50815
Талантты жастар «Дала шырқауы» анимациялық туындысын жарыққа шығарды
Талантты жастар «Дала шырқауы» анимациялық туындысын жарыққа шығарды
Жақында «Дала шырқауы» атты жаңа анимациялық туынды жарыққа шықты. Бұл мультсериал қазақ даласын күйімен тербеген ұлы композитор, күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмірінде із қалдырған оқиғаларға негізделген. Жобаны дайындаған Tasqyn studio мамандарының айтуынша, бұл – ұлттық өнерімізді анимация арқылы бейнелеудің алғашқы қадамы.
Жоба авторлары заман көшінен қалмай, өскелең ұрпақ пен талғампаз көрерменге мәдени мұрамызды жаңаша бағытта дәріптеуді жөн санағанын айтады. Жақында ғана бірінші бөлімі жарыққа шыққан мультсериалды көрермен жылы қабылдады. Жалпы, анимациялық сериалдың бірінші маусымы 13 бөлімнен тұрады. Әр эпизодтың ұзақтығы – 3-5 минут. Мұның артында талай маманның еңбегі жатқанын айта кету керек.
Жалпы, жоба бойынша 9 топ жұмыс істеген. Олар: режиссерлер, суретшілер, композерлер, сценаристер және басқалар. Сериалдағы күйлерді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, күйші Абылай Тілепберген орындады.
Санжар ЖҮСІП,
жоба авторы,
арт-директор:
Күйдің тарихын білуіміз керек
– Қазір көбіне тойларда күй қоятынын байқап жүрміз. Алайда кейбірі күй екенін біліп, тыңдағанмен, оның қандай күй екенінен, тарихынан бейхабар болып жатады. Сондықтан халқымыздан шыққан ең танымал күйшілердің бірі Құрманғазы бабамыздың күйлерінің тарихына байланысты туынды жасауды жөн көрдік. Жобаның бірінші маусымын аяқтадық. 13 сериядан және 13 күйден тұратын бөлімде Құрманғазының балалық шағынан қарттық кезіне дейінгі тарих баяндалады. Қазір бір серияны жарыққа шығару үшін 20 адам жұмыс істеп жатыр. Ал барлық серияны толықтай шығаруға үш айдай уақыт кетеді. Жақында анимациялық жобамыздың тұсаукесері болды. Адамдар жақсы қабылдап жатыр. Біз тек батыс домбыра мектебін ғана емес, басқа да дүниелерді көрсетуді жоспарлап отырмыз.Мадина СУТБАЕВА, жоба продюсері: Мақсатымыз – тарихымызды, бай мәдениетімізді насихаттау
– «Дала шырқауы» жобасын жарыққа шығаруға жарты жылдай уақыт кетті. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Бірінші маусымда ұлы күйші Құрманғазы бабамыздың күйлерінің тарихы, қалай дүниеге келгені баяндалады. Біздің мақсатымыз – тарихымызды, бай мәдениетімізді елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де насихаттау. Осы арқылы қазақ халқының дәстүрін дәріптеп, оған деген сүйіспеншілікті, патриотизмді арттырсақ дейміз. Күй – біздің тарихымыз. Оны біліп қана қоймай, құрметтеп, қадірлей білуіміз қажет. Біздің студиямыз жас мамандардан құралған. Анимация жанрында жұмыс істейміз. Қазір «Дала шырқауы» жобасының екінші маусымы әзірленіп жатыр. Сонымен қатар халықаралық кинофестивальге еліміздің атынан қатысатын екі қысқаметражды жобамыз да дайын болып қалды.Абылай ТІЛЕПБЕРГЕН, күйші, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері: Бұл – YouTube-тан шықпайтын балаларға арналған жаңа дүние
– Қазақ өнеріне жанашыр азаматтар өз күшімен қолға алған бұл бастамасын қуана қабылдадым. «Қазір кішкентай балалар қандай мультфильм көріп жатыр? Оның мағынасы қандай? Тәрбиелік мәні не?» деген сұраққа назар аударамыз ғой. Қарап отырсақ, барлық баланың қарайтыны – YouTube-тағы шетелдік дүниелер. Өкінішке қарай, қазақша мультфильмдер, анимациялық туындылар аз. Осы жобаны бастамас бұрын балаларға арнайы тест жасап, кез келген қазақша мультфильмді қанша уақыт қарайтынын тексерген едік. Сонда байқағанымыз 3-4 минут көреді де, ары қарай YouTube-қа ауысады. YouTube-та кешке дейін тапжылмай отыра беретініне таңғалдық. Не берсең де жеп, тіпті, тамақ жемей де отыра береді. Бұл – ойланатын нәрсе. Бұл жобаны өсіп келе жатқан ұрпақ үшін жасадық. Қанымыз қазақ болғандықтан домбыра, жыр, терме жанымызға жақын. Сонау заманнан бері қуаныш та, қайғы да домбыраның үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгілді. Домбыраның үнін тыңдасақ, елең ете қалатынымыз содан болар. Қазір балаға «Мынау Құрманғазының «Адай» деген күйі. Тыңда» деп отырғызып қоя алмаймыз. Оны өз тіліне сәйкес үйретуіміз керек. Оның үстіне, қазір анимациялық туындыны көбі жасап жатқан жоқ. Бұл – әлем бойынша трендтегі дүниелердің бірі. Мысалы, жапондық, әсіресе АҚШ-тағы комикс жанрындағы анимациялық мультфильмдер бүкіл әлемді жаулады. Біздің де анимациялық кейіпкерлеріміз болуы керек. Бұл – тек басы ғана. Күйшілерден бастап жатырмыз. Оқиға желісі тарихтан алынған, әрбір деталь, тіпті оюларының өзі ойластырылған. Ары қарай қолдау тауып, сұранысқа ие болса, үлкен жобаларды қолға аламыз деген ой бар. Мамандығым – күйші. Командамен ақылдасып, жиын өткізгеннен кейін осы жобада күй атасы Құрманғазының бірқатар күйін орындап шықтым. Осы жылы Құрманғазы бабамыздың 200 жылдығы тойланады. Сондықтан бұл дер кезінде атқарылған жұмыс деп білемін. Осы жоба барысында тек қара басының қамын емес, елінің болашағын ойлайтын кәсіпкерлер аз да болса бар екеніне көзім жетті. Олар қазақ өнеріне жанашырлық танытып, қолдау көрсетті. Тіпті, холдингті басқарып отырған үлкен кәсіпкер болмаса да, кішігірім бизнесті жүргізіп отырған азаматтардың бұл әрекетіне сүйсіндік. Айлыққа жұмыс істеп жүрген азаматтар да көмегін аямады. Осылайша, мемлекеттен ештеңе сұрамай, өзіміз жасап шығардық. Анимация түсіру көп қаражатты талап етеді. Біз мұны пайда табу үшін емес, болашақ үшін істедік. Қазақ азаматтарының басы біріксе, тау қопаруға болады екен. Біз – текті, өнерлі халықпыз. Бұл сөзімізге елімізді әлемге танытып жатқан Димаш дәлел. Бірлігіміз бекем болса, кез келген салада жетістікке жетуге болады. Бастысы, қорықпау керек. Алдағы уақытта халқымызға ортақ үлкен дүниелер жасайын деп жатырмыз.