«Керек», «қажет», «тиіс» сөздерін орынды қолданып жүрміз бе?

«Керек», «қажет», «тиіс» сөздерін орынды қолданып жүрміз бе?

«Керек», «қажет», «тиіс»  сөздерін орынды қолданып жүрміз бе?
ашық дереккөзі
52697
Қазақтың тілі бай әрі  барынша көркем екеніне ешкімнің де дауы болмас. Сол бай тіліміздің  құрамында сөйлеушінің  сөйлем  мазмұны жайлы пікірін, көзқарасын  (мақұлдауын, болжамын, қалауын, тілеуін, міндеттілігін, күдік-күмәнін немесе нық сенімін)  білдіруіне байланысты модаль сөздер деп аталатын санаулы сөздер бар. «Керек», «қажет» және «тиіс» сөздері осы құрамға кіреді. Табиғаты сөйлемде баяндауыш қызметінде жұмсалуға бейім бұл сөздер қолданылу барысында зат есімге айналуға қабілетті. Көп жағдайда олар заттық ұғымға өтіп, түрленіп жұмсалады. «Қажет», «тиіс», «керек» сөздері өзара синонимдес бола тұра, «тиіс» сөзі ғана жіктеледі:  Мен оқуға тиіспін, сен оқуға тиіссің (тиіссіз), ол оқуға тиіс. «Керек», «қажет» сөздерінің алдында етістіктен басқа сөз табы тұрған жағдайда ғана (барыс септігінде) жіктік жалғауын  қабылдайды.  Мысалы; біз қоғамға керекпіз, сен маған керексің, ауылға мәдениет үйі керек. Бар ғұмырын ұлтының қамын ойлап, жұртының жоғын іздеп, кемтігін толтырып, керегін түгендеуге арнаған А.Байтұрсынұлы көсемсөздерінде керек сөзін молынан қолданыпты. «Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болмақ керек». («Бас қосу турасында»), «Программада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табыларға керек» («Оқыту жайынан»). Кейінгі кезде осы -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек  жұрнақтары мен -ға, ге, -қа, -ке барыс септігінің жалғауының орнына -у тұйық етістігін пайдалану нұсқасы ғана сақталған тәрізді. Неге екені белгісіз, қазіргі жазармандар жоғарыдағы сөйлемді: «Жиылғандар құр сан көбейту емес, жұмыс істей білетін, жол айтып, жөн сілтеуге жарайтын білімді көсемдер болу(ы) керек». «Программада керек деген нәрселердің бірі болмаса да, көбі оқу құралдарынан табылу(ы) керек» деп жазары анық. Мүмкін, бұл кемшілік емес, қолданыстағы артық буындардың табиғи жолмен сұрыпталу кезеңі немесе  сөздердің күзеліп, түлеуі шығар. Ол жағын мамандар айқындай жатар. Десек те,  тұйық етістігі жұрнағы тыңнан қосылған жаңалық емес, бұрыннан бар. «Қазақ шәкірттерін орынсыз сынамау керек, әуелі оларды мұқтаждықтан құтқарып, жәрдем беріп оқытып, оларға сонан кейін өкпелеу керек», «Досымайылдың мұндай хаты көп жерге, көп кісіге тараған боларға керек, оның бәрі бізге жіберіп тұрмас, бұл бізге неге қызықты, өзінен сұралық»  («Досымайыл қажыға ашық хат»). Қазіргі уақытта  бұлай (боларға керек деп) айту, жазу ұмытылып, -са, -се шартты райлы (болса керек) нұсқада ғана қолдану белең алып барады. Керектің алдында келетін  -са, -се жұрнағы Ахмет Байтұрсынұлында көп кездесе бермейді: «Соғысатын қандай жұрттар, қай жағының күші басым екенін оқушыларымыздың білетіндері де, білмейтіндері де бар болса керек» («Соғысушы патшалар»). «... бұрын губернаторлар бекітетін лауазымдарды крестьянский начальниктерге беру әбден дұрыс болса керек» («Сайлау һәм партия мәселесі»), «...бұрынғы ескі волостной соттың мұршасы жеткілікті болса керек, яғни 7 күн тұтқындық пен штраф ғана боларға» («Народный соттың мұршасы»), «Мұндайда «Нұр Мұхамедұғлы» деу ыңғайлы болса да, «Бөкейханұғлы» деп атасының ұлы қылып жазудың реті келмесе керек», «Және де, мұндайда «ұғлы, қызы» делінбей, әкесінің аты қалдырылып, «Нұрғали Құлжан» я «Нәзипа Құлжан» деп жазсақ, жай екі кісі аталып тұрған секілді болады һәм ілгері-кейін тұрғанынан байқалмаса, араласқанда қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екендігі білінбей қалса керек» («ОВ» туралы»), «Әскер, қасына ерген қосшы-қолаңымен, 20 миллионнан артса керек» («Қазаққа ашық хат»). Ұлттың рухани көсемі: «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз - кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» , – дейді. «... күшті болу керекпіз» демепті, «...