Тілегіміз сенің үстіңде, Түркия!

Тілегіміз сенің үстіңде, Түркия!

Тілегіміз сенің үстіңде, Түркия!
ашық дереккөзі
654
6 ақпанда Шығыс Жерорта теңізінде жойқын зілзала болды. Дүмпуден Түркия мен Сирияның бірқатар аймағы қатты зардап шекті. Қалалардың бүтіндей бір аудандары жермен-жексен болды. Жер сілкінісінің күші Ливанда, Кипрде де сезіліп, Фамагуста жағалауында кішігірім цунами толқындары тіркелген. Тіпті, Италияның азаматтарды қорғау департаменті де қауіп болуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қақты. Зілзала ошағы болған аймақтар ой­ран бол­ды, ал дүмпуі бүкіл елді дүр­ліктірді. Оқи­ғадан кейін төрт күн өтсе де, үйінда ас­тында қалған адамдар толық құт­­қарыл­ған жоқ. Құрбандар мен жарақат ал­ғандар саны сағат сайын еселеніп бара­ды. Екі елге әлем жұртшылығы көмек қо­лын созып, жәрдем беріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы Түркия ел­шілігіне барып, бауырлас елдегі зіл­зала­дан мыңдаған адамның қаза табуына бай­ланысты көңіл айтты. Президент Түр­кия Республикасына шұғыл көмек ре­тінде 1 миллион доллар бөлуді, Сирияға гума­ни­тарлық көмек жіберуді тапсырды. Сон­дай-ақ біздің елдің құтқарушылары мен дәрігерлерінен тұратын екі топ Түркияда із­дестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жа­тыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екін­шісі 8 ақпанда жетті. Онжылдықтағы ең жойқын дүмпу Түркияның төтенше жағдайлар мен апаттар жөніндегі басқармасының (AFAD) дерегіне сүйенсек, 6 ақпанда Ках­ра­манмараш-Пазарджик ауданында қуаты 7,7 балл болатын, ал Эльбистанда 7,6 бал­дық жер сілкінісі тіркелген. Екі дүмпудің ин­тервалы – 9 сағат. Жер сілкінісінен кейін 648 афтершок болған, олардың ең күш­ті магнитудасы 6,7 балға жетті. Жерас­ты дүмпуі елдің 10 провинциясында сезіл­ген. 10 қалада, Газиантеп, Кахраманмарас, Ха­тай, Османие, Адыяман, Малатия, Шан­лыурфа, Адана, Диярбакыр және Килисте ғи­мараттар қирап, едәуір зақым келген. Шұ­ғыл қызметтердің келіп түскен ақ­па­ратты өңдеуге уақыты жоқ. Қаза тапқандар саны 9 ақпандағы жағдай бойынша 13 мың­ға жуықтады, 63 мыңдай адам жара­лан­ған. Түркия президенті Реджеп Тайып Ер­доған 7 күндік аза тұту жариялады. Түркия президенті бұл жер сілкінісі 1939 жылдан бері ең күшті зілзала бол­ғанын мәлімдеді. Бұдан бұрын 1999 жы­лы да елде жойқын зілзала болып, 17 мың адамның өмірін қиған еді. Сонымен қатар Реджеп Тайып Ердоғанның сөзінше, 60-тан астам ел Түркияға көмек көрсетіп жа­тыр. – Біз тарихымыздағы ең үлкен жер сіл­­кінісінің бірін бастан өткердік. Өкініш­ке қа­рай, Хатай – бұл апаттан ең көп зар­дап шек­кен және ең көп адам шығыны ұшы­ра­ған қалалардың бірі болды, – деді ол. Түркия президенті зардап шеккен ау­дандарға сапарлап, оларды бір жыл ішінде қалпына келтіруге уәде берді. Әр отбасына 10 мың лира төленеді деген ақ­парат бар. Негізі, табиғи