560
Ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейі
Ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейі
Осы аптада Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын құрамдағы кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Ақорданың ресми мәлімдемесіне сүйенсек, екі ел басшысы сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аударып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.
Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылды
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.
– Әзербайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара қолдаудың мызғымас байланыстарына сүйене отырып, біз бүгінде шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқан тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты жолға қойдық. Елдеріміз арасында қарқынды және сенімді саяси диалог орнады. Үкімет деңгейінде үйлесімді жұмыстар атқарылып, көпжақты платформалар аясында сындарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында шарттық-құқықтық қарым-қатынас орнағанына тоқталып өтті.
– Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.Президенттер екі елдің сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңілдері толатынын мәлімдеді. Айта кетейік, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп есептейтінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы ынтымақтастық та ерекше рөл атқаратынына тоқталды.
– Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзербайжан президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзербайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр. Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның іске қосылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланыстарды жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Ильхам Әлиев екі ел өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатқанын айтты.
– Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз, – деді Әзербайжан президенті.Ильхам Әлиев бүгін екіжақты қарым-қатынастар бойынша ауқымды мәселелер көтерілгенін және халықаралық мәселелер жөнінде жан-жақты келіссөздер жүргізілгенін айтты. Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды. Гейдар Әлиевтің есімі ұлықталды Келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты. Мемлекет басшысы былтыр Әзербайжанға ресми сапары барысында Ильхам Әлиевпен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келгенін еске салып, бұл, ең алдымен, екі елдің достық қарым-қатынасын бекемдей түсу үшін өте маңызды қадам екенін айтты.
– Гейдар Әлиев секілді әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын ұлықтау – біздің парызымыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қосқан маңызды үлесіміз. Әзербайжан халқының ұлы перзентіне деген зор ілтипатымыз әрі шынайы құрметіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті.
– «Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзербайжанның архитекторы десек, артық айтқандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Мемлекет басшысы.Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Сондай-ақ оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп қана қоймай, түп-тамырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ екенін үнемі айтып отыратынын еске алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас берік әрі үйлесімді, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқанына назар аударды. Өз кезегінде Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев біздің елімізге ресми сапары аясында осындай керемет тарихи сәтке куә болып отырғанына қуанышты екенін жеткізіп, Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мемлекетінің қалыптасуындағы тарихи рөліне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы Гейдар Әлиевтің бауырлас қазақ халқына деген ықыласы мен сүйіспеншілігі ерекше болғанын айтты. Расында, солай. Мен бұған куәмін. Ол қазақтардың салт-дәстүрін, мәдениетін жақсы білетін және көпғасырлық тарихына құрметпен қарайтын. Ол қазақтар мен әзербайжан халқының бауырластығын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол түркі әлемін одан әрі біріктіру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Біз бүгін түркі әлемінің бірігіп, халықаралық аренада беделді және қуатты ұйым құрғанына куә болып отырмыз. Бұл – Гейдар Әлиевтің де еңбегінің жемісі, – деді Әзербайжан президенті.Сонымен қатар Ильхам Әлиев Қазақстан Президенті мен халқын әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен құттықтап, еліміздің халықаралық аренадағы беделі зор екенін атап өтті. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Астана қаласындағы Ботаникалық бақта ағаш отырғызды. Одан бөлек, Еуразия ұлттық университетінде Гейдар Әлиевтің аудиториясы салтанатты түрде ашылды. Онда Гейдар Әлиевтің қолжазбалары, мемлекеттік қызметі туралы кітаптар, түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы еңбектер жинақталған. Салтанатты ашылу барысында Ерлан Сыдықов Еуразия ұлттық университеті мен Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастығы белсенді дамығанын және ондаған әзербайжандық студенттер ЕҰУ қабырғасында оқитынын айтып өтті. Әзербайжанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Агалар Атамоғланов биыл белгілі саяси қайраткер Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толатынына тоқталды.
– Әр халықтың тарихында ұлы адамдар бар. Ең тағдырлы сәтте олар халықты алға жетелейді. Бауырлас қазақ елі Гейдар Әлиевті саяси қайраткер ретінде құрметтейтінін білеміз. Еуразия ұлттық университетінде осы аудиторияның ашылуы – соның жарқын дәлелдерінің бірі. Менің ойымша, біздің студенттер жаңа білім алуға және Әзербайжан мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Біз ЕҰУ-мен бірлесіп осы атаулы аудиторияда мәдени іс-шаралар өткізетін боламыз, – деді Агалар Атамоғланов.Аудитория Әзербайжанның тарихы, саясаты мен мәдениеті туралы білім орталығына айналмақ. Онда тілдік және әдеби бағыттар бойынша түрлі тақырыпта дәрістер өткізілмек. Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы: Әзербайжанға тек мұнай мен газ емес, басқа тауарларды сату жоспарда бар
Екі президенттің кездесуінің нәтижесінде 6 меморандумға қол қойылды. Негізі, Әзербайжан президентінің Қазақстанға келуі – маңызды сапар. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуға шақырылған еді. Бұдан кейін Әлиев мырза саммитке қатысты. Жарты жыл ішінде үш рет кездескені екі елдің позициясы жақын екенін білдіреді. Негізінен, Қазақстан мен Әзербайжан арасында одақтас деген келісімшарт болмағанымен, екеуі бір-біріне одақтас, халықаралық аренада бір-бірін қолдайды. Әзербайжанның территориялық мәселелерінде Қазақстан Әзербайжан позициясын жақтайды. Қазір екі ел арасында сауда-экономикалық байланыс дамып жатыр. Былтыр Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда айналымы 39 пайызға көбейген. Биыл тағы 15 пайызға көбейе ме деген болжам бар. Сауданың ішінде, Қазақстан Әзербайжанға тек мұнай мен газ емес, басқа тауарларды да сатуды жоспарлап отыр. 110-нан астам позиция бар, экспортты 300 миллион доллардан асыру көзделіп отыр. Одан бөлек, Транскаспий аймағына ерекше мән беріп айту керек. Қазір екі ел арасы тек сауда емес, көлік-транзит мәселесі арқылы да байланысып жатыр. Биыл Қашағаннан танкерлер арқылы бірнеше партия мұнай жөнелтілді. Жоспар бойынша, биыл 5 миллион тоннадан көп мұнай өткізу жоспарда бар. Бұдан бұрын «Баку – Тбилиси – Жейхан» арқылы 1,5 миллион тонна мұнай өтетін. Қазір геосаясатта полюстердің бәрі ауысып жатыр. Украинада соғыс басталғалы бері Ресейдің, Қытайдың, АҚШ-тың позициясы өзгеріп жатыр. Осындай жағдайда біз бауырлас түркі елдеріне жақындап жатырмыз. Түркі елдерінің одағы бағыты біз үшін маңызды бағыт болмақ.