51206
Дәрігерлер «3 ай ғана өмірі қалды» деген Арай обырды қалай жеңді?
Дәрігерлер «3 ай ғана өмірі қалды» деген Арай обырды қалай жеңді?
Кейінгі кезде онкологиялық аурулардың түрі мен оған шалдыққандар саны көбейіп бара жатқаны айтылып жүр. Елімізде жыл сайын шамамен 40 мыңға жуық адам қатерлі ісікпен ауырады екен. Онколог-дәрігерлер дұрыс тамақтану мен белсенді өмір салтын ұстанып, аурудың алдын алуға болады десе, дертті жеңіп шыққан жандардың өз айтары бар. Бүгінгі кейіпкеріміз Арай Жүнісова өмірге құштар қасиеті мен жігерінің арқасында басына түскен қиындыққа мойымай, керісінше өмірін жақсы арнаға бұруға тырысқан.
Әуел бастағы сенімім ақталды
– Әңгімемізді қатерлі дерт туралы диагноз қашан қойылғанынан бастасақ. Ол сәттерді еске алу оңай емес екенін түсінемін. Дегенмен сол қиындықты еңсере білген ерік-жігеріңіз біраз жанның үмітін жағар еді.
– Студент атанған уақыт жастық шақтың ең керемет сәттері ғой. Біреулер үшін бұл қайтып оралмайтын бақытты кезең шығар. Ал мен үшін төрт қабырғаға телміріп, төсекке таңылған сәт еді. Қатерлі дерт туралы диагноз босанғаннан кейін жиырма бір жасымда аяқастынан қойылды. Тоғыз айлық қызымды емізіп отырғанда баланың мұрнынан қан кетті. Қорқып, бірден ауруханаға апардым. «Сүт бұзылған. Аяғыңыз ауыр екен, содан» деді. Ылғи жайсыз түс көріп, ішім ауырып жүргенін үйдегілерге жиі айтатынмын. Одан кейін енем ұшықтап қояды. «Екіншісі осылай болады» деп басу айтады. Іштей сеніңкіремеймін. Алайда дәрігерлердің айтқаны дұрыс шығар деп те ойлаймын.
Арада жеті ай өткенде ішім қатты үлкейді. Тұрсам, жүрсем, ауырады. Содан жылына бір келетін УДЗ-ға түсетін уақыт та келіп, тексерілдім. «Сізде бала жоқ» деді. Сасқанымнан «Сонда ішімдегі не?» деп сұрадым. «Ішіңізде су мен ірің бар. Сізді онкологияға жатқызу керек» дейді. Не істерімді білмей қалдым. Үйге келіп, жағдайды баяндағанда ешкім жылы қабылдамады. Содан қызымды алып, төркінге келдім.
Аудандық ауруханалар жауапкершілік алудан бас тартып, қалалық онкология орталығына жіберді. Дәрігерлер «Жағдайы нашар, ештеңе істей алмаймыз. Үш ай ғана өмірі қалды» деді. Бұл сөзге бәрі сенді. Өзім ғана сенбедім. Қанша қиналып жатсам да, мүлде қорқыныш болмады. Сол сәтте санамда «Мен неге бірнеше тілді меңгердім?», «Қызымды не үшін өмірге әкелдім?» деген сұрақ тұрды.
Жаман аурудың түр-түрін айтып, жібермеген жері, ішпеген дәрі, құймаған химиясы қалмаған шығар. Содан шашымның бәрі түсіп қалды. Қатты арықтап, салмағым 25 келі болды. Жақындарым мені емдету үшін хрусталь стақандарға дейін сатты.
Үлкен дозада наркоз салынып жасалған операциядан таң ата ояныппын. Оны сандырақтап жатқан өзім білмеймін, сол жердегі медбикелер айтып жылап жүр. Ал дәрігерлер «Таңға жуық қайтады» депті. Ояна салып кескен жеріме қарасам, қан атқылап жатыр екен. Мен айғайлағанда бәрі таңғалып, дәрігерді шақырды. Ал ол қанды көріп, сасқанынан тігілмей қалған жерді сол жерде бірден тіге салды. Дәрігердің сасқалақтайтынындай бар еді. Өйткені жан-жақтан, шетелден жиналған профессорлар менің жағдайымды бақылап отырған екен. Қызығы сол, қызымның туған күнінде есімді жидым. Қарасам, қас, шаш, тері бәрі түсіп қалған. Қызымның әкесі ол кезде 25 жастағы жігіт. Сол кездегі түрімді көріп, қорқып кеткен болса керек, біржола кетіп қалды. Тағдырым бұлыңғыр, алда не болары белгісіз.
