалпы нарыққа шыққан өнімдер жоқ емес, бар, дегенмен қолжетімділері саусақпен санарлық. Отандық өнім дегенімізбен, оның өзі отандық шикізаттан тігілмейді, сәйкесінше бағасы да жоғары болады. Осылайша, өзіміздің киім өндірушілері импортпен бәсекеге түсуге мәжбүр болады, шындығына келгенде, бәсекелесуге мүлдем қауқарсыз. Дегенмен бізде бай шикізат базасы бар. Мақта өндірумен Түркістан облысының фермерлері айналысады, жылына орта есеппен 327 мың тонна мақта өндірілгенімен, отандық кәсіпорындарда барлық шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік жоқ. Осылайша, шикізат көбінесе экспортқа кетеді. Статистика бюросының 2022 жылғы қаңтар-қарашадағы мәліметіне сүйенсек, 118 160 тонна текстиль материалы мен текстиль өнімдері 75 елге экспортталыпты. 3 148 тонна өңделмеген тері, 5 360 тонна жүн өнімі 5 елге, 29 843 тонна мақта талшығы 12 елге, 9 478 тонна минералды силикат мақта өнімдері 7 елге экспортталған екен. Ал дүкен сөрелері мен базарлар арзан, сапасыз «шетелдің» киімдеріне толып тұр. Олар негізінен Түркия, Қытай, Бангладеш, Өзбекстан, Қырғызстан және Италия сияқты елдерден әкелінеді. Киім-кешек экспортына қатысты деректерді ресми статистикадан таба алмадық.
Өнім қайда деме, өндіріс болмаса...
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен еліміздің оңтүстігінде орналасқан. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, төрт өңірдің өндіріс үлесі (Алматы, Түркістан облыстары, Шымкент және Алматы қалалары) елдегі жалпы өндірістің 53,6 пайызы. Шымкент көш бастап тұр. Мұнда сонымен қатар «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағы бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде барлығы 1 396 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді екен. Оның 816-cы тігін кәсіпорны, 461-і тоқыма (текстиль) өнімдерін өндіреді, 119-ы былғары және соған байланысты өнімдер шығарады. Олардың дені ұсақ кәсіпорындар. Ал осыдан 6 жыл бұрын елде 25 мың кәсіпорын жұмыс істеген екен. Жалпы, жеңіл өнеркәсіп десе, саланың Кеңес одағы тұсындағы ахуалын алға тартатын жағдай жиі кездеседі. Қазақ КСР кезінде жеңіл өнеркәсіп 14 бағыттан және 69 өнеркәсіптік бірлестік пен кәсіпорыннан тұрған. Осылайша, республика бюджетінің 25 пайызынан астамын құраған. 1985 жылы республиканың жалпы өндірісіндегі саланың үлесі 15 пайыздан асыпты. Мұндай жетістік, негізінен, жабық нарық пен импорт өнімнің шектеулі болуынан екені айтылады. Не десек те, сол кезде елімізде алпауыт кәсіпорындар жұмыс істеп тұрды. Алматы мақта-мата комбинаты, Жамбыл былғары аяқкиім комбинаты, Қостанай камвол-мата комбинаты, Семей былғары-аң терісі комбинаты. Олардың барлығы отандық шикізатпен жұмыс істеді және жүздеген өнім түрлерін шығарды. Тәуелсіздік алғаннан кейін көптеген зауыттар жұмысын тоқтатты. Ал әлемде, керісінше, сала қарқынды дами бастады. Себебі халықты жұмыспен қамту жағынан да, тұтыну деңгейі, яғни сұраныс бойынша да жеңіл өнеркәсіп өте тиімді болды. Бұл саладағы сұраныс азық-түліктен кейінгі екінші орында. Дүниежүзілік сауда ұйымының дерегіне сүйенсек, 2021 жылы әлем бойынша киім экспорты 549 млн долларға жеткен, 2020 жылы экспорт көлемі 450 млн доллар болған.
