2834
Қайрат Нұртас: Димаш өз стилін таппағандықтан Қазақстанда дұрыс бағаланбады
Қайрат Нұртас: Димаш өз стилін таппағандықтан Қазақстанда дұрыс бағаланбады
Қайрат Нұртас Димаш Құдайбергеннiң Қытайдағы жеңiсі туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, жас дарын өз әнi мен стилiн таппағандықтан Қазақстанда тиісті дәрежеде бағаланбай келген, деп хабарлайды Baq.kz.
«Димашжанды мен бес-алты жыл танимын. Әкесiн де, анасын да қатты сыйлаймын, жақсы көремiн. Димаштың Қытайда бiрiншi шыққанын интернеттен көрген кезде менiң көзiме жас келдi. Қатты қуандым. Қазақты мойындатып жатырмыз. Аз ғана халықпыз. Қытайды Димашжан жылатып жатыр. Қазақтың маңдайына жазылған осындай ұлдың барына қуанамын. Артымызда осындай жiгiттер шығып, көтерiлiп жатса, атақты болып жатса, басқа елге бiздi танытып жатса, неге қуанбасқа? Бауырыма тек қана сәттiлiк тiлеймiн», - дейді Қайрат.
Қайрат Нұртас «Димаш өз елiнде бағаланбай, есесiне шетелдiктер оның өнерiн жоғары бағалап жатыр» деген пiкiрге қатысты өз ойын бiлдiрдi.
«Өсiп келе жатқан мықты жастар бар, өнерлi азаматтар бар. Олардың Қазақстанда шығуы өте қиын. Себебi, көп қаржы керек, оқып, бiлiм алу керек. Ақша жетпей, ауылда жүрiп қалатын өнер адамдары бар. Ал Димаш бұрыннан көрiнiп жүрген жiгiт. Мен бұрыннан көрiп, даусы ұнап жүрдi. Бiрақ мүмкiн сол кезде өзiнiң әнiн, стилiн таппаған шығар. Қытайға барды, мiне, бәрiне көрiндi. Ендi бағалап жатыр. Мен өзiнiң әнiн таппағандықтан шығар деп ойлаймын», - дедi әншi.
Қайрат Нұртастың айтуынша, осы жазда Димаш екеуiнiң Ақтөбеде кешi болуы мүмкiн.
«Халыққа арнап қайырымдылық кешiн өткiземiз деген ойымыз бар. Бұл туралы Ақтөбеде Димаштың әкесiмен сөйлескен болатынбыз», - дедi ол.