50243
«Ауыл» партиясы кандидаттары «Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялары» атты көрмеге қатысты
«Ауыл» партиясы кандидаттары «Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялары» атты көрмеге қатысты
22 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысы Солнечный ауылында орналасқан МДТШ базасында «Агроөнеркәсіп кешенінің инновациялары» атты жаңашыл фермерлер жетістіктерінің көрмесі өтті. Шараға «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов, Серік Егізбаев, Дәурен Рахымбек, Қантай Әлібек, Жандос Тұрсынғалиев пен облыстық мәслихатқа кандидаттар МДТШ қызметкерлері мен практик ғалымдары, жергілікті «кулибиндер», жас новаторлар қатысты.
Кандидаттар кәсіпорынның қызметімен танысып, «МДТШ» ЖШС ЦМС-Rf генетикалық жүйелерін қолдана отырып, тізбелі-будандастыру әдісімен жасап шығарған «Сұңқар» буданының өзіндік ерекшелігін зерделеді. Ерте пісетін, өнімділігі жоғары үштізбелі күнбағыс буданы механикалық өңдеуге икемді және елдің орманды-дала мен тау бөктеріндегі аймақтарында өсіруге өте бейімді. Жүз күнге жетпей пісіп-жетілетін, жоғары экологиялық икемділігімен ерекшеленетін будан 2005 жылы шығыс және оңтүстік облыстарда жерсіндірілген. Құрғақшылыққа төзімді жапырылып қалмайды, қурағанда дәні төгілмейді. Жалған ақ ұнтақ және сұңғыла сияқты ауруға ақ және сұр шірікке төзімді. Тұқым майлылығы – 50,0-52,0%. Гектарына 40 центнер өнім береді. Будан негізінен тағамдық мақсаттарда қолданылады.
Серіктестік жетістігіне тәнті болған, сонымен қатар жас новаторлардың агробизнестің табыстылығы мәселелерін шешу бойынша ұсыныстарын тыңдаған кандидаттар мұндай өнертабыстар ел агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына айтарлықтай серпін береді, яғни әлемдік деңгейге шығатын күн де алыс емес десті. Шара соңында кандидаттар өндірістік цех қызметкерлеріне «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді.
«Мәжіліске барғанда біз бірінші кезекте мемлекеттік органдар тарапынан болатын, агробизнес тиімділігінің төмендеуіне және экспорттың дамуына тікелей немесе жанама қатер төндіретін кез келген шектеу немесе өзге де реттеу шараларын қолдануға тыйым саламыз. Коммуналдық тарифтерді барлық АӨК нысаны, азық-түлік тауарларын өндірумен, сақтаумен және көтерме сатумен айналысатын шағын және орта бизнес кәсіпорындары үшін өзіндік құн деңгейіне дейін субсидиялауды енгізуге қол жеткіземіз», - деді «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Жандос Тұрсынғалиев.