1647
Бәкірдің ізбасары
Бәкірдің ізбасары
Димаш Құдайбергеннің 15 жасында жазған тұңғыш әні «Ұмытылмас күн» бүгінде күллі әлем халқы шырқайтын хит әнге айналды. Ондаған тілге аударылған туындыны дүниенің түкпір-түкпірінде түпнұсқа – қазақ тілінде әуелететіндердің де қатары көп. Біздің бүгінгі әңгімеміз «Ұмытылмас күннің» сөзін жазған азамат, танымал әндердің авторы Орал Байсеңгір туралы болмақ.
Асанәлі Әшімовтің бағасы
Құдай берейін десе, жер таңдамайды ғой, ә? 1992 жылы Ақтөбе мәдени оқу- ағарту училищесінің студенті Орал Байсеңгір бір асханаға кіріп: «Сорпа бар ма?» деп еді, анадай жерде тұрған тұлғалы кісі жалт қарады. «Әй, бала, бері келші. Дауысың күшті екен, қайда оқисың?». Бұл жөнін айтты. «Бізде бүгін «Жігіт сұлтаны» байқауы өтетін еді, соны жүргізіп беруге қалай қарайсың?». Қайран жиырманың жауабы да шалт қой: «Әзірмін». «Жүр, ендеше». Таңырқап қалғаны рас. Өйткені ана кісі қалжыңдайтын адамға мүлде ұқсамайды. Киген киімі, болмыс-бітімінен зиялылығы аңғарылып тұр. «Тәуекел». Көлік ішінде танысты. Төлеген Қуанышев. Ақтөбе педагогика институтының проректоры. Әңгімесінен ұққаны – бүгінгі сайысты жүргізуші жігіт аяқ астынан ауырып қалған. Кештің өтуіне жауапты адам – Төкең. Тамақтанып алайын деп, асханаға кірген беті екен. Алдағы іс-шараны ойлап басы қатып тұрғанда, бұл келіп гүр ете қалған. Баритон дауыс жалт қаратқан Төкең алдында тұрған сымбатты жігітті көреді...
Байқау дүрілдеп өтті. Тарихтан хабары мол, қой қайырып жүріп талай кітапты кемірген жүргізушінің сценарийден тыс сұрақты да қойып, кейде сасқалақтап қалған қатысушының қолтығынан демеп жіберген сәттері қазылар алқасының да, көрерменнің де назарынан тыс қалған жоқ. Өзін еркін ұстайтыны, сахна мәдениетін жетік білетіні де аңғарылып тұрды.
Кеш біткеннен кейін Төлеген Қуанышевтың жаңадан ашылған драма театрдың режиссері Дихан Жәлекеновке телефондап: «Саған дайын актер таптым» деуі сол ырзашылығының белгісі еді. Кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болып талай мәселе көтерген Төлеген аға бұның жолын осылай ашып берген болатын.
Актерлік – арманы еді. Оның себебі бар. Ақтөбеден шыққан даңқты актриса, Қазақстанның халық әртісі Алтын Ружева жыл сайын кіндік қаны тамған Оймауытына әріптестерін алып келіп, ашық аспан астында түрлі қойылым қоятын. Көрші Дияр ауылына да келетін. Ауыл адамдары актерлерді кезек-кезек алып кетіп, қонақ қылушы еді. Олар келгенде күллі ауыл, әсіресе, балалар басқа бір әлемге еніп кеткендей күй кешетін. Аттанған сәтінде қызы кеткен үй сықылды қоңылтақсып қалатын. Қимас бір сезім билейтін. Бала Орал келесі жазға дейін олар сомдаған әрбір рөлді көкірегінде тербетіп, әлдебір әуенді талмап жүретін. Айтпақшы, Алтын Ружеваның белгілі актер Болат Әбділмановтың анасы екенін айта кеткеніміз жөн шығар.
