Амалбек Тшанов:  «Алмас қылыш» – ұлы бабалардың ерлігіне ескерткіш

Амалбек Тшанов:  «Алмас қылыш» – ұлы бабалардың ерлігіне ескерткіш

Амалбек Тшанов:   «Алмас қылыш» –  ұлы бабалардың  ерлігіне ескерткіш
ашық дереккөзі
970
  Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы тойланған 2016 жыл ел жылнамасында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Өйткені өткен күнтізбелік жыл елдің экономикасы мен ішкі-сыртқы саясаты үшін ғана емес, мәдениеті мен руханияты үшін де несібелі жыл болды. Әсіресе, қазақ киносының қоржыны тұщымды туындылармен толыққаны қуантады. Олжаның ең үлкені – елдіктің шежіресін шерткен «Алмас қылыш» фильмі. «Алмас қылыш» – қазақ егемендік алып, Тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз тарихы жайлы өзі түсірген кең құлашты фильм. Демімізді ішімізге тартып, киноны 2 сағат 20 минут бойы тапжылмай отырып тамашаладық. Көрнекті жазушымыз Ілияс Есенберлиннің тарихи романының желісі бойынша түсірілген бұл туынды 15-ғасырдың орта тұсынан, яғни Керей мен Жәнібек сұлтан Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мұрагері болып отырған мемлекеттің қазығы қағылған кезеңді баяндайды. Ел мен жердің шежіресі аз да болса қамтылған бұған дейінгі фильмдердің бәрінде өзімізді-өзіміз бейшара, қолынан ештеңе келмейтін кержалқау, жыртық үйде тұратын, жамау шапан киетін халық етіп көрсетіп келгенімізді несіне жасырайық? Оларды көріп отырып, қазақтың қарашасы тұрмақ, ханының өзі жадағай, жүдеу күн кешіпті деген ой қалыптасады. Ұзақ уақыт көшпелі ғұмыр сүргеніміз рас. Айналамызды алтынмен апталып, күміспен күптелген кең сарайлармен қоршамағанымыз да шындық. Бірақ хандарымыздың еңселі ордасы, әдемі қалаларымыз, сәулетті қорғандарымыз болды. Алайда соның бәрін Тәуелсіздікке дейін де, егемендік алғаннан кейін де көркем фильм арқылы көрсете алған жоқпыз. Оның себебі маған беймәлім. Бюджет тапшылығы қолбайлау болды ма, әлде тарихи фильмдерді түсірген кино мамандарының өткеніміз жайлы танымы аз ба немесе кезінде саяси шектеулер кедергі келтірді ме – білмеймін. Басқаны айтпағанда, ұлттық киноның алтын қорындағы «Қыз Жібек» фильмінің өзі жұпыны түсірілген. Ондағы байлардың киген киімі, жүріс-тұрысына қарап, дәулетті адам деп айту қиын. Осы тұрғыдан алғанда, күні кеше көрерменге жол тартқан «Алмас қылыш» фильмі қазақтың өшкенін тірілтіп, сөнгенін қайта жақты. Тарихымызды жіктеп, жіліктеп берген іргелі туындының желісі бойынша түсірілген ауқымды фильм ұлттық кинематографияның ең жарқын жетістігі деуге толық негіз бар. Сондықтан ел шежіресіне ерекше көңіл бөліп, ұлт абыройын көтеретін іске ұйытқы болған, түсірілімнің басынан соңына дейін шығармашылық топқа қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ. «Бәрі де салыстыру арқылы айқындалады» деген тәмсілге сүйеніп, көрермен «Алмас қылышты» «Көшпенділермен» салыстырды. Екеуі де көшпелілер тарихынан сыр шертеді, яғни тарихи драма жанрына жатады. Десе де, екі фильмді қатар қойып, қайсысы озып, қайсысы қалыс қалғанын таразылау қисынсыз деп ойлаймын. Басқаны былай қойғанда, екеуіне жұмсалған қаражат көлемі