күшті болуымыз керек» депті, «... жұмыс істеу керекпіз» емес, «... жұмыс істеу керек» деп жазыпты. Тағы бір назар аударатын нәрсе: кейінгі кезде «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек» дегенді  барыс септігі жалғауынан қашып, «үшін» шылауына жүгінуге көшкеніміз, «Білімді болу үшін оқу керек. Бай болу үшін кәсіп керек. Күшті болу үшін бірлік керек» деуге бейім тұратынымыз. Әрине, бұл орыс тілінен аудармадағы «для» сөзінің («үшін» шылауының) ықпалынан болса керек.  «Менің сабақ оқуым керек» деген жақсыз сөйлемді «Маған сабақ оқу керек» деп айту да орыс тілінен («мне» – «маған») сөзбе-сөз аударудың салдары екені көрініп тұр. «Мен сабақ оқу керекпін» деу – тіпті орынсыз. «Бас қосу жайында» көсемсөзінде: «Осы күні қазаққа керек нәрсенің көбі әркімге-ақ мағлұм» (керек нәрсенің – түбір. қандай нәрсенің? анықтауыш) // «Сөздің қысқарып тынарында айтарымыз: бас қосуға бұл күнде қолайсыз шақ, оны басқа кезге қарата тұру керек (түбір.баяндауыш) («... қарата тұру керекпіз» деп жазбаған.) Қазақтың керегін өзге жолмен сөйлесе тұралық, бұрынғыдай емес, қазақта қазірінде бір журнал, бір газета бар». (керегін түбір+тәуелдік+табыс септігі.нені? (несін?) толықтауыш)  //  «Қазақ керегі айтылып жатыр һәм айтылар да» (керегі түбір+тәуелдік жалғауы. несі? бастауыш). «Оқу жайы» еңбегінде: «Орысша һәм қазақша оқудың екеуінен де керегінше пайдалану үшін қазақ әуелі әр нәрсенің асылына түсініп іс істерге керек («... істеу керекпіз» демеген)».  (керегінше - түбір+тәуелдік+табыс септігі=үстеу. қанша? пысықтауыш //  керек түбір. баяндауыш).  «Оқыту жайынан» көсемсөзінде: «Оқуды керек (күрделі бастауыш құрамында) қыла бастағаны – жұртқа ес кіре бастағаны». «Қазақ һәм  түрлі мәселелерде»: «Қазақ үндемей отырғаны естімегеннен емес, керексінбегендіктен емес, жандығының жоқтығынан, үрейсіздігінен» (керексінбегендіктен - түбір+етістік+болымсыз+есімше +зат есім+шығыс септігі. «емес» көмекші сөзімен тіркесіп баяндауыш) «Керектің» тіл заңдылығынан алшақ түрде жіктелуіне жол бермеуіміз керек (жол бермеу керекпіз емес). Керек сөзінің алдында келетін етістіктің (бер (етістік) + болымсыз + тұйық етістік +  тәуелдік жалғауы) тәуелденетін білген адам бұл қатені жібермеуге тиіс. Тәуелсіз блогерлердің орынды-орынсыз сөз саптауларына құлағымыз үйренгені соншалық, дұрыс-бұрысын ажыратудан қалдық.  Алайда, мемлекеттік БАҚ-тардағы, үлкенді-кішілі түрлі арналардағы тілші-журналистерге не жорық?!  Бүгінгі ұрпақ көз алдымызда   «білу керек», «білуіміз керек», «оқу керек», «оқуымыз керек» деп айтылуы тиіс сөздерді «білу керекпіз», «оқу керекпіз» деп айтатындарды көріп, тыңдап өсіп келе жатыр. Әуелі өзіміз, үйдегі ата-ана, балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдер, барша қоғам болып, тіл тазалығына ұқыпты қарап, жауапкершілік танытуымыз керек. Олай болмаған жағдайда, әрбіріміз болашақ алдында айыптымыз. «Қажет» сөзінің үшінші жақта жіктелуі көрнекті тіл білгірінің жазбаларында: «Асыл сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет» («Сындар дәуір»), «Сондықтан бұ Думаға бір ғана болса да қазақтан өкіл кіру бек қажет» («Қазақ һәм 4-ші Дума»), «Қазақша  оқи, жаза білген соң, шама келсе, орысша да білу қажет» («Қазақша оқу жайынан»), «Сондықтан сөз шығарушылар бәрінен бұрын лебіз заңынан шыққан сөздің асыл болуының жалпы шарттарын білу қажет» («Сөз өнері»), «...