Жақындарым да шарасыз күйге түсіп, күте-күте аурухананың алдына төсек салып алған. «Тым болмаса, сүйегін алып кетейік» деген ғой.
Одан кейін туберкулез ауруханасына бардым. Көп дәрі берді. Бір күнде он сегіз түрлі дәрі ішкен күндер болды. Дәрігер кетісімен түкіріп тастаймын. Сосын жанымда отырып бәрін ішкізетін болды. Химия болған соң ішіңді удай қуырады екен. Оны да ішіп үйрендік. Осылай 6 ай жаттым. Сол жерде істейтін гинеколог бір жастағы қызымның бар екенін білгеннен кейін жаны ашып, маған күнде массаж жасап жүрді. «Бір орында жата беріп ішектерің жабысып қалған. Тұрып жүруің керек» дейді. Оған денем шыдатпайды. Тамақ ішпеймін. Астымда катетер, қолымда система, төсекке таңулы жатқан адаммын. Массаждан денеме қан жүгіріп, жаным кіре бастағандай. Қолым қимылдап, қасықпен тамақ іше алатын жағдайға жеттім. Бір таңғаларлығы, ем қонбай қанша уақыт жатып, осы массаждан кейін бетім бері қарады. Орнымнан тұрып, жүре бастадым. Сөйтіп, «Бұл жерде не құдірет жатыр екен? Осыдан жазылсам, массажды зерттеймін» дедім.
Бір жылдан кейін ауруханадан шыққанда өмір бойына мүгедектік туралы анықтама берді. Одан бас тарттым. Ең бастысы, әуел бастағы сенімімнің ақталғаны кеудемді қуанышқа толтырды. Сол сәттен бастап Қытай, Тайланд, Түркия, Қазақстандағы мықты мамандардан білім алып, массаж саласына келдім. Әрине, кәсіп бастау да оңай емес, талай жолдан өттік. Дәрігерлер, адамдар диагноз қоя алмай қиналғанда массаж аяғымнан тұрғызғаннан кейін маған бұл сала қызық болды. Қазір Алматы қаласында екі массаж орталығым бар.
– «Бірнеше тіл меңгердім» деп қалдыңыз. Жиырма бір жасыңызға дейін қандай тілдерді үйрендіңіз? Негізгі мамандығыңыз туралы айтсаңыз.
– Негізгі мамандығым – тіл маманы. Тіл үйренуді Алматы қаласындағы қазақ-түрік лицейінде білім алып жүргенде бастадым. Негізі, кішкентайымнан тіл үйренуге қызығып, қосымша мектептерге де барып жүрдім. Арманым Америкада оқу еді. Ағылшын, араб, түрік тілдерінен курс өткізіп жүрсем де аш қалмас едім. Алайда өмір осыған алып келді. Ештеңеге өкінбеймін. Керісінше, қоғамға, адамға пайдамыз тисе, қуанамыз.
Тағдырым – менің стилисім
– Алматыдай үлкен қаладан кәсіп ашу оңай болмаған шығар. Шетелден үйренген массаж техникасын ел тұрғындары қалай қабылдады?
– «Біз не істейтінімізді білеміз. Не боларын Құдай біледі» дейді ғой. Шалғайда білім іздеп Қытайды, одан ары Тайландты кезіп, массаждың оқуын оқыдым. Алғашында тамағын ұнатпай, жолын таппай адасып, талай қаржының «басына су құйдым» (күліп). Қытай қыздарының массаж жасағаны ұнады.
Бірақ тілін түсіну қиындау болды. Олардың орысшасын білесіздер.
Түсінбеген нәрсені қайта-қайта сұраймын. Қолымда адам денесіндегі нүктелер көрсетілген мүсін бар. Соны қуыршақтай құшақтап, таң атқанша жаттап шығамын.
Қолым мен көзім үйренсін деп әбден массаж жасаймын.
Елге келіп, кәсіпті бірден бастап кету оңай болмады. Біздің елде бұл сала енді дамып келеді. Алғашында массаж жасайтын бір апайға арендасын төлеп, көмектесіп жүретінмін. Бір күні қарасам, оның да жағдайы мәз емес, клиент аз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бірге жұмыс істейтін болып келістік. Содан жарнама беріп, адам көбейе бастады. Үлгермеген соң жанына массажист алды. Екі адам жасайды. Ал мен қарап отырамын. «Тәжірибең жоқ» деп жолатпайды. Сөйтіп жүріп 2 миллион таптық қой. «Енді үшеуіміз бөлісеміз» десем, «Сен не істедің? Массаж жасаған біз. Бөліспейміз» дейді. Жарнама жасап, қаржы салып, клиент тапқанымда шаруасы жоқ. Алайда тапқан ақша менде еді. Содан не істерімді білмей, ойланып, біраз басым қатты. Ақыры эмоцияға беріліп, ақшаның бәрін әкеліп бере салдым. Сөйтіп, тағы көк тиынсыз қалдым. Осыдан кейін жеке кәсіп бастауға бел будым.
