851
Қазақтың бай ауыз әдебиетімен сусындаған қаламгер
Қазақтың бай ауыз әдебиетімен сусындаған қаламгер
Қазір қазақ әдебиеті мазмұны жағынан байып, жаңа кейіпкерлермен толығуда. Оның бір себебі – Моңғолия, Қытай, Түркия, Өзбекстан жерін мекендеген қандастарымыздың отанына оралып, өздерінің басынан өткен тарихи шындықты көркем бейнелеуі. Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетке көркем туындыларымен, тарихи-эсселерімен мол үлес қосқан қазақ қаламгерінің бірі – Қазақстан Жазушылар одағы, Қытай Мемлекеттік жазушылар одағы және Қытай Мемлекеттік Фольклоршылар қоғамының мүшесі Зейнолла Мүбәрәкұлы Сәнік.
Зейнолла Сәнік – қазіргі қазақ әдебиетін жаңа тақырыппен, Қаракерей Қабанбай, Тұғырыл хан, Демежан батыр, Басбай батыр, Қайрақбай күйші, Сүлеймен би сияқты тарихи тұлғалармен толықтырған жазушы. Қаламгердің шығармалары қазақ әдебиеттанушы-ғалымдарынан оң бағасын алды. 2017 жылы 15 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Осы көптомдықтың 1-томына «Сергелдең» тарихи романы, 2-томына «Басбай» тарихи романы, 3-томына Басбай туралы әңгіме-жырлар, 4-томына «Қаракерей Қабанбай», «Хан батыр Қабанбай» тарихи-эсселері, 5-томына «Сүлеймен би» тарихи эссесі, 6-томына «Тұғырыл хан», «Қайрақбай», «Демежан» тарихи-эсселері, 9-томына шағын әңгімелері мен хикаяттары, 10-томында «Із» атты биографиялық хикаяты топтастырылған болатын. Көріп отырғанымыздай, жазушының бірсыпыра шығармала-
ры – тарихи-эсселер.
Жазушының шағын жанрдағы «Бала бидің әңгімесі», «Аң жолында», «Аю атқанның әңгімесі», «Ауылға келген аңқау бас», «Бір тартым шылым» туындыларын этнографиялық әңгімелердің қатарына қоссақ, «Маңдайдағы хат» әңгімелеріне махаббат тақырыбы арқау болған. Ал, «Қоңыр сиырдың көмегі», «Төрт кетік» шоғырлы әңгімелерінің тәрбиелік мәнін ерекше атаған жөн. «Табиғат әлемі», «Сары күшік пен саркіс», «Алыптың алыбы», «Ермек естен танғаннан кейін», «Зырылдауық», «Үстелдегі талас», «Түнгі от», «Дүмпулі дүрмек», «Желі басындағы желпініс», «Несібе» әңгімелері ғылыми-танымдық тұрғыдан ерекшеленсе, «Жер астына саяхат», «Бәкеннің батпырауығы», «Арман көлеңкесі», «Шаштағы шарапат» әңгімелерінде ғылыми-фантастикалық сипат басым.
Қазақ қоғамында қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден бастап ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздардың шоқтығы биік. Оның дәлелі ретінде әл-Фараби туралы Ә.Әлімжановтың «Ұстаздың қайтып оралуы» романын, Ыбырай Алтынсарин туралы Ғ.Қайырбековтің «Дала қоңырауы» поэмасын, Ж.Молдағалиевтің «Алғашқы қоңырау», «Таза бұлақ», Н.Ақыштың «Алтынсарин алауы» романдарын, А.Байтұрсынұлы туралы С.Оспанұлының «Ұлт ұстазы», М.Әуезов туралы М.Дүйсеновтің «Ұстаз» повесі мен З.Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесін, ұстаздар туралы М.Иманжановтың «Алғашқы айлар», Н.Ғабдуллиннің «Біздің жігіт», Ш.Айтматовтың «Алғашқы ұстаз», И.Есқараевтың «Алғашқы ұстаз», З.Сәніктің «Тау жұлдызы», С.Асылбекұлының «Рабиғаның махаббаты» повестері мен С.Асылбековтің «Әдебиет пәнінің мұғалімі, Н.Ақыштың «Күрмеуі қатты түйіндер» әңгімелерін атасақ та жетіп жатыр. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық.