Тағы бір «талпыныс»
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі былтыр жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған, кезекті жол картасын бекітті. Оған шикізат базасын дамыту, шикізатты қайта өңдеу, отандық өндірістің қуатын арттыру, инвестиция тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту жөніндегі шаралар енгізіліпті. Жалпы, жеңіл өнеркәсіпте 2025 жылға дейін мақта бойынша отандық шикізатты қайта өңдеуге, сондай-ақ иірілген жіп, маталар, тоқыма бұйымдарын өндіруге бағытталған 7 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Ең басты дегендеріне тоқталсақ, 3 жүн фабрикасы салынбақ. Жауаптылар осы арқылы ішкі нарықта 5,5 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 10 млн АҚШ долларына дейін арттыруға мүмкіндік аламыз деп отыр. Одан бөлек, ірі қара мал терісі бойынша тері өңдеу фабрикасын салу жоспарланып отыр. Ал бұл ішкі нарықта 3,6 млрд теңгеге импортты алмастыруға және экспорт көлемін 19,3 млн АҚШ долларға дейін арттыруға мүмкіндік береді екен. Әдеттегідей, бізде мұндай жоспарлар, бағдарламалар бұдан бұрын да аз болмаған. Кейінгі бір-екеуіне тоқталып өтейік. 2017 жылы жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2021 жылға дейінгі жол картасы қабылданған еді. Бұл – алдыңғы бесжылдықты қамтыған жоспар болды. Бұл жоспар негізгі 3 бағытты қамтыған: шикізат базасын дамыту, инвестициялау, жекеменшік пен мемлекет ынтымақтастығы арқылы саланы дамыту. Яғни, жаңа жоспардан аса айырмашылық жоқ. Жол картасы 2018 жылға қарай жеңіл өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлеріндегі отандық өнім үлесін 40 пайызға, ал 2021 жылға қарай 60 пайызға дейін жеткізуге ықпал етуі керек болатын. Сонымен қатар алдымен 861 жұмыс орны, содан кейін тағы мың жұмыс орны құрылатыны туралы айтылды. Жол картасының бірінші кезеңін іске асыру үшін 7,5 млрд теңге, екінші кезеңге шамамен 14 млрд теңге инвестициялау көзделді. Осылайша, жобаның қорытындысы бойынша, 2021 жылға қарай ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 1 пайыздан асады деп жоспарланыпты. Сол кезде ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіп үлесі 0,3 пайыз болған. Ал қазір көрсеткіш 0,1 пайыз ғана. Салыстыру үшін айта кетейік, 1994 жылғы үлес 1,4 пайыз болған екен. Одан бұрынғы статистикалық мәлімет ашық деректерде жоқ. 2019 жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамыту үшін тағы да «жол карталары» әзірленгенін, сол арқылы импорт үлесі 59 пайызға дейін төмендейтінін мәлімдеген екен. Сонымен, жоспарларда айтылған ілгерілеу тұрмақ, бұрынғы көрсеткішті сақтап қалу да мүмкін болмаған. Енді жаңа жоспар нәтижелі бола ала ма? Салада басқа қандай өзекті мәселелер бар? Қандай шаралар атқарылуы керек? Осы және өзге де сұрақтарды сала мамандарымен, экономист сарапшылармен талқылап көрдік.
Талғат ЫСҚАҚОВ, «Бал текстиль» кілем-тоқыма фабрикасының директоры:
Импорт тауарларын қадағалайтын үкіметтік деңгейдегі қолдау керек
