776
«Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен..»
«Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен..»
Қазақ әдебиетінің классигі Жүсіпбек Аймауытов «Сұлтанмахмұт Торайғырұлының сөздерін жинау науқанына атсалысыңыздар» дейтін мақаласында («Еңбекші қазақ», 1927 жыл, 18 қаңтар) «от жалындай заулаған, болат қайрат, құрыштық жігердің, кекті жүректің ақыны еді» деп бағалап, «нағашы тегі – Қарауыл Шабар, Шаншар ауылдары. Бұл тұқыммен бұрыннан сүйек шатыс болған. Шоқпыттың апасын Шабардың Қанапия деген баласы алған. Кейін Шоқпыт сол апа, жездесінің қолында жылқысын бағып жүргенде сүйек жаңғыртпақ болып, апа, жездесі Шаншар баласы Жадайдың қызын айттырып әперген». Сұлтанмахмұт осы Жадайдың қызы Зүпләннән туған. Яғни, нағашыларының мекені, ақынның немере інісі, Орта Азия мемлекеттік университетінде білім алған Шәймерден Торайғыровтың көрсетуінше, Қызыл Ту ауданы. Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы. («Қызыл ту» газеті, 1945 жыл, 8 июль № 110).
Сұлтанмахмұттың тарихи-генеалогиялық тегіне келсек, Торайғыр Едігеұлы (1772-1825) әйгілі әділетті би, ділмар болған. Едіге Төлебай баласы Тәуке хан заманының биі екен. Отаршылдық саясатқа, езгіге қарсылық көрсеткен. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920) бұрынғы Семей губерниясы Кереку уезі Баянауыл жеріндегі Ақбеттау болысында дүние есігін ашқан. Азуы алты қарыс Торайғыр бидің немересі. Әкесінің аты – Шоқбыт (шын аты Әбубәкір). Бұған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Құдай рахмат қылсын Сұлтанмахмұт Шоқбыт баласына!» дегені дәлел. Ақын сәбилік шағында қарт әжесі Мұнтайдың қолында тәрбиеленеді. 1902-1908 жылдарда ауыл молдасынан, сонан соң 1912 жылға дейін Кереку (қазіргі Павлодар қаласы) шаһарында білім алады. Жеті жасынан бастап жас балғынның қиялы дүр сілкініп, аузынан дүрлер төгіледі, кестелі ойлар өріледі.
Өрелі туған жас берен өнер-білім іздеп, 1912 жылы Троицк қаласындағы Ахун Рахманқұлидың медресесіне түседі. «Айқап» журналының редакциясында әдеби қызметкер міндетін атқарады. 1914 жылы Баянауылға оралып, Шыңғыстай, Зайсан елдерінде ұстаздық етеді. 1917-1918 жылдарда Семейдегі Алаш қаласына әлденеше рет келіп, ұлт зиялылары Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков, Райымжан Мәрсековтермен араласады. Алаш қайраткерлерінің істеріне қанығады. Қазақ комитетінде жұмыс жасады. «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетіне өлеңдері мен көсемсөздерін бастырады. Ол қазақ қоғамының көркемдік энциклопедиясы деуге лайық. «Айтыс» (1919) поэмасында Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел Хаббасұлы, Жақып Ақбайұлы, Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлімхан Ермеков, Сатылған Сабатаев сынды ұлтжанды ерлердің еңбегін, ұлт тәуелсіздігі жолындағы патриоттық, қайраткерлік, санаткерлік істерін әсерлі сипаттайды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров туындатқан шығармалар 1913 жылдан бастап ұлт баспасөзінде жүйелі түрде жарияланады.