апаттардың эконо­ми­ка­лық шығынын нақты бағалау қиын. Себебі барлық ел бұл туралы ақ­па­рат жинай бермейді. АҚШ геологиялық қыз­метінің алдын ала есептеуіне сүйенсек, Түр­киядағы жер сілкінісі елге ЖІӨ-нің 2 пайы­зындай шығын әкелуі мүмкін екен. Себебі зардап шеккен аймақ маңызды өнер­­­­кәсіп аймағы саналады. Ал Bloomberg Economics есептеуінше, қалпына келтіру жұ­мыстарына ЖІӨ-нің 5,5 пайызындай шығын кетуі мүмкін. Апат болған аумақтарда қалыпты жұ­мыс режиміне оралу үшін бірнеше күннен бір­неше аптаға дейін уақыт кетеді деген болжам бар. Елдің негізгі порттары басқа аймақ­тар­да орналасқандықтан, бұл бойын­ша аса шығын келмеген. Сондай-ақ жер сілкінісі Баку-Тби­лиси-Джейхан мұнай құбырының жұ­­мысын тоқтатуға мәжбүр етті, бірақ ел би­лігі нысанның өзіне зақым келмегенін мә­лімдеді. Осы құбыр арқылы біздің мұ­най­дың бір бөлігі тасымалданып отыр. Одан бөлек, зілзала болған аймақта, нақтырақ айтқанда, Мерсин қала­сы­ның маңында Түркиядағы бірінше АЭС – «Аккуюддің» құрылысы жүріп жатыр. Түр­кия үкіметі ешқандай қауіп жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар түрік лирасының АҚШ долларына бағамы бірден ре­кордтық деңгейге құлдырады, қор бир­жасында ел акциялары түгелдей теріс көр­­сеткішке түсті. Алайда кейінірек Түрік валю­тасы шығындарды қалпына келтірді. Күшті жер сілкінісінің дүмпуі Си­рия­ны да шайқады. Бірнеше қала­ның, соның ішінде Алеппо, Латакия, Хама жә­не Тартус аймақтарында адам шығыны бол­ған. Бұл аймақтардың біразы онсыз да со­ғыстан кейінгі үйінділерді қалпына кел­тіріп үлгермеген. Сирия денсаулық министрлігінің соңғы ақпаратына сүйенсек, елде кем дегенде 2,8 мың адам қаза болып, 5 мың­нан астам адам жарақат алды. Инфрақұрылымның әлсіздігіне бай­ланысты Сирияға көмек жеткізу бойын­ша қиындықтар туындап жатыр. Түр­кия сыртқы істер министрі Мевлют Чаву­шоглудың айтуынша, Түркия Си­рия­мен шекарада екі жаңа өткізу пунктін ашу­ды жоспарлап отыр. Жалпы, Сирияға кө­мек көрсетіп жатқан бірқатар мемлекет бар. Дегенмен олардың саны туралы нақ­ты ақпарат жоқ. Жер сілкінісінен ЮНЕСКО-ның Бү­­­­кіләлемдік мұра тізіміне енген Түр­киядағы Газиантеп бекінісіне, Сирия­да­ғы Алеппо бекінісіне айтарлықтай за­қым келді.  width=Сондай-ақ ұйым Түркиядағы Дияр­ба­кыр бекінісі мен Хевсель бақта­ры­ның мәдени ландшафты сияқты дү­ние­жүзілік мұра саналатын бірнеше ғи­ма­рат­тың құлағанын хабарлады. Гөбекли Тепе археологиялық мұражайы, Немрут-Даг тауы және ежелгі Арслантепе қаласы да ай­­тарлықтай зардап шегуі мүмкін. Шы­ғын­­ның салмағын анықтау үшін халық­ара­лық сарапшылар жұмыс істейтін бо­лады. Сириядағы Бания портынан алты шақырым жерде орналасқан Мар­каб немесе Маргат кресшілер сарайы да жер сілкінісінен бүлінді. Ғимараттың қа­быр­ғалары жартылай қирап, мұнаралары­ның біріне зақым келді. Қазақстан бауырлас елмен бірге Еліміз бауырлас түрік еліне жедел кө­мек қолын созған елдер қатарын­да болды. Мемлекет басшысы Үкіметке жой­қын жер сілкінісі салдарынан зардап шек­кен Түркия Республикасына шұғыл кө­мек ретінде 1 миллион доллар бөлуді тап­сырды. Сондай-ақ Президент тап­сыр­ма­сымен құтқарушылар мен дәрігерлерден тұра­тын Қазақстан құтқарушыларының екі тобы түрік елінде іздестіру-құтқару жұ­­­мыстарын жүргізіп жатыр. 