276
Белгілі дизайнер Лилия Рах бостандыққа шықты
Белгілі дизайнер Лилия Рах бостандыққа шықты
Апелляциялық сот алқасы Алмалы аудандық соты шығарған басты сот үкімін өзгертіп, Лилия Рахты бостандыққа жіберді.
«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2016 жылдың 10 қарашасында шығарған Лилия Рах, Мири Паз, Бақыт Шалбаев, Ислам Мисировқа қатысты Үкімі өзгертілсін. Лилия Рахқа қатысты сот Үкімі ҚР ҚК-нің 2-бабы 68-бөлігі бойынша тараптардың медиация тәртібі арқылы татуласуына байланысты өзгертіліп, дереу босатылсын», - деді судья Қараманов.
Ал аталмы ішке қатысты сотталған өзге сотталушылар – Бақыт Шалбаев пен Ислам Мисировқа қатысты жаза тағайындау бойынша сот Үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Сот Мири Пазға қатысты сот жәбірленушінің жаза тағайындауды күшейту бойынша талабын қанағаттандырмай, басты сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сонымен қатар, сот сотталушылардың мүлкін тәркілеуге қатысты сот үкімін тоқтатты. Апелляция алқасы Мири Паздың жәбірленуші Сувановтың өзін қылмыстық жазаға тарту жөніндегі өтінімін қанағаттандыруға негіз жоқ екенін айтты. Паз Сувановты жалған куәлік берді деп айыптаған болатын.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 10 қарашасы күні сот үкімімен Лилия Рах ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1, 8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін (жеке мақсаттары үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласа отырып адам ұрлау) айыпты деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Іске қатысты айыпталушылар: Паз, Шалбаев және Мисиров ҚР ҚК 125-бабының 2-бөлігі, 1, 3, 8-тармақтарындағы қылмысты жасағаны үшін (адам ұрлау) кінәлі деп танылған. Сот үкімімен Паз 7 жыл 6 айға, Мисиров пен Шалбаев әрқайсысы 8 жылға сотталған.
Белгілі кәсіпкер Лилия Рах 2016 жылдың 27 шілдесінде Алматыда тұтқынға алынған. Араға алты ай салып темір тордан шыққан кәсіпкер: «Мен әділ сотқа, әділдікке, достарыма әрқашан да сендім. Осылай іс аяқталып отырғанына байланысты мен қазір Құдайға шүкір, достарыма алғыс айтамын», - деді.