Мысалы: «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» («Айқап», 1913, №19, 20-22), «Өлең һәм айтушылар» («Айқап», 1913, №13), «Ауырмай есімнен жаңылғаным» («Айқап», 1913, №17), «Өскемен. Елден» («Айқап», 1915, №15), «Басқармаға келген хаттар» («Айқап», 1913, №15), «Түсімде» («Айқап», 1913, №1), «Бұлар кім?» («Айқап», 1913, №9), «Көңілді көндіретін тағдыр» («Айқап», 1913, №12), «Бір балуанға қарап» («Айқап», 1913, №21), «Міне, алақай!» («Қазақ», 1913, №4), «Социализм» («Абай», 1918, №3), «Неге жасаймын?» («Абай», 1918, №3), «Жас жүрек» («Сарыарқа», 1917, №15) дейтін жарияланымдары.
Ұлы даланың дауылпаз жыршысы ұлт поэзиясы тарихында тұңғыш рет «Алаш ұраны» (1917) әнұранын шалқыта жазған ақын.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің Алашты,
Қорлығына бермейміз!
деп, мыңжылдық қайғының бұлты сейілгенін, халықтың күткен үміті жарқырап оянғанын көсем көңілмен сипаттайды. Және де ол Алаштың алтын сақасы «Ғалиханның Семейге келуі» дейтін байыптамасында («Сарыарқа», 1917 жыл, 13 қараша, №18) былайша сүйсінген: «Көш бастаған еріміз! Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған, Арыстаным, келіңіз!» Қазақ елінің бақ жұлдызын, шамшырағын, Қыдыр атасын, Асан қайғысын, Бұқар жырауын көргендей сезінді-ау қара жұрт...
1922 жылы ақынның поэмалары «Адасқан өмір» дейтін аталыммен Бернияз Күлеевтің (1899-1923) бастамашылдығымен Қазандағы «Татарстан» баспасынан жарық көреді.
Тегінде, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың күйлі-қуатты ақындық өнегесі, шеберлік үлгісі қазақ жазба әдебиетінің көшбасшысы, жаңашыл Абай мен Абай мектебі мен дәстүрінің бөлек бітімді жемісі Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мағжан Жұмабаев тұрпатындағы айрықша құбылыс деуге лайық.
Ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қамар сұлу» романы (1914) мен «Кім жазықты» (1914-1915), «Таныстыру» (1918), «Адасқан өмір» (1918), «Кедей» (1919), «Айтыс» (1919) атты поэмаларында қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтар, көрікті һәм көріксіз суреттер, замананың хал-ахуалы, ұлт тағдыры, жарқын келешегі, дінбұзарлар мәселесі, қазақтың дүниетану болмысы, ортасы, тәрбиесі, білім, ғылым, өнер, оқу жайы, қазақ тілінің қасиеті, «Алашқа өрнек», «ұлтқа пайда» ойлауы, «жақсылыққа бастауы, жамандыққа баспауы тұтастай» «жан-жүрегімен, көңіл-тілегімен, сүйек сырқыратарлық буырқанған сезіммен түйдектете жырлады. Сондай-ақ ақынның лирикалық поэзиясында, өзі жазғанындай, «жаңа рух, таза қан, түзу кеуілді халқымыздың» елшілдік, мемлекетшілдік, мейірбандық ғажайып қасиеттері көрініс тапты. Асылы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өнернамасына ұлттық рух, сыншылдық көзқарас, трагедиялық сарын, психологиялық тереңдік, эпикалық серпін, лирикалық сипат, драмалық тартыс, көркемдік пафос, сыршылдық, ойшылдық мәнер тән.
Кемел жаратылған тоғыз қырлы, тоқсан сырлы біртуар кесек талант «алтыннан аяулы асыл өмірінде» ұшан-теңіз мінсіз таза ақық сөздер, асыл ойлар қалдырды. Уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда түркі дүниесін, ғұн заманының суреттерін, бағзыда ғұмыр кешкен тарихи тұлғалардың бейнесін айқын елестетті. Ол – Тұран мемлекеті атынан дауылпазша қанат қағып, сұңқарша саңқылдап сөйледі. Бұған:
Ер түрік ұрпағымен даңқы кеткен,
Бір кезде Еуропаны тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, күншығысқа әмірі жеткен –
дегенінде Ғұн империясының ұлы билеушісі, Ұлы даланың перзенті, заты –мадияр Аттиланың қаһармандық істерін мәлімдейді.