Жалға алатын жер іздеп, аяқтан тозуға тура келді. Әр бұрышқа барып, бағасын сұраймын. Ұнағанын ала салайын десем, қалтам жұқа. Бәрі алдын ала төлеу керек екенін айтады. Сонда да үміт үзбеймін ғой. Алматыдағы Төле би көшесінің бойымен келе жатып, сырты ескілеу ғимаратқа көзім түсті. Ішіне кірсем, бір еврей жігіт шетелге кететін болып, кеңсесін жалға берейін деп жатыр екен. Бірден жабыса кеттім, алайда қазір ақшам жоқ екенін бірден айттым. Әлгі жігіт келісті. Тіпті, кілтін беріп кетті. Ғимараттың іші жайлы, тап-таза, әдемі. Қатты қуанып, сенер-сенбесімді білмей тұрмын. «Алуын алдым ғой, енді кімге массаж жасаймын?» деп қоямын. Қажетті заттарды да сатып алмағанмын. Содан сіңлімді ертіп, дүкеннен қарызға бір кушетка алдым. Ойыма бірінші келген «Массаж әлемі» деген сөзді жазып, есіктің алдына іліп қойдым. Аяғы қақсап, буыны ауырған ата-апалар келді. Үлкен кісілерден ақша алу ыңғайсыз. Содан қол үйренсін деп тегін жасап беремін. Адамдар бірінен-бірі естіп, жинала бастады. Бар ынтаңмен, қызығушылығыңмен жасаған ісің жемісін беретініне көзім жетті.
Шетелден үйренген массаж техникасын қалай қабылдады деп жатырсыз. Мұны зерттей келе бұл біздің ата-бабамыздан қалған дүние екеніне көзім жетті. Тек олар оқып, қағаз бетіне түсіріп, патенттемеген. Мысалы, қазір қолданып жүрген гуаша деген дүниені ата-бабамыз «қартілеу» деп айтқан. Әжелеріміз күміспен тазалаған. Сосын қазір отпен массаж жасасақ, кезінде апаларымыз отпен аластаған. Мұны ары қарай жалғастыра беруге болады. Қытайлар оны патенттеп алып, «Қытай нүктелі массажы» деп жүр.
Бұл салаға келуіме басымнан өткен жағдай себеп болғанын айттым. Өмірге келгендегі бір мақсатымыз адам баласына адалынан қызмет ету деп түсінемін. Адамдар жақсы қабылдап жатыр. Еліміздің әр түкпірінен келеді. Әсіресе, пандемия кезінде келушілер саны көбейді. Дәм, иіс сезбей сырқаттанған жандарға қолымыздан келгенше көмектесуге тырыстық.
– Қиналып, жан дүниесі астан-кестен болып жүрген жандарға дертті жеңген адам ретінде не айтар едіңіз?
– Мұны өмірдің бір сабағы деп түсінген дұрыс шығар. Қазір қарап отырсам, басымнан өткен түрлі жағдайдан шыңдалып, қазіргі дәрежеге жетіппін. Адамның басына қандай да бір іс түссе, оның арманы биік, қиялы ұшқыр болуы керек деп ойлаймын.
Басына қиындық түскен адамдардың арманы биік, қиялы ұшқыр болса, кез келген жағдайдан шығуға болады деп айтар едім. Біз ғайыпқа сенушілерміз ғой. Ол – негізінен Жаратушыға ғана емес, ертеңімізге сену деген сөз. Ертең не боларын білмейміз. Сондықтан бұл ауру сынақ демей, «Бұл сырқат мені қай жағынан өзгертеді? Мені өсіруге келді ме? Қуантуға келді ме?» деп үнемі позитивті ойда болу керек. Менде қызымды анама, бауырларыма аманаттап кетемін деген ой болмады. Аурухана төсегінде «Бұл қызды үлкен үйден ұзатамын» деген арман-қиялмен жаттым. Адам қандай да бір дертпен ауырса, одан өледі деген сөз емес қой. Он үш жасымнан діни білімім болғандықтан, Жаратушының құдіретіне сенген болармын, бәлкім, жастықтың әсері болар, бойымда қорқыныш болған жоқ. Қандай қиындық болса да, іштей өмір сүретінімді, тірі қалатынымды сезетінмін. Ешкімге шағым айтып, арызданып көрмеппін.
