«Саимова»: 55 жастағы азаматтың аты-жөні құжатта қате жазылған

«Саимова»: 55 жастағы азаматтың аты-жөні құжатта қате жазылған

«Саимова»: 55 жастағы азаматтың аты-жөні құжатта қате жазылған
ашық дереккөзі
50452
Қызылордалық тұрғын аты-жөнінің туу туралы куәлікте қате жазылғанын айтты. Ол құжатта кеткен олқылықты жөндеу зейнетке шығарда кедергі келтіре ме деп алаңдайды. Бұл туралы 55 жастағы азамат «Астана» арнасына берген сұхбатында әңгімелеп берді деп хабарлады turkystan.kz. Бақытжан Саимовтың туу туралы куәлігін ата-анасы 1970 жылы алған. Ал онда атпалдай азаматтың тегі әйел ретінде жазылған. Жас кезінде оған намыстанып, қатарластарынан құпияда ұстағанын жасырмайды. Енді неше жыл арқалап жүрген –ова мен -овна деген жалғауы зейнетке шығарда сергелдеңге сала ма деген қорқыныш бар.
«Саимова Бақытжан Куламкадировна деп жазылған. Бала күнімде құжат алған кезде бір білдім. Туу туралы куәліктің көшірмесін жазатын. Сонымен паспорт алынып кетті», - деді қала тұрғыны Бақытжан Саимов.
Қазіргі таңда қазақтың Гүлнұр, Қанағаттары құжат бойынша Гулнур, Канагат болып жүргені жасырын емес. Жалпы, елімізде адамдардың фамилиясын жазудың 20-ға жуық үлгісі бар екен. Азаматтарға арналған үкімет корпорациясына соңғы бір жылда құжаттарындағы қателіктеріне арызданушылар тіркелмеген. Ал Бақытжан Саимовтың мәселесі «зейнетке шығуына кедергі келтірмейді» дейді мамандар. Олардың айтуынша, аты-жөнін қазақшалауға ниеттілердің де қарасы қалың емес екен.
«Барлығы бір жерде шешіледі. Өтініші бойынша біз әрі қарай құжатты жолдаймыз. Оған 0,5 айлық есептік көрсеткіш бойынша баж салығы бар. Төлегеннен кейін 15 күннің ішінде құжат қазақшаланып келеді», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша PR менеджері Ерқанат Сәрсенбай.
Ал тегін өзгерткен азаматтарға диплом секілді өзге де құжаттарды ауыстырудың қажеттілігі болмайды дейді мамандар. Барлығы электронды жүйеге тіркеліп тұрады.  

Серіктес жаңалықтары