соның үшін школдың жанынан балалар жатып оқитын үй (общежитие) не болмаса интернат ашылуы қажет» («Қазақ арасында оқу жұмыстарын қалай жүргізу керек») бірер сөйлемде тым сирек кездеседі. Мына сөйлемдерде: «Бұлай ету әсіре қажеттігі (түбір+зат есім+тәуелдік 3-жағы. бастауыш) екінші жағынан да сезіледі» («Судьялардың еңбекақысы»), «Уақ қарыз серіктігі деген – серіктескен адамдардың қажетін шығаруға қарызға ақша беріп тұратын серіктік» (қажетін – түбір+тәуелдік+табыс септігі. нені? толықтауыш), «Қажет болған шағында (пысықтауыш) өсімнің көбіне қарамай, төлеу шартының ауыр-жеңілін талғамай ала салады», «Ол қарызға берілетін ақша азық-түлік, киім-кешек һәм онан басқа сол сияқты шығыны бар да, өнімі жоқ қажеттерге емес, шыққан ақшадан өнім болатын іске беріледі» (қажеттерге – түбір+көптік жалғауы+барыс септігі, баяндауыш) («Уақ қарыз») деген сөйлемдерде көрсетілген  қызметтерді атқарып тұр. Сонымен қатар, бұл сөз  бірнеше жерде:  «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» («Тіл тазалығы»), «Сөйлем ішіне орын алып, оралғы болудан басқа қажеті жоқ сөздер кірсе» («Тіл дәлдігі)», «Егер бернелеудің шешуі бар болса, онысының қажеті қанша?» («Көріктеу»), «Бірақ сөйлеуді негіз түріне қарай айыру қажет болған орында жалаң лебізбен айтылған сөзді жырлау, толғау дейміз», «Оны тағы да сөйлеудің қажеті жоқ» («Қара сөз бен дарынды сөз жүйесі») басқа сөздермен тіркесіп жұмсалған. «Тиіс» сөзінің де негізгі қызметі баяндауыш екені белгілі: «Көзге жайлы болу жағына келсек, мұнда қай әріппен жазылған, жә басылған сөз оңай оқылса, сол әріп көзге зиянсыз, жайлы болуға тиіс» («Араб әліппесін жақтаған баяндамасы»). «... түрік-татар жұрттары тұтынып отырған араб әріптері баспада бір ұсқынды болуы тиіс», «Жалпы, баспаның әрпі 14-нші кегілден артпасқа тиіс» («Түзетілген әріп»), «Толғау көңілдің тереңдігі күйінен хабар беруі тиіс», «Толғау әуезді сөзбен айтылуы тиіс»  («Толғау түрлері»), сөйлемнің ортасында келген жағдайда: «Ең әуелі, ереже чрезвыйчайный сиездің қарауына қандай істер тиісті (күрделі толықтауыш құрамында)  болмақ жағын қарайды» («Ережелер»), «Қара сөз нәрсені тиісті (анықтауыш) жағынан сөйлейді деп жоғарыда айтылған еді. Нәрсе турасында тиісінше (пысықтауыш) сөйлеу үшін тиісінше (пысықтауыш) ойлау керек» («Қара сөз») сөйлемде түрлі қызметтерін  атқарады. Ұлт ұстазының жазбаларынан бұл өзара синоним сөздер құрмалас сөйлемдерде  алмасып келіп ойды тиянақтап: «Жоғарғы айтылған жөнге қарап, бақылаушы крестьянский начальниктердің мекемесі болғанда, сиез басы да сол боларға керек, яғни участковый сиездің председателі участковый крестьянский начальник боларға тиіс» («2-нші дәрежелі сот һәм бақылау») тұратынын байқасақ,  бір сөйлемнің ішінде қатар келген синонимдес  модаль сөздерді: «Ауған мұжықтарды қондыру үшін һәм мемлекеттің басқа керегіне қажет орындар алар үшін Ақмола, Семей, Торғай һәм Орал облыстарындағы жерлердің шамасын білмекке» ( керегіне – түбір+тәуелдік+ барыс септігі. неге? толықтауыш// қажет орындар - қандай? анықтауыш)   («Қазақ жерін алу турасындағы низам»), «Тиісі қазақтың қағидасын жиып, қағида бойынша  билерге іс еттіру еді, оны істеуге болмаса, билердің қуатын көбейту емес, азайту керек еді»  (Тиісі – түбір+тәуелдік. несі? бастауыш //  керек еді баяндауыш) («Орынбор. 13-ші октябрь»), «Аз жерді аздырмай, көп жер орнына тұтыну үшін асыл малға керек білімнен де көбірек білім қажет» (керек білімнен – түбір. қандай? Анықтауыш // қажет – түбір. баяндауыш) («Шаруа жайынан»), «Керек қылғанымыз – қажетімізге жарататын басқалардікінен анағұрлым артық әрпіміз болғандықтан» («Араб әліппесін жақтаған баяндамасы») түрлендіріп, тиімді пайдаланудың үлгісін көруге болады Сөз соңында, біз әр сөздің мағынасын, қолдану ретін білуге тиіспіз, құндылықтарымызға қорған болуымыз қажет, «сөз қадірі – өз қадіріміз» екенін жете түсінуіміз керек.  

Бейімбет Апаханов, 

Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылы,

ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

 

Серіктес жаңалықтары