Байыт Қабанұлы: Күлтегін мен Білге қағанның жұртында жүрген ақынмын

Байыт Қабанұлы: Күлтегін мен Білге қағанның жұртында жүрген ақынмын

Байыт Қабанұлы: Күлтегін мен Білге қағанның жұртында жүрген ақынмын
ашық дереккөзі
1298
Шетелде тұратын қазақтардың ұлт­тық келбетін сақтап тұруға руха­ният саласы өкілдерінің ықпалы ерекше. Біреулері ән-күйімен, біреулері жырымен, тағы біреуі қаламгерлік қуатымен ұлтқа қыз­мет етіп жүр. Сондай қаламгердің бірі – Моң­ғолияның Эрдэнэт деген қаласында тұра­тын ақын Байыт Қабанұлы. Біз әлеу­меттік желі арқылы қаламгерге хабарласып, сұх­баттасқан едік. – Соңғы кездері әлеуметтік желі ар­қылы таралған ақпараттарда Моң­ғо­лиядағы қазақтардың да ана ті­лінің шұбарланып бара жатқаны жайлы айтылып жүр. Өзіңіз сондағы қазақ­тар­дың бірі болғандықтан ол жақтағы ағайынның жайын сізден артық біле­тін ешкім бола қой­мас деп өзіңізден сұра­ғымыз келіп отыр. Моңғолиядағы қазақтардың ана тілі шы­нымен шұ­бар­ланып бара ма? Егер рас бол­са, оған басты себеп не? Олардың тілін та­за сақтап қалу үшін не істеуіміз қажет? – Иә, бұл тіл мәселесі соңғы кездері ғана емес, жалпы бұрыннан айтылып жүр. Жүрегінде «елім, ұлтым» деген сезімі бар адам біткеннің саусағының басына қадалған тікен сияқты қатты мазалап келе жатқан мәселе. Расына келсек, сан жағынан онша көп болмаса да, Моңғолия қазақтары ұлттық тілін, салт-дәстүрін жақсы сақтады. Оған осы Моңғолия жеріне қоныстанған ал­ғашқы жылдардан бастап өздері жеке ай­мақ болып құрылып, балалары орта мек­тепті қазақша оқып, көбі ежелгі көш­пен­ді тіршілікте өмір сүргені қазақылығын сақ­тауына себеп болған шығар. Әрі осын­дай жайлы тірлік етуіне Моңғолия үкіме­ті­н­ің сол елдегі азшылық ұлтқа деген ерек­ше қамқорлығы зор ықпалын тигізді. Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасып келеді. Бірақ соған қарамастан соңғы жиырма жыл­дың әрі жақ бері жағында мұндағы аз ғана қазақтың тілі аздап болса да шұбар­ла­на бастады. Неге дейсіз ғой. Қанша айт­қан­мен ел өсіп жатыр. Соған қарай ұрпақ жұ­рағат, жастар оқып, жетіліп, тек Баян-Өл­гей амағының маңында ғана емес, жал­пы моңғолдың кез келген тіршілікке қо­лайлы жерінде бизнес ашып, жұмыс істеп жатыр. Баян-Өлгей аймағының 90 пайызы қазақ болса Моңғолия мемлекетінің 99 пайы­зын моңғол ағайындардың өздері иеле­неді. Міне, сондықтан өмір заңдылығы мен мына ұлы уақыт аз ғана қазақтың тілі мен дәстүріне, тағы сол секілді ұлттық құн­дылықтарына күн өткен сайын белгілі бір мөлшерде әсер етіп отыр. Оның сыртында сәт сайын сабындай езі­ліп, аударылып төңкеріліп бара жатқан мы­на адамзат әлеміндегі техника өркені – тек мұндағы санаулы қазақты ғана емес, бар­ша адамзаттың іші мен сыртын адам сен­гісіз басқаша бір түрге енгізіп, өзгертіп ба­рады. Былайша айтқанда, бір кездегі жа­ныңнан артық саналатын құндылық та бү­гін еш қажеті жоқ құнсыздыққа айналып ба­рады. Әсіресе, жастар жағы бір ғана мем­лекет көлемінде емес, әлемдік