ММА-ден әлем чемпионаты: Қазақстан командалық есепте 1-орын алды

ММА-ден әлем чемпионаты: Қазақстан командалық есепте 1-орын алды

ММА-ден әлем чемпионаты: Қазақстан командалық есепте 1-орын алды
ашық дереккөзі
50469
Қазақстан ММА бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет командалық бірінші орынды иеленді деп хабарлады turkystan.kz sports.kz-ке сілтеме жасап. 11-18 ақпанда Сербия астанасы Белградта 18-20 жас аралығындағы жастар мен 21 жастан асқан ересектер арасында ММА бойынша әлем чемпионаты өтіп жатыр. Әлем чемпионатына 60 елден 628 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ММА ұлттық құрамасының 33 мүшесі өнер көрсетіп жатыр. 16 ақпанда 18-20 жастағы жастар арасындағы финалдық жекпе-жектер өтті. Жарқын текетірес нәтижесінде Қазақстан құрамасының қоржынында 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар. Астаналық спортшы Ерсұлтан Шәкенбай өткен жылғы чемпион атағын растап, енді жастар арасында ММА бойынша екі дүркін әлем чемпионы атанды. Ерсұлтан 56,7 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Ол финалда тәжікстандық Лоик Икромовты қылқындыру әдісімен жеңді. Айта кетейік, Ерсұлтан барлық жекпе-жектерін мерзімінен бұрын аяқтады. Ақмола облысының тумасы Матильда Бачурина (52,2 келіге дейін) өз мансабындағы әлем чемпионатының алғашқы «алтынын» жеңіп алды. Ол бірінші жекпе-жегін қылқындыру әдісімен, ал екіншісін техникалық нокаутпен аяқтады. Неміс спортшысы Сонгюль Караторакпен финалдық кездесуде төрешілер бірауыз шешімімен Матильда жеңді. Матильда ММА-мен айналысқанына бір жылдан ғана асты, бірақ қазірдің өзінде керемет нәтижелер көрсетуде. 65,8 келіге дейінгі салмақта Идрис Идрисов ұлттық құрама қоржынына үшінші алтынды салды. Ол финалда болгариялық Светослав Ивановты төрешілердің бірауыз шешімімен ұтты. Идрис үшін бұл ММА бойынша бірінші халықаралық жарыс болды. Күміс медальді Батыс Қазақстан облысының екі спортшысы жеңіп алды. 47,6 келіге дейінгі салмақта Гүлназ Әбдірахманова финалда америкалық Эбигейл Альвареспен кездесті. Жекпе-жек аяқталуға жақын еді, бірақ үшінші раундтың соңында қазақстандық қылқындыру әдісіне түсіп, жеңіліске ұшырады. 56,7 келіге дейінгі салмақта өткен жылғы әлем чемпионы Карина Сисенова финалда украиналық спортшы Анастасия Холинькодан төрешілердің шешімімен жеңіліп, вице-чемпион атанды .   Командалық есепте Қазақстан құрамасы алғаш рет ММА бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын алды. Ертең, 18 ақпанда ММА бойынша ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалдық жекпе-жектері өтеді.

Серіктес жаңалықтары