– Біздің кәсіпорынның жұмыс істеп тұрғанына 10 жылдан асты. Қазір ішкі нарықтың 30-40 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз. 500-ден аса адам жұмыс істейді. Сонымен қатар жаңа өндіріс аштық, бұрын біз орта сападағы кілемдерді өндіріп келгенбіз, енді жоғары сапалы, яғни premium class кілемдерін шығаруды бастадық. Кәсіпорнымыз текстиль кластерін дамыту үшін ашылған «Оңтүстік» еркін экономикалық аймағында орналасқан. Жер тегін берілген, инфраструктура да – мемлекет тарапынан. Экономикалық аймақта салық жеңілдіктері де бар: табыс салығы салынбайды, жер салығы, мүлік салығы алынбайды. Сол жағынан өте қолайлы. Ал индустриалды аймақта салық жеңілдіктері жоқ, бірақ инфрақұрылым жағынан көмек бар. Сонымен қатар даму бағдарламасының аясында мемлекеттен жеңілдетілген несие де беріледі. Мемлекет тарапынан кластерді дамытуға жақсы қолдаулар бар, бизнес дамып жатыр. Бірақ қазіргі деңгейге көңіл тола қоймайды, бұдан әрі дами түссе дейміз. Жеңіл өнеркәсіптің өрісін тарылтып отырған бірқатар мәселеге тоқталып өтейін. Ең алдымен, саланы меңгерген маман тапшы. Жеңіл өнеркәсіпте қазір көбінесе әйел адамдар жұмыс істейді. ЖОО-ларда текстиль факультеті болғанымен, бұл мамандықты бітірген жастар өздерінің болашағын жеңіл өнеркәсіп саласымен байланыстырмайды. Жұмысқа тұрса да, заманауи жабдықтарды, технологияларды меңгермегендігін байқаймыз. Басты себеп оқу орындарында оқу-құрал жабдықтары ескірген, ескі әдістемелермен оқытады. Бұл мәселені ЖОО-лар мен ірі жеңіл өнеркәсіп орындары арасында тығыз қарым-қатынас құру, студенттердің практикаларын кәсіпорындарда өткізуді қадағалау және кейбір ЖОО факультеттерін ірі кәсіпорындарға басқаруға беру арқылы шешуге болады. Сонымен қатар бұл мәселенің тамырына да көз жүгіртіп, жалпы ұлттық идеологиямен де байланыстырған абзал. Екіншіден, қазір елімізде көптеген жеңіл өнеркәсіп тауарлары сырттан келеді. Соның бәрін өзіміз өндіруге әлеуетіміз жетеді. Дегенмен бізде дайын өнімдерге салынатын кедендік баж салықтары төмен болғандықтан, шетелден алып сату қолайлы болып отыр. Сондықтан бізге даму қиынға түсіп жатыр. Дамып жатырмыз, бірақ баяу. Мысалы қазір шетелден кілем өте көп келеді. Атап айтар болсақ, Түркия, Иран, Бельгия, Өзбекстан секілді елдерден кілем тауарлары емін-еркін кіріп жатыр. Оның ішінде соңғы жылдарда жалпы кілем импортының ішіндегі Өзбекстанның үлесі жыл сайын өсіп барады. Оларда кілем бизнесі қарқынды дамып келеді. Мұның басты себебі көршілеріміздің кедендік және акциздік салық салу арқылы өз нарығы мен өндірушілерін тиімді қорғап отыр. Бұл тек қана кілем өнімдеріне ғана қатысты емес, басқа да біздің елде өндірілетін тауарларға қатысты үлкен мәселе. Өзбекстан тарапы өз нарығына кірген қандай да бір елдің тауарының импорты өскенін байқаса, бірден сол елге, сол тауарға қатысты акциз салығының мөлшерін көтеріп тастайды. Еліміздегі базар сөрелері арзан импорттық киімдерге толып тұр. Өз кезегінде, отандық киім өндірушілер мұндай бәсекелестікке төтеп бере алмай отыр. Ал сырттан келіп осы салаға инвестиция құямын деушілер жоқтың қасы. Сонымен қатар импорттан келетін тауарлардың заңсыз контрабанда жолымен де келіп жатқанын аңғаруға болады. Біздің отандық жеңіл өнеркәсіп өндірушілерін импорттық тауарларды жіті қадағалауға алу арқылы үкіметтік деңгейде қолдаса деген ұсынысымыз бар. Яғни, қандай да бір өнімнің импорт үлесі күрт өскені байқалған сәтте, импорттық тауарларға кедергілер туындату тетіктерін қолдансақ екен. Импорт тауарларына қатысты кедендік рәсімдеу шығындары мен талаптарын күшейту, кедендік рәсімдеуде қолданылатын шартты бағалар мөлшерін көтеру секілді шараларды қолдануға болады. Үшіншіден, жеңіл өнеркәсіпте қолданылатын шикізат тауарларының экспортына шектеу қою керек. Өздеріңізге белгілі еліміздің оңтүстігінде мақта өсіру дамыған. Алайда мақта өндіруші ірі кәсіпорындар мақтаны дайын тауарға айналдыру жолын емес, шикі түрде