50714
Ақтөбе тұрғыны мұнай-газ саласына қажетті бұйымдар өндіреді
Ақтөбе тұрғыны мұнай-газ саласына қажетті бұйымдар өндіреді
Ақтөбе қаласының тұрғыны Азамат Базар 21 жасында өзінің жеке кәсібін ашқан. Бүгінде ол – өңірдегі резеңке-техникалық бұйымдар шығаратын жалғыз кәсіпорынның иесі. Алғашында қаладағы ірі дүкендермен байланыс орнатса, қазір «Ембімұнайгаз», «Қаражамбасмұнай», «Қазақ газ өңдеу зауыты», «Өзенмұнайгаз», «ӨзенМұнайСервис» және басқа компаниялармен жұмыс істеп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Цехтан май тығыздағыштар, техникалық пластиналар, түрлі манжеттер мен төлке және тығыздағыш сақиналарды көруге болады. Бұл – тау-кен, мұнай-газ саласына қажетті заттар. Кәсіпкер бұдан бөлек, цехта теміржол вагондарының қосалқы бөлшектері де жасалатынын айтады. Әрине, бұл жұмыстың бәрін ол өзінің қоластындағы қызметкерлерімен бірге атқарып отыр.
«Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін көлік, көлік техникасы және технологиялары мамандығы бойынша тәмамдадым. Өзімнің жеке кәсібім болғанын бұрыннан қалайтынмын. Оқуды бітірген бойда ойда жүрген идеяны жүзеге асыруға кірістім. Сөйтіп, 21 жасымда жеке кәсібімді аштым. Әрине, басында қиындық болады. Бірақ одан қашпау керек. Адам өзіне ұнаған іспен айналысса, алынбайтын қамал жоқ деп ойлаймын. 2018 жылдың аяғында қажетті шикізат пен жабдықтарды, яғни термопресс, компрессор, өлшеу құралдары және белгілі бір бұйымдарға арналған қалыптарды сатып алдым. Ары қарай бизнесті бастап кеттік. Басында шағын цех ашып, аз мөлшерде тапсырыс алатынбыз. Бір айдан астам уақыттың ішінде Ақтөбенің ірі дүкендерімен байланыс орнаттық. Қазір елімізге белгілі компаниялармен жұмыс істейміз», – дейді Азамат Базар.Кәсіпкердің айтуынша, алдымен өнімнің сызбасы жасалып, қағаз бетіне түсіріледі. Заттың көлемі жазылған соң механикалық цехқа, металл жонушыға беріледі. Одан кейін сызба бойынша темірден жасалынған қалыпқа сынақ жүргізіліп, тексеріледі. Одан кейін резеңке кәсіпорнына жіберіледі. Ал кәсіпорын тапсырыс беруші қойған шарттарды негізге ала отырып, олар айтқан өлшем бойынша бұйымды жасап шығарады. Бұл ретте заттың қаттылығы мен жұмсақтығының да өз өлшемдері бар.
«Тапсырыс берушілердің басым бөлігі – мұнай-газ саласындағылар. Әсіресе, Ақтау мен Атыраудан көп тапсырыс аламыз. Осы уақытқа дейін сенімді, тұрақты тұтынушыларымыз пайда болды. Бізге ауылдық жерде жұмыс істеу қиын. Шетелден материалдар келеді, басқа қалаларға жіберуіміз керек дегендей. Сондықтан Ақтөбе қаласынан аштық. Өнімдерімізді тау-кен саласындағылар да алады. Петропавлдан басқа барлық қалаға жібереміз: Қостанай, Павлодар, Екібастұз, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облысы және Оңтүстік өңірлер. Бұл жақта тау-кен кәсіпорындары бар. Өнімдерімізді жасап болған соң сынамаға жібереміз. Тапсырыс берушілер түрлі сынақтан өткізеді. «Мына жерін былай істесек қалай болады?» деп ұсыныс айтқаны болмаса, жұмысымызға сын айтқан емес. Олардың барлық талабына сай келетіндей етіп жасап шығарамыз. Алдын ала жан-жақты тексеріледі», – дейді кәсіпкер.Жас кәсіпкер баға саясатын жолға қойғанын айтады. Сонымен қатар кәсіпорынның сайтын да іске қосқан. Тапсырыс берушілер өнімдерді сол жерден көре алады. Әзірге шикізат шетелден әкелінеді. Шетелдік мамандармен байланыс орнатқан Азамат Базар кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