50241
Жетісу облысында көше мен аулаларды су алып кетті (ВИДЕО)
Жетісу облысында көше мен аулаларды су алып кетті (ВИДЕО)
Жетісу облысында еріген қар суы бірнеше үйдің ауласы мен көшені басып қалды деп хабарлады turkystan.kz өңірлік Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
«5 наурызда ауа температурасының +15 С° дейін көтерілуінен қардың жылдам еруіне байланысты Жетісу облысы Кербұлақ ауданының Қызылжар ауылында ауылдың шығыс бөлігінде орналасқан егістіктерден еріген қар суы ағылды. Арық жүйесі тасқын су көлеміне төтеп бере алмай, су Шыныбек көшесін басып қалды, 4 аула аумағы су астында қалды. Қаза болғандар, зардап шеккендер, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты, су деңгейі төмендеді. Еріген су транзиттік режимде Байғазы өзеніне кетуде», - делінген хабарламада.Қазір жергілікті атқарушы органдардың, Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті тұрғындардың (66 қызметкер және 11 техника) күшімен арық жүйесін тереңдету, тазарту, инертті материалдары бар қапшықтар дайындау жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тасқын суды егістіктерден шығару үшін арналар қазылып жатыр.
«Қазгидромет» РМК ескертуіне сәйкес, 6-8 наурыз аралығында күннің күрт жылынуына байланысты Жетісу облысында қар жылдам еріп тасқын су қалыптасады, тау беткейлерінен еріген қар суы ағып, өзен-көлдерде мұз әлсірейді, су деңгейі көтеріліп, арнасынан тасиды. «Осыған байланысты тұрғындарды үйлеріне іргелес орналасқан арық желілері мен құбырлы өткелдерді қардан, мұздан және қоқыстан тазарту шараларын қабылдауға шақырамыз», - дейді Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметі.https://www.youtube.com/watch?v=XDaLECXQ5xs