...Міне, енді сол театрға өзі келіп отыр. Жалпы, Ақтөбе кеңес заманында орыс билеген өңір ғой, 1935 жылы Темірбек Жүргеновтің ұсынысымен ашылған қазақ музыкалық драма театры 1941 жылы соғыс басталғанда жабылып қалған болатын. Есесіне орыс театры гүрледі. Сондықтан да 1992 жылы қазақ труппасы ашылғанда жұртшылық бөркін аспанға атып қуанды. Кәсіпқой актері аз театрдың режиссері Дихан Жәлекенов оларды халық арасынан іздеді. Оралға ықыласы түскені де содан.
...1997 жыл. Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына орай Алматыда өткен халықаралық байқауда Ақтөбе драма театры ұлы суреткердің «Айман-Шолпанын» сахналады. Оралға жылпос Жарастың рөлі тиген. Сахнада тұрып бұл «Теңге тоқал келе жатыр» деп жар салды. Бірақ «Теңгенің» шығатын түрі жоқ. Абдырамай: «Теңге тоқал келе жатыр...», «Апырай, тоқал Теңге қай жақтан шыға келеді екен...» деп анда-мұнда жүгірген бұның хәлін ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Теңгенің рөліндегі актрисаның таулы Алматыға келгелі бері қан қысымы көтеріліп жүрген. Сахнаға шығар сәтте қатты ауырғасын жедел жәрдем шақырылып, олар ем-дом жасапты. Бір кезде шықты-ау, әйтеуір. Шыққаны бар болсын, аузы икемге келер емес. Соны аңғарған бұл «Былай дегің кеп тұр ғой, ә?» деп «тоқал» айтуға тиіс сөзді айтады. Бір кезде отыра қалып, дұға оқып жатқан кезінде басына бірдеңе кірш етті де, тұла бойы жылып сала берді. Сөйтсе, сценарий бойынша дұға оқып біткеннен кейін «Теңге» лақтырып, бұл қағып алуға тиіс найза ауырып тұрған актрисаның қолынан түсіп кеткен екен. Көрерменге басынан аққан қанды көрсетпеу үшін шашын қайта-қайта тарақтайды.
...Қойылым біткен сәтте қазылар алқасының құрамында отырған Асанәлі Әшімов сахнаға көтерілді. Әдетте халықаралық байқауда қазылар алқасының мүшесі сахнаға шықпауға тиіс. Бұлар үрпиісіп қалған. Атақты актер көп ішінен бұны тауып алып, қолын ықыластана қысты: «Алып шықтың!». Сөйтсе, талайды көрген тарлан бәрін аңғарып, бұнымен бірге қиналып отыр екен ғой. Мэтрдің бұл сөзі кез келген атақ-дәрежеден артық емес пе?.
Бұдан кейін де біраз рөлді «алып шықты». Рөл ойнап қана қоймай, образ жасауға ұмтылатын актердің ықыласын көрермен де байқады. Жиенғали Тілепбергеновтің «Перизат-Рамазанындағы» Жарылғаптың, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» атты пьесасында Абдолланың, Елен Әлімжановтың «Тақталасында» су жұқпас Дауғабайдың, Қ.Ысқақов инсценировкасын жазған «Ұлпан-Есенейде» қарақшының, Шекспирдің «Король Лирінде» Бургундия герцогінің рөлін ойнаған ол Тахауи Ахтановтың «Антында» баһадүр Әбілқайыр ханның рөлін сомдады.
Театрдың есігі сынған күн
Ақтөбедегі Құдайберген Жұбановтың есімін иеленген оқу орнында оның ұлы, белгілі ғалым Есет Жұбанов жұмыс істеді. Орал сол кісіге жиі барып, әңгімесін тыңдайтын. Бірде ол Жиенғали Тілепбергеновтің «Сүйіскендер» атты пьесасы бар екенін айтты. Пьеса Құдайберген Жұбановтың үйлену тойына арнап жазылған екен. Кезінде сахналаныпты. Мұны естіген біздің кейіпкеріміздің пьесаны тауып алып қоюға, яғни, өзін режиссер ретінде сынап көруге аңсары ауды. Бірақ шығарманы таба алмады. Әлі таба алмай жүр...
Бірақ режиссер ретінде бақ сынап көрді. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетте жастар театрын құрған ол Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббатын» сахналады. Ертеректе жазылған дүние ғой, соны бүгінгі өмірге қалай кіріктіруге болатыны жайында бас қатырды. Бас кейіпкер Бағдаттың әні қандай болды екен, шіркін?. Мұқаң пьесада бұл жайында ашық айтпайды. Міне, осы жерден жұмбағының кілтін тапты. Ән керек! Ән болғанда да, көрермен еріксіз қосыла кететін туынды болуы керек. Сосын Бағдаттың басындағыдай баянсыз махаббатқа арналған шығарма болуға тиіс. Іздегенге сұраған, осы кезде досы, ғажап әнші Аймұрат Мәжікбаев бір ән жазғанын айтты. Соған сөз керек дейді. Тыңдап көрсе, буынға көне бермейтін, ырғағы бөлек, тосындау дүние екен. Бірнеше күн толғанып жүріп сөз жазды. Ән сол тұста Ақтөбенің кәрі-жасы түгел тыңдайтын «Рауан» радиосы арқылы насихатталып, әп-сәтте жүректерді жаулап алды. Жұрттың бәрі радиоға хабарласып, сол әннің берілуін сұрайтын. Бірер айға созылған пьесаның дайындығы біткенше, күллі Ақтөбе жастары бұл әнді жаттап алып еді.
Жастармен жұмыс істеудің қиындығы да, артықшылығы да бар екен. Қиын болатыны бұлар, кәсіпқой актерлер емес. Артықшылығы да сонда. Шынайы. Жасандылық жоқ. Сосын пьеса студенттердің өмірі жайында ғой, етене таныс әлем. Шаршамайды. Сынаған сәтте, әсіресе, қыздар жағы көз жасын бір сығып алады да, қайта кіріседі. Қатал профессордың рөліне университет оқытушысы Айшуақ Дәрменұлын алды.
Күткен күн де келіп жетті-ау. Репитиция кезінде төгілген тер текке кеткен жоқ. Әрбір рөл көрерменін сендіре алды. Бір күнге жоспарланған дүние үш күн қатарынан қойылды. Үш күнде де аншлаг болды. Залға адам сыймай, көп көрермен тік тұрып тамашалады.
Әрине, көрерменнің ықыласы бөлек те, кәсіпқой маманның пікірі басқа ғой. Оралдың да, жастардың да күткені сол кәсіпқой маманның байламы еді. Т.Ахтанов атындағы театрдың бас режиссері, өзі де талай рөлді сомдаған актер Мағзом Бақытжановтың қабағы қату екен:
– Бүгін біздің театрдың есігі сынды, – деді ол. Жастар үрпиісіп қалды.
– Бұндай жағдай театр тарихында бірінші рет болып отыр, – деді режиссер тағы гүр етіп. Сосын бұған бұрылды: – Оралжан, театрдың есігін сындырып кіретін көрерменің көп болсын. Тамаша! Балалар, жарайсыңдар!
Мағзом аға Оралды кең құшағына алған кезде барып, жастар ес жиып, жадырай күлген. Ал сыртта көрермен бірден тарап кете алмай, театрдың алдында ән шырқап тұрған болатын: «Аққуым, аяулым, арманым...».