деңгейде тір­лік жасай бастады. Сондықтан бұрын­ғы­дай сылаңдатып арғымақ мініп, ұлан-ғайыр арда даланың ұлылығын көрсетіп жү­ретін дәстүрлі тірлік әлсіреді деуге де бо­лады. Ол тіршілік үлгісі бізде қазір бар, бір­ақ бұрынғы келбетін мүлде өзгерткен. Әй­теуір, малын малданып отыр демесең, тех­ника көмегіне көшіп кетті. Ал қазақ тілінің 50-60 пайызы сол дәс­түрлі тіршілікке, мал шаруашылығына бай­ланысты екенін ескерсек, біз тілесек те, ті­лемесек те тіліміздің біраз пайызы жо­ғал­ды деген сөз. Бұл көрініс бізде ғана емес, қа­зақтың қайнап тұрған ортасы сіздерде тіп­ті де адам шошырлық жағдайда. Міне, сондықтан адамдар қажеттілік үшін, кейде мәжбүрлі түрде, бірде мәртебе са­нап өзге тілде сөйлеуі де мүмкін. Олар «өз тілім жоғалмайды, білемін» деп ойлай­ды. Шын мәнінде, олай емес, өзге тілге қан­шалықты жақындаса, өз тілінен сон­ша­лықты алыстап кетеді. Соңында өз тілінде сөйлеу былай тұрсын, ойлауды қояды. Ал ана тілінде сөйлеуді, ойлауды қойған ұлт өзін жоғалтады. Бірақ, өкінішке қарай оны көп­шілік халық айтпасаң білмейді, айтсаң ренжиді. Міне, бүгінгі заман сондай заман. Жал­пы, қалай айтсаң да, адам ішкі жан дү­ниесінің қажеттілігінен гөрі сыртқы өмір тір­шілігінің қамын артықтау ойлайтыны бәрі­мізге аян нәрсе. Бәрімізді сол тіршілік ағы­ны жетектеп бара жатыр. Ал сол әлсіреп бара жатқан тілді қайт­сек сақтап қаламыз? Бұл, әрине қиын мә­селе. Ең алдымен жасөспірім балаларды ба­ла­бақшадан бастап, жоқ дегенде 5-6-сы­нып­қа дейін таза қазақша оқытуымыз ке­рек. Бірақ оған енді мүмкіндік туа қоймас дей­мін. Себебі Моңғолия елінің бүгінгі заңы бойынша 2-сыныптан бастап қазақ ба­лалары да моңғолша оқуы керек. Оның сыр­тында қазақша оқу құралы жоқ деуге бо­лады. Бұрын біз Қазақстаннан алатын едік. Соңғы 30 жылда Қазақстан шеттегі қа­зақ балаларына оқулық жеткізіп беріп жат­қан жоқ сияқты. Әйткенмен де, мұн­дағы аз ғана қазақтың ана тілі сіздер ойла­ған­дай аянышты халде емес. – Жалпы, Моңғолияда қанша қа­зақ тұрады? Олар Баян-Өлгейден басқа қан­дай жерлерді мекен еткен? Моң­ғо­лия қазақтарының рухани-мәдени өмі­рін бірқалыпты сақтап тұруға ба­ғыт­талған жұмыстар жүріле ме? Ру­хани-мәдени орта қалыптасқан ба? – Моңғолияда сол бір 100 мыңның әрі жақ бері жағында қазақ тұрады. Оның ба­сым көпшілігі Баян-Өлгей аймағында. Ал ел астанасы Ұланбатырда, Дархан, Эр­дэн­энт сияқты үлкен қалаларда және басқа да аймақтарда орналасқан қазақтар баршы­лық. Өлгейден басқа аймақтарда және қа­лаларда тұратын қазақтардың балалары ба­лабақшадан бастап моңғолша оқиды. Әй­теуір, ата-аналары үйде үнемі қазақша сөй­лейтіндіктен, оларға қазақ тілін ұмыт­тырмай келеміз. Ал өздері моңғолша сөй­лейтін ағайындардың балаларының қазақ­шасы жайлы айту да қиын. Енді Моңғолия қазақтарының рухани-мәдени өмірін бірқалыпты сақтап тұруға ба­ғытталған жұмыстар турасында айтсақ, Баян-Өлгей аймағында күн сайын тұрақты әуе толқынына шығатын қазақ радио