1955
Байсын жұртқа барғанда
Байсын жұртқа барғанда
«Бабаларымыздың қиялын тербеген құтты қоныс, мәйекті мекен – Жиделі Байсын қай жерде болды екен?» деген сауалға қазақтың жауап іздегеніне қай заман. Жау шапқанда, жұт келгенде, ашаршылық жайлағанда, қысқасы, ел басына күн туған неғайбыл замандарда елтұтқа жандар көштің басын солай қарай бұратын. Бірақ азып-тозған жұрт оны таба алмастан, әр жерде тарыдай шашылып қала беретін. Халық санасында әдемі утопияға айналып кеткен сол өлкенің елжіреткен, емексіткен елесін көп зерттеуші Өзбекстан Республикасының Сұрхандария уалаятымен байланыстырады. Сондықтан мінген ұшағым бұл уалаяттың орталық қаласы – Термездің әуежайына қалықтай қонып, топырағына табаным алғаш тиген сәтте бөлекше күй кешкенім рас.
Алып-ұшқан көңілім әуелде біраз пәсейіп қалғандай болды. Өйткені өзбек мемлекетінің ең оңтүстік шаһары саналатын Термездің кескін-келбеті біз көксеген Жиделі Байсынға ұқсай қоймайды екен. Желдеуіт, шаңдауыт көрінді. Ерте көктемнің өзінде күн әжептәуір қызынып тұр. Шілденің аптап ыстығында термометр көрсеткіші алпыс градустан төмен түспейтіні айтылды. «Ал, мықты болсаң, шыдап көр... Жерұйық емес, тамұқ қой мынауың...».
Табиғаты қабақ аштырмағанмен, бұл – ішіне талай ғасырлардың сырын бүккен, 2500 жылдық тарихы бар «кәрі тарлан» өлке. Термезді Александар Македонский, Шыңғысхан, Әмір Темір және мәшһүрлігі олармен таласа алмаса да, пәрмені күшті небір әміршілер кезек-кезек билеген. Оны әріде Ахеменилер, Грек-Бактрия, Құшан патшалықтары, Түркі қағанаты, Араб халифаты, беріде саманилер, ғазнауилар, қараханлылар, селжұқтар, хорезмшахтар, шейбанилер, аштарханлылар, маңғыттар құзырына қаратып, әрқайсысы өзінше із тастаған. Патшалық Ресей мен Кеңес дәуірі шежіресі – өз алдына. Бүгінге келсек, қаланы іргелей ағып жатқан Әмударияны ұзына бойлап тартылған сым темірдің ар жағы – Ауғанстан екенінен-ақ жай-жапсарды пайымдай беріңіз.
Мәдениеті мен руханияты қайт-қайта түлеген шаһардың археология музейінде зәрдөш, несториан, будда, ислам діндерінің жәдігерліктері көптеп қойылған. Ал жергілікті халық «Термиз Ата» деп қадірлейтін ортағасырлық атақты шейх әл-Хәкім ат-Термизидің кесенесі осы аймаққа жолы түскен әр мұсылманның ең әуелі маңдай тірейтін зиярат орнына айналған. Ол үрдісті мен де ұстандым.
«Енді Жиделі Байсынды іздей берсек болатын шығар...».
Бұқар жырау: «Сырдария суынан/ Көлденең кесіп өтіңіз./ Үш жыл малды ту сақтап, /Жиделі Байсын кетіңіз./Кісісі жүзге келмей өлмеген,/ Қойлары екі қабат қоздаған./Қатын, бала қамы үшін/Солай таман жетіңіз» дегенде, қай тұсты меңзеді екен? Аңыз бойынша, Олжабай батыр қойды қошқарсыз, сиырды бұқасыз, түйені бурасыз, жылқыны айғырсыз қылып, «Ауған елі» атанған жер шұрайы – Жиделі Байсынға соңындағы елдің бетін бұрмақшы болған сәтінде дүние салыпты. Тобықтының Қараменде биі руластарын Жиделі Байсынға қарай көшіріп бара жатқанда, қыстың қаһарына кезігіп, Балқаш көлінің маңында аялдап қалыпты. Ал желмаясымен жер шалған Асан Қайғы: «Ай, Жиделі Байсын, артыма бөктеріп кетер едім, әттең атым көтере алмайды-ау! Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын тып-тыныш мамыражай ел екенсің» депті. Бұлар – ел аузындағы әңгімелер. Хатқа түсіп, қағазға қатталған тарихи деректер де ұшырасады. Мысалы, Досмағамбет Қылышбайұлы деген кісі «Қазақ» газетіне (1914 жыл, 23 қаңтар) былай деп жазыпты: «Басымызға да, малымызға да таршылық келген соң, Бұқара жағында Жиделі Байсын деген бос жер бар деп ұзынқұлақтан естуімізше, 1912 жылы жаз күні 33 үй көшіп, желтоқсан айында Сырдария облысы, Ақмешіт уезі, Шиелі деген жерге құлап, дариядан өттік. Алты үйіміз түйелері өліп, көше алмай, әлгі Шиеліде қалды. 27 үйіміз дариядан өтіп, қыс көшіп, Самарқан облысы, Жизақ уезі, Қызыл болысына қараған елге жеттік. Мінген ат, артқан түйе, айдаған қойларымыз мезгілсіз ұзақ көшуге шыдамай арықтап, Қызылқұм ішінде жұтадық. Малымыздан айырылған соң, ішуге азығымыз болмай, ашаршылыққа душар болдық. Қызыл елі айтты: «Әуре болмаңдар, Жиделі Байсында ел сиятын бос жер жоқ» деп. Соның үшін біз Сырдария бойына қайтпақшы болдық». Бұл мәліметтерде «Ауған елі», «Бұқара жағы», «Самарқан облысы» деген атаулардың ұшырасатыны қызықты.
Кездескен бетте «Яхшимисиз? Зормисиз? Чарчамадизми?» деп амандық-саулығыңызға алаңдап, елпек қағатын мейірлі өзбек ағайынның қай-қайсысынан сұрасақ та, ол жөнінде хабары жоқ. «Жүз елу шақырым жерде Байсын шаһары бар, оны айнала қоршаған тау да солай аталады, бірақ Жиделі дегенді естіген емеспіз», – дейді. Әлбетте, Байсынның барын білеміз. Интернет мәліметіне біршама қанықпыз. Бірақ сол Байсынның біздің Жиделі Байсынға қатысы бар ма, жоқ па, әйтпесе ол санамызда жаңғырған бейнеге ұқсай ма, ұқсамай ма – көзбен көргіміз келеді.
Сөйтіп жүргенде, шаһардың орталық көшелерінен «Бахшылар Отаны – Сұрхан Анам» («Baxshılar dıyorı – ona Surhanım») деген жазуы бар, өзбек тақиялы өнерпаздар бедерленген билборд назарымызға бірден ілікті. Өйткені ғылыми сапарымыздың діттеген мақсаты сол – бахшылардың шығармашылығын, Сұрхан еліндегі дастаншылық мектептің қазіргі хал-ахуалын зерттеп-зерделеу. Түбі бір сөз болғанымен, өзбектің «бахшысы» мен қазақтың «бақсысы» екі түрлі мағынаға ие. Біздің бақсы – қобыз сарнатып, зікір салып, жын шақырып, бал ашатын, дерт қашыратын кәдуілгі шаман. Өзбектер «бахшы» деп жыраулары мен жыршыларын айтады. Бахшылармен сұхбат құрмас бұрын Байсынға қарай бет түзеймін деу – жалаңқай тірлік, құр далақпайлық. Оны да тез арада түсініп қалдым. Себебі билбордтағы сөздер бекер болмады – сұрхандықтардың бахшылық өнерді айрықша бағалайтынына және Байсынды киелі өңір тұтатынына көзім жетті.
Мемлекет басшысы Ш.Мирзиеевтың арнайы жарлығымен Термезде республикалық дәрежедегі бахшылық өнер мектебі ашылған. Мектеп директоры Ділмұрат Чориев, оның орынбасарлары Ұлықбек Бекназаров, Атабек Дәулетов мені құшақ жая қарсы алып, өз жұмыстарымен егжей-тегжейлі таныстырды. Білім ордасының жеке оқу ғимараты, төрт қабатты жайлы жатақханасы бар. Елдің әр түкпірінен іріктелген отызға жуық талантты шәкірт бахшылық өнерді игеріп жатыр. «Өзбекстан Республикасының халық бахшысы» атағы берілген Шодмон Қожамбердиев, Бахшықұл Тоғаев, «Дустлық», «Шухрот» орденінің иегерлері Зұлхұмар Шерназарова мен Бахтияр Артықов, республикалық фестиваль жеңімпазы Майсара Рахимова балаларға шеберлік сыныптарын жүргізеді. Әрқайсысына жағдай жасалып, жеке-жеке дәрісхана бекітілген. Сұрхандықтардың түсінігінде бахшылық – жай ғана үйреніп шығатын өнер емес, екінің біріне қона бермейтін сирек қабілет, былайша айтқанда, тәңірдің сыйы. Сондықтан болар, шабытты «илаһи» деп атайды. Бахшылық ұстаздан шәкіртке, атадан балаға мирас болып, ізін жоғалтпай келе жатқаны аян. Мысалы, Өзбекстанның тұңғыш халық бахшысы Шоберді Болтаевтың ұлы Розықұл, жоғарыда айтылған Шодмон бахшының ұлы Шерәлі – әрі бахшылар, әрі осы мектептің ұстаздары. Мектепте үлкен мен кішінің қарым-қатынасынан инабатты сыйластық, жарасымды әріптестік аңғарылады. Көпшілігі өздерін «мілләтіміз – өзбек, ұрығымыз – қоңырат» немесе «Байсын қоңыраттар еліненбіз» дейді. «Әкә-үкәмен» қатар, тілдік қорында «аға, іні» сөздері сақталған. «Йоқ» дегеннің орнына кейде «жоқ» естіліп жатады. Ара-тұра қазақша мақал-мәтел айтып қалсаң, оның ұқсас баламасы табыла кетеді.
Бахшылардың қазаққа бір жақындығы домбырадан көрінетін секілді. Бұл аспапты олар пірінен кем санамайды. Өзбек домбырасының біздікінен айырмасы: шанағында үш тесігі бар және мойнына перне тағылмаған. Сосын «домбыра тарттым немесе шерттім» емес, «домбыра шалдым» деп сөйлейді. Шерәлі бахшы Егамбердиев: «Біз оқушы таңдағанда, ең алдымен музыкалық сауатына емес, құлағының естілігіне қараймыз. Есті құлақ болмаса, яғни әуезді қалтқысыз еститін құлақ болмаса, сондай-ақ айтылатын сөздің ұйқасы мен парқын аңдамаса, жүректен жүрекке жеткізе алмаса, бәрі зая», – дей отырып (сол сәтте Абайдың «Есті құлақ ұғынар» дегені ойға оралды), әрі қарай: «Жігіт үйленбей ата болмайды, Биік тауларда бұта болмайды, Бахшының домбырасында нота болмайды» деген ел аузында қалжыңға айналған қағиданы мысалға келтірді. Домбыраның жаңғақтан, өріктен, тұттан, ал ең сапалысы биік тауда өсетін алмұрт ағашынан жасалатыны сөз етілді.
Байсын бахшыларының репертуарында «Көрұғлы», «Молла саудагер», «Алтын қабақ», «Сұлухан», «Айбарша», «Әуезхан», т.б. көптеген дастандар бар. Бірақ олар үшін ең маңызды эпостық шығарма – «Алпамыс». Кез келген тойға бахшы шақырылып, ол міндетті түрде «Алпамыстан» бір үзінді айтады. Бұл ғажайып фольклорлық туынды өзбек, қазақ, қарақалпақ – үш халыққа ортақ; әрқайсысының өз версиялары, варианттары кездеседі. Бала күнімізде «Алпамыс» жыры жазылған екі үлкен күйтабақты атамыздың жанында отырып, қайта-қайта айналдырып тыңдайтынбыз. Сонда: «Бұрынғы өткен заманда, Дін мұсылман аманда, Жиделі Байсын жерінде, Қоңырат деген елінде, Байбөрі деген бай бопты, Төрт түлігі сай бопты...» деген жолдар сәби қиялымызды алыс бір жақтарға жетелеп әкететін. Ал былтыр ғана дүниеден озған сұрхандық атақты бахшы Әбдіназар Пайонов жырлаған «Алпамыс» дастаны: «Өткен қадым заманда, Қоңырат деген таманда, Елі-жұрты аманда... Ұлытаудан әрменде, Көкшетаудан берменде, Байсын-Қоңырат жұртында, Алпыс алты рулы қоңырат елінде...» деп басталады. Содан тағы сұрау салдық: «Бұл дастанда айтылатын Ұлытау, Көкшетау бізде бар, сізде жоқ. Сондай-ақ Байсын бар, Қоңырат бар, ал Жиделісі қайда сонда?». Жергілікті тарихшы, Термез университетінің оқытушысы Ташкенбай Пардаев: «Жиделі Байсын Қарақалпақстанда бар деп бір жерден оқыдым және жұрттың айтуынша, Арал теңізінің астында бір Байсын қаласы қалған» деген болжамын бөлісті. Бірақ, жан-жақтағы басқа білімпаздардан сұрастыра келгенде, екі долбар да расталмады.
Сонымен, Байсын ауданына (өзб. tuman) баруға жиналдық. Бахшылар мектебінің әрі баспасөз хатшысы, әрі шаңқобыз шебері, әрі оқытушысы Данияр Шаухатұлы өзінің құйтақандай, пропан газымен жүретін «Матиз» көлігін алыс жолға сайлады. Бұл шаһардан тау-тасты аралап кететін ірі бітімді машинаны шырақ алып іздесең де таппайсың. Содан Ешбай бахшының елгезек те епті немересінің темір тайына «Байшұбар» деп ат қойдық. Даниярдың университетте бірге оқыған досы, аталмыш мектептің дәстүрлі ән мен музыка бөлімінің меңгерушісі, Байсында туып-өскен Ерәлі Аманов қатарымызға қосылды. Ол – біз үшін тегін «гид», өйткені өзі туған аймақтың ой-шұқырын жатқа біледі. Жиырманың жетеуіндегі екі құрдас таңғы сағат алтыда мені мейманханадан жолға алып шықты. Жаңбыр сіркіреп тұр еді, Данияр: «Уайымдамаңыз, мына шөліркеген Термездей емес, Байсын – таулы аймақ, бұлттың төнуі де, тарқауы да тез», – деді. Қаладан шыға бере басталған тақтайдай тегіс жолдың үстінде «Матиз» әдемі бүлкілге басып, ұзақ шақырымдарды көзді ашып-жұмғанша артқа тастады. Ертегілерде көзге қораш қотыр тай ақырында жел жетпейтін тұлпарға айналушы еді ғой. Тура соның кебі. Жолшыбай Ангор, Шерабад аудандарын басып өтіп, Байсын тауларының қойнауына еніп бара жатқанымызды байқамай қалыппыз.
Несін айтасың, Байсын десең – Байсын... жоқ, біздің қиялымыздағы Жиделі Байсын. Біріне-бірі ұласқан ғажап тау көріністері. Сөзбен суреттеуге тек Ілияс Жансүгіровтың тілінің бояуы ғана жететін болар. Расы, өз заманында соқыр Бекетбай ақын көзбен көргендей жырлапты ғой: «Асан Қайғы бастаған/ Жиделі Байсын жері бар/ Шаңырағына мың түйе,/ Жылына үш қоздайтын/ Қой біткен құтты елі бар,/ Қулы, нулы көлі бар./Өзеннің ұзын кені бар./Жалғыз түп қана шиінде/ Айғыр үйір жылқы ығар./Сондай шүйгін шөбі бар,/Көшудің соған жөні бар». Ерәлі мен Данияр жарыса сөйлеп келеді: «Бұл арада жеміс-жидектің түр-түрі өседі: жаңғақ, арша, шынар, тұт, алмұрт, алма, жүзім, анар...»; «Жақында газдың кені табылды, көмір мен тұз бұрыннан бар...»; «Қазір өзіміз баратын Аманхана қайнарының суы барлық дертке шипа...»; «Осындағы Тесік тас үңгірінен неандертальдық сәбидің сүйегі табылған...»; «Тау аңғарындағы даңқты Темір қақпа арқылы өтетін керуен жолы Бұқара мен Самарқанды Үнді елімен жалғап жатқан...»; «Жартастарда таңбаланған ежелгі суреттерді көрсеңіз ғой..». Аңызы мен ақиқаты араласып кеткен әңгімелер. Байсын тауының бір жықпылында Алпамыстың садағы жасырулы жатыр, оны тапқан адам бақытты болады-мыс. Даңқты саяхатшы Марко Полоның асыл қазынасы, Әмір Темірдің қылышы да қаптаған сансыз үңгірлердің бірінде көзден тасаланған. Тауып алсаң, байлыққа кенелесің. «Жиделісі қайда?..» демекші, мұндағы кісілерден естуімізше, бұрынғы кезде әр үйдің иесі өз ауласына жиде ағашын егіпті. Пиғылы бұзық әлдекім босағасынан аттаса, ол жарықтық бүкіл теріс энергияны өзіне тартып алып, көп ұзамай бұтақтары қурап қалады екен. Әлбетте, архаикалық танымнан ажырамаған бұл Байсынға қандай әпсана да жарасып тұр. Оның 2001 жылы ЮНЕСКО-ның «Адамзаттың ауызша және материалдық емес мұрасының жауһарлары» тізіміне енгізілгені бекер емес болды.
Көлікті тізгіндеген Данияр «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» Алпамыс бабасына тартып туған қайсар жігіт екен. Астымыздағы «Байшұбары» асудан асуға ыңырана көтеріліп, құз-қиядан еңіске қарай жүйтки құлдилап, Байсынның талай мүйісін түгендеп шықтық. Мысалы, Сайроб қышлағындағы сирек табиғи жәдігер есебінде мемлекеттің қамқорлығына алынған мыңжылдық шынарды тамашалағанның өзі – бір ғанибет. Биіктігі 26 метр бұл кәрі дарақтың діңінің жуандығы сондай, ішіне бөлме жасалып, сыртына есік қондырылған. Патша заманында мектеп, большевиктің кезеңде қышлақ кеңесінің кеңсесі, сосын атты әскер полкінің кітапханасы, кейін сауда дүкені орналасқан. Қазір туристерге арналған көрме орны. Бұл шынарға халық «Алпамыс», ал қасында өскен екі шынардың шеткісіне «Баршын», ортаңғысына «Жәдігер» деп ат қойыпты. Сөйтіп, дастанның кейіпкерлерін тірілткен шынарлар «әке – ана – бала» боп сап түзеген.
Сапар барысында Байсын шаһарындағы Ерәлінің үйіне соғып, әкесінің қолынан шай іштік. Абдулла замандасымыз осындағы хұнармандардың (қолөнершілердің) басшысы екен. Ол бізге Байсында ғана өсетін, былтырдан сақталып қалған алмадан дәм татқызды. «Қона кетсеңіздерші» деп меймандостық танытты. Мәдениет үйіне барып едік, оның бастығы да ақжарқан кісі екен, бізді түнемелікке қалдырғысы келді. Ертеңіне қыр төсінде көкпар (өзб. кupkarı) тартылатыны тілге тиек етілді. Уақытымыздың тығыздығына сүйеніп, қай-қайсысына да Алла разы болсын айттық.
Қайтарда, Моншақ қышлағының кіре берісінде, көлігінің жанында бізді домбырасын қолына ұстаған күйі Орал бахшы Рахимов күтіп тұрды. Тойдан босап қайтқан беті екен. Бір байқағаным, қай бахшы да мейманды бірінші рет көрген бетінде қошығын (өлеңін) төгілте жөнеледі. Және кіріспе мадақ сөзін көбіне домбырасына арнайды. Бұл әдеттен Орал бахшы да айныған жоқ. «Аршалардың астынан аршып алған домбырам,// Пістелердің астынан пішіп алған домбырам...// Домбыра сені бағайын, //Мойныңа тұмар тағайын.//Сөйле, менің домбырам...//Қош келіпсіз Байсын қоңырат еліне!» – деп лекіте жырлап, біраз жерден қайырды...
Өркениет өрісінде өзінің байырғы бітім-болмысын жоғалтпаған, жыл сайын көктемде өтетін «Байсын бахоры» фестиваліне Англиядан, Франциядан, Германиядан, Жапониядан, Оңтүстік Кореядан өнерпаздар ағылып келіп қатысатын Байсын жұртының ашылмаған тылсымы көп. Немістің танымал түркологі Карл Райхл осында айлап жатып, бахшылар өнерін ізерлеп зерттесе, француз өнертанушысы Жан Дюринг қадірменді бахшы Шоберді Болтаев хақында толықметражды деректі фильм түсірген. Ал 1997 жылы ЮНЕСКО мамандары келіп, Сұрхандария мен Қашқадария алқабын қамтитын Шерабад дастаншылық мектебінің негізін қалаған Шерна бахшының әулетінен өрбіген атақты Мардонақұлұлы Құшбақ бахшының аузынан «Алпамыс» дастанының бір нұсқасын таспаға жазып алыпты. «Ұстаздардың ұстазы» атанып, Қызырық ауданының Азан қышлағында тұрып жатқан сексеннің сеңгіріндегі қазыналы ақсақалдың шаңырағына арнайы ат басын тіреп, шежірелі әңгімесін көкейге түйдік. Бәндіхон кентіне барғанымызда, «Алпамыс» дастанын тоғыз сағат бойы тоқтамай жырлайтын Өзбекстанның халық бахшысы Сафар Шойдыловтың шеберлігіне тәнті болдық.
Сұрхан елі бахшылық рухымен тыныстап тұр. 2019 жылы ел президентінің тікелей бастамасымен Термезде тұңғыш Халықаралық бахшылар фестивалі ұйымдастырылыпты. Оған әлемнің 74 елінен 160-тан астам өкіл қатысқан. Тіпті, қиян шеттегі Африка құрлығының дәстүрлі жыршылары да арқаланып келіпті. Осы үлкен өнер сайысында қазақ қызы Ұлжан Байбосынованың Бас жүлдені жеңіп алғаны – біз үшін зор мәртебе. Әр екі жыл сайын өтетін бұл дәстүрлі фестиваль келесі ретте – 2021 жылы Нөкісте болса, үшіншісін биыл сәуір айының соңында Сырдария уалаятының кіндігі – Гүлістан шаһары қарсы алады. Дүбірлі думанға Байсын бахшылары да қызу дайындық үстінде. Оның барысын белгілі мәдениет қайраткері Үміт Норбоев басқаратын Термез қаласындағы Республикалық бахшылық өнер орталығы үйлестіреді.
Термездің аумағы ат шаптырым орталық саябағына Алпамыстың аты беріліп, қақ ортасына ескерткіші орнатылған. Байсын қоңырат елінің тіршілігін, тыныштығын қорыған рәмізі іспетті. Бір қызығы, біз Жиделі Байсынды іздеп жүрсек, мұндағы жұрттың аңсарына айналған өз жерұйығы бар екен. Ол – Көроғлы билік құрған-мыс «Шәмбіл» деген қоныс. Бірақ оның қай жер екенін ешкім дәл нұсқап көрсетіп бере алмайды. Әйтеуір, шамамен түрікмен жаққа сілтей салады.
Міне, қайда барсаң да, жоқ іздеген адамзат. Сірә, бахшылар жырлаған Байсын баяны жуық арада түгесілмек емес.
Амантай ШӘРІП, арнайы «Түркістан» газеті үшін, Астана – Термез – Астана