Ұлттық поэзия тарихындағы жойқын ақындықтың телегейі, жанартаудай жалынды Сұлтанмахмұт Торайғыровтың суреткерлік қолтаңбасы, шеберлік дәстүрі айрықша. Әсіресе, діни-философиялық және түркілік дүниетаным жүйесі. Ол поэзия тілінде адамның ішкі рухани тазалығын, араб-парсының діни дүниетанымындағы негізгі этикалық-гуманистік ұғымдарды қолдана отырып, асқақтата суреттейді. Мәселен, ақыл, ғылым, иман, ахуал, ақиқат, тағат, сабыр, тәсбиык, хадис, аят, жұмақ, тозақ, бақ, ар, ұят, ырыс, уәзін, адам, әлем, заман, зат, медресе, мектеп, шариғат, дүр, гауһар, жүрек, рух, сыр, мағнауи, періште тәрізді философиялық-этикалық категориялар. Әрбір сөз-ұғымның «гүл самалға малынған» діни, ділдік, имани нәзік қыры бар.
Мен балаң жарық күннен сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған –
деп, «жарып салма, жарық ойлы» ұлы мақсат иесі «Милләт қайда, дін қайда?» деп қазақ қауымының тағдыры не болар деп?» қан жұтады.
Ақын «Зарландым» (1913) дейтін баянында «надандықтан болған ұлы апаттардан сақтаса, ғылым, өнер үйреніп, алдағы күнде халқымызға һәм миллетімізге пайдалы адам боламыз ба деген зор үміт пен таудай талабымыз да бар.
Неге десең, бұл уақытта, бағымызға қарай үйретушіміз түзелді және тәртіптеліп ғылым да түзелді. Түзу ғылымнан, түзу молдадан оқыған шәкірт неғып түзелмесін?» дейді ақын. Діни терең, сапалы білім беретін, адамшылықтың дәнін егетін жаны да, тәні де, көңілі де таза керемет көркемдік әсерлерге бөлеп шабыттандыратын саналы ұстазды ардақтайды. 1912 жылы жазылған «Мағынасыз мешіт» өлеңінде «қарғадай қарқылдаған», «сырнайша құр әндеткен», «қулардай құрт жинайтын» жылпылдақ, суылдақ молдаларды аяусыз әшкерелегені де бар. Ірі сөйлейтіндік, турашылдық, әділдік, кесек турайтындық, сыншылдық – оның поэзиясының тарихи, көркемдік қызметін, азаматтық әуенін ажарлай түседі. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың көкейкесті ұлы жоспары – қоғамды ізгілендіру, сәулелендіру, дұрыстық жолына бағыттау. «Бір мағнауи (рухани күш) күш түртіп» деп, өзі жазғанындай, «әділдік қызметкері» болу үшін, ұлт ісін ілгері бастырып, көркейту үшін білікті-білімді болуды айтулы нысана етеді.
Оллаһи! Ант етемін Алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен.
История, география пәнін білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жасқа,
Иншалла бәрін түгел ұғам басқа.
Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,
Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа.
(«Өміріміздің уәдесі», 1914 жыл)
Ұлт санаткерінің басты қағидасы, өнер-өмірге қойған негізгі шарты осы.
Алланың барлығын, бірлігін және оны дін жолымен, білім-ғылым арқылы біртұтастықта тану, бақытқа жету жолы – Тәңірге косылу екенін түсіну, діни-рухани жағынан кемелдену, Жасаған Иеге ізет-құрмет көрсету – Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығында орайлы жарасым тауып сәулеленген. Бұл ретте «Шоң» серіктігін ашардағы тілек» өлеңінің ой-аңсарына миға жүгіртелік.
Баршаға мейірім салған, мейірбанды Тәңірім,
Ісімізді өзің оңғарып, оңға бастыр!
Қазағыңды ақ, түзу жолға бастыр!
Әлемге шамшырақ болған, пайғамбар,
Саған салауат айтып, жолыңды қудық.
Құранда: «Біз адамға оның күретамырынан да жақынбыз» – делінген. Алла мен адамды іштей табыстыру – сопылық ілімнің басты сипаты. Тәңірден ұлы тілек тілеу – адамшылық парыз. Алла: «Құлым маған іңкәрлікпен бір қарыс жақындар болса, мен оған бір құлаш жақындаймын...» дейді екен. Ғасыр басында жаңалықты құбылыстарға куәгер болған ақынның мына бір сыр-лебізі зейін аударарлық:
Жиырмасыншы ғасыр басында,
Міне Алланың панасы:
Бір жағынан ай туып,
Бір жағынан күн туып,
Жарық көрді Алашы!
Шолпаннан үміт тағы да:
Біріксе елдің данасы;
Бұл үшеуі тізілсе,
Бейне қолдың саласы.
(«Міне, алақай!», 1913 жыл)
Алланың кұдіретін, кереметін ақындық зердемен, өткір түйсікпен түсіну бар. «Жеті қабат аспанды Алла екі күнде жаратты... Әр қабаттың жағдайын белгіледі. Ең төменгі көкті жұлдыздармен безендірді және оны қорғады». Немесе: «Жер бетіндегі жан иелерінің ризығын белгіледі. Осынау бәрін төрт күнде тәмамдады». (41 – Фуссилат сүресі). Сұлтанмахмұт Торайғыровтың діни-мұсылмандық көзқарасы бойынша, Алла – қорған, жаратушы, жарылқаушы.
Я болмаса:
Надандықта қор қылма,
Миллетке бізді сор қылма,
Микробтарды зор қылма,
Рақым ойлап, Құдай-ай!
(«Бір баланың тілек батасы», 1912 жыл)
Мәселен:
Құдайдан сұрағаным бірліктерің,
Бірліксіз түзетілмес тірліктерің.
Оллаһи, өнер емес, анық өлім,
Күжірейген бір-біріне іріліктерің.
(«Бұл баяндаманың арты мынадай сөзбен тынады», 1914)
Құранның түсіндіруінше, ізгілік дегеніміз Аллаға, періштелерге, пайғамбарларға, қиямет-қайымға нану, міскіндерге, бишараларға, кемтарларға рақымшылық жасау, мұсылманшылықтың мәнісін жүрегіңмен, ниетіңмен, ісіңмен, жүріс-тұрысыңмен, кісілік қасиеттеріңмен көрсету. Осы орайда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сопылық ой-пікірлері «Айтыс» поэмасында әрі терең, әрі көркем пайымдалған.
Ислам деп қазағымның айтсам дінін,
Дос тұрсын, дұшпан таппас оның мінін.
Негізі ақылменен сонша үйлесер,
Мін іздеп қозғай алмас ешкім тілін.
Мақсаты: адам ұлын бақты қылмақ,
Дінімнің байқасаңыз ішкі сырын:
Бұйырған пенделерге әділ бол деп,
Әділдік бақыт үшін жалғыз жол деп.
Асылы, дін өскелең ұрпақты салиқалы, сабырлы, жетелі болуға жетектейді. «Сабыр – иманның басындағы тәж. Сондықтан сабыры жоқтың иманы жоқ» (Руми). Негізінде, сабырлы болу дегеніміз, мәдениеттілік, зерделілік, ақылға байлық. «Ақылды адамға иман – парыз, Иманды адамға ғибадат – парыз» (Абай).