экспорттауды таңдайды. Себебі заңмен шектеу қойылмаған. Мысалға, көршілес өзбек елі де мақта өсіреді. Алайда мемлекет тарапынан мақтаны шикізат ретінде сатуға 2020 жылдан бастап тиым салынған. Қысқа ғана уақыт ішінде, елде текстиль өндірісі көлемі күрт артқан, яғни 2021 жылы 2017 жылмен салыстырғанда Өзбекстанда иірілген жіп пен мата өндірісінің көлемі 2 еседен, трикотаж маталар 3 есе, тігін және трикотаж бұйымдары 5,5 есе, шұлық бұйымдары шамамен 7 есе өсіпті. Соның арқасында 2021 жылы Өзбекстандағы тек дайын жіп сатудан түсетін экспорт көлемі (1,6 млрд доллар) алтын сатудан түсетін ақшадан басып озды (1,3 млрд доллар). Елімізде де осы шараны іске асырсақ, отандық текстиль саласы жандана бастайтын еді. Біз қазір жіпті өзіміз шығарамыз, бірақ жіпке арналған полипропилен гранулын шетелден, Ресей, Иран, Қытайдан алып келеміз. Сол шикізат біздің елде әлі күнге дейін өндірілмей отыр. Ал ол газдан алынады. Бізде тек газ бен пропан шығады, жылытуға пайдаланамыз, одан артық ештеңе өндірмейміз. Мұнай-газ-химия зауыттарын салу керек. Қазір Атырауда KPI компаниясы ашылды, дегенмен әлі өнім өндірген жоқ. Түбінде өнім шығарады, бірақ соған басымдық беру керек. Яғни, мұнай-газ шикізатын одан әрі өңдеу керек. Жеңіл өнеркәсіпте де, басқа да өндірісте де синтетикалық талшық қолданылады. Осы арқылы ауыл шаруашылығына, машина жасауда да, құрылыс материалына, басқа да салаларға керек көптеген шикізатты ала алатын едік.
Мақсат СЕРАЛЫ, экономист, «Атамекен» ҰҚП филиалының директоры:
Әр саланың ахуалына қарай бағдарламалар дайындауымыз керек
– Еліміздегі локомотив салалардың бірі – шикізат секторы. Одан кейін әлеуеті жоғары ауыл шаруашылығы, одан кейін жеңіл өнеркәсіп саласы. Бір айта кетерлігі, жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салалары бір-біріне тікелей тәуелді. Яғни, бір саланың дамуы автоматты түрде екі саланың да дамуына жол ашады. Сондықтан бұл салаға үлкен, ірі реформа қажет. Реформаның бәрі негізді, жеңіл өнеркәсіптің ішкі механизмдеріне байланысты болуы керек. Мысалы, көрші Қырғыз Республикасы немесе Өзбекстанды алып қарайтын болсақ, жеңіл өнеркәсіп жоғары деңгейде дамып кеткен. Оларда жеңіл өнеркәсіп жалпы ішкі өнімді жақсы қамтамасыз етіп отыр. Оларды мұндай дәрежеге жеткізіп отырған негізгі екі фактор бар. Біріншісі – бай шикізат базасы және арзан жұмыс күші. Сондықтан бізге де алысқа барып, жаңа бір дүниелерді ойлап табудың қажеті жоқ. Осы екі факторды үйлестіре білуіміз керек. Біздің оңтүстік өңірлерде шикізат та бар, арзан жұмыс күші де бар. Тек қана осы салада жүрген кәсіпкерлерді ынталандыра білуіміз керек. Мемлекеттік көмекті аямай берген дұрыс. Одан кейінгі мәселе мемлекеттегі ішкі нарыққа байланысты квота енгізуіміз қажет. Мен үнемі айтамын, квотаның қарапайым кәсіпкерлерге, жалпы отандық өнімнің нарықтағы үлес салмағын көтеруге ықпалы зор. Яғни, мемлекеттік қолдау механизмі ретінде квота енгізу керек. Қарапайым ғана мысал: егер Қазақстан ішкі нарықта жейде, көйлек, джинсы немесе матрас дейік, жалпы жеңіл өнеркәсіп тауарларының позициясы өте көп қой, сол белгілі бір тауар позициясын алу керек. Мәселен, бізде матрас өндіретін зауыт бар делік, ішкі нарықты қамтуға осынша миллиард матрас келеді. Ондағы өзіміздің отандық өндірістің үлес салмағы 1 пайызға да жетпейді, сондықтан келіп жатқан матрастарға шектеу қоя отырып, сол салада жүрген өзіміздің кәсіпкерлерді қолдау арқылы отандық өндіріс көлемін