ха­бары, аймақтың Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапхана, Құрманхан Мұхамә­ди­ұлы атындағы музыкалық драма театры, аз ғана уақытпен шектелетін бірлі-жарым те­леарна хабарларымен ғана тоқталамыз. Ал жалпы халықтың негізгі бөлігінің ой-санасы, тілі, ділі әзірше ұлттық құнды­лы­ғы барынша сақталып келе жатқан­дық­тан, жас ұрпақтың көпшілігі сол ортадан қазақи тәрбие алып өсіп келеді. Оның сыр­тында өзіндік әдебиет, мәдениетін өр­кен­детуге атсалысып, талпынып жүрген әр­түрлі өнер, білім өкілдері бар. Бұл енді тағы бір 100 жылға еркін жеткізетін қуат-күш деп ойлаймын. Ал оған дейін аз ғана қа­заққа уақыт тағы қандай сый тартып, мүм­кіндік туғызарын бір Алла біледі. Мүм­кін, жаңадан рухты ұрпақ қалыптасып, қай­та жаңғырып өркендеуі де мүмкін ғой. – Сіз Қазақстан және Моң­ғолия жа­зу­шылар ода­ғының мүшесісіз. Бір­неше кітабыңыз жарық көрді. Қа­зақ­станда тұратын ақын-жазу­шы­лар­мен шығарма­шылық тұрғыдан байланыс жа­сап тұрасыз ба? Кімдерді оқисыз? Сіз­дің кітаптарыңыз атажұртта тарал­ды ма? – Иә, осы бір ай бұрын ғана Қазақ­стан Жа­зушылар одағына мүшелікке қа­был­­дан­дым. Жазушылар одағының бас­қар­масына, әсіресе Ұлықбек Есдәулетов аға мен Қасым­хан Бегманов ағаларға алғыс ай­та­мын. Мен өлең, поэма, әңгіме, эсселерден тұ­ра­тын қазақ, моңғол тілінде жазылған 30 шақты кітаптың авторымын. Құдайға шүкір, осындағы аз ғана қазақ әйтіп-бүйтіп оқып келеді. Оқушы, студент жастардың қа­жетіне жарап жүр. Осындағы елдің тілін, ділін, әдебиет, мәдениетін сақтауға аз да бол­са үлес қосып жүрмін. Келешекте де со­лай болмақ. Бұл – үлкен еңбек, бұл – елге істеліп жатқан қызмет, мақтаныш емес, жанкештілік. Қазақстанда да екі-үш кітабым жарық көрді. Ал Қазақстандағы ақын-жазушылармен байланыс туралы сұрадыңыз. Қазір байланыс жасау күрделі мәселе емес қой. Үйде отырып-ақ әлемнің келесі бір түкпірінде отырған адаммен әң­гіме-дүкен құра беруге мүмкіндік жетеді. Байланысып та отырмыз. Ұлы Абайдан бастап бәрін оқыдық де­сек артық болмайды. Кейінгі кездегі жас­тардың да кітаптары бірлі-жарымдап жетіп жа­тады бізге. Әлеуметтік желі арқылы да оқи­мыз. – Сіздің көптеген өлеңіңізде көш­пен­ді өмірдің тұрмыс-тіршілігі, ұлт бол­мысы, ата-баба мекені жайлы жыр­ла­натын сияқты. Кейбір жырларыңыз­да байырғы қоныспен қоштасып жат­қан сияқты сарындар сезіледі. Бұл не­ні білдіреді? Бір жаққа көшуге ың­ғайлану ма, болмаса қалалық болған соң көшпенді өмірді аңсау ма? – Мен сол ежелгі көшпенді өмірде дү­ние­ге келіп, сол ортада ержеткен адаммын. Сондықтан менің туындыларымның көп бө­лігін көшпенді өмір өкілдерінің тұрмыс-тір­шілігі сол тіршіліктің қайғысы мен қуа­нышы иеленеді. Оның сыртында өмір бойы атажұртты аңсаған аталардың са­ғы­нышынан қалған сарқынмын ғой. Сол са­ғыныш менде де бар. Ол сағыныш туралы, мүм­кін, сен мүлде білмейтін шығарсың, бауы­рым. Ол деген шетте жүрген барша қа­зақ­ты адам қалпымен, қазақ қалпымен сақ­тап келе жатқан теңдесі жоқ қасиетті қа­сірет. Содан жаралған менің өлеңдерім де мұңлы, зарлы болып келеді негізі. Сұлтан деген бауырым екеуміздің жаз­ған «Шетел қазақтарының әні», қазақ­стан­дық атақты композитор Ермұрат Үсенов ағам екеміздің жазған «Көшкен елдің қош, қошы» сияқты біраз әнім барша қазақ ара­сында айтылып жүр. Әсіресе, шетел қа­зақ­тары көптеп орындайды. Ол да сағы­ныш­тың салдары ғой деп ойлаймын. Сенің ай­тып отырғаның да сол шығар. Әйтпесе, мен ешбір жаққа көшейін деп жатқан жоқ­пын, (Уақыты келгенде көшерміз бар­са­кел­меске) өзім қалада тұрған соң ауылды аң­сау да емес. Өйткені мен ежелгі атақты Ор­­хон бойында Қарақорым, Етүкен дала­сын­­дағы Күлтегін мен Білге қағанның жұр­­тында жүрген ақынмын. Бұл даланың тас біткені сыр ақтарып, үлпілдеп соққан жұм­сақ самалына дейін маңдайымнан си­пайды. Кез келген уақытта тұра шауып со­­ған жетемін. Жетемін де: «Қарақорым... Қан сасиды Орхон судың жағасы Көз жіберсем шым-шым етіп, Жанды жыртқан тарихтың жарасы. КӨК пен ЖЕРден күңіреніп Күлтегіннің наласы Көз алдымда көлбірейді көк түріктің даласы. Бұл далада Оғыздардың басып өткен ізі жатыр Қаны әлі кеппеген, Қобыздардың қыл ішегі әлі жылап ызыңдайды Соны естуге көп келем. Мына жердің тастары да аударылып төңкеріліп сөйлейді Қайран жұртым, қалың елім, қаның бар ма төкпеген? Әр заманның тең болады сардары мен сайқалы Сұм уақыт жақсыны да, жаманды да айырмасыз жайпады. Содан шығар Қарақорым даласының желіне дейін ызыңдап Күлтегіннің азалы әнін әлі күнге айтады. Бұл далада біреу шаттық әнін айтып, Біреу өксіп қайғы алған. Бабалардың күші менен Жауларының айласы да сай болған. Бұл далада шапса егер жау олжалап, Ысқырса егер жел айдаған желкелеп, Ай маңдайлы ару өксіп, арқыраған арғымақтар жау алдында айдалған. Бұл далаға жау кірмеген болса дағы қарауылсыз қамалсыз, Бабаларым мал өсірген, жан өсірген алаңсыз. Енді бүгін Сақ, Ғұндардың Жебесінің жел ысқырған дауысы, Еміс-еміс құлағымды шуылдатып, Қанжар сабын қыстырады амалсыз. Бұл далада қандар аққан кеңірдектен, тұмсықтан, Күйші қазақ сол төгілген қанның құнын әуен етіп, сыңсытқан. Бұл далада ханның сұлу жас қатыны асыл торғын көйлегін, Жылқы баққан құлға арнап, иығынан сусытқан. Бұл далада болды талай уақыттың талғамы, Ерліктің де, елдіктің де сөнді шырақ шамдары. Оо, қайран ел, сен деп жылап, Жатыр мына алып таудың заңғары, Оо мұңлығым, қай еріңнің бас сүйегі қай жырада қалмады? Мына дала жер етпеді не бір батыр, көсемді. Талай жаным, талай қаным, төсеніш боп, төселді. Әлі тәмам еткен жоқсың, кеселді. Ей, қансоқта, сұм уақыт қайтарып бер, есемді», – деп өлеңдете жөнелем. Ақын бо­лып жаралған екенсің, соның ішінде қа­зақ­тың ақыны болып жаралған екенсің бұл да­лада өлең жазбау мүмкін емес. Бір сөзбен айт­қанда, мен бабалардың ежелгі жұртын күзе­тіп жүрген күзетшімін. – Моңғол ақындарының өлеңін қа­зақшаға аударып жүрсіз. Жалпы, қа­зақ-моңғол ақындарының рухани байланысы қандай? Моңғол әдебие­тінен