339
Көне Сығанақты қашан көркейтеміз?
Көне Сығанақты қашан көркейтеміз?
Қызылорда облысында тарихи орындар өте көп, солардың бірі де бірегейіне Жаңақорған ауданындағы көне Сығанақ қалашығы жатады. Ежелгі қала Сығанақ ЮНЕСКО мұрасының алдын ала тізіміне енгізілген. Сығанақ қаласының төл тарихын насихаттау өз қолымызда. Бұрынғы «Ұлы Жібек жолы» қазіргі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің бойына орналасқан Сығанақ қалашығының тарихы бағзы заманынан бері, ортағасырлық түркі елдерінің қасиетті мекенін көрсетеді, тарихтан сыр шертеді. Сығанақ қалышығы туралы ең алғашқы деректер 961-962 жылдары Қазақ тарихында Абу Саид Абд ал-Карим ас-Самани еңбектерінде «Китап ал-Ансаб» кітабының 47-бетінде кездеседі. «Мауренахр елдерінен Сейхун өзенінің арғы жағындағы қала, Фараб ауылдарының бірі Ас-Сунах нысабы Сунақ», – деп жазылған.
Х ғасырдағы парсылық шығармаларда, нақты айтқанда «Худуд әл-Әлем» атты еңбекте айтылады. Бұл қала турасында «Қыпшақтар даласының айғағы», «Сығанақ – мыңжылдықтың қаласы», «Сығанақ – қазақ хандығының тұңғыш ордасы», «Сығанақ – қазақтың бірінші астанасы» деген секілді теңеулердің жай болмағанын аңғарамыз. Яғни, Сығанақ тарихы тереңде жатқан Қазақ хандығы үшін ерекше орын алған қалашық болған. Х ғасырларда Сығанақтың ғұн мен қаңлылардың, одан келе ХІ ғасырдың келесі бөлігінде қазақтардың құрылуына негіз болған қыпшақ мемлекетінің шығыс бөлігінің ордасы болғандығы туралы деректер кездеседі. Сыр бойына көшіп келген қыпшақтар қаланы өздерінің орталықтарына айналдырған. Яғни, ірі сауда орталығы әрі керуен жолындағы маңызды шаһар етеді. Парсы саяхатшысы Рузбихан Исфахани Сығанақты сол аймақтың солтүстігіндегі жер жаннатының шеті ретінде сипаттайды. Бұл қала тек Дешті Қыпшақтағы сауда нүктесі емес, жер көлемі кең, тыныш әрі қауіпсіз қала ретінде көрсетіледі. Сол сияқты бұл қалашықта хан ордасы, кітапхана, мешіт, медресе, ислам орталығы, білім ордасы, медицина, керамика, қолөнер, темір балқыту, теңгехана керемет дамыған екен. Сығанақ өзінің екі мыңға жуық жылдық тарихында қаңлы тайпасының, қыпшақ хандығының, Ақ Орда, Әбілхайыр хандығы және Қазақ хандықтарының екі мәрте астанасы қызметін атқарған. Ол сауда нүктесі ретінде, мемлекетаралық экономикалық қатынас пен саяси жүйеде маңызды рөл атқарған.
«Сығанақ (Сунақата) қалашығының» Қалашықтың қорғау аймағы 2003 жылдан бастап Сығанақ қалашығында кешенді археологиялық ізденістерді Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сығанақ археологиялық экспедициясы жүргізіп келеді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Сәйден Жолдасбаевтың: «Бұл қаланың құрылыс жүйесі Отырар қаласынан екі есе үлкен. Отырардың бірінші аталатын себебі – оның Шыңғыс ханның жойқын шапқыншылығына алты ай қарсылық көрсетуі. Сығанақ қаласы да қарсылық көрсеткен, бірақ ол қарсылық жеті күнге ғана созылған. Ол қала аумағының тым үлкен болғандығынан, қорғаныс күшінің жеткіліксіздігінен, жау күшінің басымдығына төтеп бере алмаған», – деген деректер келтірген.