Тілдің сұлулық сырларын, тағылым-ұлағатын, магиялық, философиялық, этнографиялық, тарихи-мәдени, танымдық қырларын тамыршыдай тап басатын, көңіл айнасында раушандай жарық мөлдіретіп сәулелендіретін озық ойлы шалқар шабытты, сұңқар дауысты саңлақ:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім —
деп құштарлық отымен бастайды да:
Сол тілменен үйрендім нәрсе аттарын,
Сол тілменен дінді,
әдетті мен жаттадым –
деп түйінді тұжырым жасайды. Дінге жол ашқан, Хақ жолын аңсайды.
Сопылық ілімде рухани кемелдену өрісінде, ой-парасат биігіне өрлеу сатыларында ұстазға, пірге сену дәстүрі бар. Ендеше, осы ойымызға лайық куәлік, көрсеткіш бар.
Пірді сағынам үйреткен Құдай жолын,
Надандарға танытқан оң мен солын.
Әйтпесе:
Даламның қандай еді абыздары,
Диуана, ишан, қожа, ғазиздары.
«...Біз, адамды ең көркем суретте жараттық...» делінген «Тин» сүресінде. «Адам – менің сырым, Мен де оның сырымын» (хадис). Олай болса сұлу жаратылыс иесінің мейлінше иманға бай болуы, оған шынайылығы, шыншылдығы, сабыры, төзімі, ақыл-ойы, ұяты сай болуы ләзім. Негізінде, адам баласы бақилық болатындықтан, Хақтың алдында ақтық сөзін айтатын куәгер иман екені айдан – жарық, күннен – раушан. Шын мәнісінде, иман – рухани адамгершілік қасиеттердің бастауы.
«Адамға еш нәрсе жоқ тектен тегін,
Орарсың бейнеттеніп ексең егін:
Адам ұлы – патшасы жер жүзінің,
Еңбегің сал, пайдалан, шығар кенін».
Ішті, тысты таза қыл дегені ғой,
Ойласаң дәрет, намаз дегендерін
Әуелі бір Аллаға иманды айтқан,
Сорлысың деп, болмаса бір сенгенін.
Осындай бақыт жолы – дін ислам,
Сұрасаң наныс жақтан сүйенгенім:
«Адам болсаң, басқаға пайдаңды шаш,
Кәмілден соңға қалма, ілгері бас;
Жоғарыда құдайылыққа жеткеніңше,
Қартаймайтын, өлмейтін есікті аш!»
Сұңқар үнді Сұлтанмахмұт «Күллі дін, бар философ айтқандарын» жіпке тізгендей жеткізеді. Ақынның биік мұраты – ғаламзат пен адамзаттың біртұтас сұлулығын сақтау, қоғам өмірін гүлбақшаға айналдыру, бақыттың шамын жағу, адам баласының жоғары мәртебесі мен дәрежесін көріктендіру.
Сұлтанмахмұт Торайғыров поэзиясының сөздік-лұғаттық құрылымында: ақырет, ақырзаман, көк өгіз, әулие, періште, жұмақ, тозақ, пайғамбар, хор қызы тәрізді сөз-образдар мен сөз-символдар өзгеше көркемдік, эстетикалық қызмет атқарады. Айталық:
1. Он беске Гүләйімнің келген жасы,
Жібектей үлбірейді маңдай шашы.
Ақ торғын екі беті құлпырған нұр,
Алланың бір жаратқан тамашасы («Гүләйім»).
2. Мен – ұжмақ періштесі, көңілім таза («Адасқан өмір»).
Я болмаса «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» дейтін мақаласында «сай-сүйегің сырқырарлық ащы зарлы бебеулерін қағып көңіл толғағын, жүрек түйінін тарқататын», «анық ақ сүйек, оты жоғалмайтын өлең» жөнінде ой тербей отырып, Абай поэзиясын «пайғамбардың жүрегінен құйылған Құрандай» бағалайды.
Жинақтай айтқанда, ұлт ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың діни-сопылық дүниетанымында «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген ұлы қағидат шынайы суреттелген деуге толық хақымыз бар.
Серік НЕГИМОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, профессор