51243
Астанада кітап көрмесі өтіп жатыр
Астанада кітап көрмесі өтіп жатыр
Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елордадағы EXPO халықаралық көрме орталығында Eurasian Book Fair-2023 Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ғылыми-білім беру және полиграфия компанияларын үлкен зияткерлік алаңға біріктіруге мүмкіндік беретін Еуразия кеңістігіндегі ірі мәдени-ағартушылық іс-шара.
Биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби
сыйлығы табысталады
Дәстүрге айналған ауқымды іс-шара биыл алтыншы рет өткізіліп отыр. Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен таныстыра отырып, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту, байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету.
Жәрмеңкеге 40-қа жуық елден баспа ісі және кітап бизнесінің өкілдері, жазушылар мен кітапсүйер оқырман жиналды.
Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов бұл іс-шара еліміздің кітап ісі саласының кәсіпкерлеріне жаңа серіктестер табуға, авторлар үшін жаңа аудитория жинауға жақсы мүмкіндік екенін айтты.
«Бұл – оқырмандар үшін кітапсүйер қауыммен әдеби ұсыныстарымен бөлісіп, әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысуға, жаңа кітаптармен танысып, қолтаңба сессиялары мен дәрістерге қатысудың таптырмас алаңы. Мәдениет және спорт министрлігі түрлі жанрдағы кітаптар басып шығару, мемлекеттік кітапханалардың қорын толықтыру, жас жазушылар мен ақындардың конкурстарын өткізу, әдеби фестивальдар мен форумдар ұйымдастыру сынды осы бағытта аянбай еңбек етіп жатыр.
Мысалы, «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында, тек 2022 жылы ғана ҚР МСМ қолдауымен 506 мың дана тиражбен 188 жаңа кітап жарық көрді», – деді Асхат Оралов.
Министр биыл тұңғыш рет қаламгерлерге ел Президентінің әдеби сыйлығы табысталатынын жеткізді. Сонымен қатар кітап көрмесін Астанада ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де өткізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Көрме-жәрмеңке аясында кітаптарды баспа бағасымен сатып алуға, кітапсүйер қауыммен кездесіп, жаңа кітаптардың таныстырылымын тамашалауға болады. Сондай-ақ ақын-жазушылардан қолтаңба алып, түрлі шеберлік сабақтарына қатыса аласыз.
Абай баспасынан жарық
көрген 24 кітаптың таныстырылымы өтті
Көрмеде «Абай» баспасынан шыққан кітаптардың таныстырылымы өтті. Бұл кітаптардың ішінде қазақ әдебиетінің негізін қалаған Абай хәкімнен басталып, әр кезеңнің классик қаламгерлерінің шығармалары топтастырылған кітаптар, сондай-ақ оңайлықпен қолға түсе бермейтін, іздегенге таптырмас академиялық зерттеу еңбектері де бар.
«Абай» баспасының құрылтайшысы Ақберен Елгезек 2016 жылы құрылып, екі жыл бұрын жұмысын бастаған баспаның қазір атқарып жатқан жұмысына тоқталды.
«Біз әлем бойынша кітап индустриясындағы барлық озық үлгілерді қазақ оқырманның қолына ұстатқымыз келеді. Тартымды дизайн, сапалы түр мен өлшем, ыңғайлы форматта ұсынамыз. Әр кітапты шын ықыласпен және махаббатпен жасауға тырысамыз. Себебі баспада жұмыс істейтін қыз-жігіттердің бәрі әдебиет саласында жүргендер. Өзіміз кітап оқимыз, жазамыз. Сондықтан шығаруға да хақымыз бар деп есептеймін.
Баспа тек көркем әдебиет шығарумен айналысады. Мақсат – көп ақша табу емес. Қазір кітапты қалай шығару керек деген көзқарасымызды көрсету», – деді ол.
«Абай» баспасы 24 кітаптың ішіндегі 15 көркем әдебиетті әлемдік сұраныстағы кітап деңгейінде жасаған. Яғни, заманауи үлгіде, минимализм дизайнда көркемдеп, қазақ балаларының қолына тигенде сөз құдіретін сезініп оқи алуы үшін қолайлы. Осы тұста оқырманның көзқарасы мен жаңашылдығын ескере отырып, «Абай» баспасы бұл кітаптарды өз қаржысына басып шығарған.
Қазақтың бас ақыны, ағартушы Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса…» деген атпен, қазақтың ұлы ақыны, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың өміршең, рухты өлеңдері «Тұран» атты атаумен басылды.
Қазақтың ақиығы, ғасыр ақыны Мұқағали Мақатаевтың жинағы «Отан», ұлы ақын Төлеген Айбергеновтің кез келген жырындағы сағынышы «Сағыныш» деген атпен жарық көрді.
Қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш та осы жинақтардың салмағын арттырып тұрса, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин есімді қаламгерлермен жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бестселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта жарық көріп отыр.
Одан бөлек, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «Абай» баспасынан жарық көрген 9 жинақтың тұсауы кесілді. Олар – «Көзімнің қарасы» (Е.Шүкіман), «Ұлттың ұлы ұстазы» (ұжымдық жинақ), «Әуезов әлемі» («Қазақ әдебиетінің» кітапханасы» атты жаңа топтаманың тұңғыш томы), «Эпикалық жыршылық» (Б.Жүсіпов), «Әуестік әлемі» (Қ.Мұқаш), «Ақын жары» (С.Айбергенова), «Қараш батыр» (З.Әбдешев), «Құт» (Қ.Мұқаметқали) және «Волшебник» (О.Әубәкіров).
Eurasian Book Fair-2023 кітап көрмесіне Қазақстаннан, Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан 70-тен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар қатысады. Тағы бір айта кетерлігі, көрме барысында 6 номинация бойынша «Жылдың ең үздік кітабы» анықталмақ.
Eurasian Book Fair кітап көрмесі 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне дейін жалғасады.