З.Сәніктің «Тау жұлдызы» повесінің бас кейіпкері – Раздық. Шығармада Үрімжідегі Раздық атты мектеп мұғалімінің ағартушылық жолы мен Қытайдағы қазақ жұртының тыныс-тіршілігін шынайы бейнелеген. Шығарма бас кейіпкердің өлімімен аяқталады. Бұл – заман, қоғам шындығы. Себебі, жан-жақты қысым мен аңдуда ғұмыр кешкен шеттегі қазақ азаматтарының басынан өткерген зұлматты шақтар аз болмаған. Шығарманың эпилогы ретінде жазушы тарапынан Раздықтың атқарған қызметтері сипатталып, ұстаз тұлғасына баға беріледі. Оның ұлағатты ойларының ішінен қазақ баласының тіл үйрену, көп тілді меңгеру өнерін ұстануы – өмір сүру үшін қажетті шарт екенін айтатын тұстары бүгінгі күн үшін де маңызды мәселе. Раздықтың қазақ еліне сіңірген еңбегін салмақтайтын тұстар оны жерлеуге келе жатқан шәкірттерінің ұстазының ізгі істерін еске түсіру арқылы беріледі. «Елім деп еңіреген ердің» өлімі қалың жұрттың қабырғасын қайыстырғанын сипаттайтын тұстарда жазушы тілінің шұрайлылығы, образ сомдаудағы ерекшелігі айқын аңғарылады, нақты тарихи деректермен көмкерілген тарихи тұлғаның тағдыры оқырманын бейжай қалдырмай қазақ тарихының ақтаңдақ беттерінен сыр шертеді. Повесть эпиологында кезінде бәйгеге шапқан, Еренқабырға бетінде туылған талай уақиғаның куәгеріндей болған жетпіс бес жастағы Мұқай ақсақалдың әңгімесі берілген. Ел өмірінде болып өткен атақты астардың сипаты, ондағы ат шабыс, балуан күрес пен дау-дамай айтылып солардың бәрінің бітімгері болып жүрген Раздықтың биік бейнесі қайта еске түсіріліп, ел бағына туған «Тау тұлғалы жұлдыз» деп мадақталады. Мәңгілік көнермейтін киелі ұғымдарға баланған ердің ажалының адам қолынан болуы өкінішті болғанмен, оның ұрпақ жадында жалғасқан екінші өмірі жайлы терең толғаныспен ой түйінделеді.
Ал, «Қашқын», «Партиялық жарна» хикаяттарына мәдени төңкеріс жылдарындағы оқиғалар негіз болған. Сондықтан бұл екі шығарманы бөліп жаруға келмейді. Бұл шығармалардан ел басына күн туған ауыр кезде де азаматтардың адамгершіліктен аттамай, «жаным – арымның садағасы» деп арын жанынан жоғары қойғандығына куә боламыз. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты ол кезде де түрлі пиғылдағы адамдар өмір сүрді. Өмір туралы ұстанымы, көзқарасы бір-біріне қарама-қарсы жандар қашан да бірге өмір сүретін болса, аталған шығармаларға осындай жандардың пендешілігі арқау болған. «Қашқын» хикаятында негізгі оқиға шарықтау шегіне жеткен жерден басталып, лирикалық шегініс жасалады. Оқырман осы дәуір сипатынан хабардар болады. Қапас – қазақтың көне мұраларын жинап, хаттап, зерттеп жүрген ғалым жігіт. Ал көксақал Мұрат – құрдасы Қапастың жолына сан кедергілерді ұйымдастырып, інісі Ғайниды айдап салып жүрген іші тар, қазымыр жан. Мұраттың көксегені – Қапастың өмір бойы жинаған жәдігерлері мен мұраларын қалай да қолға түсіру.
Қытай халық республикасында ХХ ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдарындағы мәдени төңкерістің қазақ баласына салған лаңы бас кейіпкер төңірегінде өрбіп отырады. Жазушы азаматтар арасындағы пендешілікті суреттей отырып, жалпыадамдық құндылықтарды меңзейді. Жасынан ауыз әдебиеті үлгілерін, ұлттық этнографияны көздің қарашығындай сақтаған кейіпкердің жылдар өте сол мұраларды індете зерттеуге ден қойғанын оның шығарған «Шалғын» журналы мен «Ата мұраны ардақтайық», «Халық ертегілері» деген кітаптары растайды.
