204
Н.Назарбаев: Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Үкіметке беруді жөн санадым
Н.Назарбаев: Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Үкіметке беруді жөн санадым
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа үндеу жолдап, билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі шешімдерін жария етті.
«Қазір заманның дидары өзгерді. Бізде өзгеруге тиіспіз. Сол себепті мемлекеттің басқару жүйесін де жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып осындай байлам жасадым. Арнайы құрылған жұмыс тобы атқарылған істерді баяндады. Реформа екі негізгі бағыт бойынша іске асады. Біріншіден, Президенттің әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға берген жөн деп санадым», - деді ҚР Президенті.Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, сонда бұл салаға Үкімет, министрліктер және әкімдіктер толықтай жауап беретін болады. Өкілеттіктерді беру тиісті Заңдарды өзгерту арқылы іске асады. Бұл өзгерістерді Үкімет қазіргі кезде Парламенттің сесссиясының аяғына дейін енгізуі тиіс.
«Екіншіден, одан да күрделі міндет билік тармақтары арасындағы қарым-қатынастарды Конституциялық деңгейде теңгерімді ету. Осы реформаның аясында Үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауда түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл Министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше биліктің заң шығарушы тармағының атқарушы билікке бақылауын күшейтетін болады. Айтылған осы екі бағыттың қай-қайсысына да жауапкершілік пен кәсібилікті арттыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейтеді. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды жан-жақты зерттеп қоғамдық талқылауға шығару үшін ұсыныстар жиынтығын әзірлеуі қажет», - дедіПрезидент.