жер мен көктей. «Көшпенділер» фильмін түсіруге 40 миллион доллар шамасында қаржы жұмсалса, «Алмас қылыш» 3 миллион долларға жетер-жетпес қаражатты қанағат тұтты. Жоқтан бар жасап, ұлттың ұпайын түгендеу үшін аянбай еңбек еткен жігіттердің еңбегі ең жоғары бағаға лайық. Режиссер Рүстем Әбдіраш бастаған білікті мамандар ұлы бабалардың ерлігіне ескерткіш соқты. Қыруар қаржыға түсірілген «Көшпенділердің» көрермен көңілінен шықпауының негізгі себептерінің бірі – фильмге қазақтың тарихын, тамырын білмейтін мамандардың тартылуы. Бас режиссер, бірнеше актер шетелден аттай қалап алдыртылды. Киноның басты рөлін америкалық актердің сомдауы ұлттық кинодан ұлттың кемеңгерлерін, батырларын көргісі келген жұртшылыққа қалай ұнасын? Қаракөз қазақтың ішінен Абылайдай заңғар ханымызды ойнайтын бір актер табылмады дегенге ешкім сенбейді. Ал «Алмас қылышты» түсірген мамандардың барлығы өз еліміздікі. Рүстем Әбдіраш – қазақы ортада өскен, оқыған-тоқығаны көп білімді режиссер. Бұған дейін «Сталинге сыйлық», «Балалық шағымның аспаны» фильмдері, «Елбасы жолы» киноэпопеясы секілді іргелі туындыларымен көзге түскен маманға қазақ тарихының ең тұғырлы кезеңін таспалауды тапсырған Мәдениет және спорт министрлігінің де, елдің де үміті ақталды. Режиссер актерлердің бәрін дәл таңдаған. Әсіресе, Жәнібекті сомдаған Еркебұлан Дайыров, Қобыланды батырды ойнаған Арман Әсеновтің шеберлігі сүйсінтті. Керей мен Асан қайғыны, Әбілқайыр мен Есенбұғаны, Қасым мен Бұрындықты, Жаһанбике мен Рәбия бегімді сомдаған актерлердің ойыны да нанымды. Ең бастысы, рөлдердің бәрі өзіміздің өнерлі қыз-жігіттерге берілгені қуантты. Олардың шетелдік актерлерден несі кем? Қазақтың мінезін қазақтан артық кім аша алады? Фильмнің ерекше атап өтуге тұрарлық тағы бір артықшылығы – қазақ жігіттерін кең жауырынды, алып тұлғалы етіп көрсете білгені. Осыншама ұлан-ғайыр жерді қорғап қалған ата-бабаларымыздың сом денелі, қайратты болмауы мүмкін емес. Фильмді тамашалап отырып, алдымызда қазақ дейтін жаужүрек елдің іргесін қалаған батырларымыз тұрғанына сендік. Осыған дейін көрген көп кинолар қазақтың жігіттері өңкей арық-тұрық, бос белбеу екен деген ой қалдырушы еді. «Алмас қылышта», керісінше, ерлерімізді еңселі де ержүрек етіп көрсеткен. Батырлардың тұғырлы образын жасауда костюмнің де арқалаған жүгі ерен. Сондықтан киім суретшісінің шебер жұмысын айтпай кетуге болмайды. Жауға шыққан батырларымыздың киімі, сауыт-сайманы, қолдарындағы қару-жарағы – бәрі жарасымды, көрерменді иландырады. Туындыда адамның бойын билеп, жігерін жанитын әсерлі көріністер көп. Солардың ішінде маған ерекше әсер еткені – Әбілқайыр ханның арыстанмен бетпе-бет келетін тұсы. Ел намысын қорғайтын болашақ чемпиондарды тәрбиелеп отырғандықтан болар, осы бір көрініс спорт жарыстарын еске түсірді. Әбден дайындап, әлемдік жарыстарға үкілеп қосқан мықтыларымыз кейде шешуші сәтте оңбай сүрініп жатады. Мәселен, дайындық кезінде, елішілік жарыстарда ең ауыр салмақтарды қиналмай көтеріп жүрген зілтеміршілеріміз Олимпиадаға немесе әлем чемпионатына барғанда жеңіл салмақтың өзін еңсере алмай