2013 жылы 21 тамызда Жаңақорған ауданында «Сығанақ (Сунақата) қалашығының» тарих және мәдениет ескерткішін қорғау аймақтарын және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтардың шекарасын бекіту туралы Қызылорда облыстық маслихатының шешімі шықты. Қалашықтың қорғау аймағы – 309,6 гектар, қорғалатын табиғат ландшафты аймағы – 739,6 гектарды құрайды.
Жалпыұлттық және өңірлік маңызы бар қасиетті нысандардың қатарында діни-ғимарат ету нысандарымен қатар, ерекше бағаланатын тарихи-мәдени және табиғи мұра ескерткіштері де бар. Еліміздің рухани мұрасына сүйенген ішкі мәдени туризмді дамыту және қолдау мақсатында бұл «киелі белдеудің» нысандары туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналуға тиіс. Енді осындай Сунақ Ата кесенесі, киелі орындарымызға келушілердің саны күн санап артып келеді, қазір баба ұрпақтарының арқасында жол, электр жарығымен, ауызсумен қамтамасыз етілген. Ендігі мәселе электр жарығын үлкен тасжол бойынан Сығанақ қалашығы аралығындағы бағаналарға орнатылса дейміз. Жол бойын көгалдандыру жұмыстары қолға алынуы қажет. Талапқа сай дәмхана мен дәретхананы салу т.б. жұмыстарды қажет етеді. Мысалы, Мәнсүр Мәлік, Сунақ Ата кесенесінен бастап Сығанақ қалашығына дейінгі аралыққа жаяу жүргіншілерге жол салынса, кесенеге келген туристер Сығанақ қалашығын көріп қайтуына ыңғайлы болар еді. Сунақ Ата мешіт-медресесін археологтардың ашып, қайта жаңғыртып қойғанына біршама уақыт өтті. Осы тарихи ескерткішті соңына дейін үлкен, кіші күмбездерін орнатса, бұл дегенің үлкен ғимарат болар еді. Отырар, Сауран қақпаларын қайта жаңғыртып, ашып қойғанын білеміз. Сығанақ қалашығының шығыс қақпасын да осылай ашуға болар еді. Қақпадан кейінгі қорғандарды да көтерсе. Ортағасырлық Сығанақ қаласының шығыс қақпасы өзіндік архитектуралық ерекшелігі бар құрылыс. Бұл қақпа ортағасырлық Сауран, Отырар қалаларының қақпа құрылысынан өзгешелеу. Қақпаның негізгі платформасы ғана күйдірілген кірпіштен қаланған, ал екі қапталдағы мұнарасы пақсадан жасалған және негізгі платформа алға қарай 4,5 м шығыңқы болып орналасқан. Платформаның қазіргі анықталған ең биік жері 1,7 м және одан төмен қарай жалғасып жатыр. Қазба жер асты суының шығып кетуіне байланысты тоқтатылды. Қазба барысында аспалы көпірді көтеріп-түсіретін тастан жасалған механизмімен ашылады.
Сығанақ стеласының жанына «Сығанақ тарихы» музейі мен этно ауыл орналасса деген ұсынысым бар. Сондықтан осы орайда, олардың қазіргі заманға сай пайдалану үшін инфроқұрылымдарын дамыту, экологиялық аймағын сақтап, қоқыс мәселелерін реттеу, санитарлық талаптарға сай қонақүйлер салу, зияратшылар мен туристерге арналған визит орталығын ашу, мобильді интернетпен қамтамасыз ету тәрізді жобаларды қарқынды жүзеге асыру үшін республикалық деңгейде арнайы бағдарлама жасақталуы қажет. «Қазақстаның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасы бойынша сакральды орындарға келушілерге жағдай жасау мақсатында қазіргі заманға сай пайдаланылу үшін шаралар, абаттандыру-көркейту жұмыстарын, ландшафтық дизайынмен жүргіншілерге арналған шағын жолдар мен демалатын орындар жасау, киелі орында жүру тәртібі жазылған тақтайшалар орнату, дәретханалар салу, қоқыс салатын контейнерлер орнату, т.б. жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылса.
Рысбек Асқарұлы, «Сығанақ тарихы» музейінің негізін қалаушы