50229
Алматыда «Ақ жол» демократиялық партиясының митингі өтті
Алматыда «Ақ жол» демократиялық партиясының митингі өтті
Жұмыс күніне қарамастан митингке «Ақ жол» демократиялық партиясының 700-ге жуық жақтастары мен белсенділері келді.
Партия төрағасы Азат Перуашев жиналғандардың назарын саяси бағдарламаның негізгі бағыттарына аударды.
«Біз Парламенттік Республиканы жақтаймыз. Бір адам, тіпті ең дарынды болса да, елдегі барлық мәселені шеше алмайды. Бұл билік тармақтарын бөлу функциясы, тежемелік пен тепе-теңдік балансы, мұнда парламент пен мәслихаттар түріндегі өкілді органдар маңызды рөл атқаруы тиіс. «Ақ жол» партиясы дамудың еуропалық жолын, қоғам мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастағы еуропалық тәсілдерді, өмір сапасының еуропалық стандарттарын жақтайды», - деді ол.Үкіметті сайлауда жеңіске жеткен партия жасақтауы керек. Сонда бұл партия өз Үкіметінің жетістіктері мен кемшіліктеріне де жауапты болады.
«Бірде мен Ригаға ұшып келдім. Ол жерде таңертең құрылыс алаңында қайғылы оқиға болып, адамдар қаза тапқан. Тіпті түске дейін Рига мэрі қызметінен кетті. Құрылысшы болмаса да, құлаған қалыптарды орнатпаса да, құрылыс алаңындағы техникалық қадағалауға жауапты болмаса да. Бірақ ол қайғылы оқиға үшін саяси жауапкершілікті өз мойнына алды, азаматтарымен бірге екенін көрсетті. Түстен кейін Латвияның бүкіл үкіметі отставкаға кетті, өйткені әкім олардың билік партиясынан болды. Және олар өз әкімдері үшін жауапкершілікті бөлісті, халықпен бірге екендіктерін көрсетті, жаңа үкіметті басқа партия тағайындады. Бұл нағыз саяси мәдениет. Өткен 30 жылда бізде қаншама дағдарыстар, девальвациялар, әкімдер мен министрлер арасындағы жемқорлық даулары болды – үкімет ешқашан өз еркімен саяси жауапкершілікті мойнына алып, отставкаға кеткен емес. Үкіметті парламенттік партия жасақтап, халық алдында есеп беретін кезде саяси жауапкершілік пайда болады. Яғни бұл ұлттық сенім үкіметі болмақ, - деді А.Перуашев.«Ақ жол» партиясы 10 жылдан астам уақыттан бері жемқорлардың шетелге шығарған қаржысын Қазақстан халқына қайтаруға күш салуда. Біз бұл туралы 2013 жылдан бері парламент мінберінен айтып қана қоймай, Еуропарламенттегі, Швейцариядағы және басқа да елдердегі әріптестермен келіссөздер барысында да осы мәселелерді көтеріп келеміз. 2016 жылы шетелдік журналистер Швейцарияда 82 қазақстандықтың жарты миллиард долларға тең банк есепшоттарын анықтады. Біз бұл адамдардың аты-жөнін жариялап, ақшасының заңдылығын тексеруді талап етіп, Бас прокуратураға сауал жолдадық. Прокуратура бұл ақпарат банктік құпиямен қорғалған деп жауап берді. Содан бері «Ақ жол» партиясы үкімет мүшелерінің, әкімдер мен ұлттық компаниялар басшыларының шетелдегі шоттарының банктік құпиясын жою туралы заңдарға бірқатар ұсыныстар енгізді. 2017 жылы «Ақ жол» фракциясы банкротқа ұшыраған банктің акцияларын шетелде жүздеген миллион долларға сатып алған БЖЗҚ-ның алаяқтығын әшкереледі. 2018 жылдан бастап біз Ұлыбританияның үлгісімен «шыққан дерегі белгісіз байлық» туралы заң қабылдауды талап етіп келеміз. Қымбат мүлікті сатып алғанда, сатып алушы бұл ақшаның заңды екенін дәлелдеу керек, әйтпесе ол жемқорлы қаржы деп танылып, тәркіленеді. 4 жыл бойы бізге жалаң жауап қайтарылып келді, бірақ қаңтар айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мұндай заңның дайындалып, парламентке жіберілетінін хабарлады. Яғни, бұл бастаманы жүзеге асыруға 5 жыл уақытымыз кетті. Сондай-ақ жемқор шенеуніктерге жазасын өтеп болған соң да шетелге шығуға тыйым салу керек деп есептейміз. Сонда олар жасырылған миллиардтарына кете алмай, шығарған капиталын Қазақстанға инвестициялауға мәжбүр болады. Біз алдағы жұмысымызда осындай нормаларға қол жеткізуге тырысамыз. Қазақстанның ең маңызды мәселесі – байлар мен кедейлер арасындағы үлкен алшақтық. Оны азайтудың бір ғана жолы бар – орта тапты кеңейту керек. Барлығын мұнайшы немесе банкир ету мүмкін емес, бірақ әркімге өз ісін ашып, табысқа жетуге мүмкіндік беру керек. Бұл үшін не керек? Арзан несиелер мен әділ салықтар. «Ақ жол» партиясы ШОБ пен тұрғын үйге берілетін несиені 3-4 пайызға дейін төмендетуді талап етіп, Ұлттық банкпен талай жылдан бері дауласып келеді. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы ғана инфляциямен күресу мүмкін емес. Ең алдымен нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуіміз керек, ол үшін отандық кәсіпорындар мен шаруаларды қолдап, жұмыс орындарын ашып, халықтың табысын арттыруымыз керек. Онсыз дүкендерімізде жейдеден сүтке дейін импорттық тауарлар басым болып, бөтен елдердегі кәсіпорындар несиелерімізден түскен кіріс пайдасын көреді. Біз нағыз медициналық сақтандыруды енгізуді, заманауи білім беруді дамытуды, соның ішінде ауыл мектептеріне трансляция арқылы үздік мұғалімдердің онлайн сабақтарын өткізуді талап етеміз. «Ақ жол» партиясы 2014 жылдан бастап бірінші қабаттарында есеп орталықтары мен шағын және орта бизнес нысандары бар, жастар үшін қымбат емес тұрғын үйлер салуды талап етуде; әр балаға 25% ипотекалық субсидия енгізу. «Ақ жол» партиясы 8 жыл бойы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау арқылы халықты банкирлер мен коллекторлардан қорғау үшін барын салды. Бұл талқылау президентке жетіп, оның тапсырмасынан кейін ғана заң қабылданып, осыдан тура бір апта бұрын күшіне енді. «Ақ жол» партиясының арқасында, алғашқы күні-ақ мыңдаған адам қарыз ауыртпалығын жеңілдетуге өтініш білдірді. «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлер партиясы ретінде 2011 жылдан бері дамыған елдердің үлгісімен салалық салық мөлшерлемелерін енгізуге ұмтылып келеді. Біздің елімізде ет немесе сүт өнімдерін өндірушілер де, құрылысшылар мен ірі сауда желілері де бірдей ҚҚС және ҰТС мөлшерлемелерін төлейді. Бұл ретте мемлекет мұнай, газ және металл экспорттаушыларға ҚҚС-ты қайтарып берсе, банктер бұл салықты мүлде төлемейді. Яғни байлар аз, ал күнін әрең көріп жүргендер көп төлейді. Біз 12 жылдан бері салалардың табыстылығын ескере отырып, салық мөлшерлемелерін енгізуді талап етіп келеміз. 12 жыл бойы үкімет бізге тосқауыл қойып келеді. Өткен жылы ғана Президент Тоқаев жолдауында осындай саясатты енгізуді тапсырды, біз бұл жұмысты жалғастырамыз. «Ақ жол» партиясы барлық шағын бизнесті есеп беруден босатып, патентке көшіруді, жылдық патент айналымын 100 миллион теңгеге жеткізуді талап етеді. Тек осы шешім арқылы ғана бірде-бір ақшасы талан-таражға түскен ешбір мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламасы қамти алмаған көптеген жаңа жұмыс орындарын құруға қол жеткізе аламыз. Шағын бизнеске мемлекеттің мойнында отырмай, өз отбасын асырап, өзгеге жұмыс беріп жатқаны үшін алғыс айту керек. Бұл біз үшін ең маңызды амал. «Ақ жол» партиясы Еуропа мен Қытай тәжірибесі негізінде инвестициялық артықшылықтар енгізуді, жаңа зауыттар мен жабдықтарға салынатын инвестицияны салық есебіне санауды ұсынып отыр. Кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғауға тыйым салу керек, өйткені оларды қамауға алу мен қысым көрсету рейдерлік әрекеттер үшін жиі қолданылуда. Кәсіпкерлерге келтірілген залал үшін шенеуніктердің жеке жауапкершілігін енгізуді талап етеміз, бұл ақша алу мен бопсалауды бірден азайтады. «Ақ жол» партиясы Қазақстанның жері мен пайдалы қазбалары республика халқына тиесілі деген ережені негізге ала отырып, шетелдік мұнай-газ компанияларымен келісім-шарттарды қайта қарауды, олардың пайдасындағы қазақстандық үлесті ұлғайтуды, Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз сияқты ірі келісімшарттардың шарттарын ашуды талап етеді. Референдум өткеннен кейін Үкімет біздің ұсыныстан бірден бас тартты, біз халықтың қожайын ретінде өз байлығын кім және қалай пайдаланып жатқанын білуге құқығы бар екенін талап етеміз. Тәуелсіздіктің 30 жылында бірде-бір шетелдік инвестор бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салмағандықтан, елімізде жыл сайын көктем-жаз мезгілінде жанар-жағармай тапшылығы, бағасының өсімі байқалады. «Ақ жол» партиясы шикізат алпауыттарының экономикамызға қосқан үлесі тек өздері үшін тапқан миллиардтаған қаржымен ғана емес, сонымен қатар қазақстандық тауарларды сатып алуда, пайдаланатын құрал-жабдықтардың бірлескен өндірісін құруда да көрсетілуі тиіс екеніне сенімді. Біздің еліміз өте бай, халқымыз талантты. Мұндай елде және мұндай халқы бар Қазақстанда кедейлер болмауы керек. «Ақ жол» партиясы Қазақстанды табысты және прогрессивті ету жолын біліп ғана қоймай, үкіметке күнделікті жұмысымызбен сол жолды нұсқап келеміз. Ал бұл қозғалысты жеделдету үшін партиялар үкіметпен айтысып қана қоймай, оны өздері жасақтай алатын нақты өзгерістер қажет. Ақ жол, Қазақстан! Түбегейлі өзгерістер қажет! - деп аяқтады сөзін Азат Перуашев. «Ақ жол» ҚДП төрағасының орынбасары Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі – ұлттық ерекшелікке ілтипатпен қарау, елде тұратын барлық этностардың тілдері мен мәдениеттеріне өзара құрмет көрсету екенін атап өтті. Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын конституциялық мәртебесіне сәйкес кеңейтуді жақтайды. Біз өз жұмысымызда «Алаш» ұлттық идеясына сүйенеміз. «Алаш» – тәуелсіздік, жеріміз бен ұлттық мүддеміз. Келесі кезекте Алматы қаласы мәслихатының №18 бір мандатты сайлау округі бойынша «Ақ жол» демпартиясының кандидаты, «Taс групп» қаржылық холдингінің басшысы Дулат Тастекеев сөз алды. Ол бизнес әлеміне инновациялық идеяларды әкелген кәсіпкерлердің жаңа толқынының өкілі. Дулат «Ақ жолға» үш себеппен келгенін айтты: бұл партия кәсіпкерлердің партиясы болғандықтан, Алаш идеясын басшылыққа алғандықтан және бұл тек бизнесті қолдау емес, халық пен мемлекетке адал қызмет ету, іскерлік және белсенді азаматтық ұстанымның беріктігін білдіретіндіктен. «Мен Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша мәслихат депутаттығына неге түстім? Себебі, қарапайым нәрселерден бастау керек. Мен алматылықтар үшін үш қарапайым мәселеде үлкен өзгеріс жасағым келеді. Біріншісі – қаладағы қауіпсіздік, ең алдымен балалардың қауіпсіздігі. Екіншісі – инфрақұрылымды нақты жақсарту, коммуналдық қызметтен, көшелердің жай-күйінен, қоқыс шығарудан бастап, қалалық ортаны: қоршаған ортаны, саябақтарды, спорт алаңдарын жақсартуға дейін. Ал үшіншісі – адами капиталды дамыту. Бұл кәсіби біліктілік пен дүниетаным, мәдениет, жаңашылдыққа ашықтықты ұштастыратын сапалы білім. Бұл денсаулық сақтау, салауатты өмір салты, шығармашылық». Д.Тастекеев жиналғандарды 19 наурызда өтетін сайлауда партия мен оның кандидаттарын қолдауға шақырды. Жиында сөз алған ерекше балалары бар аналар одағының төрайымы, жуырда ғана Алматыдағы №4 бір мандатты сайлау округі бойынша «Ақ жол» демократиялық партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат боп түскен Рауан Сағадиева жағымсыз жаңалықпен бөлісті. Округтік сайлау комиссиясы екінші ретте оны сайлау додасынан шектеп тастады. «Ақ жол» демократиялық партиясы Рауан Сағадиеваны бірінші рет сайлаудан шеттету әрекетіне («тіркеу болмағаны үшін») сот арқылы тыйым салды, бірақ Жоғарғы сот растаған екіншісі («салық декларациясындағы сәйкессіздік үшін») қиындау, бірақ, онда да заңды қайшылықтар бар. Митингтен кейін Азат Перуашев партия заңгерлері Конституциялық сотқа шағым түсіретінін айтты. Рауан Бақтыбекқызының өзі мінберден сот шешімімен келіспейтінін және әділеттілікті қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін, сондай-ақ, ерекше күтімді қажет ететін балалары бар аналардың қоғамдық бірлестігі партия бағдарламасы мен кандидаттарын қолдайтынын мәлімдеді. «EРЗИ» бірлестігінің директоры, мүгедек, «Ақ жол» партиясынан қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Ербол Игембергенов те жиналғандардың назарын өзіне аударды. Ол орнынан сөйлеуге тырысып еді, бірақ митингке қатысушылардың барлығы үміткерді көруі үшін оны мүгедектер арбасымен бірге мінберге көтеріп шығарды. Ербол Алматыдағы азаматтық белсенді және мүмкіндігі шектеулі жандар оңалтудан өтіп, жаттығып, психологиялық көмек ала алатын әлеуметтік орталықтың негізін қалаушы ретінде танымал.
«Мен №13 сайлау округі бойынша Алматы қаласы мәслихатының депутаттығына үміткермін. Менің міндеттерім: мүмкіндігі шектеулі алматылықтарды белсенді өмірге тарту, олардың талантын, соның ішінде кәсіпкерлікке бейімін ашуға жағдай жасау. Ол үшін инклюзивті білім, фрилансерлік пен цифрлық экономиканы дамыту, «ЕРЗИ» орталығы сияқты бейімдеу орталықтары, мүгедектер үшін қолжетімді қалалық орта қажет», - деді кандидат.Е.Игембергенов алдағы сайлауда «Ақ жол» партиясының кандидаттарына барынша қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ жиында бірінші дәрежелі капитан, Қарулы күштер ардагерлері одағының төрағасы, мәслихаттың 7-ші шақырылымының депутаты, Алматы қаласының құрметті азаматы Көпесбай Жампейісов сөз сөйледі. Көпесбай Оразбайұлы бір мандатты сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат болып ұсынылды. Ол «Ақ жол» партиясы парламент пен мәслихаттарда билікті үнемі сынға алып, билік партиясына қарсы дауыс беретін жалғыз партия болғасын да оған және кандидаттарына дауыс беру керектігін алға тартты. «Әрине, тасадан кез келген адамды тас лақтыруға болады, бірақ өткен жылдары парламент мінберінен «Ақ жол» партиясы ғана шындықты ашып айтып жүрді», - деді каперанг Жампейісов. Мәслихат депутаттығына тағы бір кандидат, кәсіпкер, «Эталон» компаниясының басшысы Федор Константинов «ақжолдықтардың» қаланың әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және қоршаған ортаны қорғау, атмосфераға шығарылатын зиянды қалдықтар мен түтіндерді азайту бойынша нақты ұсыныстарына тоқталды. «Ақ жол» демпартиясы Алматы облысы филиалының төрайымы Мейраш Шынасылова Алматы агломерациясын дамыту бастамалары, жақын маңдағы аудан және қалалармен (Іле, Талғар, Қаскелең) өзара іс-қимылдар туралы айтты. Митинг қонақтары – «Желтоқсан» қозғалысының басшылығы және басқалары алдағы сайлауда «Ақ жол» демократиялық партиясын қолдайтындықтарын айтып, алматылықтарды оның кандидаттарына дауыс беруге шақырды.