Қарағандыда 102 жастағы қария әлі күнге дейін қар күрейді

Қарағандыда 102 жастағы қария әлі күнге дейін қар күрейді

Қарағандыда 102 жастағы қария әлі күнге дейін қар күрейді
ашық дереккөзі
50716
Қарағанды облысы Абай ауданы Құлайғыр ауылында 102 жастағы қария тұрады. Сәбилә Орманбаева қарттығына қарамастан әлі тың. Қар шығарып, малды өріске жіберіп, тамақ жасау тірлігін әлі өзі істейді деп жазады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. Абай ауданының ең егде тұрғыны, 102 жастағы қария Сәбилә Орманбаеваға қарап, Құлайғыр ауылының халқы бой түзейді. Зейнеткердің таңы қыста үй ауласының қарын тазалаумен басталады. Ол жасынан еңбекке араласып, қара жұмыстың қазанында қайнаған. 30-жылдардың аласапыранында егін салды, шабындыққа шалғы сілтеді, шөп үйді. 17 жасында Құлайғыр ауылында сауыншы болып еңбек етеді. Күніне 30-дан астам сиыр сауатын болған. Жаңа бұзаулаған асау құнажындарды тік тұрғызып, үйретіп беру де қаршадай қызға міндеттелген.
«Біз таңертең ерте тұратынбыз, өйткені 30-дан астам сиырды сауып үлгеру керек болатын. Мен сауыншы қыздардың қатарында ең жылдам болдым және сауған сүтім таза болатын. Сондықтан мен екі есе көбірек жалақы алдым. Жұмыс талғамайтынмын, барлығын істеп жүре беретін едім», - дейді Сәбилә апа.
Сәбилә Орманбаева 9 баламен жесір қалған. Күндіз колхоздың тірлігі, түнде үйдің шаруасымен айналысып, ұршық иіріп, киім тоқып, перзенттерін жеткізген. Ғасыр жасаған ана «осы уақытқа дейін тың болуы тынымсыз тірліктің арқасы» екенін айтады.
«Әрқашан жұмыстан үйге жүгіретінмін. Тіпті, көршілерге барып, шай ішуге уақыт болмайтын. Мен үшін басты мақсат – балаларымды тәрбиелеп, жеткізу болды», - деп еске алады зейнеткер.
Озат сауыншы зейнеткерлікке шыққан соң да бұл кәсіптен кетпеген. Ірі қара ұстап, 100 жасына дейін сиыр суып, өнімін жаратқан екен.
«Былтырға дейін екі сиыр саудым, бұл мен үшін еш қиын болған жоқ. Мен қазір де үйді жинап, пеш жағып, еден жуамын, қол қусырып отырғанды ұнатпаймын», - дейді зейнеткер апа.
Сәбилә Орманбаева еңбек даңқы орденінің игері. «Алтын алқа» және «Ана Даңқы» медальмен марапатталған. Елімізде өткізілетін саяси маңызды оқиғалардан тыс қалмайды. Құлайғыр ауылының ең үлкен тұрғыны жерлестеріне үлгі болып, сайлауда дауыс беруге бірінші болып барады екен.
«Денсаулық жарап тұрса, көңіл-күйім де көтеріледі. Мен ешқашан ауырмадым, уколдардан қорқамын. Бірақ қазір қажет болған жағдайда дәрі ішемін», - дейді Сәбилә апа.
Еңбек адамы бүгінде жапырағын жайған бәйтерекке айналды. Перзенттері – бір-бір саланың мықты маманы. Бүгінде 25 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.
«Енді шөпшегімнің алақанынан су ішсем, арманым жоқ», - дейді батыр ана.

Серіктес жаңалықтары