үйренетін дүниелер көп пе? – Мен неше жыл еңбектеніп моңғол­дың ең таңдаулы деген 100-ге жуық ақы­ны­ның 500-ге тарта таңдаулы туындысын қа­зақшаға аудардым. Былтыр қазақ десе жа­нын беруге дайын тұратын, Нұрбек Жыр­ғауұлы деген бауырымның демеуімен өте үлкен көлемді кітап етіп екі мың дана­мен бастырып, оқырманға ұсындым. Қазір қо­лымда бір данасы да қалмады. Биыл тағы да сол Нұрбек бауырымның демеуімен қай­та басылғалы жатыр. Менен бұрын да аударылған моңғол әде­биеті, әрине, бар. Бірақ осыншама көп ақын­ның өлеңі бір жолда аударылып кітап бо­лып шыққан жоқ. Оған мен біраз еңбек, уа­қыт жұмсадым. Әрі бұл аударма жетер же­ріне жетті деген мырза көңілдемін. Не­гіз­­гі бағасын оқырман береді. Беріп те ж­атыр. Алла қаласа, Қазақстанда да шығармақ ойым бар. Сендер жақта кітап шығарудың қандай жолдары бар екенін мен жақсы біл­меймін. Ол жақтағы ақын-жазушы қа­лам­дастардан сұрап көреміз. Егер үкіметтік тап­сырыспен көп данамен басылып тарал­са, ондағы оқырмандарға да үлкен олжа болары хақ. Оның сыртында кітаптың элект­рон­ды нұсқасын да таратармыз. Моңғол деген халық – өте ерте за­ман­нан қалыптасқан, әдебиеттің үлгісі бар, ерекше ой­шыл халық. Кітап жасаудың да керемет үл­гісін ойлап тауып, сақтап келген мәде­ниет­­ті ел. Жалғыз мысал келтірсем, бұлар кі­­тап парақтарын ақ күмістен жасап, жазуын алтынмен жазып, гауһар, жақұт, ла­ғыл, ақық, меруерт, інжу... дегендей асыл тас­­­тармен тыныс белгі әшекейлерін қойып, ең қымбат саналатын тоғыз қазы­намен кі­тап беттеген дүниедегі жалғыз ел. Сенің сұрағыңа мысал ретінде айтып отырмын. Ал әдебиетіне келсек, өзіндік ерекше ой санасы бар, жазу стилі қалыптасқан өң-түсі бас­қаға көп ұқсай бермейтін келелі әде­биет. Өмір сүру салты да бізбен бірдей кө­ш­пен­ді. Сондықтан олардан үйренетін нәрсе өте көп. – Өзіңіз әлеуметтік желіде бел­сен­дісіз. Бұл сізге аудитория жинау үшін қа­жет пе, бол­маса рухтас азамат­тар­мен пікір алмасу үшін қажет пе? – Бұл ешқандай аудитория жинау үшін де емес, пікір алмасу үшін де емес жасаған туын­дыңды оқырманға жеткізудің тағы бір қолайлы жолы. Қазіргі заманның өзі тіле­сең де, тілемесең де осы әлеуметтік желіге те­ліп отыр. Шындығын айтсақ, келешекте кі­тап шығарудың да қажеті болмай қала­тын түрі бар. Тіпті, олай болмағанның өзін­де бастырған мың дана, екі мың дана кіта­бың ешкімге жетпейді. Жолы қиыр. Ал мына желілерге қойсаң, неше мыңдап миллиондап адамдар оқиды, тыңдайды. Әрі пікірлерін де ашық айтады. Сондықтан ел қатарлы мен де осы әлеуметтік желіні пай­да­ланамын. Оның үстіне, мен компьютер те­тік­тері мен өзіме қажет әртүрлі бағ­дар­ла­маны да ешкімнен кем емес үйреніп, игер­ген адаммын. Қиындық туғызбайды. Әр­түрлі желіге өлеңімді қою, видео, аудио­жазылым жасау, монтаждау сияқты шаруа­ларға күніне бір екі сағат уақыт жұм­сай­мын. Ол еңбек те өзіндік нәтижесін беріп келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай

Серіктес жаңалықтары