9 ақпан күні құтқарушылар үйінді астынан 3 адамды аман алып шыққаны хабарланды. – Құлаған тоғыз қабатты үйдің қиран­дыларының астынан бір қарт адам мен екі жас жігіт шығарып алынды. Қазақстандық құтқарушылар оларға бірінші болып ба­рып, адамдарды түркиялық әріптестеріне және медициналық қызметтерге тапсыр­ды. Жұмыстар үзіліссіз екі тәулік бойы конструкциялардың құлау қаупі төніп тұр­ғанымен аса күрделі жағдайларда жүр­гізілді. Адамдарды анықтау үшін кино­ло­гиялық есептоптар және арнайы іздеу құрал­дары белсенді түрде тартылды, – де­лін­ген хабарламада.  width=Өкінішке қарай, зілзала болған ай­мақ­тарда отандастарымыз да бар болып шықты. Қазір олар іздестіріліп жа­тыр. Олардың бірі – Сабина Мама­дьярова 8 ақпан күні кешке аман-есен та­былды. Ең алдымен 16 қазақстандық пен Қырғыз Республикасының екі азаматы эва­куацияланды. Олар 8 ақпанға қараған түні Қазақстан ТЖМ бортына келді. Келесі күні Түркиядан тағы 42 Қазақстан азама­ты мен 22 қырғыз елінің азаматы эвакуа­ция­ланды. Одан бөлек, Қазақстан халқы да Түр­кияға қолдан келгенше гума­ни­тарлық және қаржылай көмек жолдап жатыр. Kaspi банк Түркияда зілзаладан зардап шек­кендерге көмек аударатын шот ашты. – Апаттан зардап шеккен түр­кия­лық­тарға көмекті Kaspi.kz қосымшасы арқылы ауд­ара алады. Ол үшін төмендегі шоттарды таң­дау керек: Төлемдер – Қайырымдылық – Ұлттық волонтерлік желі Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гу­ма­нитарлық көмек. Екінші жолы: Төлем­дер – Қайырымдылық – Түркия Халқына Жәрдем қаражат Түркиядағы AFAD қоры­на жіберіледі. Бұл екі есепшот та өте сенім­ді, – деп жазылған банктің хабарлама­сында. Одан бөлек, Қазақстандағы Түркия елшілігінің ұсынысымен «Жәрдем нау­қаны» аясында тағы бір шот жылу қа­был­дап жатыр. 9 ақпандағы мәлімет бойын­ша Түркияда зардап шеккендерге қа­зақстандықтар 18 млн теңгеге жуық қара­жат жинаған. Бұл қаражатқа 40-қа жуық киіз үй алып, Түркияның Қазақстан­да­ғы бас консулдығына жеткізу жоспарла­нып отыр. БҰҰ-ның 1998-2017 жылғы аралыққа жүр­гізген талдауына сүйенсек, осы жылдар ара­лығында 1,3 миллиард адам табиғи апат­тардың құрбаны болған. 4,4 миллиард адам жарақат алып, баспанасынан айы­рыл­ған. Ал дүниежүзілік банктің дерегін­ше, табиғи апат салдарынан әлемде жылы­на шамамен 550 миллиард доллар шығын шы­ғады, 26 млн адам кедейліктің тауқы­метін тартады екен.

Д.ЖАНАТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары