50735
40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»
40 жылдан бері жол ережесін бұзбаған «Такси апа»
Абай облысы Аягөз ауданының тұрғыны Оразхан Манабаеваның
есімі жергілікті халыққа жақсы таныс. Бәрі оны «Такси апа» деп атайды. Бір қызығы, 40 жылдан бері темір тұлпарды тізгіндеп жүрген такси жүргізушісі осы уақытқа дейін бірде-бір рет жол ережесін бұзбаған. Өзінің ғана емес, мініп жүрген көлігінің де «денсаулығын» жақсы күтетін ол қазір жапондық «Toyota 35»-ті жүргізіп жүргенін айтады.
Оразхан Манабаева – әзірге өңірдегі жалғыз әйел таксиші. Жастайынан техникаға әуес болып өскен ол Аягөздегі автомектепте оқып, практикалық, теориялық емтихандарды үздік бағаға тапсырған. Сөйтіп, алдымен «Запорожец» көлігін жүргізіпті. 76 жастағы таксиші қазір де сүйікті ісінен қол үзбеген. Таңғы жетіден жұмысқа кірісетін ол кешкі беске дейін аудандық ауруханаға келушілер мен ауруханадан шыққан адамдарды діттеген жеріне жеткізіп салады.
«Семей облысы Үржар ауданы Қызылқұм деген жерде туып-өстім. Үржардағы Абай атындағы мектепте оқыдым. Содан тоғыз жолдың торабы ғой деп, Аягөзге көшіп келдік. Үйде отағасымыз бар. Отасқанымызға 56 жыл болды. Үкімет құлап, қиын жылдар болды ғой. Сол кезден бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Төрт ұл, бір қыздан 16 немере, 6 шөбере сүйіп отырмыз. Кенже ұлымыздың қолында тұрып жатырмыз. Бұрын бала-шағаның қамымен жүрсек, қазір Құдайға шүкір дейміз. Үкіметтен алатын азын-аулақ зейнетақыны қанағат тұтамыз. Бірақ жасым келді деп, үйде отырып қалуға болмайды. Осы уақытқа дейін «Запорожец», «Жигулиден» бастап, «Ауди 80», «Ауди-80 Б4», «Фольксваген Пассат», «Тойота Камри» сияқты көліктерді тізгіндедім. Қазір «Toyota 35»-ті айдап жүрмін. Өзіме ұнайды, жайлы. Бұл – сегізінші көлігім», – дейді Оразхан Манабаева.Кейіпкеріміз отағасы көлік жүргізуіне қарсы емес екенін айтады. 77 жастағы қарияның өзі де ат арбамен халықтың жүгін тасиды екен. Оразхан Манабаева аптасына бес күн жұмыс істеп, сенбі, жексенбі күні демалады. Бұл – бұрыннан қалыптасқан қағидасы. Ал жұма күні міндетті түрде мешітке барады. Такси жүргізушісі болып қана қоймай, 33 жылдан бері құлшылық үйінің шаруаларына да көмектеседі екен.
«Денсаулығыма, уақытты дұрыс өткізуге мән беремін. Мысалы, қазір сізбен мешітте сөйлесіп отырмын. Өтініш жасаған соң, қасиетті айда оразамды ұстап, құлшылық үйінде қызмет етіп жүрмін. Келушілермен жұмыс істеймін. 2015 жылы қажылыққа барып келдім», – дейді Оразхан Манабаева.Бір таңданарлығы, кейіпкеріміз тек Аягөзде емес, көлігімен еліміздің түрлі қалаларына барып жүрсе де, бірде-бір рет жол ережесін бұзып, айыппұл төлемеген. Машинасына үнемі ұқыпты қарап, дер кезінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бөлшектерін ауыстырып отыруы мұның бір себебі болар. «Көлігіңе құрметпен қарау керек» дейді ол. Сонымен қатар тәжірибелі таксиші көлік жүргізушілер ең алдымен сабырлы болуы керек екенін айтады.
«Асықпай жүрсең де, баратын жеріңе жетесің. Асып-саспай, алды-артыңды бағдарлап жүрген жақсы ғой. Көшеде келе жатып ұлдардың беталды «обгон» жасайтынын көріп, ұрсатын кездер болады. Ал қыздар ұқыпты айдайды. Жастар абайлап жүрсе дейсің. Көлігімнің қандай жағдайда екенін бақылап жүремін. Даусы сәл дұрыс шықпай қалса, техникалық қызмет көрсету стансасына апарып тексертемін. Жалпы, өзім қырық жылдан бері дөңгелек ауыстырып көрмеппін. Домкратымды қолға алғаннан ұлдарым жүгіріп келіп, өздері істеп береді», – дейді.Көп уақытын жолда өткізетін такси жүргізушілері түрлі оқиғаның куәсі болып жатады. Оразхан Манабаева басынан өткен сондай оқиғасын баяндап, қиын сәтте тығырықтан қалай шыққанын айтып берді.
«Біз жақта теміржол бар. Одан ары қарай әскери бөлім орналасқан. Соған 4-5 баланы апара жатқан болатынмын. Жеткен кезде қарасам, теміржолды қазып тастапты. Ал ол жердегілер «Апа, құммен жүресіз» деп қарап тұр. Құмға машина кіріп кетеді екен. Жан-жағыма қарасам, сегіз машина батып жатыр. «Енді не істеймін?» деп тұрмын. Ал көлігімдегі ұлдар «Апа, жұмыстан қалатын болдық» деп мазасызданып барады. Содан білетін дұғамды оқып, тәуекел етіп, ебін тауып сегіз машина батып тұрған құмнан өтіп кеттім. Сенесіз бе? Балаларды апарып тастағаннан теміржолды қазып жатқандарға келіп «Таяу арада бітесіңдер ме?» десем, «Қазір бітпейді, ана жақпен айналып өтіңіз» дейді. Барлық жер құм. Әйтеуір жолын тауып келген ізіммен өтіп кеттім. Құдайдың құдіреті деген осы болар», – дейді таңданысын жасырмай.Оразхан Манабаева табыс табудан гөрі денсаулығы үшін үнемі қозғалыста жүргенді құп көреді. Сонымен қатар елмен араласып, емен-жарқын әңгімескенде уақыт та көңілді өтеді екен. Такси жүргізушісі қасиетті жұма күні жолаушыларға жеңілдік жасауды әдетке айналдырған. Тіпті, көпбалалы аналардың қиналып тұрғанын көрсе, барар жеріне тегін апарып тастайды. Сонымен бірге немерелерін балабақша мен мектепке де өзі тасиды екен. Бүгінде «Такси апа» атанған кейіпкеріміз елімізге ғана емес, шетелге танымал бола бастаған. Бір қызығы, кейіпкеріміз туралы еліміздегі журналистерден бұрын мәскеуліктер бірінші келіп, деректі фильм түсіріпті.
«Аягөзде үлкен аудандық аурухана бар. Таңертеңнен соның алдында тұрамыз. Ауруханаға келушілерді, шыққандарды, медбикелерді, дәрігерлерді баратын жеріне апарамын. Денсаулық саласының мамандары көлігімде отырғанда «Жатпаңыз, осылай жүре беріңіз. Қимылдағаныңыз жақсы» деп айтады. Олардың кеңесін де тыңдаймын. Сөйтіп, ақырындап жүріп жатырмыз. Қолында екі-үш сөмкесін ұстап, балаларын ертіп ауруханадан шығып жатқан әйелдерді көп көремін. Кейбірін күтіп алатын ешкім болмай жатады, әрине таксиге ақшасы да жетпей қалуы мүмкін. Ал оған автобуспен үйіне жету оңай емес қой. Мұндай жағдайда міндетті түрде көмектесіп, үйіне тегін апарып тастаймын. Есесіне, қайтып келе жатқанда жолаушылар мінеді. Көлігім бос болған емес», – дейді «Такси апа».
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