Қытай халық республикасындағы «Мәдени төңкеріс» жылдарындағы қандастарымыздың басынан кешкен шындық бірсыпыра қаламгерлердің шығармаларына арқау болған. Қажығұмар Шабданұлының әйгілі «Қылмыс» романы түрмеде жазылғаны белгілі. Жазушы романда қанқұйлы ХХ ғасырдағы тұтас ұлттың аянышты да, аяулы тағдырын көркем суреттеп жеткізді, тарихи шындықты көркем шындыққа айналдырды. Түрме азабына жан бітірген автордың бірі – Жақсылық Самитұлы.
Қытайдағы қазақ жазушылары осылайша ел өмірінен үлкен орын алған, қазақ тарихында қара әріппен жазылған «Мәдени төңкерістің» үш буын өкілдеріне салған зардабын шынайы бейнеледі. З.Сәніктің «Із» хикаятындағы кейіпкердің анасы мен әкесінің, ағасының қазасын естігенде қатқан шерін шығарып жылай алмай, «шет елмен байланысы бар элемент» деген жаламен қайта қуғындалып кетпес үшін ішінен тынып жүруі өкінішті. Кейіпкеріміз араға жылдар салып, екі елдің арасындағы саяси ахуал түзелген шақта ғана әке-шешесі мен бауырының басына белгі қоюға, марқұмдарға арнап Құран хатым түсіруге қол жеткізеді. Жазушы хикаяттарындағы жекелеген кейіпкерлер басынан өткен оқиғалар қалың қазақтың хал-ахуалын көз алдымызға елестетеді. Аталған шығармаларда Қытай мемлекетінде тұрып жатқан аз ұлттардың оларға жұтылып кетпей, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын сақтап қалуы нанымды суреттелген. Жазушы қазақ этнографиясын зерттеуші болғандықтан, әр мәселенің астарына терең үңіліп, одан қорытынды жасауға шебер. Қаламгер адам экологиясы мен табиғат экологиясын қатар бейнелей отырып, заманның өзгергеніне, бүкіл әлемнің өзгере бастағанына көңіл аударған. Дегенмен жекелеген кейіпкерлер бойындағы адамгершілік қасиеттер арқылы жалпыадамдық және ұлттық құндылықтардың ешқашан тозбайтынын алға тартады.
«Сергелдең» тарихи романына Қабанбай батырдың үш буын ұрпағының аумалы-төкпелі заманда басынан кешкен зобалаңдары негіз болған. Алтайдан Гималай асып Анадолыға жеткен бабаларымыздың ерлік рухы мен қажымас қайраты романның орталық кейіпкерлері – Бәшке, Төлебай, Әлкембай тәрізді үш жетімнің төңірегінде өрбиді.
«Басбай» тарихи романында Шығыс Қытай жеріндегі Тарбағатай қазақтарының ХХ ғасырдың бірінші жартысында басынан кешкен тарихи оқиғалары бас кейіпкер Басбай Шолақұлы төңірегінде өрбиді. Жазушы Басбай бейнесі арқылы ұлы дала перзенті өр қазақтың көркем бейнесін жасаған деуге болады. Басбай бойынан табылатын қасиеттердің барлығы дерлік тек қазақ халқына тән болатын болса, жауға көкірегін бастырмайтын жауынгер халықтың келер ұрпағы оқып-білім алған сауатты ұрпақ болу керектігін оның істері растайды. Сондықтан да ол Тарбағатайда мектеп, Емілге көпір салдырады. Осындай ірі істерімен алып мемлекеттің өзін ықтырып отырған Басбайдың қазақ баласы екеніне мақтанасың, марқаясың.
Жазушының негізгі жетістігі – Басбайды ет пен теріден жаралған адам ретінде шынайы қалпында суреттеуі. Керек жерінде еңкейе де, шалқая да білетін оның Жалшиде ши өртеуі, Уәли болып отырғанда қазақ жігітіне құн төлетпек болған Дәндір халдайды Жуңгоның азат болғанын есіне салып, ескінің сарқыншағы жаңа үкіметке жүрмейтінін айтып, халдайлардың қызметінде жүрген қазақтарды босатуы – осыған мысал. Ежен ханның ұрпағымыз деп жүрген Дәндірдің екі аяғын бір етікке тығу – Басбайдың қолынан ғана келетін ерлік. Көкперісі ұстағанда дүниеқорлыққа, араны ашылған жандарға илікпей шорт кететіні бар. Оның бір көрінісі – «Басбайдың көпірі». Сол көпір де бірбеткейлігінің, саудагерлерге жем болған жалшы-жақыбайға жаны ашығандығынан салынған.
