50237
Қазақстанда Агробанк құру мәселесін шешу керек – Жигули Дайрабаев
Қазақстанда Агробанк құру мәселесін шешу керек – Жигули Дайрабаев
Қазақстанда отандық ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға басымдық беру керек. Бұл туралы «Хабар» телеарнасында өтіп жатқан партия өкілдерінің арасындағы пікірсайыста «Ауыл» халықтық демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаев айтты.
«Ауыл» партиясы іргелі саяси ұйым екені белгілі. Қазір Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанына қатысып жатырмыз. Қатарымызда елді, жерді сүйетін нағыз патриот азаматтар біріккен», - деді Ж. Дайрабаев.
Осы орайда, ол партияда мыңдаған адам қамтылғанын және пікірсайысқа осы азаматтардың сенімін арқалап келгенін айтты.
«Біздің партия барлық аудан мен қалаларда тұрақты жұмыс істеп келеді. Осы сайлауда партия нәтижесі жоғары болатынына сенімдіміз. Партияның позициясы айқын, ол – қоғамдағы негізгі саяси күшке айналу», - деді партия өкілі.
Бұл тұрғыда ол «Ауыл» партиясы азық-түлік қауіпсіздігіне және ауылдарды дамытуға ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Партия Мәжіліске өкен жағдайда, тиісті заңдарды қабылдауға үлес қосып, әділ жұмыс атқаруға дайын.
«Халқымыз банк жүйесінен де зардап шегіп отыр. Себебі несиенің пайыздық үстемесі тым жоғары, халық қарызға әбден батқан. Сонымен қатар әлеуметтік салада қордаланған мәселе көп. Атап айтқанда, Мәжіліске өткен жағдайда, азық-түлік қауіпсіздігі туралы заңды халықпен ақылдаса отырып қабылдаймыз. Ауылдың инфрақұрылымы тозды, сондықтан елді мекендердегі желілерді қалпына келтіру керек. Саланы тығырықтан шығару үшін 100 пайыз мемлекеттік капиталмен Агробанк құру мәселесін шешеміз. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы теникасын жаңарту мақсатында отандық техниканы құрастыруға басымдық береміз», - деді Жигули Дайрабаев.
Пікірсайысқа Amanat саяси партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Айдарбек Қожаназаров, «Қазақстан халық партиясынан» Оксана Әубәкірова, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясынан Азат Перуашев, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан» Нұрлан Әуесбаев түсіп жатыр.