– Шаш үлгіңіз ерекше, адам назарын бірден аудартады. Бұл стильді өзіңіз ойлап таптыңыз ба?
– Онкология деген диагноз қойылып, екі есе дозамен химия салғаннан кейін қатты арықтап, шашым түсіп қалды. Бір жылдан кейін үйге шыққанда шашым әр жерінен бір шығатын болды. Шықса да, қайтадан түсіп қалады. Көрген жұрттың бәрі маған жаны ашып, біртүрлі қарай бастады. Өзіме басқаша назар аударғанын қаладым. Өріп, әртүрлі шаш үлгісін жасап жүрдім. Сұраған адамдарға «Стилім сондай» деп айтамын. Бірде басымның шаш шықпаған жерін одан сайын қырып тастадым. Аса үйлеспесе де, екінші жағын да алып, ортадағы шашты өріп қойдым. Массаж жасайтын кезде от жағып терлейтін басыма бұл таптырмас стиль болды.
Уақыт өте келе осындай образ қалыптасты. Әу баста жұртқа ерсі көрінгенімен, қазіргі мамандығыма сай келеді. Киімді өзім таңдап, үйлестіріп киемін. Қазір де «Стилисіңіз кім?» деп сұрайтындар бар. «Тағдырым – менің стилисім» деп айтамын.
Психологтердің «Адамның сыртқы келбеті ішкі дүниесінен хабар береді» деген сөзімен келіспеймін. Менің ішкі әлемім мен адамдық қасиеттерімді, қазақы болмысымды бір шүберек көрсете алмайды.
Аурудың көбі – ойдан
– Қазір психологиялық стресс, депрессия деген терминдер жиі айтылады. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
– Стресс, яғни күйзеліс деген – қиын немесе қауіпті жағдайда күресетін табиғи реакция. Оның екі түрі болады: пайдалы және пайдасыз. Пайдалы түрі сізді бірден әрекет етуге жетелеп, мақсатқа жетесіз. Ал шектен тыс ұзаққа созылған стрестің зияны бар. Өйткені ағза үнемі дабыл қағу күйінде болса, бұл адамды созылмалы ауруға немесе ақыл-естің алжасуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ал депрессия деген – тез ашулану. Бұл – тілегіміз бен мүмкіндігіміздің сай келмеуі. Бір сөзбен айтқанда, өзіңе берілген мүмкіндікті қабылдамау.
– Дана халқымыз «Ауру – астан» десе, заманауи психосоматика «Көп аурудың бастауы – мида» дейді. Расында, қазір ауырмайтын адамды кездестіру қиын. Сіз қай нұсқамен келісер едіңіз?
– Халқымыздың «Ауру – астан» деген сөзін жоққа шығаруға болмас. Психосоматиканы да өтірік деп айта алмаймыз. Өйткені ол да зерттелген ғылым. Меніңше, ауру көбіне ойдан пайда болады. Адам ойы арқылы ауруды өзіне тартуы мүмкін. Қазір неге көп адамға дәрі әсер етпейді? Бұл адамның көп дүниені ойдан құрастырып алып, өз ойына өзі шырмалып жүруінен деп ойлаймын. Бұл физикалық тұрғыдан ауыр жұмыс істегеннен емес, өзінің ойынан. Сондықтан ішкі күйіңе мән беріп, жақсы ойда болу керек. «Тұқым қуалаған ауру» деп жатады. Тұқымыңда біреу ауырса, сен де ауырасың деген сөз емес қой. Өзгеге жақсылық тілесең, өзіңе қайтады. Сосын адам ар-ұяты қысқан кезде ауру болады.
Өзім ауруымның себебі ойдан деп ойлаймын. Ауылдық жерге келін болғаннан кейін «Америкада оқимын» деген арманыма балта шабылғандай болды. Үнемі «Неге бұлай болды?» деген ойда жүріп, барған жерімді қабылдай алмадым. Көп ойлана беріп, осы дертке шалдыққан сияқтымын.
– Қазір бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерсіз. Алда қандай жоспарыңыз бар?
– Кәсіпкер деген қаржы табатын адам деп есептейміз ғой. «Қанша қаржы табамын деп емес, қанша адамға пайдам тиеді?» деген ұстаныммен өмір сүрген жөн деп есептеймін. Еліміздің әр өңірінен келіп жатқандар бар. Алдағы уақытта әр қаладан орталығымды ашсам деймін. Қазір адам энергиясы тақырыбын зерттеп жүрмін. Ол енді Құдайдан тегін берілген дүние. Америкаға барып, осы тақырыпты тереңінен зерттеп келу жоспарымда бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