Романның эпилогына Басбай өмірден өткен 15 жылдан кейінгі 1968 жылғы оқиғалар негіз болған. Бұл – Қытайдағы даурыққан мәдениет айғайының аптығы халықты бүре түскен, Мау Жуши жандайшаптары байларды түгел сыпырып, олардың дүние мүлкін тәркілеп «қоғамдастыруға» салған, «жын-шайтанның» ноқта ағасы Басбайдың әйелі мен қызы қара тізімге түсіп қуғын-сүргінге тап болған заманақырдың басталған шағы еді. Ол кезде 20-30 жыл еліме қызмет істедім деген кадрлардың өзі тар қапасқа қамалып, ізім-ғайым жоғалып кетіп жатқанда олардың құнын сұрайтын пенде қалмап еді. 1920-1940 жылдары ел ішіндегі көзі қарақты жандардың мәдени-ағарту істермен айналысуы, оқу-білімнің қадірін түсінетін байлардың оларды қолдап жер-жерден мектеп ашуы ел еңсесін көтеріп тастаған болатын. Көп ұзамай Гоминдаң үкіметі ашылған мектептердің ұстаздарын түгелдей сыпырып алып кеткенде білім ошақтарының есіктері түгелдей тарс жабылды.
1987 жылы ерлігі, дарқандығы, жомарттығы ел ішінде жыр-дастан болып қалған Басбайды қызы Нұрқан мен немересі Мәукен бастаған жандардың іздеп келіп, Құран бағыштауы, оған арнаған өлеңдерін оқуы – ұрпағымен мың жасайтынының көрінісі.
Қазақ тарихынан үлкен орын алатын «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр», «Сүлеймен би», «Қайрақбай Кешубайұлы» туралы тарихи-эсселерде ұлт қаһармандары жөнінде мол мағлұмат берілген. Жазушы жекелеген тұлғалардың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсету мақсатында олар туралы ілгерінді-кейінді жазылған үлкенді-кішілі шығармалар мен зерттеу еңбектерді үнемі жадында ұстап, ғалымдардың пікіріне сүйеніп ой қорытады. Осының өзі автордың кез келген тарихи тұлға туралы ізденімпаздығын, зерттеушілік қырын көрсетеді. Еліміз егемендік алған соң, қазақ халқы тарихын түгендеуге, ақын-жазушыларымыз тәуелсіздік жолында шаһид болған хандарымыз бен батырларымыз, билеріміз бен шешендеріміздің жарқын бейнесін сомдауға кірісті. Бас қолбасшы туралы шағын жанрлардан бастап Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» (1996), Зейнолла Тілеужановтың «Қаракерей Қабанбай» (2009) тәрізді тарихи роман-дилогиясының жазылуы – осы бағытта жасалған игілікті істердің көрінісі. Демежан батыр туралы Қ.Жұмаділовтің «Тағдыр» романымен оқырман жақсы таныс. «Тағдыр» – Шығыс Түркістанды мекен етіп жатқан қазақтардың тарихынан хабар берер роман. Романда XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы уақыт қамтылған. Еженхан мен Ақ патшаның Шығыс Түркістан аймағын бөлісу мәселесі, шекара бөлінгеннен кейінгі халық тағдыры шынайы бейнеленген. Осылайша, қазақ әдебиеті мен руханияты бүгінге дейін беймәлім болып келген тарихи тұлғалармен толығуда.
Қорыта айтқанда, жазушы біріншіден, этнографиялық құндылықтарға атап айтатын болсақ, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпқа көркем шығармаларында ерекше мән береді. Екіншіден, жекелеген кейіпкерлердің бейнесін сомдауда портрет, монолог, диалогтарды шебер пайдаланады. Үшіншіден, автордың қазақтың бай ауыз әдебиетін терең игерген қаламгер екенін шығармаларында молынан қолданылған мақал-мәтелдерден, аңыз-әңгімелерден байқауға болады. Төртіншіден, жазушы көркем шығармаларында да зерттеушілік қырын ұмыт қалдырмайды. Жекелеген мәселеге байланысты ақын-жазушылар мен зерттеуші ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып,
ой тұжырымдау – жазушының бірден-бір стильдік ерекшелігі.
Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филол.ғ.д., профессор