арттыруымыз керек. Осылайша, бізде бұл сала дами бастайды. Шыны керек, біздің жеңіл өнеркәсіптегі отандық тауар өндірушілеріміз еркін бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Сол себепті де мемлекеттен квота жағынан болсын, басқа жағынан болсын қолдау қажет. Мұндай квоталық шараларды кезінде Түркия жақсы пайдаланған. Қазір оларда бұл сала – ең негізгі, жетекші сала. Қазір өз ішкі нарықтарын 90-95 пайызға дейін өздері қамтып отыр. Егер де Түркия джинсы тіксе, Америка, Еуропадан шектеулі көлемде ғана джинсы импортталады. Одан артық кіргізуге рұқсат жоқ, квота енгізілген. 100 пайыз шектеу қойған жоқ, себебі дизайн жағынан болсын, тігіс, технология жағынан болсын әлемдегі соңғы жаңашылдықты үйрену керек екенін де естен шығарған жоқ. Ал қазіргі біздің жағдайда нарықты 100 пайыз жабу, біріншіден, мүмкін емес. Одан соң біз арнайы механизм ретінде квотаны тағы да пайдалана алмаймыз. Оның бірден-бір себебі – біз Дүниежүзілік сауда ұйымындамыз және Еуразиялық одаққа мүшеміз. Ішкі нарықтағы кәсіпкерлерді ашық түрде қолдай алмаймыз, бірақ жанама түрде ойластырып, үйлестіріп жасауға болады. Жеңіл өнеркәсіп басқа салаларға тікелей тәуелді. Ол біріншіден, ауыл шаруашылығы саласына, екінші химия саласына байланысты. Бізде ең алдымен, шикізат өнеркәсібінен дайын өнім өндіру мәселесін жолға қою керек, сосын жеңіл өнеркәсіпті шикізатпен қамту үшін ауыл шаруашылығын дамыту керек. Осы екі сала қаншалықты дами бастайды, жеңіл өнеркәсіп те соншалықты қарқын алады. Мысалы, бізде тері өңдеу зауыттарының мүлде болмауы бізге сын. Осындай жобаларды қолдауымыз керек. Иә, олар қазір қыруар пайда әкелмеуі мүмкін, иә, олардың маржасы төмен болуы мүмкін. Бірақ елге, мемлекетке керек. Оны мемлекет те түсінуі керек. Отыз жыл ішінде біз елдегі терінің бәрін жинап, шетелге экспорттаумен шектеліп келдік. Бұл механизм біздің экономикамызға тиімсіз, өйткені бағаға да, сырттан келетін өнімге де тәуелді болып отырмыз. Тері өңдеудің жаңа технологияларын қолдану, ауыл шаруашылығы саласында жүрген кәсіпкерлерге жүктеме ретінде сондай бір бөлімдер, цехтарды ашу мәселесін қарастыруымыз керек. Істеуге болатын осындай дүниелер бар. Осы салада жүрген кәсіпкерлерді жинап, талқылау керек. Олардың басым бөлігі екі-ақ дүниені айтады деп ойлаймын. Біріншісі – қаражаттың жетіспеушілігі, екіншісі – өткізу нарығының болмауы. Қаражаттың жеткіліксіздігі – қазіргі кезде мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдетілген субсидиялар, жеңілдетілген несиелердің қолжетімсіздігі. Мемлекет: «осындай цех ашамыз, сіз басқарасыз, алғашқы 5 жылда табыс болмауы мүмкін, бірақ белгілі бір деңгейде ішкі нарыққа өнім шығаруға тырысасыз. Мысалы, тері өңдеу зауытын қосамыз, мына кәсіпорындар белдіктен бастап етікке дейін түрлі бұйымдар тігуі керек, міне шикізат, жеңілдетілген бағамен аласыздар» десе, ешкім қарсы болмайды. Сондықтан бізге жалпы, бүкіл республиканы қамтуға арналған механизмдер керек емес, ішкі нарықтағы әр саланың ішіне үңіліп, әр өңірдің ахуалын саралай отырып проблемаларды жеке-жеке шешуге бағытталған бағдарламалар дайындауымыз керек.
Қорыта айтқанда, жеңіл өнеркәсіп мәселелері жеңіл емес болып тұр. Көрсеткіштер экономикалық қауіпсіздік шегіне жетпей жатып, саланы экономиканың драйверіне айналдыру туралы айтып жүрміз. Дегенмен сол жоспарлар мен жобалардан мардымды нәтиже жоқ. Өндірістің де, өнеркәсіптің де көрсеткіштері көз алдымызда құлдырап барады.