Спектакльден кейін радиодан «Аққуымды» сұраушылардың саны еселеп артты. Әуелі Әнуар-Садат Өтесбай, кейін Қанат Айтбаев басқарған «Рауан» радиосы Ақтөбедегі әнші қауымның тыңдарманға танылуы жолында орасан зор еңбек етті. Қанат өзінің «Димаш-Әли» студиясынан олардың кассеталарын шығарып, әрі қарай радио арқылы насихаттауды қолға алды. Сол кассеталарда әнмен қоса ақындардың өлеңдері де оқылды. Ол өлеңдердің бәрін Орал оқитын. Орал Байсеңгір, Бақытбек Зейнелов, Аймұрат Мәжікбаев, Нұрталап Жүсіпов, Дулат Айтжановтар радиоға түнеп жүрді десек, артық болмас. Нұргүл Алмасқызы, Бибігүл Биманова, Жанаргүл Досовалар жүргізетін радио хабарлары орыстанып кеткен Ақтөбені қазақтандыру бағытында көп жұмыс істеді. Азғантай уақыт «өмір сүрген» радио өңірдің талантты ұл-қыздарының басын қосып кетіп еді...
«Ұмытылмас күн»
Орал бір кезде жер үй іздегенде Қанат Айтбаевтың әкесі Құдайберген ақсақалдың ақылымен соларға көрші шағын үйді сатып алған. Кейін еңселі баспана тұрғызды. Екі үйдің балалары қатар өсті. Кіл қазақы кісілер жиналған бұл көшенің балапандары да байырғы ауыл тәрбиесінен қол үзген жоқ. Шаңдатып футбол ойнап жатып, анадайдан үлкен кісінің қарасын көрсе, добын тастай салып «ассалаумағалейкум» деп қос қолын ала жүгіретін.
– Әке, Димаш ән шығарыпты. Сөзін саған жаздырғысы келеді. Өзі келіп айтуға ұялып жүр, – деді бірде Сенім.
– Ұялғаны несі? Осы үйге қалаған кезінде кіріп, бұнымен еркін әңгімелесетін Димаштың қылығына таңғалып еді. Сенім қысыла күлімсіреді. «Айт, келсін!». Келді. Күндегі қалжыңбас Димаш емес. Жүзі алабұртып кетіпті. Бұған тура қарай алмайды. Кібіртіктей береді. Бұл сонда барып түсінді. «Е, бұлар да ержетіп қалған екен ғой...». Өзінің алғаш ғашық болған сәті есіне түсті. «Сірә, қазір бірдеңе десе, мен бірден Қанат пен Светаға барып айтатындай көріп тұр-ау», – деді іштей жымиып. Бірақ сыр берген жоқ. «Кәне, ойнашы». Димаш күйсандыққа отырып, ыңылдай бастады. Әнге келгенде басқа дүниені ұмытып кететін әдеті емес пе, клавишті еркін басып, құйқылжыта жөнелді. Қайырмасы кең тынысты екен. Сосын әдеттегідей төрт жол өлеңнен кейін бірден қайырмаға түсетін дүние емес. Әр шумақтан кейін қайырмаға түсер тұста бөлек бір қайырым бар. «Пай, пай» деді іштей. Өй, мынау іздеп отырған сөзі ғой. «Пай, пай, шіркін, ұмытылмас күн...» – деді дауыстап. Димаштың көзі жарқ ете қалды. «Дәл өзі, аға». Димаш әнімен қайталағанда әлгі бір жол өлең тіпті құлпырып шыға келді...
Димаштың не ойлағанын кім білсін, ал бұл алдында отырған бозбаланың бар-жоғы екі-үш жылдан соң әлемге мәшһүр әнші атанатынын, дәл осы өлеңінің тақырыбы оның байтақ Қазақстанды аралаған турнесінің атауы болатынын, «Әлем
аруы — 2018» байқауында жер жүзіндегі ең әдемі 118 арудың Димашпен бірге айтатынын, төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде өтетін концерттерде күллі зал ән авторымен қосыла шырқайтынын білген жоқ-ты. Тек ұлының досы, өзіне туған інідей боп кеткен ақкөңіл Димаконның тілегін орындағанына риза еді.
Кейін үлкен сахнаға шыққан сәтінде Димаш бала күнінен құлағында қалған «Аққуымды» атақты әнші Майра Мұхаммедқызымен бірге орындап, әнге жаңа реңк берді. Аймұрат пен Оралдың жалы көтеріліп қалды.
Пандемия жағадан алған тұста Димаш Құдайбергеннің орындауында клип болып жарық көрген Ринат Ғайсиннің «Қайран, елім» атты әнінің сөзін Данияр Алдабергенов пен Орал жазды.
Жалпы, әнге сөз жазу оңай емес. «Еділ мен Жайықты» жазарда Жұбан Молдағалиевтің Ілия Жақановқа қалай өкпелейтіні көзіқарақты оқырманның есінде болар. Сол секілді әр композитор әннің мәтіні өз көңілінен шыққанын қалайды. Соған орай олай өзгерт, былай өзгерт дейді. Оған мықты ақындардың жүйкесі шыдай бермейді. Сосын әнге сөз жазатындарға кәсіпқой ақындардың қыли көзбен қарайтыны да бар. Әнге жазған сөздері ел аралап кеткен белгілі шайырға бір келіншек «Сіз поэт-песенниксіз ғой...» дегенде шат-шәлекей болғанын өз көзіммен көрдім. Қорлық деп ұқты. Ал алыс шетелді айтпай-ақ қояйық, мына іргеміздегі орыстың өзі «поэт-песенниктерін» құрмет тұтады. Ән байқауларында олар төрде отырады. Ал бізде оларға қойылатын «диагноз» біреу – «ақын емес». Оралдың байламынша, әнге сөз жазатындарға деген көзқарас өзгеруі керек. Өйткені екінің бірі жаза алмайды. Ол үшін өзі де ептеп ыңылдай алатын, әннің табиғатын сезіне алатын адам болуы керек. Әншілер ән айтқанда, әннің авторы ғана емес, сөзін жазған кісінің де есім-сойы аталуға тиіс. Талай әннің сөзін жазған Бәкір Тәжібаев композиторларға үнемі ренжіп жүреді екен. Өйткені олар бұны «ұмытып кете беретін» көрінеді...
Бастау
Оралдың кіндік қаны тамған Байғанин ауданы – Бәкір Тәжібаев, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сәбит Баймолдин, Есенбай Дүйсенбайұлы, Қажығали Мұханбетқалиұлы секілді белгілі қаламгерлер дүниеге келген өңір. Мәди Айымбетовтің де балалық шағы осы топырақта өткен. «Жарқамыс – жарты Жазушылар одағы» деп Қадыр Мырза Әлі айтқан қанатты сөз қаламгерлердің арасына кең тарады. Жоғарыда аталған қалам иелерінің кез келгенінің шығармасын жатқа соғатын Оралға солардың ішіндегі ең жақыны – Бәкір ағасы. Өйткені ол кісі де ән жазған, әннің сөзін жазған адам. Даңқты ақын-композитордың ізбасары ретінде Орал оның әрбір мұрасына елеңдеп отырады. Алматыға бір барғанында үйіне соғып, отбасының келісімімен 8 пьесасының қолжазбасын әкеліп облыстық музейге тапсырды. Енді соны кітап қылып шығарудың әрекетінде жүр. Ағасының рухына арнап жазған «Бәкір аға» атты әні де кең тарап кетті.
Жарқамысқа барар жолда Ақбұлақ атты жер бар. Бәкір ағаның «әкесі атын суарған, анасы талай су алған» қасиетті бұлақ. Көзі жабылып, қараусыз қалған тұста ақын Жақсылық Айжанов, Орал Байсеңгірлер дабыл қағып жүріп, басын ретке келтірді. Енді келген кісі бұлақтың мөлдір суын ішіп, әрі қарай аттанады.
Тобық Жармағамбетовтің, Ертай Ашықбаевтың, Сәтжан Дәрібайдың, Аймұрат Мәжікбаевтың, Қанат Айтбаев пен Димаш Құдайбергеннің, Ақеділ Тойшанұлының әндеріне сөз жазған Оралдың өз әндері де жер-жерде орындалып жүр.
