235
Аптаның айтулы ауыс-түйістері
Аптаның айтулы ауыс-түйістері
Осы аптада мемлекеттік билікте бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Солардың негізгілерін жіпке тізіп көрсек.
Аптадағы елді елең еткізген тағайындау – Иманғали Тасмағамбетовтің Премьер-Министр орынбасарлығынан кетіп, Ресейге Елші болып аттануы. Бұл тағайындауға қатысты Қазақстан Президентінің өзі де түсініктеме бере келе: «Тағы бір үлкен ауыс-түйіс орын алды, Ресейдегі Қазақстан елшісі қызметінен босатылды. Марат Тәжин Президент аппаратына өтті. Осыған орай, менімен бірге көп жылдар бойы қызмет еткен Иманғали Тасмағамбетовті Қазақстан елшісі етіп тағайындадым. Ол өзі дәл осы қызметке, нақ осы Ресейдегі елшілікті басқаруға сұранды. Меніңше, бұл жақсы шешім, себебі Мәскеу біздің ең басты серіктесіміз, жақын көршіміз бен одақтасымыз. Ол жерде беделді, Қазақстандағы және Ресейдегі жағдайды білетін адам отыруы тиіс. Мен осының барлығы біздің ісіміздің, еліміздің игілігіне жарайды деп ойлаймын», - деген еді.
Өткен жылдан бері Үкімет басшысының орынбасары міндетін атқарып келген 1956 жылы 9 желтоқсанда Гурьев облысында дүниеге келген. 1991 жылдан - ҚР Жастар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы. 1993 жылдан - ҚР Президентінің көмекшісі. 1995 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1997 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Білім және мәдениет министрі. 1997 жылдан - ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1998 жылдан - ҚР Президентінің Бірінші көмекшісі. 1999 жылдан - Атырау облысының әкімі. 2000 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2002 жылдан - ҚР Премьер-министрі. 2003 жылдан - ҚР Мемлекеттік хатшысы. 2004 жылы ҚР Президент Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды. 2004 жылдың желтоқсан айынан 2008 жылдың сәуіріне дейін - Алматы қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап - Астана қаласының әкімі. 2014 жылдың қазанынан ҚР Қорғаныс министрі болды. 2016 жылдан осы тағайындауға дейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Шахмардан Байманов Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Шахмардан Асқарұлы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген, жоғары білімді қаржыгер, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін саясаттанушы мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының жастар ісі жөніндегі көмекшісі болып бастап, Қызылорда облыстық «Жастар бастамаларын дамыту орталығының» директоры, «Қазақстан жастар конгресі» директорының орынбасары, директоры, Ақмола облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, республикалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы қызметтерін атқарған. «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың ұжымын оның жаңа басшысы Серік Жәмекұлы Оспановпен таныстырды. С.Оспанов 1964 жылдың 1 шілдесінде Гурьев қаласында дүниеге келді. 1986 жылы В.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдады. Еңбек жолындағы қызметі 1986 жылы «Мангышлакнефть» бірлестігінде басталды. 1992-2004 жылдар аралығында Маңғыстау облысының басшы қызметтерін атқарды. 1996 жылдан бастап 2004 жылға дейін Ақтау қаласының әкімі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болды. 2004 жылдан бастап 2016 жылға дейін үш шақырылымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған еді. Жаңа басшыны таныстыра отырып, ҚР Омбудсмені елдің Парламенті мен мемлекеттік басқару органдарында жұмыс атқару кезінде алған білімі мен айтарлықтай тәжірибесі оған ұлттық құқық қорғау мекемесіндегі қызметке белсенді кірісуге мүмкіндік беретініне сенімін білдірді. Бұдан бұрын 2002-2016 жылдар аралығында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықты Калюжный Вячеслав Афанасьевич басқарған еді.
Әлнұр Ермағамбетов «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Әлнұр Мэлсұлы 1978 жылдың 10 ақпанында Алматы қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің биология факультетін (биология ғылымдарының кандидаты, 2004 ж.) және MBA Маастрихтский менеджмент мектебінің біріккен курсын және Халықаралық бизнес академиясын (2009 ж.) тәмамдаған. 2008-2015 жылдар аралығында «Хьюлетт-Паккард (К)» ЖШС-ында қызмет еткен. 2016 жылы Қазақстандағы HP Global Trading B.V. бөлімшесін басқарған.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының шешімімен Жұмағазиев Эльдар Тынышбайұлы басқарма басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды және басқарма мүшесі болды. Эльдар Жұмағазиев білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру, мемлекеттік тілдегі бизнес пен коммуникация, IT саласын басқару жұмыстарын үйлестіреді. Ол сонымен қатар «Нарықты сараптау мен мониторингілеу орталығы» ЖШС-нің еншілес кәсіпорнының байқаушылық кеңесінің төрағасы болып табылады. Эльдар Жұмағазиев Атырау облысында туған. Атырау мұнай және газ институтының механика факультетін және РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Ол палатадағы білім беру мен адам капиталын дамыту саласын басқарып келген Мұрат Әбеновтің орнын басты. Мұрат Әбенов болса, «Атамекен» ҰКП президиумы жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жасыл экономика комитетінің құрамына кірді.