жатады. Мұндай сәтсіздіктер бокста, күресте болсын – спорттың барлық саласында болып тұрады. Өйткені қатты қобалжыған сәтте спортшылар бойдағы қуатын жоғалтады. Толқу жеңген кезде шашасына шаң жұқтырып көрмеген жігіттердің өзі осалдық танытады. Қарсыластың күші емес, мысы басып кеткен кездерде талай рет жүлдесіз қайттық. Фильмдегі хан мен арыстанның бетпе-бет келуі спорттағы сондай сәтсіздіктерді еріксіз еске түсірді. Әрине, арыстанның күші мен адамның күшін салыстыруға болмайды. Ол – аңның патшасы, онымен алыспақ түгілі, бір көргеннің өзі адамды үрейлендіреді. Талайға әмірін жүргізіп, қаһарын төккен Әбілқайырдың көзінен сол қорқынышты көрдік. Ал Жәнібек керісінше, арыстанмен айқасқан кезде бұрынғыдан бетер рухтанып, әруақтанып кетті. Арыстанның айбаты асып, күші тасып тұрса да, батыр жыртқышты көргенде ішкі жігерін жоғалтқан жоқ. Өршелене түсті. Ақыры аң патшасын жайратып салды. Егер ол үрейге бой алдырып, ішкі рухын әлсіретіп алса, білектегі күшінен де айрылар еді. Бала күнімізде ақсақалдардың аузынан Александр Македонскийдің аз ғана әскермен ондаған, тіпті жүздеген мың жауынгері бар қалаларды басып алғаны жайлы аңыздарды тыңдап өстік. Аз қолмен күші басым қарсыласты жеңу мүмкін емес деп, олардың сөзіне көп сене бермейтінбіз. Сол аңыздардың астарында шындық бар. Жүректің күші болмаса, білектің күшінен қайран жоқ екенін бұл фильм тағы бір ұқтырғандай. «Алмас қылыш» антқа адал, уәдеге берік болуды насихаттайды. Шах-мұхаммед пен Қасым аналарына берген уәделерін бұлжытпай орындады емес пе? Ханның қаһарына қарамастан, әпкесіне құран бағыштауға келген Жаһанбике мен оның ұлын өлтірткізбей, елдеріне аман-есен қайтарған Шах-мұхаммед те, қалың елі жаудың басын ал деп бұйырса да, бөлесін бостандыққа қоя берген Қасым да ана алдындағы антты бұзған жоқ. Өскелең ұрпақ үшін дәл бұл көріністер үлкен тәрбие мектебі екені талассыз. Алаш жұрты асыға күткен фильм қазақтың қанында ұлттық даналық бар екенін ұғындырды. Ата-бабамыздың қиын сәтте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйыса білгені, сол ынтымақты мәңгілік сақтау үшін ұлы мемлекет құрғаны – даналық пен кемеңгерліктің белгісі. Керейді сол мемлекеттің басшысы етіп бірауыздан сайлап, ақ кигізге көтерген сәт фильмді тамашалап отырған кез келген қазақты арқаландырады. Кинода келісті сөз, ұлттық мінез, тағылымды, толғамды пікір мол. Жарасты әзіл де бар. Бойыңызды шымырлатып, көңіліңізді босататын, рухыңызды көтеретін тұстары да жетерлік. Ең бастысы, танымдық һәм тағылымдық мазмұны жағынан «Алмас қылыштың» қаншама фильм жабылып көтере алмаған ауыр жүкті жалғыз өзі арқалап тұрғанын мойындауға тиіспіз. Тамырымызды іздеп, тарихымызға үңілмей, келешекке басқан қадамымыз сәтті болмайды. Сондықтан өзінің өткеніне бейжай қарамайтын әр қазақ «Алмас қылышты» көруі керек деп ойлаймын. Бұл фильм – терең тарихымыздың алтын діңгегі, ұлт рухының биік белесі. Ізденісте жүрген жас режиссерлер қазаққа, әсіресе, ұлт болашағы – жастарға дәл осындай фильм керегін түсінуі тиіс!  

Жазып алған

Анар БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары