50789
Екі қолынан айырылған азамат асылтұқымды құс өсіреді
Екі қолынан айырылған азамат асылтұқымды құс өсіреді
Ақтөбе облысы Шалқар қаласының тұрғыны Тайбек Өтегенов кәсіп бастауға ештеңе кедергі емес екенін дәлелдеп жүр. Жиырма жыл бұрын кенеттен токқа түсіп, екі қолынан айырылған ол бүгінде құс өсірумен айналысады. Еңбексүйгіш азамат шаруашылықтың бар жұмысын екі аяқтың күшімен басқаруды үйреніпті.
Тайбек Өтегенов 2018 жылы «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша 250 мың теңге өтеусіз грант ұтып алып, құс шаруашылығымен айналыса бастаған. Бүгінде үйінің жанынан ашқан шағын құс фермасында мыңға жуық асылтұқымды құс бар. Ол мұнымен қоса ет пен жұмыртқа сатып, түрлі техникаларды жалға берумен де айналысады. 2003 жылы әскерден оралған ол абайсызда токқа түсіп қалғанын айтады.
«Келеңсіз жағдайға тап болып, екі қолымнан айырылдым. Осыдан кейін бес жылдай үйден шықпай біраз қиналдым. Бибігүл Иманғазина анамыздың «Тауқымет» деген кітабын тауып оқып, күш-жігер жинап, жақындарымның қолдауымен аяққа тұрдым. Басында өз-өзіме күтім жасап, қарай алмаған едім. Туыстарым қамқорлық жасады. Бірде әкімдік жиналысында протезі бар адамды кездестірдім. Соған қарап мен де алып көріп едім, өкінішке қарай сәйкес келмеді. Ол шынтақтан төмен қолы жоқ адамдарға арналған екен», – дейді ол.Тайбек Өтегенов асылтұқымды құстарды Ресейден әкелетінін айтады. Бүгінде шаруашылықтың жұмысын үш адам атқарып отыр. Келіншегі Арайлым сенімді көмекшісіне айналған. Одан бөлек, тағы бір жұмысшы бар. Өзі де құстардың жемін, суын беріп, бар жұмысты екі аяқтың күшімен атқара береді. Телефонға келетін түрлі хабарламаларға да жауап беріп, клиенттермен сөйлесуді де үйренген.
«Құстың еті мен жұмыртқасына сұраныс жаман емес. Ақтау, Ақтөбе облыстарына, Қызылорда, Шымкент қалаларына, тіпті алыс ауылдарға жібереміз. Ерінбей еңбек етсең, жемісін көресің. Жалқау болмау керек. Адам баласы денсаулықтың қадірін білмейді ғой. Он екі мүшесі сау бола тұра өзін бақытсыз санап жүрген адамдарға қарап таңғаламын. Қазақ айтады: «Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» деп. Бір адамның болсын, алға қарай жүруіне себепші болсақ дейміз. Мені алға жетелейтін нәрсе – намыс, өмірге деген құштарлығым. Өмірді жақсы көремін. Он екі мүшең түгел болса, одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын. Бүкіл арман-мақсатқа жетуге болады. Екі ұлым бар. Үлкені тоғыз жаста, аутизм дертіне шалдыққан. Оны қадағалап отыратын бір адам керек. Оған да қараймын. Бұл дерттің емі жоқ. Қолдан келер шара бар ма? Жаратушы сынақтың үстіне сынақ беріп жатса да, өкпем жоқ. Отбасымыз, балаларымыз үшін еңбек етіп жатырмыз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді ғой. Осы орайда баламды шетелге дейін апарып емдетуге қол ұшын созып жүрген азамат, Шалқар қаласының тумасы, белгілі кәсіпкер Данияр Қобыландин мырзаға алғыс айтқым келеді. Ол қазір де баламның жағдайын сұрап тұрады. Сонымен қатар Ақтөбе облысы Шалқар қаласы әкімдігі аппаратына да қолдау білдіріп жатқаны үшін алғысымды айтамын», – дейді құс өсіруші.Тайбек Өтегенов 2020 жылы «Жыл адамы» атанды. Бүгінде ол жеке кәсібін жүргізумен қатар, қоғамдық іс-шараларға да қатысып тұрады. Кәсіпкердің ендігі мақсаты – құс шаруашылығын кеңейту.
«Қазір түрлі бағдарламалар шығып жатыр. Жастарға беріліп жатқан мүмкіндік көп. Соны пайдаланса деймін. Өзім шаруашылықты үлкейткім келеді. Сөйтіп, өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тартсам деймін», – дейді Тайбек Өтегенов.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