Қазір қазақтың әні болмысынан алыстап бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Тарс-тұрс, дүңк-дүңк еткен әуенге етіміз әбден үйренді. Әуен басталғаннан-ақ цирктің атындай секеңдей жөнелетін болдық. Сонда да Ақселеу Сейдімбектің, Тұрсынжан Шапайдың әндерін тыңдағанда ішіңде қарғын жүріп, әлдебір ғажап әлемді аралап кететінің рас қой. Енді Оралдың әніне келейік. «Қайран көңіл, өттің, өмір. Жылаймын қимай-қимай ағыл-тегіл!». Мына қайырма осылай деп егіледі. Өзі ғана жыласа жақсы ғой, тыңдаушысын қоса жылатады. Мұндағы «жылау» жақсы мағынасында, әрине, әйтпесе, бұл тіпті де жылауық әндердің санатынан емес. Жылататыны сол, перизаттың қос қанатына маржан тағып, жүрек байғұсты сағым далаға алып ұшады. Әйтеуір, бейжай тыңдау мүмкін емес. Жан-дүниең төңкеріліп, астан-кестеңі шығып, қапелімде бір түсініксіз нәрсеге айналып кете барады. Өзегін өртеген бір мұң, сағыныш, еркелік, есірік көңіл. Осының бәрі ерекше махаббатқа ұласып, айтылмақ сыр әуен желісін бойлай келіп, ән қазығына байланған. Кәдуілгі даланың қасиетін сезінген ұланның санасында ғана болатын сындарлы сезім. Ашық-тесік, алба-жұлбадан әбден жеріген бізге бейіл дүние екен. Авторы өзіміздің Орал ғой – Қосай Байсеңгірдің Оралы. Кешегі Ақселеу, Тұрсынғазы, одан кейінгі Тұрсынжандай қазақи әннің күретамырына дәл түскен қасқалар мен жайсаңдардан кейінгі тізгін ұстап жүрген санаулы топтың арасындағы осы бауырдың қарымы ерекше. Бұл – Гүлмарс Аманбаеваның орындауындағы Оралдың «Қайран, көңіл» әнін тыңдағаннан кейінгі Берік Жүсіптің пікірі. Кәдімгі Сыр өңірі ақын-жырауларының әрбір әуенін таспаға түсірген, әрқайсысының ерекшелігі туралы сағаттап әңгіме айтуға бар ғалым Берік. Оралдың әндерінің осы ерекшелігін байқаған шығар, биыл тұңғыш рет өткен республикалық «Дала дауысы» байқауында қазылар алқасы оның «Біздің ауыл тамаша» атты әніне «Ең үздік фольклорлық музыка» номинациясы бойынша бас бәйге берді. Бірнеше жыл бұрын республикалық ән байқауында «Қазағым» атты ән-маршы Гран-при жүлдесін алып, ҚР Ұлттық Ұлан гвардиясының бас саптық әні ретінде қабылданған болатын. Сәтжан Дәрібайдың сөзіне жазылған «Жаса, сақшы сарбаздар» атты әні де Ішкі істер министрлігі ұйымдастырған байқауда топ жарған еді. Ал «Байғанин маршы» атты өлеңі туған жеріндегі кез келген шараның нүктесін қоятын шығармаға айналды.
...Ақтөбенің тарихи тұлғаларын ұлықтаған деректі фильмдердің бәрі Оралдың даусымен жазылды. Барлық іс-шараларда жүргізуші болып сол жүреді. Ақ шаһарға өнерге қатысты біреуге келсе іздеп барып, үйіне алып келеді. Үйі де Ақтөбе өңірін таныстыратын музей секілді. Музыкалық аспаптың түр-түрі, неше түрлі тас, зергерлік бұйымдар, пәлен ғасырлық тарихы бар ағаштың кесіндісі, Құдай-ау, не жоқ дейсің? Соның бәрі сізді басқа бір әлемге жетелей жөнеледі. Жаныңыз тазарып, сергіп қайтасыз. Бәлкім, оның өнерінің де саф алтындай болуы сол бастауының тазалығынан болар?!
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